Мазмұнға өту

ЖАСТАРДЫҢ САУАЛДАРЫ

Қалай уайымға салынбауға болады?

Қалай уайымға салынбауға болады?

 Сен нені уайымдайсың?

Сенің де кейде келесідей сезінетін кездерің бола ма?

“Мен “Көлік апатына ұшырап қалсам ше? Дәл біз мінген ұшақ жерге құлап түссе ше? Бүйтіп қалса ше, сөйтіп қалса ше?” деп әр нәрсені ойлай беремін. Мен ақыл-есі дұрыс адамның ойына да кіріп-шықпайтын қайдағы жоқ нәрселерді уайымдай беремін” (Чарлз).

“Мен үнемі уайымдаймын да тұрамын. Тура бір дөңгелекте айналған тиін сияқтымын. Қанша тырысып-тырмысқаныммен жарытып еш нәрсе бітірмеймін” (Анна).

“Адамдар маған мектепте оқу қандай жақсы деп айтып жатады. Бірақ мен ішімнен: “Мектепте оқу қандай азап екенін білсеңдер ғой!”— деймін” (Дэниел).

“Мені үнемі біреу аңдып жүргендей сезініп, қорқып жүремін. Алда мені не күтіп тұр, әлі не істеуім керектігін ойлап, уайымдай беремін” (Лаура).

Өмірдің шындығы: Біз өмір сүріп жатқан заман Киелі кітапта “ерекше қиын уақыт” деп аталған (Тімөтеге 2-хат 3:1). Сондықтан да бүгінде үлкендердің де, жастардың да уайымы бастан асады.

 Уайымдау әрдайым зиян ба?

Жоқ. Киелі кітапта жақсы көрген адамдарды ойлап уайымдаудың дұрыс екені айтылған (Қорынттықтарға 1-хат 7:32—34; Қорынттықтарға 2-хат 11:28).

Сондай-ақ уайым қандай да бір әрекетке түрткі болатын қозғаушы күш болуы мүмкін. Мысалы, сен келесі аптада емтихан тапсырасың делік. Емтиханды уайымдағаның сені осы аптада дайындалуға талпындырады. Ал соның арқасында сен жақсы баға ала аласың!

Қандай да бір шамада уайымдағаның сені қауіп-қатерден де қорғайды. Серена есімді жасөспірім қыз былай дейді: “Кейде бұрыс әрекет етіп жатқаныңды біліп тұрғандықтан уайымдайсың. Ал соның арқасында өзгеріс жасап, ар-ұжданыңды таза сақтай аласың” (Жақып 5:14 салыстыр).

Өмірдің шындығы: Уайымдағанның арқасында дұрыс әрекет етуге тырыссаң, мұндай уайымның сен үшін пайдалы болғаны.

Алайда уайым сені бұрыс ойлардың торына шырмаса не істеуіңе болады?

Уайымнан өзіңді лабиринтте жүргендей сезінуің мүмкін, бірақ жағдайға басқа қырынан қарайтын адам саған жол көрсете алады

Мысалы: “Шиеленіскен жағдайдың соңы қандай болуы мүмкін екенін ойласам, бойымды үрей билейді. Сол туралы қайта-қайта ойлағандықтан, өзімді қоярға орын таппаймын”,— дейді 19 жасар Ричард.

Киелі кітапта: “Жүректегі тыныштық тәнге шипа болар”,— делінген (Нақыл сөздер 14:30). Ал шектен тыс уайымдау денсаулыққа зиян. Оның кесірінен бас ауруы, бас айналуы, асқазан жұмысының бұзылуы және жүрек соғысының жиілей түсуі мүмкін.

Олай болса, уайымның саған пайдасы емес, зияны тиіп жатса не істеуіңе болады?

 Не істеуге болады?

  • Уайымыңның қаншалықты орынды екенін анықта. “Жауапкершіліктерің жайлы қандай да бір шамада уайымдау кәдімгі жайт, бірақ олар үшін сарыуайымға салыну, әрине, орынсыз болар еді. Бұл әткеншекте отырып, алға жылжуға тырысумен бірдей. Тербелуге сағаттап күш кетіргеніңмен, сол орныңда қала бересің” (Катрин).

    Киелі кітап кеңесі: “Уайымдаумен қайсысың өміріңді бір сәтке болсын ұзарта аласың?” (Матай 6:27).

    Бұл нені білдіреді? Уайымың сені мәселені шешуге талпындырмаса, бұл сенің қиындығыңа қиындық қосады не қиындықтың өзіне айналады.

  • Әр күннің уайымы өзіне жетерлік. “Ойлап көрші, сен уайымдап жатқан мәселе ертең, бір айдан кейін, бір жыл не бес жылдан кейін, соншалықты маңызды бола ма?” (Антони).

    Киелі кітап кеңесі: “Ешқашан ертеңгі күнді ойлап уайымдамаңдар, өйткені ертеңгі күннің өз уайымы бар. Әр күннің қиыншылығы өзіне жеткілікті” (Матай 6:34).

    Бұл нені білдіреді? Ертеңгі күннің қиындықтарын қатты уайымдаудың қажеті жоқ. Өйткені олар тіпті орын алмауы да мүмкін ғой?!

  • Өзгерте алмайтын жағдайға көнуді үйрен. “Болашақта болуы мүмкін жағдайларға мүмкіндігінше дайын болған, әрине, жақсы, бірақ кейбір жағдайларды өзгерте алмайтыныңды мойындау керек” (Роберт).

    Киелі кітап кеңесі: “Жарыста жүйрік... жеңе бермейді екен. Сондай-ақ... білімдіде — табыс әрдайым бола бермейді екен. Себебі барлығы да қолайсыз уақыт пен кездейсоқ жағдайларға тап болып жатады” (Уағыздаушы 9:11).

    Бұл нені білдіреді? Жағдайды өзгерту қолыңнан келмейтін кездер болады. Бірақ сен сол жағдайға деген көзқарасыңды өзгерте аласың.

  • Жағдайға басқаша қарап көр. “Жағдайға жан-жақты қарай білу керектігін және майда-шүйде нәрселерге мән бермеу керектігін түсіндім. Қайта қандай істердің маңызды екенін анықтап, соларды істеуге бар күшімді салуым керек екен” (Алексис).

    Киелі кітап кеңесі: “Ненің маңыздырақ екеніне көз жеткіз” (Філіпіліктерге 1:10).

    Бұл нені білдіреді? Жағдайға басқа қырынан қарай білетін адамдар шектен тыс уайымға беріле бермейді.

  • Біреумен сөйлес. “Алтыншы сыныпта оқығанымда, мен мектептен мазасыз болып келетінмін. Ертең тағы да мектепке бару керек деген ойдың өзінен төбе шашым тік тұратын. Ата-анам сезімдеріммен бөліскенімде мені мұқият тыңдайтын. Сондай кездері олардың маған демеу болғандары қандай жақсы болды. Мен оларға ішімдегінің бәрін ашық айта алатынмын. Бұл маған ертеңгі күні болуы мүмкін қиындықтарға дайын болуға көмектесті” (Мэрилин).

    Киелі кітап кеңесі: “Сарыуайым жүректі күйзелтеді, жақсы сөз оны шаттыққа толтырады” (Нақыл сөздер 12:25).

    Бұл нені білдіреді? Ата-анаң не досың уайымға берілмеуіңе көмектесетін тиімді кеңестер бере алады.

  • Дұға ет. “Дұға етудің, әсіресе дауыстап дұға етудің маған көмегі зор. Бұл маған уайымдатып жатқан жайттарды ішімде ұстамай, сыртқа шығаруға көмектеседі. Сондай-ақ бұл маған Ехобаның менің уайымымнан әлдеқайда күшті екенін есіме салады” (Лаура).

    Киелі кітап кеңесі: “Бар уайымдарыңды оған артыңдар, себебі ол қамдарыңды ойлайды” (Петірдің 1-хаты 5:7).

    Бұл нені білдіреді? Дұға жеңілдеп қалудың жолы емес. Бұл — Ехоба Құдаймен сөйлесу. Ол өз Сөзінде: “Еш абыржыма, мен сенің Құдайыңмын. Мен саған көмектесемін”,— деп уәде етеді (Ишая 41:10).