Мазмұнға өту

ЖАСТАРДЫҢ САУАЛДАРЫ

Әлеуметтік желіге сурет салу жайында нені білгенім жөн?

Әлеуметтік желіге сурет салу жайында нені білгенім жөн?

Сен керемет жерде демалып жүрсің делік. Осы жайында достарың білсе екен дедің. Не істейсің?

  1. а) Әрқайсысына поштамен хат жібересің.

  2. ә) Бәріне электронды хат жазасың.

  3. б) Әлеуметтік желіге суреттеріңді саласың.

Ата-әжең сенің жасыңда “а” нұсқасын ғана қолданған шығар.

Ал ата-анаң “ә” нұсқасын қолданған болар.

Қазіргі заманда жастар “б” нұсқасын таңдап, суреттерін желіге салуды жөн көреді. Сен де осыны дұрыс деп тапсаң, бұл мақала саған кей жайттарда абай болуға көмектеседі.

 Қандай жақсы жақтары бар?

Өте жылдам. “Әдемі бір жерде саяхаттап жүрсем немесе достарыммен керемет уақыт өткізіп жатсам, қуанышым басылмай тұрып-ақ суреттерімді басқаларға көрсете аламын” (Мелани).

Өте ыңғайлы. “Достарымның жағдайын білу үшін, электронды хат жазып жүргеннен гөрі олардың жақында желіге салған суреттерін қарап шыққан оңай” (Джордан).

Бәрінен хабардар болып отырасың. “Туыстарым мен кейбір достарым алыста тұрады. Олар суреттерін жиі салып тұрса, оларды жиі көріп тұрғандай боламын” (Карен).

 Қандай қаупі бар?

Басыңды қатерге тігуің мүмкін. Құрылғыңда суреттің қай жерде түсірілгенін көрсететін (геолокация) қызметі қосылып тұрса, суреттерің сен жайлы тым көп мағлұмат беріп қоюы мүмкін. Бір сайтта былай делінген: “Сурет не видеолардың қайда түсірілгені көрсетіліп тұрса, ойы бұзық адамдар арнайы бағдарламаның көмегімен сіздің соңыңызға түсіп алуы мүмкін” (“Digital Trends” сайты).

Кейбір қылмыскерлер сенің үйде болмайтын кезіңді аңдып жүрген болуы мүмкін. Аталмыш сайтта үш ұрының 18 үйді тонап кеткені жайлы бір мәлімет келтіріледі. Олар әлгі үйлерде қашан адам болмайтынын қалай білген? Олар ғаламтор арқылы тұрғындарды бақылап (“киберкейсинг” әдісі), құны 100 000 АҚШ долларына тең мүлікті тонаған.

Тұрпайы нәрселерді көріп қалуың мүмкін. Кейбір адамдар кез келген суретін жұртқа ұялмай көрсете береді. Сара деген қыз былай дейді: “Танымайтын адамның парақшасын қарау өте қауіпті. Бұл бейтаныс жерді картасыз шарлап жүргенмен бірдей. Сен ешқашан барғың келмейтін жерден бір-ақ шығуың мүмкін”.

Уақытың текке кетеді. Йоланда есімді қыз былай дейді: “Соңғы рет кімнің қандай сурет салғанын, не жазғанын көремін деп, көзіңді ала алмай қалуың мүмкін. Ақырында секунд сайын телефонға қарай беретін шамаға қалай жеткеніңді білмей қаласың”.

Сурет салатын парақшаң болса, ұстамдылық қасиетің де болсын

Мұның растығымен Саманта да келіседі. Ол: “Мен әлеуметтік желіге қанша уақыт бөлетінімді қадағалап отырамын. Әлеуметтік желіге тіркелсең, ұстамдылық танытпай болмайды”,— дейді.

 Былай етіп көр

  • Жаман суреттерді қараудан үзілді-кесілді бас тарт. Киелі кітапта мынандай сөздер бар: “Көз алдыма пайдасыз нәрсе қоймаймын” (Зәбүр 101:3).

    “Мен өзім жазылған адамдардың парақшаларын жиі тексеріп тұрамын. Жағымсыз бір нәрсе көрсем, оларды шығарып тастаймын” (Стивен).

  • Өнегелік талаптарды ұстанбайтын адамдармен араласудан аулақ бол. Әйтпесе саған өнегелік тазалығыңды сақтау қиын болады. “Алданбаңдар, жаман орта жақсы әдеттен айырады”,— дейді Киелі кітап (Қорынттықтарға 1-хат 15:33).

    “Көп қаралып танымал болып кеткен суреттерді қараудан аулақ бол. Әдетте балағатқа, жалаңаш түскен суреттер мен тағы басқа ұятсыздыққа сол жерлерде кезігесің” (Джессика).

  • Біреулердің суреттерін көруге кететін уақытыңды шекте және өз суреттеріңді қаншалықты жиі қоятыныңды қадағала. Киелі кітап мынандай кеңес береді: “Қалай әрекет ететіндеріңе мұқият ден қойыңдар, ақылсыз емес, дана болып, уақыттарыңды барынша тиімді пайдаланыңдар” (Ефестіктерге 5:15, 16).

    “Мен суреттерін қарша борататын адамдардан шығып кеттім. Мысалы, теңізге демалуға барып, бір бақалшақтың 20 суретін салатындар да бар! Солардың бәрін қарап шығамын дегенше бүкіл уақытың кетіп қалады” (Ребекка).

  • Суреттерің жұрттың назарын өзіңе аударғың келетіндей әсер қалдырмасын. Елші Пауыл: “Өздерің туралы тиістісінен артық ойламаңдар”,— деген (Римдіктерге 12:3). Достарың сенің суреттеріңді көруге, не істеп, не қойғаныңды білуге құмар деп ойлама.

    “Біреулер селфи суреттерін қоймай сала береді. Мен досымның түрі қандай екенін беске білемін ғой, оны маған қайта-қайта көрсетудің не қажеті бар?!” (Элисон).