Мазмұнға өту

ЖАСТАРДЫҢ САУАЛДАРЫ

СМС жазғанда нені ескеру керек?

СМС жазғанда нені ескеру керек?
  • :-) Дұрыс қолдансаң, жылдам хат алысу достарыңмен байланыста болудың таптырмас жолы.

  • :-( Абайлап қолданбасаң, достарыңнан да айырыласың, атыңа да кір келеді.

Хат жазғанда мына үш жайтты ескерсең болады:

Сондай-ақ:

 Кімге жазасың?

Көп жастар СМС-хаттарсыз басқалармен араласуды елестете алмайды. СМС-тің арқасында телефоныңда сақталған кез келген адаммен хабарласа аласың, егер ата-анаң рұқсат етсе, әрине.

“Әкем сіңлім екеумізге жігіттердің хабарласқанын жақтырмайды. Сөйлескен күнде, біз олармен үйдегі телефонмен, қонақ бөлмеде, бәрінің көзінше сөйлесуіміз керек” (Линора).

Біле жүр: Егер нөміріңді кім болса соған бере берсең, бір пәлеге ұшырауың мүмкін.

“Егер нөміріңді көрінген адамға берсең, бір күні болмаса, бір күні жағымсыз хаттар не тұрпайы суреттер алуың ғажап емес” (Скотт).

“Қарсы жынысты адаммен жиі хат жазысып тұрсаң, сол адамға қалай жылдам сезімің оянып кеткенін байқамай қалуың мүмкін” (Стивен).

Киелі кітапта не жазылған? “Парасатты қатерді көріп, бас сауғалар, Аңғал алға жүріп, жапа шегер” (Нақыл сөздер 22:3). Кейбір жайтты алдын ала ескерсең, көп қиындыққа ұрынбай, аман жүресің.

Болған оқиға: “Біз ол баламен дос едік, бір-бірімізге көп жазатынбыз. Біз жай ғана күшті доспыз деп ойлаушы едім. Ойда жоқ жерден ол мені жақсы көріп қалғанын айтқанда, аузым ашылып қалды. Қазір ойласам, сол кезде онымен сонша көп сөйлесіп, СМС жаза бермеуім керек еді” (Мелинда).

Қалай ойлайсың? Досы сезімін білдіргеннен кейін, Мелинданың онымен қарым-қатынасы қандай болды?

Басқаша елестетіп көр: Мелинда ол баламен жай дос болып қала беру үшін не істеу керек еді?

 Не жазасың?

СМС жазып, СМС алу оңай әрі қызықты болғаны сонша — жұрт басқаша түсініп қалуы мүмкін екенін ұмытып кетесің.

Біле жүр: СМС-хаттардағы сөздерді адамдар бұрыс түсініп қалуы мүмкін.

“Тіпті смайлик не таңбалар қойса да, СМС арқылы адамның сезімі мен дауыс сарынын біле алмайсың. Содан басқаша ойлап қалуың мүмкін” (Бриана).

“Жігіттерге қандай СМС-тер жібергені үшін беделін құртып, қылымситын қыздар деген атқа қалған қыздарды білем” (Лаура).

Киелі кітапта не жазылған? “Әділ өз жауабын ойлап берер” (Нақыл сөздер 15:28). Бұдан неге үйрене аламыз? “Жіберу” түймесін баспай тұрып, СМС-іңді қайта оқып шық.

 Қашан жазасың?

Ақылға сала отырып, өзің үшін СМС жазу ережелерін, былайша айтқанда, СМС жазу әдебін орнатып алсаң болады.

Біле жүр: Егер СМС жазғанда әдеп сақтай білмесең, бұл өзгелерді сыйламайтындай көрінуің мүмкін, ал достарың саған ренжіп, араласпай қоюы мүмкін.

“СМС жазу әдебін ұмытып кету оп-оңай. Кейде өзім де байқамай, біреумен сөйлесіп отырғанда не дастарқан басында СМС жазып кететінім бар” (Аллисон).

“Рөлде отырып СМС жазу өте қауіпті. Өйткені жолдан алаңдап, апатқа ұшырауың мүмкін” (Анна).

Киелі кітапта не жазылған? “Әр нәрсенің өз уақыты бар... Үндемейтін уақыт, сөйлейтін уақыт” (Уағыздаушы 3:1, 7). Бұл тек сөйлеуге ғана емес, СМС жазуға да қатысты!

 Кеңестер

Кімге жазасың?

  • ;-) Ата-анаң орнатқан тәртіпке бағын (Қолостықтарға 3:20).

  • ;-) Нөміріңді кім болса соған бере берме. Қазірден бастап телефон нөмірің сияқты жеке мәліметті беруден ілтипатпен бас тартып үйренсең, есейгенде де бұның пайдасын көресің.

  • ;-) СМС жазғанда қылымсып, жөнсіз еркінсіп кетпе. Қарсы жыныстағы адамға сезімің оянса, өзің қиналып қаласың.

“Ұялы телефонымды дұрыс қолданатындықтан, ата-анам маған сенім артады. Олар кімнің нөмірін телефоныма сақтайтыныма абай болатынымды біледі” (Бриана).

Не жазасың?

  • ;-) СМС тере бастамас бұрын: “Бұл жағдайда СМС жазғаным орынды бола ма?”— деп ойланып көр. Бәлкім, адамға телефон шалып немесе бетпе-бет сөйлескен дұрыс шығар.

  • ;-) Адамның көзінше айтпайтын нәрсені оған жазбай-ақ қой. “Дауыстап айтпайтын нәрсені жазбау да керек”,— дейді 23 жасар Сара.

“Егер біреу әдепсіз суреттер жіберсе, ата-анаңа айт. Бұл өзіңе қорғаныш болады, әрі ата-анаң да саған көбірек сенім артады” (Сирван).

Қашан жазасың?

  • ;-) Телефонды қашан қолданбайтыныңды алдын ала шешіп ал. “Мен тамақ жегенде және оқып отырғанда телефонды пайдаланбаймын,— дейді Оливия есімді қыз.— Кім жазды екен деп алаңдамас үшін, қауым кездесуінде телефонымды өшіріп қоямын”.

  • ;-) Басқаларды ойла (Філіпіліктерге 2:4). Біреумен әңгімелесіп отырғанда СМС жазба.

“Өте шұғыл болмаса, достарыммен отырғанда ешкімге СМС жазбаймын деп шештім. Өзім онша танымайтын адамдарға да телефон нөмірімді бермеймін” (Джейнелли).