Мазмұнға өту

ЖАСТАРДЫҢ САУАЛДАРЫ

Гомосексуализмге деген көзқарасым қандай болу керек?

Гомосексуализмге деген көзқарасым қандай болу керек?

“Өсе келе маған ер адамдар ұнай бастады. Бұл сезіммен күресу маған қатты қиын болды. Бұл сезімдер уақытша деп ойлағанмын, бірақ әлі күнге дейін күресіп келемін” (Дэйвид, 23 жаста).

Дэйвид — Құдайға ұнағысы келетін мәсіхші. Бірақ оның өзімен бір жыныстағы адамға құштарлығы болса, ол Құдайға ұнай ала ма? Құдай гомосексуализмге қалай қарайды?

 Киелі кітапта не делінген?

Гомосексуализмге қатысты көзқарас әр мәдениетте әртүрлі, сондай-ақ уақыт өткен сайын адамдардың бұған қатысты көзқарасы өзгеруде. Бірақ мәсіхшілер басым көпшіліктің көзқарасымен жүрмейді не “жел айдап, толқын қуған қайыққа” ұқсамайды (Ефестіктерге 4:14). Олардың гомосексуалды өмір салтына (я болмаса, осы іспетті өмір салтына) қатысты көзқарастары Киелі кітап талаптарына негізделген.

Киелі кітап гомосексуалдық қатынасқа тыйым салады. Құдай Сөзінде былай делінген:

  • “Әйелмен жақындасқандай, еркекпен жақындаспа” (Мұсаның 3-жазбасы 18:22).

  • “Сондықтан Құдай оларды жүрек қалауларына сай,... нәпсіқұмарлыққа салынуына жол берді: араларындағы әйелдер табиғи жыныстық қатынасты табиғи емес қатынасқа ауыстырды” (Римдіктерге 1:24, 26).

  • “Алданбаңдар: азғындар, пұтқа табынушылар, неке адалдығын бұзушылар, табиғи емес жыныстық қатынаста қолданылатын еркектер, еркекқұмар еркектер, ұрылар, ашкөздер, маскүнемдер, өзгелерді балағаттайтындар, тонаушылар Құдай Патшалығын мұра етпейді” (Қорынттықтарға 1-хат 6:9, 10).

Негізі, Киелі кітап талаптары барлық адамдарға арналған, мейлі құштарлығы гомосексуалды я гетеросексуалды болсын, ондағы талаптар бәріне де қатысты. Демек, Құдай тыйым салатын қатынасты қалайтын адам оның талаптарын орындау үшін ұстамдылық танытуы керек (Қолостықтарға 3:5).

 Бұл дегеніміз ... дегенді білдіре ме?

Бұл дегеніміз Киелі кітап гейлерді жек көруге талпындырады дегенді білдіре ме?

Жоқ. Негізі, Киелі кітап ешкімді жек көруге талпындырмайды, мейлі ол гей болсын-болмасын. Қайта, қандай өмір салтын ұстанбасын “барлық адамдармен тату болуға” шақырады (Еврейлерге 12:14). Сондықтан гомосексуалдарды жек көріп, оларға қоқан-лоқы көрсету, ұрып-соғу сияқты әрекеттер мүлдем дұрыс емес.

Бұл дегеніміз мәсіхшілер бір жынысты некені мақұлдайтын заңдарға қарсы шығу керек дегенді білдіре ме?

Киелі кітапта некенің бір еркек пен бір әйелдің одағы екені айтылған (Матай 19:4—6). Бірақ бір жынысты некеге қатысты заңдар моральдық емес, саяси мәселе болып табылады. Ал Киелі кітапта мәсіхшілердің саясатқа араласпай, бейтараптық сақтаулары керектігі айтылған (Жохан 18:36). Сондықтан олар бір жынысты некеге не гомосексуалды өмір салтына қатысты үкімет заңын қорғамайды да, оған қарсы шықпайды да.

 Ал егер былай болса ше?

Ал егер адам гомосексуалдық өмір салтын кешсе ше? Оның өзгеруі мүмкін бе?

Иә, өзгере алады. Бірінші ғасырдағы кейбір адамдар да өмірлерін өзгерткен. Гомосексуализммен айналысқан адамдар Құдай Патшалығын мұра етпейтіні айтылғаннан кейін, Киелі кітапта келесідей сөздер жазылған: “Кезінде кейбіреулерің сондай болдыңдар” (Қорынттықтарға 1-хат 6:11).

Бұл дегеніміз гомосексуалдық қатынасты доғарған адамдар бұдан былай бұрынғы өмір салтына мүлдем оралғысы келмейді дегенді білдіре ме? Жоқ. Киелі кітапта: “Тура білім арқылы... жаңарып жатқан жаңа болмысқа ие болыңдар”,— делінген (Қолостықтарға 3:10). Иә, бұл — үздіксіз жүретін процесс.

Ал егер Құдайдың талаптарына сай өмір сүргісі келетін адамның әлі де гомосексуалды қалаулары болса ше?

Адам кез келген қалауын жүгендей алады. Бұл тек адамның шешіміне байланысты. Қалайша? Киелі кітапта былай делінген: “Киелі рухтың жетелеуімен жүруді доғармаңдар, сонда ешқандай тәндік құмарлыққа берілмейсіңдер” (Ғалаттықтарға 5:16).

Байқасаң, бұл тармақта Киелі рухтың жетелеуімен жүрген адамның ешқандай тәндік құмарлығы болмайды деп айтылмаған. Ондай қалаулар болады, бірақ Киелі кітапты күніге оқып, дұға ету арқылы адам сол қалауларын жүгендей алады.

Алғы сөзде аталып өткен Дэйвид мәсіхші ата-анасына ішкі күресі жайлы айтып бергеннен кейін, бұл сөздердің растығына көзі жетті. “Иығымнан бір үлкен жүк түскендей болды,— дейді ол.— Бұл жайлы оларға ертерек айтқанымда, жасөспірім кезімді анағұрлым қуанышты өткізер ме едім”.

Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні: Егер біз Ехобаның талаптарына сай өмір сүрсек, өміріміз мәнді де мағыналы болады. Біз “Ехобаның нұсқаулары әділ, жүректі қуантатынына” және “соларды ұстанған адам зор сый алатынына” нық сенімдіміз (Зәбүр 19:8, 11).