Уағыздаушы 9:1—18

  • Бәрінің баратын жері бір (1—3)

  • Өлімнен қорықпай өмір сүр (4—12)

    • Өлгендер ештеңе білмейді (5)

    • Көрде ешқандай іс-әрекет жоқ (10)

    • Қолайсыз уақыт пен кездейсоқ жағдай (11)

  • Даналық бағалана бермейді (13—18)

9  Сонымен, мен осының бәрі жайлы ойланып-толғанып, мынадай қорытындыға келдім: әділдер де, даналар да, олардың істері де Құдайдың қолында екен+. Адамдар өздеріне дейінгі сүйіспеншілік пен жеккөрушілік жөнінде ештеңе білмейді.  Барлық адамның — әділ мен зұлымның, жақсының, таза мен арамның, құрбандық әкелетін мен әкелмейтіннің — баратын жері бір+. Жақсы адаммен не болса, күнәкармен де сол болады; асығыс ант беретінмен не болса, ойланып ант беретінмен де сол болады.  Жарық күн астында орын алып жатқан мына жайт адамды күйіндіреді: бәрінің баратын жері бір болғандықтан+, адам баласының жүрегі жамандыққа толы; олар өмір бойы ессіздік жасап, ақырында өледі.  Тірілер арасында жүргендердің үміті бар, себебі өлі арыстаннан гөрі тірі ит артық+.  Тірілер өлетінін біледі+, ал өлгендер ештеңе білмейді+. Енді олардың алатын сыйы* жоқ, өйткені олар жайлы барлық нәрсе ұмыт болады+.  Олардың сүйіспеншілігі, жеккөрініші, қызғанышы да құрып жоқ болады. Жарық күн астында болып жатқан жайттарға олардың қатысы болмайды+.  Олай болса, бар да, қуанышпен тамағыңды же, шат көңілмен шарабыңды іш+. Себебі Құдай істеріңе разы+.  Әрдайым ақ киім* киіп, басыңа май жағып жүр+.  Құдай саған жарық күн астында берген бос ғұмырыңда — бос әурешілікке толы барлық күндеріңде — сүйген әйеліңмен бірге өмірдің қызығын көр+. Өйткені бұл — сенің өмірде алатын сыйың және жарық күн астындағы еңбегіңнің сыбағасы+. 10  Қандай істі қолға алсаң да, оны барыңды салып істе, себебі өзің баратын көрде* еңбектену де, жоспарлау да, білім де, даналық та жоқ+. 11  Жарық күн астында болып жатқан тағы бір жайтты көрдім: жарыста жүйрік, шайқаста күшті әрдайым жеңе бермейді екен+. Сондай-ақ данада — тамақ, ақылдыда — байлық, білімдіде — табыс әрдайым бола бермейді екен+. Себебі барлығы да қолайсыз уақыт пен кездейсоқ жағдайларға тап болып жатады. 12  Адам өз күнінің қашан бітетінін білмейді+. Балықтың ауға, құстың торға түскеніндей, адам баласы да күтпеген жерден бақытсыздыққа тап болады. 13  Жарық күн астында даналыққа қатысты тағы бір жайтты байқадым, әрі бұл маған қатты әсер етті. 14  Азғана адамдары бар кішігірім қала бар еді. Бір құдіретті патша сол қаланы басып алмақ болып, қоршауға алды да, айналдыра зор бекіністер тұрғызды. 15  Қалада кедей болса да дана бір кісі болатын. Ол өз даналығымен қаланы құтқарып қалды. Әйтсе де бұл кедейді кейін ешкім есіне алмады+. 16  Сонда мен: “Зор күштен гөрі даналық артық+. Алайда кедейдің даналығы елеусіз қалады, оның сөзі құлаққа да ілінбейді+”,— дедім. 17  Ақымақтарға билік етушінің айқайынан гөрі дананың ақырын айтқан сөзіне құлақ асқан артық. 18  Қару-жарақтан гөрі даналық артық, ал бір күнәкар көп жақсылықты құртады+.

Сілтемелер

Немесе “ақысы”.
Ашық түсті киім аза тұтуды емес, көтеріңкі көңіл күйді білдіреді.
Еврейше “шеол”. Түсіндірмені қараңыз.