Мазмұнға өту

ЖАСТАРДЫҢ САУАЛДАРЫ

Неге шыншыл болу керек?

Неге шыншыл болу керек?

 Шыншыл болмаудың себептері

Бүгінгі дүниеде шыншыл болудың пайдасынан зияны көп болып көрінуі мүмкін. Мысалы, кейбіреулер былай ойлайды:

  • “Ата-анама өтірік айтпасам, олар мені жөнге салуы мүмкін”.

  • “Осы сынақ жұмысы кезінде көшірмесем, екі аламын”.

  • “Осы затты ұрламасам, оны ақша жинап сатып алуым керек болады”.

Кейбіреулер: “Онда тұрған не бар? Бәрі өтірік айтады ғой?”— дейтін шығар.

Шын мәнінде, олай емес. Көп адам, оның ішінде жастар да, шыншыл болудың пайдасы зор деп ойлайды әрі бұл расымен де солай. Киелі кітапта: “Адам не ексе, соны орады”,— деп айтылған (Ғалаттықтарға 6:7). Бұл дегеніміз — біздің іс-әрекеттеріміздің міндетті түрде қандай да бір салдары болады. Ол я жақсы, я жаман болуы мүмкін.

Өтірік айтып, соның зардабын тартқан кейбір адамдардың мысалын қарастырып көрейік.

“Мен мектептегі бір баламен сөйлескенім жайлы анама өтірік айттым. Ал ол мұның өтірік екенін анық білген еді. Осы жайлы үшінші рет өтірік айтқанымда, анамның шыдамы таусылды. Ол маған екі аптаға кейбір нәрселерге қатысты шектеулер қойды және бір ай бойы ұялы телефонымды қолдануға және теледидар көруге рұқсат бермеді. Содан бері мен ата-анама өтірік айтпайтын болдым!” (Анита)

Ойланып көр: Анитаға анасының сеніміне қайтадан кіру үшін неге біраз уақыт қажет болуы мүмкін?

Киелі кітапта былай делінген: “Өтірікті тастағандықтан, енді әрқайсысың өзгеге шындықты айтыңдар” (Ефестіктерге 4:25).

“Мен ата-анама өтірік айтып, жазадан оңай құтылдым деп ойладым. Кейінірек олар болған оқиғаны қайтадан айтып беруді сұрады. Бірақ мен басында шындықты бұрмалап жібергенім соншалық, сол уақытта не айтып, не қойғаным есімде қалмапты. О бастан-ақ шындықты айтқанымда, мұндай жағдайға ұшырамас едім!” (Энтони)

Ойланып көр: Осындай ыңғайсыз жағдайға түспеу үшін Энтонидің не істеуіне болар еді?

Киелі кітапта былай делінген: “Ехоба өтірік айтатын ауыздан жиіркенеді, Ал адал жүріп-тұратын адамға сүйсінеді” (Нақыл сөздер 12:22).

“Менің құрбым әңгімені әспеттеп айтқанды ұнатады. Ол болған жайттарды тым әсірелеп жібереді әрі жарым-жартылай айтқандықтан оқиғалар бұрмаланып кетеді. Мен оны жақсы көргендіктен, сөзіне көп мән бермеуге тырысамын. Бірақ оған сену де, сенім арту да қиынға соғады”. (Ивон)

Ойланып көр: Ивонның құрбысының тым әсірелеп сөйлеуі және “кішігірім” жалған сөздер айтуы беделіне қалай әсер етуі мүмкін?

Киелі кітапта былай делінген: “Біз... барлық жағдайда адал жүріп-тұрғымыз келеді” (Еврейлерге 13:18).

Іргетас бұзылса, бүкіл ғимаратқа қауіп төнеді, сол сияқты шыншыл болмағанымыз абыройымызды түсіреді

 Шыншыл болудың пайдасы

Ал енді шыншыл болудың қандай пайдасы бар екенін көрейік.

“Менің алдымда келе жатқан әйел ақшасын түсіріп алды. Мен оны шақырып алып, ақшасын қайтарып бердім. Сонда ол маған: “Сіз сияқты шыншыл адамдарды жиі кездестіре бермейсің. Сізге көп рақмет”,— деп алғысын білдірді. Мен оның осы дұрыс ісіме риза болғанына қуандым!” (Вивиан)

Ойланып көр: Бұл әйел Вивианның шыншылдығына неге таңғалды? Вивиан шыншыл болудың қандай пайдасын көрді?

Киелі кітапта былай делінген: “Әрдайым дұрыс әрекет ететіндер бақытты” (Зәбүр 106:3).

“Біз бүкіл отбасымызбен тазалық жұмыстарымен айналысамыз. Кейде кеңселерді жинап жүріп, жерден тиын-тебен тауып аламыз. Мұндайда біз тиынды жақын жердегі үстелге қойып кетеміз. Біздің осындай шыншыл әрекетіміз сол жерде жұмыс істейтін бір әйелдің қитығына тиетін. Ол: “Бұл небәрі тиын ғой!”— дейтін. Бірақ осының арқасында бұл әйел бізге сенім арта алатын”. (Юлия)

Ойланып көр: Юлияға басқа жұмысқа тұру үшін мінездеме қажет болған жағдайда оның шыншылдығы қандай пайдасын тигізуі мүмкін?

Киелі кітапта былай делінген: “Құдай алдында оған ұнамды және... еш ұятқа қалмайтын жұмысшы болу үшін қолыңнан келгеннің бәрін істе” (Тімөтеге 2-хат 2:15).

“Бухгалтер қателесіп, маған 64 сағаттық емес, 80 сағаттық жұмыстың ақысын берген еді. Әрине, қалтаңда артық ақшаң болса, жақсы ғой, бірақ мен ол ақшаны қайтаруды шештім. Содан, бухгалтерге барып, кеткен қателік жайлы айттым. Ол маған қатты риза болды. Біздің компания табысты болса да, мен оның ақшасына қол сұққым келмеді”. (Бетани)

Ойланып көр: Компанияның ақшасын ұрлау қандай да бір адамның ақшасын ұрлау сияқты үлкен күнә емес деп ойлаған дұрыс па?

Киелі кітапта былай делінген: “Ехоба арамза адамнан жеркенеді, Шыншыл адаммен жақын дос болады” (Нақыл сөздер 3:32).