Мазмұнға өту

ЖАСТАРДЫҢ САУАЛДАРЫ

Не үшін дұға айту қажет?

Не үшін дұға айту қажет?

Бір елде жүргізілген сауалнама нәтижесінде жастардың 80 пайызы Жаратушыға дұға ететіні анықталды. Бірақ олардың жартысы ғана күн сайын дұға етеді екен. Бұл жастар: “Дұға шер тарқату үшін ғана айтыла ма, әлде оның бұдан да зор маңызы бар ма?”— деп ойланатын болар.

 Дұға деген не?

Дұға дегеніміз — бүкіл ғаламның Жаратушысымен сөйлесу. Бір сәт ойланып көрші. Ехоба Құдай адамдардан қанша жоғары болса да, “ол әрқайсысымыздан алыс емес” (Елшілердің істері 17:27). Киелі кітапта мынандай керемет сөздер жазылған: “Құдайға жақындаңдар, сонда ол да сендерге жақындайды” (Жақып 4:8).

Құдайға жақындау үшін не істеу керек?

  • Мұның бір жолы — дұға ету, яғни сенің Құдайға сөйлейтін кезің.

  • Тағы бір жолы — Киелі кітапты зерттеу. Бұл — Құдайдың саған “сөйлейтін” кезі.

Осылай әңгімелесу, яғни дұға ету және Киелі кітапты зерттеу, Құдаймен жақын дос болуға көмектеседі.

“Ехобамен, Құдіретті Жаратушының өзімен, сөйлесу — адам баласына берілген ең күшті сыйлардың бірі” (Джереми).

“Ехобаға жүрек түбінде жатқан сезімдерімді ашып дұға еткенде, оған жақындай түсемін” (Миранда).

 Құдай дұғаны тыңдай ма?

Құдайдың бар екеніне сенсең де, тіпті оған дұға айтып жүрсең де, оның шынымен сені тыңдайтынына күмәнданатын кездерің болатын шығар. Бірақ Киелі кітапта Ехоба туралы: “Сен дұғаларды тыңдайсың”,— деп жазылған (Зәбүр 65:2). Сондай-ақ онда: “Бар уайымдарыңды оған артыңдар”,— деген кеңес беріледі. Неліктен? “Себебі ол қамымызды ойлайды” (Петірдің 1-хаты 5:7).

Ойланатын жайт. Сен жан досыңмен сөйлесу үшін уақыт бөліп тұрасың ғой. Құдаймен сөйлесу үшін де солай етсең болады. Оған үнемі дұға айтып, оны Ехоба деген есімімен ата (Зәбүр 86:5—7; 88:9). Киелі кітап Ехобаға “ұдайы дұға етуге” шақырады (Салоникалықтарға 1-хат 5:17).

“Дұға дегеніміз — көктегі Әкем екеуміздің арамыздағы әңгіме, оған ішімдегінің бәрін ақтарып айтатын кезім” (Мойзес).

“Мен Ехобаға көңіл түбінде жүрген мәселелер жайында айтамын, анаммен немесе жан досыммен сөйлескендей сөйлесемін” (Карен).

 Не туралы дұға айтсаң болады?

Киелі кітап былай дейді: “Барлық өтініштеріңді дұға етіп, жалбарынып, ризашылықпен Құдайға білдіріңдер” (Філіпіліктерге 4:6).

Демек, өзіңді мазалап жүрген нәрселер жайында оған айта беруге бола ма? Әрине! Құдайдың Сөзінде былай делінген: “Бар ауыртпалығыңды Ехобаға арт, ол сені демейді” (Зәбүр 55:22).

Құдайға қиындықтарыңнан басқа да жайттар туралы айтқаның жақсы. Шантель есімді қыз былай дейді: “Ехобадан тек көмек сұрай берсем, бұл нағыз достыққа жатпас еді. Менің ойымша, дұғаны ризашылық сөздермен бастау маңызды және алғыс білдіргім келетін нәрселердің тізімі ұзын болу керек”.

Ойланатын жайт. Сен өміріңде не нәрселер үшін ризасың? Бүгін болған қандай үш нәрсе үшін Ехобаға рақмет айтқың келеді?

“Болмашы нәрсенің өзі, мысалы бір әдемі гүлді көргеніміз, Ехобаға сол мезетте дұға айтып, ризашылық білдіруге талпындырады” (Анита).

“Өзіңе ұнайтын бір жаратылыс туралы не Киелі кітаптағы сөздер жайлы ой жүгіртіп, кейін сол үшін Ехобаға алғыс айтуыңа болады” (Брайн).