Мазмұнға өту

ЖАСТАРДЫҢ САУАЛДАРЫ

Сүйгеніңмен қарым-қатынасың үзілгенде

Сүйгеніңмен қарым-қатынасың үзілгенде

Стивен деген жігіт былай дейді: “Қызым екеуміз екі жаққа кеткенде, жүрегім қақ айырылды. Өмірімде бұдан асқан азап болмаған шығар”.

Сен де осындай жағдайды бастан кештің бе? Олай болса, бұл мақаланың сен үшін көмегі зор.

 Айырылысудың салдары

Қарым-қатынастың үзілгені екі жақтың да жанын жаралайды.

  • Кездесіп жүрген адамыңа айырылысуды өзің ұсынған болсаң, Жасминді жақсы түсінетін шығарсың. Ол былай дейді: “Кезінде жақсы көрген адамымның жүрегін жаралағаным жанымды жегідей жеді. Бұны енді қайтып бастан кешкім келмес еді”.

  • Кездесіп жүрген адамың сені тастап кеткен болса, жақын адамың өлгендей күй кешкен шығарсың. Жаннет деген қыз былай дейді: “Мен бұл қасіреттің барлық сатысынан өттім. Басында айырылысуға қарсы болдым, ашуландым, қайта қосылудың амалын іздедім, депрессияға түстім, ақырында, бір жыл дегенде, берілдім”.

Ойтүйін: Айырылысқанда жүрегің жараланып, көңілің жабырқайды. Бір Киелі кітап жазушысы былай деген екен: “Күйреген рух сүйекті қуратар” (Нақыл сөздер 17:22).

 Не істесең болады?

  • Сенімді ересек адаммен сөйлес. Құдай Сөзі былай дейді: “Нағыз дос әрқашан жақсы көрер, ол — бауырың қиын шақта арқа сүйер” (Нақыл сөздер 17:17). Ішіңде не болып жатқанын ата-анаңа немесе ақыл тоқтатқан бір досыңа айтып бер. Олар саған тығырықтан шығуға көмектеседі.

    “Мен бірнеше ай бойы ешкіммен сөйлеспей, өзіммен-өзім болып жүрдім. Бірақ достарым дертімнен айығуға көмектесті. Оларға ішімдегіні ақтармағанда, ешқандай жеңілдік сезінбес едім” (Жаннет).

  • Өткеннен сабақ ал. Киелі кітапта мынадай да кеңес бар: “Даналыққа кенел, түсінікке ие бол” (Нақыл сөздер 4:5). Ауыр жағдайдан өткенде адам өзін жан-жақты тани түседі және қиындықты жеңуді үйренеді.

    “Қызыммен айырылысқанымды білгенде, досым менен былай деп сұрады: “Бұл жағдайдан қандай сабақ алдың? Болашақта біреумен кездесіп жатсаң, осыны қалай ескерер едің?” (Стивен).

  • Дұға. Киелі жазбада былай делінген: “Бар ауыртпалығыңды Ехобаға арт, ол сені демейді” (Зәбүр 55:22). Дұға саған жан жараңнан сауығуға және болған жағдайға басқа қырынан қарауға көмектеседі.

    “Үнемі дұға ет. Ехоба жаныңның қалай ауырып жатқанын және болған жағдайды сенен де жақсы түсінеді” (Марша).

  • Өзгелерге көңіл бөл. “Тек өз мүдделеріңді емес, басқалардың да мүддесін ойлаңдар”,— делінген Киелі кітапта (Філіпіліктерге 2:4). Өзгелерге барынша көмектесіп жүрсең, айырылысу өмірдің соңы емес екенін түсінесің.

    “Жақсы көрген адамың тастап кеткенде, өмірім осымен бітті деп ойлайсың. Бұл бір жеріңді жаралап алғаннан да қатты ауырады. Бірақ оның емі жоқ емес. Бар болғаны, біраз уақыт өтіп, жараның жазылуына мұрша беру керек” (Эвелин).