Мазмұнға өту

ЖАСТАРДЫҢ САУАЛДАРЫ

Кибер бұзақылыққа кезіксем, не істеймін?

Кибер бұзақылыққа кезіксем, не істеймін?

 Мұны білгенің жөн

Интернет бұзақылық жасауды жеңілдетіп отыр. Интернет “адамға өзінің кім екенін жасыруға мүмкіндік бергендіктен, жақсы деп жүрген баланың өзі бұзақылыққа бара алады” (“CyberSafe” кітабы).

Белгілі бір адамдар жиі бұзақылықтың құрбаны болып жатады. Олардың қатарына тұйық, көпшіліктен ерекшеленетін не өзін төмен санайтын адамдар жатады.

Кибер бұзақылықтың құрбаны болғандар ауыр зардап шегеді. Ол жалғыздыққа және жан күйзелісіне душар етеді, кей жағдайларда адамның өз-өзіне қол жұмсауына әкеледі.

 Былай етіп көр

Ең алдымен, “Бұл бұзақылыққа жата ма?” деп ойланып көр. Себебі кейде адамдар ойланбай сөйлеп жатады. Мұндай кезде Киелі кітаптағы мына бір жақсы кеңеске ден қой:

“Ренжуге асықпа, себебі реніш ақымақтың көкейіне ұялайды” (Уағыздаушы 7:9).

Бірақ біреу сені онлайн түрде қорлап, кемсітсе не қорқытса, бұл кибер бұзақылыққа жатады.

Кибер бұзақылыққа кезіксең, мынаны есте ұста: бұған қалай жауап беретінің жағдайды жақсартуы не ушықтыруы мүмкін. Төмендегі кеңестерді қолданып көр.

Мән берме. Киелі кітапта: “Білімді байыппен сөйлер, парықты сабыр сақтар”,— делінген (Нақыл сөздер 17:27).

Сабыр сақтаудың маңыздылығы жайлы бір кітапта былай түсіндіріледі: “Бұзақылардың бірден-бір мақсаты — адамның қитығына тию. Себебі адам ызаланғанда, бұзақының қуыршағына айналады” (“Cyberbullying and Cyberthreats”, N. Willard).

Ойтүйін. Кей жағдайда ең мықты жауап — мүлдем жауап бермеу.

Кек қайтарма. Киелі кітапта: “Жамандыққа жамандықпен қайтармаңдар, тіл тигізгендерді ғайбаттамаңдар”,— делінген (Петірдің 1-хаты 3:9).

Бір кітапта былай деп жазылған: “Ашу — әлсіздіктің белгісі. Бұл бұзақылықты одан сайын өршітеді” (“Cyber-Safe Kids, Cyber-Savvy Teens”). Бұған қоса, кек алсаң, бұзақылыққа өзіңнің де қатысың бар болады.

Ойтүйін. Отқа май құйма.

Жағдайды өз қолыңа ал. Киелі кітапта: “Жамандықтан жеңілме”,— делінген (Римдіктерге 12:21). Жағдайды ушықтырып жібермей, бұзақылықты тоқтату үшін, былай әрекет етсең болады:

  • Хабарлама жіберіп жатқан адамды блокқа қой. “Хабарламаны оқымасаң, ол саған әсер етпейді”,— деп жазылған бір кітапта (“Mean Behind the Screen”).

  • Барлық хабарламаны айғақ ретінде сақтап қой. Бұл дөрекі смс хабарламалар, электронды хаттар, блог не әлеуметтік желілердегі жазбалар, дауыстық хабарламалар болуы мүмкін.

  • Бұзақыдан әрекеттерін тоқтатуын сұра. Сезімге берілмей, сөйте тұра нық сөйлеп, былай деп жазсаң болады:

    • “Маған бұдан былай хабарлама жіберме”.

    • “Жазбаларыңды өшіріп таста”.

    • “Доғармасаң, мен шара қолданамын”.

  • Өзіңе сенімді бол. Әлсіздіктеріңді емес, мықты жақтарыңды ойла (Қорынттықтарға 2-хат 11:6). Кәдімгі бұзақылар сияқты, кибер бұзақылар да әлсіз болып көрінетіндерге күш көрсетеді.

  • Үлкендерге айт. Ең алдымен, ата-анаңа айтқаның дұрыс. Бұзақы қолданатын веб сайт не компанияға шағым жазсаң да болады. Жағдай қатты ушығып кетсе, өзің не ата-анаң болған жайтты мектепке не полицияға хабарлау қажет. Заңға жүгінуге тура келуі де мүмкін.

Ойтүйін. Бұзақылықты тоқтатып, ол саған әрі қарай зардабын тигізбеу үшін осы кеңестерді қолданғаның жөн.