Мазмұнға өту

ЖАСТАРДЫҢ САУАЛДАРЫ

Үй тапсырмасын қалай үлгерсем болады?

Үй тапсырмасын қалай үлгерсем болады?

“Түнгі 1-ге дейін үй тапсырмасымен отыру шаршатып жібереді. Бар ойың “қашан төсегіме жетер екем” болады” (Дэйвид).

“Кейде түнгі 4:30-ға дейін сабаққа дайындалып, таңертең ерте 6-да тұратынмын. Не азап десеңші!” (Тереза).

Өзіңді үй тапсырмасына көміліп қалғандай сезінесің бе? Солай болса, бұл мақаланың саған одан бас көтеруге көмегі тиіп қалар.

 Мұғалімдер үй тапсырмасын не үшін береді?

Бұған көп себеп бар. Солардың ішінде үй тапсырмасы...

  • біліміңді арттырады

  • жауапкершілікке үйретеді

  • уақытты дұрыс ұйымдастыра білуге шыңдайды

  • сабақта үйренгендеріңді пысықтауға көмектеседі a

“Мұғалімдер оқушыларға үй тапсырмасын үйренгендері бір құлақтан кіріп, екінші құлақтан шығып кетпей, өмірде қолдансын деп береді” (Мэри).

Әсіресе математика мен жаратылыстану пәндері қиыншылықтарды шеше білу қабілетіңді ұштайды. Ал бұл, мамандардың айтуынша, мида жаңа нейрондық байланыстарды түзіп, қатайтады. Демек, үй тапсырмасы сенің миың үшін жаттығу болып табылады.

Пайдалы жағын көрсең де, көрмесең де, үй тапсырмасынан әзірге босай алмайсың. Бірақ қуанышты бір жайт: үйге берілетін тапсырмалардың көлемін қадағалай алмағаныңмен, оны орындауға кететін уақытты қысқарта аласың. Қалайша?

 Тиімді кеңестер

Үй жұмысын орындауға үлгермей жүрсең, онда мұның шешімі “ақылмен істе, көп күш кетірме” деген қағидада жатқан болуы мүмкін. Келесі кеңестерді қолданып көр.

  • 1-кеңес: Алдын ала жоспарла. Құдай Сөзінде: “Ынталының жоспарлары табысқа жетелер”,— делінген (Нақыл сөздер 21:5). Үй тапсырмасына кіріспей тұрып, керекті оқу құралдарыңды қасыңа алып ал. Сонда дайындық кезінде қайта-қайта тұра бермейсің.

    Сондай-ақ сабаққа толық зейін аударуға көмектесетін орын тап. Кейбіреулерге тыныш, жарық бөлмеде оқыған ұнайды. Ал өзге біреулерге үйден басқа жерде, мысалы кітапханада, дайындалған ыңғайлы.

    “Үй тапсырмасы мен оның орындалу мерзімін жазып отыруға арналған дәптердің я күнтізбенің болғаны уақытыңды дұрыс жоспарлауға көмектеседі. Қандай тапсырмаң бар екенін, оны қашан орындауың керектігін қадағалап отырсаң, өмірің әжептәуір жеңілдейді” (Ричард).

  • 2-кеңес: Тапсырмаларыңды реттестір. Киелі кітапта: “Барлығы лайықты әрі тәртіппен болсын!”— деп жазылған (Қорынттықтарға 1-хат 14:40). Осыны ойда тұтып, қай тапсырманы бірінші, қайсысын содан кейін орындайтыныңды шешіп ал.

    Кейбіреулер қиын тапсырмалардан бастағанды жөн көреді. Өзгелері болса алдымен оңайырақ тапсырманы істеп тастап, содан келетін қанағат сезімімен басқасына кіріскенді қалайды. Сен өзіңе қолайлы болатын әдісті таңдасаң болады.

    “Қолыңда тізім болса, не істеуің керектігін және қандай ретпен істеуің керектігін біліп отырасың. Осылай үй жұмысының орындалуын қадағалай аласың, әрі ол соншалықты қиын боп көрінбейді” (Хайди).

  • 3-кеңес: Іске кіріс. Киелі жазбаларда: “Еріншек болмай, істеріңді ынта-жігермен атқарыңдар”,— делінген (Римдіктерге 12:11). Басқа бір нәрсемен айналысқың келіп тұрса да, үй жұмысын жасауың керек уақытты оған жұмсама.

    Ісін кейінге ысыра беретіндер әдетте жұмысын межеленген мерзімге үлгермей жатады, я оны тез-тез бітіруге тырысады. Нәтижесінде тапсырмасы не дайындығы ойдағыдай болмай шығады. Егер үй тапсырмасын орындауға мейлінше ерте бастан кіріссең, қажетсіз уайым мен мұңға жол бермейсің.

    “Мектептен келген соң үй жұмысын бірден жасап қойсам не қандай да бір жобаға ала салысымен кіріссем, кейін оны уайымдап жүрмейтінмін. Сондай-ақ ол басқа істеріме жағаласып кетпейтін” (Серина).

    ҰСЫНЫС: Үй тапсырмасын күнде бір уақытта орындауға тырыс. Бұл өз-өзіңді тәртіпке сала білуге және оқу дағдысын қалыптастыруға көмектеседі.

  • 4-кеңес: Алаңдама. Киелі кітапта: “Көзің тура алдыңа қарасын”,— делінген (Нақыл сөздер 4:25). Сабақ оқып жатқан кезде бұл кеңеске құлақ асу үшін ойыңды алаңдататын нәрселерден, әсіресе электронды құрылғылардан бас тартқаның жөн.

    Егер интернетті шарлап, смс жазатын болсаң, үй тапсырмасын аяқтау екі есе ұзаққа созылып кетуі мүмкін. Ал ештеңеге алаңдамасаң, стресіңді азайтып қана қоймай, бос уақытың да қалатынын байқайсың.

    “Ұялы телефон, компьютер, ойын құрылғысы, теледидар тұрғанда сабаққа көңіл қою қиын. Маған көмектесетіні — мен телефонымды өшіріп тастаймын, сондай-ақ жақын жердегі ойымды бөледі-ау деген басқа да құрылғыларды ағытып тастаймын” (Джоел).

  • 5-кеңес: Тепе-теңдік сақта. Құдай Сөзінде: “Сендердің есті екендеріңді жұрттың бәрі көретін болсын”,— делінген (Філіпіліктерге 4:5). Қажет болса, миды тынықтыру үшін үзіліс жаса, сонда үй жұмысын орындаудан қатты стресс сезінбейсің. Жүріп қайт, велосипед айда немесе жүгір.

    Ал егер үй тапсырмасына бәрібір көміліп жатқандай сезінсең, мұғалімдеріңмен сөйлес. Олар шын жүректен барынша тырысып жатқаныңды көрсе, қандай да бір өзгерістер жасар.

    “Үй тапсырмасының уайымы сені жүнжітіп жүрмесін. Қолыңнан келгенді істе. Өмірде кейбір нәрселер біздің соншама мазасызданып, қуанышымызды басып тастауына тұрмайды, соның ішінде үй тапсырмасы да бар” (Юлия).

Мұны сұрақтар жайлы ойланып көр:

  • Үй тапсырмасын орындауға маған қандай оқу құралдары қажет?

  • Маған үй жұмысын жасауға қай уақыт тиімді?

  • Қай жерде сабаққа толық зейін аудара аламын?

  • Бір нәрсені кейінге ысыра беруден қалай аулақ бола аламын?

  • Қандай алаңдатулар маған кедергі жасайды?

  • Электронды құрылғылар не басқа нәрселер алаңдатпас үшін не істесем болады?

  • Үй тапсырмасын қатты стресс сезінбей орындау үшін не істей аламын?

МАҢЫЗДЫ ЕСКЕРТУ: Үй тапсырмасын қалай орындау керектігін түсінгеніңе көз жеткізіп ал. Егер сұрақтарың болса, сыныптан кетпей тұрып мұғаліміңнен сұра.

a Бұл кеңестер Джоан Шумның “School Power” атты кітабынан алынған.