Мазмұнға өту

ЖАСТАРДЫҢ САУАЛДАРЫ

Қылымсу жай ойын ба?

Қылымсу жай ойын ба?

 Қырындау мен қылымсу деген не?

Кейбіреулердің ойынша, қылымсу я қырындау деген — сөзбен не іспен қарсы жынысты адамды ұнататыныңды білдіру. Сонда әлдекімді ұнататын болсаң, сезіміңді білдіруге болмай ма? “Болмайды” деп кесіп айту дұрыс емес. Мысалы, Энн есімді жас қыз: “Егер кездесуге дайын болсаң әрі біреуді ұнатсаң, оның сезімі бар-жоқтығын басқаша қалай білесің?!”— дейді.

Бірақ кейде шын ниеті болмаса да, кейбіреулер сезімі бардай сыңай танытып біреуге қырындай береді. Бұл мақалада осындай қылымсу жайлы сөз етеміз.

“Жақынырақ танысу ниетімен адамға ерекше көңіл бөлудің жөні бөлек. Бірақ адамның басын айналдырып алып, кейін шынайы ниетің болмағандықтан оны тастап кетудің жөні мүлдем басқа” (Диана).

 Кейбіреулер неге қылымсиды?

Кей адамдар өз-өзіне деген құрметті арттыру үшін ғана қылымсиды. “Адамның көңілін өзіңе аудара білсең, саған бұл ұнай бастайды”,— дейді Хэйли есімді қыз.

Бірақ әлдекімді ұнататындай сыңай танытып, бірақ шын мәнінде ұнатпайтын болсаң, оның сезімін аяусыз таптағаның. Оның үстіне, бұл ақымақтың ісі болар еді. Киелі кітапта: “Парықсыз жан ақымақтыққа мәз болар”,— делінген (Нақыл сөздер 15:21).

Хэйли: “Қылымсу жай ойыннан басталып, кейін өртке айналып жатады”,— деп жақсы байқады.

 Мұның қандай қаупі бар?

  • Қылымсу атыңа кір келтіреді.

    “Қылымситын адам сырт көзге өз-өзіне сенімсіз, әлі есеймеген сияқты көрінеді. Ол қыз сені алдап, сенен бір нәрсе дәметіп тұр деп ойлайсың” (Джереми).

    Киелі кітапта былай делінген: “Сүйіспеншілік... өзімшіл емес” (Қорынттықтарға 1-хат 13:4, 5).

    Ойланып көрші: қандай сөздер мен әрекеттеріңмен әркімге тиіскіш деген атқа ие болып қалуың мүмкін?

  • Сен қылымсыған адамның жүрегі жараланады.

    “Қылымсуға жақын жігітті көрсем, қасына жолағым келмейді. Ол менімен қыз болғаным үшін ғана сөйлесетіндей көрінеді. Негізі, қырындайтын жігіттер сенің жағдайыңды ойламайды, олардың бар ойы — өздерінің көңіл күйлерін көтеру” (Жаклин).

    Киелі кітапта былай делінген: “Әркім өзінің емес, өзгенің игілігін ойласын” (Қорынттықтарға 1-хат 10:24).

    Ойланып көрші: Біреу саған көңіл білдіріп жүргендей сыңай танытып, бірақ кейін шынайы сезімі жоқ екенін түсінген кезің болған ба? Сонда не сезіндің? Енді өзің де біреуді солай жаралаудан қалай аулақ бола аласың?

  • Қырындап-қылымсысаң, шынайы махаббатыңды табу екіталай.

    “Көрінгенге қырындай беретін жігітке тұрмысқа шықпақ түгілі, онымен кездескің де келмейді ғой! Өзін жасанды ұстайтын адамды қалай танып-білесің? Оған қалай сенесің?” (Оливия).

    Киелі кітапта зәбүр жыршысы Дәуіттің мынадай сөздері бар: “Екіжүзділерден де өзімді аулақ ұстаймын” (Зәбүр 26:4).

    Ойланып көрші: Қандай адамдарға қырындау мен қылымсу майдай жағады? Өзіңе осындай адамның көңілін аударғың келер ме еді?