Мазмұнға өту

ЖАСТАРДЫҢ САУАЛДАРЫ

Ата-анам науқас болса...

Ата-анам науқас болса...

Жастардың көбісіне ата-анасына қараудың қажеті жоқ. Бәлкім, көп жылдан кейін ғана ата-анасының денсаулығы нашарлап, мұндай қажеттілік туындайтын шығар.

Ал егер ата-анаң жасөспірім кезіңде ауруға шалдықса ше? Осындай қиындыққа кезіккен екі жасөспірімнің оқиғасын оқып көрейік.

 Эмелиннің оқиғасы

Анашым Элерс-Данло синдромымен (ЭДС) ауырады. Бұл — адамның буындарына, терісіне және қан тамырларына зақым келтіретін созылмалы ауру.

Бұл емі жоқ ауру. Соңғы 10 жылда анамның жағдайы қатты нашарлап кетті. Қаны азайып, өлім аузында болған кездері болды. Ал кейде ол қиналғаннан, тіпті өмір сүргісі келмей кетеді.

Біз отбасымызбен Ехоба куәгерлеріміз. Қауымымыз бізге қатты көмектеседі! Мысалы, жақында менімен жасты қыз бізге ашықхат жіберді. Онда ол бізді қатты жақсы көретінін және әрқашан көмекке келуге дайын екенін жазды. Осындай достардың болғанына не жетсін!

Киелі жазбалар маған көп көмектеседі. Мысалы, менің сүйікті тармақтарымның бірі Зәбүр 34:18-де былай айтылған: “Жүрегі жаралы жанға Ехоба жақын тұрады”. Ал тағы біреуі — Еврейлерге 13:6. Онда: “Ехоба — менің көмекшім. Мен ештеңеден қорықпаймын”,— делінген.

Бұл сөздер маған күш береді. Менің ең үлкен қорқынышым — анамнан айырылып қалу. Мен оны қатты жақсы көремін. Онымен өткізген әр күнімді бағалаймын. Еврейлерге 13:6-дағы сөздер болашақта қандай жағдайға кезіксем де, ештеңеден қорықпауға көмектеседі.

Менің тағы бір уайымым бар. ЭДС ауруы тұқым қуалайды. Ол әжемнен анама, ал анамнан маған берілді. Менде де бұл ауру бар. Бірақ Ехоба бұл қиындықта да “менің көмекшім” болатынына сенемін.

Мен өткенмен өмір сүрмей, бүгінгі күннен қуаныш табуға тырысамын. Болашақты да көп уайымдамаймын. Анамның бұрын қандай болғанын ойлай берсем, ұнжырғам түсіп кетеді. Киелі кітапта көріп жатқан қиындықтарымыз “уақытша әрі жеңіл” деп айтылған, өйткені бізді ауру болмайтын мәңгілік өмір күтіп тұр (Қорынттықтарға 2-хат 4:17; Аян 21:1—4).

Ойланып көр: Эмелинге ұнжырғасын түсірмеуге не көмектеседі? Қиындықтарға ұшырағанда, саған не көмектесе алады?

 Эмилидің оқиғасы

Әкем алғашқы рет қатты жанкүйзелісіне түскен кезінде мен әлі мектепте оқып жүрген болатынмын. Әкемді біреу ауыстырып қойғандай болды. Сол күннен бері ол мұңая береді, әр нәрседен қорқады, жоқ жерден үрейленіп, мазасызданады. Осындай күй кешіп жүргеніне 15 жыл болды. Бұлай сезінуіне еш негіз жоқ екенін білсе де, осындай күй кешетіні жанына қатты бататын шығар.

Біз Ехоба куәгеріміз. Қауымымыз бізге көп қолдау көрсетеді. Бір сенімдегі адамдарымыз бізден қамқорлығын аямайды. Қауымдағы бір де бір адам сөзімен не ісімен әкемнің өзін керексіз сезінуіне түрткі болған емес. Әкемнің төзімділігін көріп, оны одан сайын қатты жақсы көріп кеттім.

Мен бақытты, дені сау әкемді сағынамын. Өзінің санасында отырған жаумен күнбе-күн күресуіне тура келетінін ойласам, жүрегім ауырады.

Дегенмен әкем оң көзқарас сақтауға көп күш салады. Жақында ауруы күшейе түскенде, ол күнде Киелі кітаптың бір үзіндісін, тіпті бірнеше тармақ болса да оқуға бел байлады. Бұл оған қатты көмектесті. Тіпті осындай кішкентай істің өзі оған жеңілдік әкелді. Мен оған қатты риза болдым.

Маған Нехемия 8:10-дағы сөздер өте ұнайды. Онда: “Ехоба сыйлайтын қуаныш — сендер үшін берік қорған”,— деп айтылған. Бұл расында да солай екен. Бір сенімдегі адамдардың арасында болып, қауым кездесулерімізде белсенді болғаным ұнжырғам түскен шақтары жан жараларымды жазады. Сосын күні бойы көңілім гүлдей жайнайды. Әкемнің жағдайынан үйренгенім — бізге немен күресуге тура келмесін, Ехоба әрқашан жанымыздан табылып, қол ұшын беруге дайын.

Ойланып көр: Эмили науқас әкесіне қалай көмектеседі? Жанкүйзелісінен зардап шегіп жүрген адамға қалай көмектесе аласың?