Ғалаттықтарға 6:1—18

  • Бір-біріңнің ауыртпалықтарыңды көтерісіңдер (1—10)

    • Адам не ексе, соны орады (7, 8)

  • Сүндеттелу маңызды емес (11—16)

    • Жаңа жаратылыс (15)

  • Қорытынды (17, 18)

6  Бауырластар, егер біреу өзі аңдамай шалыс қадам жасап жатса, рухани толысқан сендер мұндай адамды жұмсақтықпен түзетіңдер+. Бірақ өздерің де азғырылып қалмау үшін+, мұны сақтықпен істеңдер+.  Біріңнің ауыртпалығыңды екіншің көтерісіңдер+, осылай Мәсіхтің заңын орындайсыңдар+.  Кім шын мәнінде ешкім емес бола тұра, өзі туралы жоғары ойда болса+, өз-өзін алдайды.  Әркім өз іс-әрекетін тексерсін+, сонда өзін басқалармен салыстырмай+, өз істеріне қуанады.  Себебі әркім өз жүгін өзі көтереді*+.  Бұған қоса, Құдай сөзінен тәлім алған әркім өзіне осындай тәлім берген адаммен бар игілігімен бөліссін+.  Алданбаңдар! Құдай өзін мазақтатып қоймайды. Адам не ексе, соны орады+:  тән құмарлығын ойлап сепкен адам содан туатын өлімді орады*. Ал Құдай рухын ойлап сепкен адам сол рух беретін мәңгілік өмірді орады+.  Жақсылық жасаудан еш талмайық. Себебі шаршап қалмасақ, өз уақытында оның өнімін орамыз+. 10  Олай болса, мүмкіндік барда бәріне, әсіресе сенімі бір бауырластарға, жақсылық жасай берейік. 11  Қараңдаршы, сендерге өз қолыммен, үлкен әріптермен жазып отырмын. 12  Адамдарға жағынуды қалайтындар сендерді сүндеттелуге мәжбүрлегісі келеді. Олардың бар ойы — әйтеуір Мәсіхтің азап бағанасы* үшін қудаланбау. 13  Сүндеттелетіндердің өзі Заңды ұстанбайды+, бірақ сендердің сүндеттелгендеріңді мақтан тұту үшін, осы рәсімді жасағандарыңды қалайды. 14  Ал мен Иеміз Иса Мәсіхтің азап бағанасынан басқа ештеңеге мақтанғым келмейді+. Мәсіх арқылы осы дүние мен үшін, ал мен осы дүние үшін өлдім. 15  Өйткені маңыздысы — сүндеттелу не сүндеттелмеу емес+, жаңа жаратылыс болу+. 16  Осы ережеге сай өмір сүретіндердің бәріне, яғни Құдайдың Исраиліне+, тыныштық болып, мейірімділік жаусын! 17  Бұдан былай маған ешкім қиыншылық тудырмасын, өйткені денемде Мәсіхтің құлы екенімді көрсететін таңбалар бар+. 18  Бауырластар, танытып жатқан жақсы рухтарың үшін Иеміз Иса Мәсіх рақымын жаудырсын! Аумин.

Сілтемелер

Немесе “әркімнің жауапкершілігі өз мойнында”.
Сөзбе-сөз “шіритін нәрсені орады”.