Елшілердің істері 3:1—26

  • Петірдің ақсақ қайыршыны емдеуі (1—10)

  • Сүлеймен бағаналарының қасында Петірдің сөз сөйлеуі (11—26)

    • “Барлық нәрселер қалпына келетін уақыт” (21)

    • Мұса сияқты пайғамбар (22)

3  Петір мен Жохан тоғызыншы сағатта*, яки дұға ететін уақытта, ғибадатханаға қарай бет алды.  Сонда біреулер туылғаннан ақсақ адамды көтеріп бара жатты. Олар бұл кісіні ғибадатханаға келгендерден қайыр сұрау үшін Көрікті деп аталатын қақпаның жанына күнде әкелетін.  Ол ғибадатханаға кіргелі жатқан Петір мен Жоханды байқап қалып, қайыр сұрай бастады.  Сонда екеуі әлгі кісіден көз алмай қарап тұрды да, Петір: “Бізге қарашы”,— деді.  Ол қайыр бере ме деген үмітпен екеуіне тіктеп қарады.  Ал Петір оған: “Менде күміс те, алтын да жоқ. Бірақ нем бар, сонымды берейін: назареттік Иса Мәсіхтің атынан айтамын, түрегел де, жүріп кет+!”— деп,  оны оң қолынан ұстап тұрғызды+. Сол сәтте-ақ оның аяғының буындары қатайып+,  орнынан секіріп тұрды да+, жүре бастады. Содан бір жүріп, бір секіріп, Құдайды дәріптеген ол елшілермен бірге ғибадатханаға кірді.  Барлығы оның жүріп жүргенін және Құдайға мадақ айтқанын көрді. 10  Оның Көрікті қақпасының алдында қайыр сұрап отыратын кісі екенін танып+, сауығып кеткеніне қатты қайран қалысты. 11  Әлгі кісі Петір мен Жоханды қолдарынан ұстап тұрғанда, адамдардың бәрі соларға қарай, Сүлеймен бағаналары деп аталған жерге+, жүгіріп барып, өз көздеріне өздері сенбей таңырқап тұрды. 12  Осыны көрген Петір былай деді: “Исраилдіктер, бұған неге таңғаласыздар? Бұл адам өз күшіміздің не Құдайға шын берілгеніміздің арқасында жүріп кеткендей, несіне бізге тесіле қарайсыздар? 13  Ыбырайымның, Ысқақтың және Жақыптың Құдайы+, ата-бабаларымыз сиынған Құдай өзінің Қызметшісі+ Исаны+ құрметке бөледі. Сіздер болсаңыздар оны ұстап бердіңіздер+ және Пилат босатпақшы болғанда, одан бас тарттыңыздар. 14  Иә, киелі де әділ жаннан бас тарттыңыздар, ал кісі өлтірушінің босатылуын сұрадыңыздар+. 15  Сөйтіп, өмір беретін Бас жетекшіні*+ өлтірдіңіздер. Бірақ Құдай оны қайта тірілтті, бұған біз куәміз+. 16  Осылайша Исаның есімі мен оның есіміне деген сеніміміздің арқасында сіздер танитын әрі көріп тұрған осы адам күшке ие болды. Исаға деген сеніміміз оны сіздердің алдарыңызда құлантаза айықтырды. 17  Ағайындар, билеушілеріңіз іспетті+, сіздер де білместік жасағандарыңызды білемін+. 18  Алайда Құдай Мәсіхтің азап шегетіні жайлы барлық пайғамбарлар арқылы айтқандарын осылай жүзеге асырды+. 19  Сондықтан өкініп+, теріс жолдан қайтыңыздар+. Сонда күнәларыңыз кешіріліп*+, Ехобаның қайта нығайтатын уақыты келеді, 20  әрі ол сіздерге тағайындаған Мәсіх Исаны жібереді. 21  Ежелде Құдайдың қасиетті пайғамбарлары арқылы айтқан барлық нәрселері қалпына келетін уақыт келгенше, ол көкте қала беруі тиіс. 22  Мұса пайғамбар: —Ехоба Құдай сендер үшін бауырларыңның арасынан мен сияқты бір пайғамбар шығарады+. Оның айтқандарының барлығын тыңдауларың қажет+. 23  Сол пайғамбарды тыңдамаған әрбір жанның халқының арасынан көзі құртылады+,— деген. 24  Осы күндер жайында Самуилден бастап барлық пайғамбарлар анық айтып кеткен болатын+. 25  Сіздер пайғамбарлардың ұлдарысыздар әрі Құдайдың ата-бабаларыңызбен жасасқан келісімін мұра еттіңіздер+. Ол Ыбырайымға: —Сенің ұрпағың арқылы жер бетіндегі барлық халықтарға бата қонады+,— деген. 26  Құдай әрбіріңізді зұлым жолдарыңыздан қайтару арқылы батасын беру үшін, Қызметшісін тағайындап, ең алдымен сіздерге жіберді+”.

Сілтемелер

Шамамен түскі 15:00. Түсіндірмені қараңыз.
Сөзбе-сөз “өшіріліп”.