Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

А1

Киелі кітапты аудару принциптері

Киелі кітап алғашында көне еврей, арамей және грек тілдерінде жазылған. Бүгінде Киелі кітапты толықтай не оның кейбір бөліктерін шамамен 3000-нан аса тілде оқуға болады. Киелі кітапты оқып жүргендердің басым көпшілігі түпнұсқа тілдерін түсінбейді, сондықтан аудармаға сенім артуларына тура келеді. Олай болса, Киелі кітап аудармашылары қандай принциптерді ұстанулары керек? Бұл принциптер “Жаңа дүние аудармасына” қалай әсер етті?

Кейбіреулер сөзбе-сөз не жолма-жол аударма оқырманға түпнұсқада жазылған ойларды мүмкіндігінше жақсы түсінуге көмектеседі деп ойлауы мүмкін. Алайда үнемі олай бола бермейді. Мұның кейбір себептерін қарастырып көрейік:

  • Грамматикасы, сөз қоры мен сөз саптауы бірдей екі тіл жоқ. Көне еврей тілінің маманы профессор С. Р. Драйвердің айтуынша, тілдер “грамматикасы мен семантикалық құрылымы жағынан ғана емес, ойларды біріктіріп, сөйлем құру тәсілімен де ерекшеленеді”. Әр халықтың өзіндік ойлау жүйесі бар. “Демек, әр тілдегі сөз саптау тәсілі де әртүрлі”,— деп қорытындылады профессор Драйвер.

  • Бүгінгі таңдағы тілдердің ешқайсысы Киелі кітап жазылған көне еврей, арамей және грек тілдерінің сөздері мен грамматикасын айны қатесіз жеткізе алмайды. Сондықтан сөзбе-сөз аударма ойды көмескілеуі, ал кей жағдайларда тіпті мағынасын өзгертіп жіберуі мүмкін.

  • Сөздер мен сөз тіркестерінің мағынасы мәнмәтінге қарай өзгеріп отырады.

Кейбір жағдайларда түпнұсқадағы мәтінді сөзбе-сөз аударуға болатын шығар, бірақ мұндайда аса мұқият болу қажет.

Сөзбе-сөз аударма кейде ойды дұрыс жеткізбейтініне бірнеше мысал келтірейік:

  • Жазбаларда “ұйықтау”, “ұйқы” деген сөздер кәдімгі ұйқыны не адамның өлгенін білдіруі мүмкін (Матай 28:13; Елшілердің істері 7:60). Егер мәнмәтіннен аталмыш сөздің “өлімге” нұсқайтыны анық көрініп тұрса, оны “көз жұму”, “өлім ұйқысына кету” деген сияқты тіркестермен аударуға болады. Сонда бүгінгі оқырман ойды дұрыс түсінеді (Қорынттықтарға 1-хат 7:39; Салоникалықтарға 1-хат 4:13; Петірдің 2-хаты 3:4).

  • Ефестіктерге 4:14-те елші Пауыл “адамдардың таспен ойнауы” деп сөзбе-сөз аударуға болатын тіркесті қолданған. Бұл көне тіркес ойын тасы арқылы өзгелерді алдауға әдеттенгендерге қатысты қолданылған. Тілдердің көпшілігінде аталмыш тіркестің сөзбе-сөз аудармасы ешқандай мағына бермейді. Ал “айлакер адамдардың алдап-арбауы” деп аударылса, ой тура жеткізіледі.

  • Римдіктерге 12:11-де сөзбе-сөз “рухтың қайнауы” дегенді білдіретін тіркес қолданылған. Түпнұсқадағы тіркестің қазақ тіліне осылай аударылуы мағынасын дұрыс бермейді, сондықтан ол “рухтың әсерімен жалындай беріңдер” деп аударылды.

  • МАТАЙ 5:3:

    Қазақша сөзбе-сөз: “рухы кедейлер”

    Мағынасы: “Құдайды танып-білгісі келетіндер”

    Иса көпке танымал Таудағы уағызында сөзбе-сөз “рухы кедейлер бақытты” деп аударылатын тіркесті қолданған. Бірақ көп тілдерде мұндай аударманың мағынасын түсіну қиын. Ал кейде тіпті психикалық жағынан тұрақсыз, қайрат-жігерсіз не өз-өзіне сенімсіз адам жөнінде айтылып жатқандай әсер қалдыруы мүмкін. Алайда бұл тіркесті Иса адамның бақытты болуы тәндік қажеттіліктерін қанағаттандыруға емес, Құдайдың басшылығына мұқтаж екенін мойындауына байланысты екенін түсіндіру үшін қолданған (Лұқа 6:20). Сондықтан аталмыш тіркесті “Құдайды танып-білгісі келетіндер” не “рухани жарлы екендерін мойындағандар” деп аудару ойды анағұрлым тура жеткізеді (Матай 5:3 сілтемені қараңыз. “Киелі кітап. Таурат, Забур, пайғамбарлар жазбалары және Інжіл шариф”).

  • Еврей тілінен қазақшаға “қызғаныш” деп аударылған сөз көп жағдайда осы мағынаны, яғни біреудің көреалмаушылығын не жақын адамның опасыздығына ашулануды білдіреді (Нақыл сөздер 6:34; Ишая 11:13). Бірақ еврей тілінде бұл сөздің жағымды мағынасы да бар. Мысалы, Ехобаның өз қызметшілерін “құлшына”, не қызғыштай, қорғайтынына немесе олардан “қалтқысыз берілгендікті” талап ететініне қатысты қолданылады (Мұсаның 2-жазбасы 34:14; Патшалар 2-жазба 19:31; Езекиел 5:13; Зәкәрия 8:2). Сонымен қатар бұл сөз Құдайдың адал қызметшілерінің “құлшынысына” не Құдайға жасалған “опасыздыққа еш төзбейтініне” қатысты қолданылады (Зәбүр 69:9; 119:139; Мұсаның 4-жазбасы 25:11).

  • Еврей тіліндегі “иадх”, яғни “қол” деген сөз мәнмәтінге қарай “билік”, “жомарттық”, “күш” не басқа да сөздермен аударылды

    Еврей тілінде “қол” сөзімен байланысты тіркестер көптеп кездеседі әрі олардың мағыналары да әртүрлі. Мәнмәтінге қарай оны “жомарттық”, “билік” не “күш” деп аударуға болады (Самуилдің 2-жазбасы 8:3; Патшалар 1-жазба 10:13; Ишая 57:10). Сондықтан қазақ тіліндегі осы басылымда бұл сөз әртүрлі сөздермен аударылды.

Осы жайттарды ескерер болсақ, Киелі кітапты аударғанда, түпнұсқа тілінің қандай да бір сөзін барлық жерде бірдей аудармаған дұрыс. Түпнұсқадағы ойды барынша дұрыс жеткізу үшін, аудармашы қырағы болып, әр жағдайда өз тілінде дұрыс сөзді таңдай білу қажет. Бұған қоса, мәтін оңай оқылу үшін, сөйлемдер ана тілінің грамматикалық талаптарына сай құрылу керек.

Десе де мәтіндегі ойды басқа сөздермен жеткізгенде, шектен шығудан аулақ болған жөн. Киелі кітаптың мазмұнын өз сөзімен жеткізуде аудармашы тым еркінситін болса, мәтіннің мағынасын бұрмалап жіберуі мүмкін. Мұндайда түпнұсқада жоқ ойды енгізіп жіберу не, керісінше, қандай да бір маңызды жайттарды қалдырып кету қаупі бар. Мазмұны ғана жеткізілген Киелі кітапты оқу жеңіл болар, алайда мұндай еркін аударма оқырманға мәтіндегі тура ойды жеткізбеуі мүмкін.

Аудармашының жұмысына діни ұстанымдары да әсер етуі оп-оңай. Мысалы, Матай 7:13-те “жойылуға апаратын жол даңғыл” делінген. Кей аудармашылар, діни ұстанымдарының әсерімен болса керек, мұндағы грек сөзінің мағынасын, яғни “жойылу” дегенді дұрыс бермей, “тозақ” сөзін қолданған.

Киелі кітаптың егінші, қойшы, балықшы сияқты адамдардың күнделікті өмірде қолданған қарапайым тілінде жазылғанын да аудармашы ескеру керек (Нехемия 8:8, 12; Елшілердің істері 4:13). Демек, жақсы аударылған Киелі кітаптағы хабарды түрлі ортадан шыққан ақжүректі адамдардың бәрі түсіне алуы керек. Сондықтан аудармада орта білімді қарапайым адамдар сирек айтатын тіркестер емес, қайта, анық, жиі айтылатын әрі түсінуге жеңіл тіркестердің қолданылғаны жақсы.

Кейбір аудармашылар бүгінгі Киелі кітаптардың біразында Ехоба деген Құдай есімін, көне қолжазбаларда бар болғанына қарамастан, келелі себепсіз алып тастаған (А4 қосымшасын қараңыз). Көп аудармада Құдай есімі “Жаратқан Ие” деген сияқты лауазымдармен ауыстырылған, ал кейбірінде тіпті Құдайдың есімі бар деген ойдың өзін көмескілеп жіберген. Мысалы, кейбір аудармаларда Жохан 17:26-да жазылған Исаның дұғасы: “Оларға сенің қасиеттеріңді білдірдім”,— деп, ал Жохан 17:6-дағы сөздері: “Маған күнәкар дүниенің ішінен айырып берген адамдарға өзіңді таныттым”,— деп аударылған. Алайда Исаның дұғасының дұрыс аудармасы мынадай: “Оларға есіміңді аштым” және “Осы дүниеден таңдап, маған берген адамдарыңа есіміңді аштым”.

“Жаңа дүние аудармасы” комитеті байсалдылық танытып, түпнұсқа тіліндегі сөздер мен тіркестердің баламасын сақтауға тырысты, сөйте тұра оқуды қиындататын не ойды көмескілейтін сөздер мен тіркестерді қолданудан аулақ болды. Осының арқасында Киелі кітап жеңіл оқылады, әрі рухтың жетелеуімен жазылған ондағы хабардың тура аударылғанына оқырман барынша сенімді бола алады (Салоникалықтарға 1-хат 2:13).