Елшілердің істері 15:1—41

  • Сүндетке қатысты Антиохиядағы дау (1, 2)

  • Даулы мәселені Иерусалимге жеткізу (3—5)

  • Ақсақалдар мен елшілердің бас қосуы (6—21)

  • Басқарушы кеңестің хаты (22—29)

    • Қаннан аулақ болыңдар (28, 29)

  • Қауымдардың хатты оқып, жігерленуі (30—35)

  • Пауыл мен Барнабаның екі бағытта кетуі (36—41)

15  Яһудеядан әлдебіреулер келіп, бауырластарға: “Мұса Заңы бойынша сүндетке отырмасаңдар+, құтқарыла алмайсыңдар”,— деп үйрете бастады.  Олар Пауыл және Барнабамен сөзге келіп, қатты айтысып қалды. Содан шәкірттер осы мәселені шешу үшін екеуіне басқа бауырластарды қосып, Иерусалимдегі елшілер мен ақсақалдарға жібермек болды+.  Бүкіл қауым болып шығарып салған соң, олар әрі қарай Финикия мен Самария арқылы жүрді. Олар басқа ұлт адамдарының Құдайға бет бұрғаны жөнінде егжей-тегжейлі айтып беріп, бауырластардың бәрін зор қуанышқа бөледі.  Иерусалимдегі қауым, елшілер мен ақсақалдар оларды құшақ жая қарсы алды. Олар болса Құдайдың өздері арқылы жасаған көптеген істерін айтып берді.  Алайда кезінде парызшылдар сектасында болған кейбір бауырластар орындарынан тұрып: “Басқа ұлт сенушілерінен сүндеттеліп, Мұса Заңын ұстануды талап ету керек”+,— деді.  Содан елшілер мен ақсақалдар осы мәселені қарастыру үшін бас қосты.  Қызу талқылаудан* кейін Петір орнынан тұрып, былай деді: “Бауырластар, басқа ұлт адамдары ізгі хабарды естіп, сенулері үшін+ Құдай араларыңнан ең алдымен мені таңдап алғанын жақсы білесіңдер.  Жүректегіні білетін Құдай+ бізге берген киелі рухын оларға да беріп+, сол адамдарды қабыл алғанын растады.  Осылайша Құдай біздің олардан еш айырмашылығымыз жоқ екенін көрсетті+, әрі олардың жүректерін сенімдері арқылы тазартты+. 10  Ендеше, неге шәкірттердің мойнына ата-бабаларымыз да, біз де көтере алмаған+ мойынтұрықты*+ салып, Құдайды сынап жатырсыңдар? 11  Қайта, басқа ұлт адамдары сияқты, біз де Иеміз Исаның рақымының арқасында+ құтқарылатынымызға сенеміз+”. 12  Осы сөздерді естігенде, бәрі үнсіз қалып, Барнаба мен Пауылды тыңдады. Бұл екеуі басқа ұлттар арасында Құдайдың өздері арқылы жасаған көптеген белгілері мен кереметтері жайлы баяндап берді. 13  Олар сөздерін аяқтаған соң, Жақып былай деді: “Бауырластар, маған құлақ салыңдар. 14  Құдай өз атымен аталатын халықты таңдап алу үшін басқа ұлт адамдарына алғаш рет назар аударғанын Шимеон*+ бізге егжей-тегжейлі айтып берді+. 15  Бұл сөздер пайғамбарлардың келесі айтқандарына сай келеді: 16  —Осыдан кейін мен қайта оралып, Дәуіттің құлаған үйін* қайта тұрғызамын. Оның опырылған жерлерін жөндеп, қалпына келтіремін. 17  Мұны осы халықтан қалған тамтық менің атыммен аталатын басқа халықтардың адамдарымен бірге, мені, Ехобаны, жан-тәндерімен іздесін деп істеймін,— дейді Ехоба+, 18  баяғыдан белгілі+ осы нәрселерді жүзеге асырушы Құдай. 19  Сондықтан мен Құдайға бет бұрып жатқан басқа ұлт адамдарына ауыртпалық салмау керек деген тоқтамға келдім+. 20  Бірақ оларға хат жазып, пұттармен арамдалған нәрселерден+, азғындықтан*+, арам өлген малдың етінен және қаннан аулақ болуды ескертейік+. 21  Өйткені ежелден бері әрбір қалада осы заңдар жазылған Мұса жазбалары уағыздалып, әр Демалыс күні мәжілісханаларда дауыстап оқылып келеді+”. 22  Содан елшілер және ақсақалдар бүкіл қауыммен бірге өздерінің арасынан жетекшілік ететін бауырластарды таңдап, Пауыл мен Барнабаға қосып Антиохияға жөнелтуді шешті. Олар Барсаба деп те аталатын Яһуда мен Сыйласты+ таңдады. 23  Солар арқылы мына хатты жолдады: “Бауырластарыңнан — елшілер мен ақсақалдардан — Антиохия+, Сирия мен Киликиядағы басқа ұлттан шыққан бауырластарға дұғай сәлем! 24  Ешқандай нұсқау бермесек те, арамыздағы кейбіреулер сөздерімен сендерді мазалап+, сенімдеріңнен тайдырмақ болғанын естідік. 25  Сөйтіп, екі адамды таңдап, сүйікті бауырластарымыз Барнаба мен Пауылға қосып жіберуді бірауыздан шештік. 26  Пауыл мен Барнаба — Иеміз Иса Мәсіхтің есімі үшін жандарын қатерге тіккен адамдар+. 27  Осы хатта жазылғандарды ауызша да айтып беру үшін+ Яһуда мен Сыйласты таңдадық. 28  Киелі рух+ сендерге мына маңызды нәрселерден басқа еш ауыртпалық салмауымыз керек деген шешімге келуге көмектесті: 29  пұттарға шалынған құрбандықтардан+, қаннан+, арам өлген малдың етінен+ және азғындықтан* аулақ болыңдар+. Бұлардан барынша сақтанып жүрсеңдер, игілігін көресіңдер. Сау болыңдар!” 30  Антиохияға жіберілгендер жолға шықты. Сонда жеткен соң, олар бүкіл шәкірттерді жинап, әкелген хаттарын ұсынды. 31  Ал олар хаттағы жігер беретін сөздерді оқып, қуанып қалды. 32  Яһуда мен Сыйлас пайғамбар болғандықтан, көптеген жігерлендіретін баяндамалар айтып, бауырластарды нығайтты+. 33  Екеуі сонда біраз уақыт болған соң, бауырластар оларға амандық тілеп, Иерусалимге қайтарды. 34  * —— 35  Ал Пауыл мен Барнаба Антиохияда қалып, өзгелермен бірге тәлім беріп, Ехобаның сөзі туралы ізгі хабарды жариялап жүрді. 36  Бірнеше күннен кейін Пауыл Барнабаға: “Жүр*, Ехобаның сөзін жариялаған әрбір қалаға қайта соғып, сондағы бауырластардың жағдайын білейік+”,— деді. 37  Барнаба өздерімен бірге Марқа деп те аталатын Жоханды ертіп алмақ болды+. 38  Алайда Марқа оларды Памфилияда тастап, тапсырылған істі атқаруға бармағандықтан+, Пауыл оны ерткісі келмеді. 39  Содан бір-біріне қатты ашуланып, екеуі екі жаққа кетті. Барнаба+ Марқаны алып, Кипрге жүзіп кетті. 40  Пауыл Сыйласты таңдап алды да, бауырластар өзін Ехобаның рақымына тапсырған соң+, жолға шықты. 41  Ол Сирия мен Киликия арқылы өтіп, қауымдарды нығайтты.

Сілтемелер

Немесе “ұзақ дауласқаннан”.
Шимон (Петір) деген есімнің еврейше айтылуы.
Немесе “шатырын, күркесін”.
Грекше “порниа”. Түсіндірмені қараңыз.
Грекше “порниа”. Түсіндірмені қараңыз.
Бұл үзінді грек тіліндегі көне қолжазбалардың кейбірінде кездеспейді. А3 қосымшасын қараңыз.
Мүмкін: “міндетті түрде барып”.