Уағыздаушы 1:1—18

  • Бәрі де бос әурешілік (1—11)

    • Жер мәңгілік тұрады (4)

    • Табиғаттағы айналым жалғасады (5—7)

    • Жарық күн астында жаңа еш нәрсе жоқ (9)

  • Адам даналығы шектеулі (12—18)

    • Жел соңынан қуу (14)

1  Бұл — уағыздаушының*, Иерусалим патшасы Дәуіт ұлының+ сөздері+.   “Нағыз бос әурешілік!— деді уағыздаушы. —Нағыз бос әурешілік! Бәрі де бос әурешілік+!”   Жарық күн астында бейнет шеккенінен,Барлық ауыр еңбегінен адамға не пайда+?   Бір ұрпақ келеді, бір ұрпақ кетеді,Ал жер мәңгілік тұрады+.   Күн шығады, күн батады,Сосын ұясынан қайта шығуға асығады+.   Жел оңтүстікке соғып, содан айналып солтүстікке бет алады. Ол айналып жүре береді, өз айналымын еш тоқтатпайды.   Күллі өзен сулары теңізге құйылады, бірақ теңіз толып кетпейді+. Кейін олар қайта ағу үшін, өзен бастауларына оралады+.   Барлық нәрсе адамды шаршатады,Бәрін айтып жеткізу мүмкін емес. Көз көруден қанағат таппайды,Құлақ естуден құрышы қанбайды.   Бұрын болған нәрсе кейін де болады,Бұрын істелген іс кейін де істеледі,Жарық күн астында жаңа еш нәрсе жоқ+. 10  “Қарашы, мынау бір жаңа нәрсе ғой!”— дейтіндей не бар? Бұл байырғы заманнан бері келе жатыр,Бұл біздің дәуірімізге дейін пайда болған. 11  Ежелде өмір сүргендер еске алынбайды,Кейін өмір сүретіндер де есте қалмайды,Олардан кейінгі ұрпақ та ұмыт болады+. 12  Мен, уағыздаушы, Иерусалимде Исраилге патша болдым+. 13  Аспан астында істеліп жатқанның бәрін — Құдайдың адам баласына артып қойған ауыр қам-қарекетін — даналықпен зерттеп+, мәнін ұғынуға тырыстым+. 14  Жарық күн астында істеліп жатқанның бәрін көрдім: Сөйтсем, бәрі де желдің соңынан қуғандай бос әурешілік екен+! 15  Қисық түзелмейді,Жоқ нәрсе есептелмейді. 16  Содан іштей: “Міне, Иерусалимде маған дейін өмір сүргендерге қарағанда әлдеқайда зор даналыққа ие болдым+. Жүрегіме мол даналық пен білім ұялады+”,— дедім. 17  Мен даналықтың, ессіздік пен ақымақтықтың не екенін білуге ден қойдым+. Бірақ бұл да жел қуғанмен бірдей екен. 18  Өйткені даналығы артқан сайын адам түңіле түседі,Көбірек білген сайын күйіне түседі+.

Сілтемелер

Бұл жазба “Екклесиаст” деп те белгілі, көне грекше “екклесиастес”. Көне еврейше “кохелет”. Бұл сөз “қауымды, халықты жинаушы” дегенді білдіреді.