Жохан 6:1—71

  • Исаның 5000 адамды тамақтандыруы (1—15)

  • Исаның су бетімен жүруі (16—21)

  • Иса — “өмір беретін нан” (22—59)

  • Көп шәкірт Исаның сөздерін түсінбеді (60—71)

6  Содан кейін Иса Ғалилея, немесе Тиберия, теңізінің* арғы бетіне кетті+.  Қалың жұрт оған еріп жүрді+, өйткені оның керемет жасап, ауруларды сауықтырғанын көрген болатын+.  Содан Иса тауға шығып, сол жерде шәкірттерімен отырды.  Бұл кезде яһудилердің Құтқарылу мейрамы+ таяп қалған еді.  Иса басын көтеріп, қалың жұрттың өзіне қарай келе жатқанын көрді де, Філіпке: “Бұларға беретін нанды қайдан сатып аламыз?”— деді+.  Бірақ мұны Філіпті сынау үшін айтты, өйткені не істейтінін өзі біліп тұрған еді.  Філіп: “200 динарға* нан сатып алып, әркімге кішкенеден бергеннің өзінде де жетпес еді”,— деп жауап берді.  Сонда шәкірттердің бірі, Шимон Петірдің бауыры Әндір, Исаға:  “Осында бір баланың бес арпа наны мен екі кішкене балығы бар. Бірақ бұл осыншама кісіге не болады+?”— деді. 10  Ал Иса: “Адамдарды жерге жайғастырыңдар”,— деді. Жұрттың бәрі сол жердегі көк майсаға жайғасты, онда 5000-дай ер адам болды+. 11  Иса нанды алып, Құдайға ризашылық білдірді де, жұртқа үлестірді. Сосын кішкене балықтармен де осылай етіп, оларға қалағандарынша берді. 12  Бәрі тойған соң, шәкірттеріне: “Ысырап болмас үшін, жегеннен артылғанды жинап алыңдар”,— деді. 13  Олар жұрт жеген бес арпа наннан артылғанды жинағанда, 12 себет толды. 14  Исаның жасаған кереметін көргенде, адамдар: “Бұл, шынымен де, дүниеге келуі керек пайғамбар”+,— десті. 15  Олардың өзін ұстап алып, патша етпекші болғанын білген Иса тағы да тауға жалғыз кетіп қалды+. 16  Кеш батқанда шәкірттері теңізге қарай түсіп+, 17  қайыққа отырды да, арғы беттегі Қапарнаумға жүзіп кетті. Қараңғы түсті, бірақ Иса оларға әлі келген жоқ+. 18  Бір кезде қатты жел соғып, теңіз толқи бастады+. 19  Олар бес-алты шақырымдай* жүзгеннен кейін, теңіз бетімен жүріп қайыққа таяп қалған Исаны көргенде, қорқып кетті. 20  Ал Иса: “Бұл менмін! Қорықпаңдар!”— деді+. 21  Сонда шәкірттері оны қуана қайыққа мінгізіп алды. Олар тез-ақ бет алған жағалауына жетіп қалды+. 22  Келесі күні бергі жағада қалған жұрт бірде-бір қайық қалмағанын көрді. Алдында ол жерде бір кішкентай қайық тұрған. Шәкірттері соған мініп, Исасыз жүзіп кеткен еді. 23  Сол аралықта Тибериядан қайықтар келді. (Бұл жер Иеміз Құдайға ризашылық білдіргеннен кейін, халық нан жеп тойған жерге жақын еді.) 24  Исаның да, шәкірттерінің де жоқ екенін көргенде, жұрт әлгі қайықтарға отырып, оны іздеп Қапарнаумға беттеді. 25  Исаны теңіздің арғы бетінен тапқанда, олар: “Ұстаз+, бұл жерге қашан келдіңіз?”— деп сұрады. 26  Иса былай деді: “Сендерге нағыз шындықты айтамын, мені кереметтерді көргендіктен емес, нан жеп тойғандықтан ғана іздеп жүрсіңдер+. 27  Бұзылатын тамақ үшін емес, мәңгілік өмір беретін бұзылмайтын тамақ үшін еңбек етіңдер+. Бұны сендерге Адам Ұлы береді, өйткені Құдай Әкенің өзі оны қолдайтынын көрсетіп, мөрін басқан+”. 28  Сонда олар: “Құдайға ұнамды болу үшін не істеуіміз керек?”— деп сұрады. 29  Бұған Иса: “Құдай жібергенге сеніңдер, оған осы ұнамды”+,— деді. 30  Олар: “Қандай керемет жасайсыз+? Соны көріп, сізге сенейік. Кәне, не істейсіз? 31  Мысалы, Жазбаларда “ол оларға аспаннан жейтін нан берді” деп жазылғандай+, ата-бабаларымыз шөл далада манна жеген+”,— деді. 32  Ал Иса мынаны айтты: “Сендерге нағыз шындықты айтамын, Мұса сендерге аспаннан шынайы нан берген жоқ, бірақ мұны қазір сендерге Әкем беріп отыр. 33  Себебі кім көктен түсіп, дүниеге өмір берсе, сол — Құдайдың наны”. 34  Сонда олар: “Ием, бізге әрдайым осы нанды беріп тұрыңызшы”,— деді. 35  Иса былай деді: “Өмір беретін нан — менмін. Маған келген адам ешқашан аш болмайды, сондай-ақ маған сенген адам ешқашан шөлдемейді+. 36  Бірақ сендерге айтқанымдай, мені көрсеңдер де, сенбейсіңдер+. 37  Әкем маған бергендердің бәрі маған келеді. Ал мен өзіме келгендерді ешқашан қумаймын+. 38  Өйткені мен көктен+ өзімнің емес, мені жібергеннің еркін орындауға келдім+. 39  Ал мені жібергеннің еркі — оның маған бергендерінің ешқайсысын да жоғалтпай, ақырғы күні оларды қайта тірілтуім+. 40  Иә, Әкемнің еркі — Ұлын көріп, оған сенген әркімге мәңгілік өмір сыйлау+. Мен оны ақырғы күні қайта тірілтемін+”. 41  Сонда яһудилер Исаның “көктен түскен нан — менмін”+ дегеніне күңкілдеп: 42  “Бұл Жүсіптің ұлы Иса емес пе? Оның әкесін де, шешесін де білеміз ғой+. Қалайша ол “мен көктен түстім” дейді?”— десті. 43  Иса оларға былай деп жауап қатты: “Өзара күңкілдесуді доғарыңдар! 44  Мені жіберген Әкем жақындатып тартса ғана, адам маған келе алады+. Ал мен оны ақырғы күні қайта тірілтемін+. 45  Пайғамбарлар жазбаларында “олардың бәрі Ехобадан тәлім алады” делінген+. Әкемді тыңдап, одан үйренген әркім маған келеді. 46  Құдайдан келген менен басқа ешкім Әкені көрген емес+. Оны тек мен ғана көргенмін+. 47  Сендерге нағыз шындықты айтамын, кім маған сенсе, сол мәңгілік өмірге ие болады+. 48  Өмір беретін нан — менмін+. 49  Ата-бабаларың шөл далада манна жесе де, бәрібір өлді+. 50  Ал көктен түскен шынайы нанды жейтін әркім өлмейді. 51  Мен көктен түскен тірі нанмын. Оны жеген адам мәңгі өмір сүреді. Бұл нан — адамзат* өмірге ие болсын деп беретін менің тәнім+”. 52  Сонда яһудилер: “Мынау қалай бізге тәнін жеуге бермекші?”— деп өзара айтыса бастады. 53  Иса оларға былай деді: “Сендерге нағыз шындықты айтамын, Адам Ұлының тәнін жеп, қанын ішпесеңдер, өмірге ие болмайсыңдар*+. 54  Кім менің тәнімді жеп, қанымды ішсе, мәңгілік өмірге ие болады. Мен оны ақырғы күні тірілтемін+. 55  Өйткені менің тәнім — шынайы тағам, ал қаным — шынайы сусын. 56  Кім менің тәнімді жеп, қанымды ішсе, менімен бірлікте болады, мен де онымен бірлікте боламын+. 57  Мені мәңгі тірі Әкем жіберді және Әкемнің арқасында өмір сүріп жатырмын, сол сияқты, менің тәнімді жеген кісі де менің арқамда өмір сүреді+. 58  Көктен түскен нан, міне, осы. Ол ата-бабаларың жеген нанға ұқсамайды. Олар оны жесе де, өлді. Ал бұл нанды жеген адам мәңгі өмір сүреді+”. 59  Иса бұларды Қапарнаумда мәжілісханада* тәлім бергенде айтты. 60  Бұны естігенде, шәкірттерінің көбі: “Мынау не деген сұмдық! Мұны кім тыңдап тұра алады?”— десті. 61  Иса олардың күңкілдеп жатқандарын біліп: “Осы сөздер көңілдеріңе тиді ме? 62  Онда Адам Ұлының келген жағына қайта көтерілгенін көргенде+, не болмақ? 63  Киелі рух өмір береді+, ал тәннен еш пайда жоқ. Сендерге айтқан сөздерім киелі рухтан, әрі олар өмір береді+. 64  Бірақ араларыңда сенбейтіндер де бар”,— деді. Өйткені Иса кімдердің сенбейтінін және кімнің өзіне опасыздық жасайтынын әуел бастан білетін+. 65  Сосын мынаны айтты: “Міне, сондықтан да сендерге “Әкем жол бермесе, ешкім маған келе алмайды”+ деген едім”. 66  Осыдан кейін шәкірттерінің көбі Исаның соңынан ермей, бұрынғы істеріне оралды+. 67  Сонда ол 12 елшісінен: “Сендердің де кеткілерің келе ме?”— деп сұрады. 68  Бұған Шимон Петір: “Ием, біз кімге бармақпыз+? Мәңгілік өмірге жеткізетін сөздер сізде ғой+. 69  Біз сіздің Құдайдың Киелісі екендігіңізге сенеміз әрі мұны білеміз+”,— деп жауап берді. 70  Иса оларға: “Мен он екіңді таңдадым, солай ғой+? Бірақ араларыңдағы біреуің жалақор*+”,— деді. 71  Ол Шимон Исқариоттың ұлы Яһуда туралы айтқан болатын. Яһуда 12 елшінің бірі болса да, кейін Исаға опасыздық жасады+.

Сілтемелер

“Генесәрет көлі”, “Кинерет теңізі” деп те аталады.
Сөзбе-сөз “шамамен 25—30 стадий”. Ә14 қосымшасын қараңыз.
Немесе “дүние”.
Сөзбе-сөз “бойларыңда өмір болмайды”.
Мүмкін: “жиналған жұртқа”.
Немесе “ібіліс”.