Жохан 1:1—51

  • Сөз дүниеге адам болып келді (1—18)

  • Шомылдыру рәсімін жасаушы Жақияның куәлігі (19—28)

  • Иса — “Құдайдың Тоқтысы!” (29—34)

  • Исаның алғашқы шәкірттері (35—42)

  • Філіп пен Натанайыл (43—51)

1  Әуел баста Сөз болған+, Сөз Құдаймен бірге болған+, Сөз Құдайға ұқсас болған+.  Бастапқыда ол Құдаймен бірге болған.  Құдай бәрін Сөз арқылы жаратқан+, онсыз ештеңе де жаратылмаған.  Өмір Сөз арқылы пайда болды, әрі бұл өмір адамдар үшін жарық болды+.  Жарық түнекте жарқырап тұр+, түнек оны жеңе алмайды.  Құдайдың өкілі ретінде жіберілген бір адам келді. Оның есімі Жақия еді+.  Ол әртүрлі адамдар өзі арқылы сену үшін, куәгер ретінде жарық туралы айтуға келді+.  Оның өзі жарық емес еді+, бірақ сол жарық туралы куәлік етуге келді.  Ал әртүрлі адамдарға сәулесін түсіретін шынайы жарық болса дүниеге келгелі жатыр еді+. 10  Ол, яғни Сөз, дүниеде болған+, әрі дүние сол арқылы жаратылған+, бірақ дүние оны таныған жоқ. 11  Ол өз халқына келді, алайда олар оны қабылдамады. 12  Ал өзін қабылдағандардың бәріне Құдайдың балалары болуға мүмкіндік берді+, өйткені олар оның есіміне сенді+. 13  Олар қан мен тәннен немесе адамның қалауымен емес, Құдайдан туылды+. 14  Сөз адам болып+, арамызда өмір сүрді. Біз оның салтанатын, жалғыз ұлдың+ әкесінен алған салтанатын, көрдік. Ол Құдайдың рақымына молынан кенелген әрі әрдайым шындықты айтқан. 15  (Жақия ол туралы куәлік етіп, дауыстап: “Менен кейін келе жатқан менің алдыма шықты, өйткені ол маған дейін бар болған” деген кісім осы”,— деді+.) 16  Ол мол рақымға кенелгендіктен, біз де оның рақымына молынан кенеле береміз. 17  Өйткені Заң Мұса арқылы берілсе+, ал рақым+ мен шындық Иса Мәсіх* арқылы ашылды+. 18  Құдайды ешкім ешқашан көрген емес+. Оны бізге Әкесінің қасындағы*+ оған ұқсас жалғыз Ұлы*+ танытты+. 19  Яһудилер Жақияға Иерусалимнен діни қызметкерлер мен леуіліктерді жіберіп: “Сен кімсің?”+— деп сұратқанда, 20  ол: “Мен Мәсіх емеспін”,— деп ашық мойындады. 21  Олар: “Сонда кімсің? Ілияссың ба+?”— деп сұрағанда, ол: “Жоқ, ол емеспін”,— деді. “Мүмкін, келетіні алдын ала айтылған пайғамбар шығарсың?”+— дегенде, Жақия: “Жоқ”,— деп жауап берді. 22  Сонда олар: “Бізді жібергендерге жауап беруіміз үшін кім екеніңді айтшы. Өзің жайлы не айтасың?”— деді. 23  Бұған Жақия: “Ишая пайғамбардың сөздеріне сай, “Ехобаның* жолын тегістеңдер!”+ деп, шөл далада* жар салып жатқан дауыс менмін”,— деді+. 24  Бұл кісілерді парызшылдар* жіберген еді. 25  Олар Жақиядан: “Егер Мәсіх те, Ілияс та, пайғамбар да болмасаң, онда неге шомылдыру рәсімін* жасап жүрсің?”— деп сұрады. 26  Жақия былай деп жауап берді: “Мен суға шомылдыру рәсімін жасаймын. Бірақ араларыңда сендер танымайтын біреу бар. 27  Ол менен кейін келе жатыр, мен оның сандалының бауын шешуге де татымаймын+”. 28  Бұл оқиға Жақия шомылдыру рәсімін жасап жүрген Иорданның арғы бетіндегі Бетанияда болған еді+. 29  Келесі күні Жақия өзіне қарай келе жатқан Исаны көріп былай деді: “Қараңдар, мынау — дүниені күнәдан арылтатын+ Құдайдың Тоқтысы+! 30  “Менен кейін келе жатқан менің алдыма шықты, өйткені ол маған дейін бар болған” дегенімде, сол туралы айтқан едім+. 31  Өзім де оны білмейтінмін. Бірақ Исраил халқы оның кім екенін білсін деп, шомылдыру рәсімін жасап жүрмін+”. 32  Жақия тағы былай куәлік етті: “Мен көктен көгершін іспетті киелі рухтың түсіп, оның үстіне қонғанын көрдім+. 33  Мен оны білмейтін едім. Бірақ суға шомылдыру рәсімін орындауға жіберген Құдай маған: —Киелі рухтың көктен түсіп, кімге қонғанын көрсең+, міне, сол киелі рухпен шомылдырады+,— деген еді. 34  Мен осыны көріп, оның Құдай Ұлы екеніне куәлік еттім+”. 35  Келесі күні Жақия екі шәкіртімен тағы сол жерде тұрғанда, 36  қастарынан өтіп бара жатқан Исаны көріп: “Қараңдар, мынау — Құдайдың Тоқтысы+!”— деді. 37  Мұны естігенде, екі шәкірт Исаның соңынан ерді. 38  Иса бұрылып, олардың өзіне еріп келе жатқанын көріп: “Сендер не іздеп жүрсіңдер?”— дегенде, олар: “Равви (бұл сөз “Ұстаз” деп аударылады), қайда тұрып жатырсыз?”— деп сұрады. 39  Сонда ол: “Жүріңдер, өздерің көріңдер”,— деді. Олар барып, оның тұратын жерін көрді де, сол күні онымен бірге қалды. Бұл шамамен оныншы сағат* болатын. 40  Жақиядан Иса туралы естіп, оған ерген екі шәкірттің бірі Шимон Петірдің бауыры Әндір еді+. 41  Ол алдымен бауыры Шимонды тауып алып, оған: “Біз Мәсіхті+ таптық”,— деді. (Мәсіх “майланған” дегенді білдіреді.) 42  Сөйтіп, оны Исаға ертіп келді. Иса оған қарап: “Сен Жохан ұлы Шимонсың+. Бұдан былай Кефа деп аталасың”,— деді. (Кефа грекше “Петір”*+.) 43  Ертесіне Иса Ғалилеяға бармақшы болды. Ол Філіпті+ тауып алып: “Менің ізбасарым бол!”— деді. 44  Філіп те Әндір мен Петір тұратын Бетсайда қаласынан еді. 45  Філіп Натанайылды+ тауып алып: “Біз Мұса Заңында және пайғамбарлар жазбаларында айтылған адамды таптық. Ол — Жүсіп ұлы+ назареттік Иса”,— деп айтты. 46  Бірақ Натанайыл: “Сол Назареттен не жақсылық шығар дейсің?”— дегенде, Філіп: “Жүр, өзің көр”,— деді. 47  Иса өзіне қарай келе жатқан Натанайылды көріп: “Мынау — шынымен қулық-сұмдығы жоқ исраилдік”,— деді+. 48  Натанайыл: “Сіз мені қайдан білесіз?”— деп сұрағанда, Исаның жауабы мынау болды: “Філіп шақырмай тұрып, сені інжір ағашының астынан көрдім”. 49  Сонда ол: “Ұстаз*, сіз Құдай Ұлысыз, Исраилдің Патшасысыз”+,— деді. 50  Иса оған: “Сені інжір ағашының астынан көрдім дегендіктен, маған сендің бе? Әлі бұдан да зор нәрселерді көресің”,— деп жауап берді. 51  Сосын: “Сендерге нағыз шындықты айтамын, көктің ашылғанын және Құдай періштелерінің Адам Ұлына* түсіп, қайтадан көкке көтеріліп жатқанын көресіңдер”+,— деді.

Сілтемелер

Түсіндірмедегі “Мәсіх” сөзін қараңыз.
Сөзбе-сөз “Әкесінің төсіндегі”. Бұл ерекше ықыласқа ие болуды білдіреді.
Немесе “Құдайдың өзі тікелей жаратқан ұлы”.
Бұл — Құдайдың есімі. Түсіндірмені қараңыз.
Шамамен түстен кейінгі 16:00. Түсіндірмені қараңыз.
“Кефа” да, “Петір” де “тас” дегенді білдіреді.
Сөзбе-сөз “Равви”.