Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

СЕГІЗІНШІ ТАРАУ

Ол көңілге қаяу түсіретін жағдайларда жасымады

Ол көңілге қаяу түсіретін жағдайларда жасымады

1. Шило қаласы қандай қасіретке ұшырады?

ШИЛО ҚАЛАСЫ үлкен қасіретке ұшырады. Қала тұрғындарының қайғыдан көкіректері қарс айырылуда. Себебі біреулерінің күйеуі, біреулерінің әкесі, ұлы, тағы басқаларының аға-інілері соғыстан аман оралмады. Көптеген үйлерден жоқтау айтқан әйелдер мен балалардың зары естіліп жатты! Исраил халқы філістірлермен болған жойқын шайқаста 30 000 сарбазынан айырылды. Мұның алдында ғана халық 4000 сарбазын жоғалтқан еді (Сам. 1-ж. 4:1, 2, 10).

2, 3. Қандай жағдайлар Шило қаласын даңқынан айырды?

2 Халықтың басына түскен қасіреттің себебі бұл ғана емес еді. Бас діни қызметкер Елидің зұлым ұлдары Опни мен Пінехес Шилода тұрған қасиетті келісім сандығын ұрыс алаңына апарған болатын. Шатыр іспетті құрылған ғибадатхананың Ең қасиетті бөлмесінде тұратын бұл келісім сандығы Құдайдың олармен бірге екендігінің бейнесі болған. Сандықтың жеңіске жеткізетін ғажайып күші бар деп ойлаған халық оны шайқасқа алдыртып, үлкен ақымақтық жасады. Ақырында філістірлер Опни мен Пінехесті өлтіріп, келісім сандығын қолға түсірді (Сам. 1-ж. 4:3—11).

3 Келісім сандығы Шилодағы киелі шатырды ғасырлар бойы ұлылыққа бөлеп тұрған еді. Ал енді ол жоқ. Осыны естігенде, 98 жастағы Ели орындығынан шалқалай құлап, мерт болды. Тап сол күні күйеуінен айырылып, жесір қалған жүкті келіні де босанып жатып көз жұмды. Соңғы демі шығарда ол әйел: “Исраилдің даңқы жау қолына түсті”,— деді. Расында да, Шило орны толмас қасіретке ұшырады (Сам. 1-ж. 4:12—22).

4. Осы тарауда нені қарастырамыз?

4 Қабырғаны қаусатар осы жағдайларға Самуил қалай төтеп берер екен? Оның сенімі Ехобаның ықыласы мен панасынан айырылған халыққа көмектесе алатындай берік пе? Біз де кейде ауыр қиындықтар мен көңілге қаяу түсіретін жағдайларға кезігіп, сеніміміз сыналып жатады. Осы орайда Самуилден қандай үлгі ала алатынымызды көрейік.

Ол “әділ әрекет етті”

5, 6. Киелі кітап Самуилдің 20 жылдық өмірі жайлы нені аян етеді?

5 Енді Киелі кітапта Самуил жайлы әңгіме үзіліп, сөз желісі келісім сандығына ауады. Яғни філістірлердің сандықты алып кетіп, сол үшін азапқа ұшырағандары, сосын оны кері қайтаруға мәжбүр болғандары жайлы айтылады. Сосын қайтадан Самуил туралы, оның 20 жылдай уақыттан кейінгі өмірі туралы, сөз қозғалады (Сам. 1-ж. 7:2). Осы 20 жыл аралығында Самуил немен айналысты екен?

Қайғыдан көкірегі қарс айырылған халықты Самуил қалай жұбатты?

6 Киелі кітаптан білетініміздей, исраилдіктер мен філістірлердің арасындағы соғысқа дейін Самуил “Құдайдың сөздерін күллі Исраил халқына жеткізіп жүрген” (Сам. 1-ж. 4:1). Сосын Киелі кітап Самуилдің 20 жылдық аралықтан кейінгі өмірін сипаттай келе, оның Исраилдегі үш қаланы жыл сайын аралап, халыққа төрелік етіп, сосын туған жері Рамаққа оралып жүргенін баяндайды (Сам. 1-ж. 7:15—17). Осыдан көрінетіндей, Самуил ешқашан қол қусырып отырмаған. Сол 20 жыл ішінде де оның көп іс атқарғанында күмән жоқ.

Киелі кітапта Самуилдің 20 жылдық өмірі жазылмағанмен, бұл аралықта да оның Ехобаға талмай қызмет еткенінде дау жоқ

7, 8. а) Жиырма жыл аянбай қызмет еткеннен кейін Самуил халыққа не деді? ә) Халық пайғамбардың сөздеріне құлақ асты ма?

7 Елидің азғын әрі бұзылған ұлдарының күнәлары халықтың сеніміне нұқсан келтірген еді. Содан олардың басым бөлігі жалған тәңірлерге табынып кетті. Самуилдің халықты аянбай үйретіп келгеніне 20 жыл болса да, ол былай деп шақырудан талмады: “Ехобаға бар жүректеріңмен бет бұрамыз десеңдер, бөтен құдайлар мен Аштар мүсіндерінен арылыңдар. Жүректеріңді Ехобаға бұрып, соған ғана қызмет етіңдер. Сонда ол сендерді філістірлердің қолынан құтқарады” (Сам. 1-ж. 7:3).

8 Філістірлер қол астындағы исраилдіктердің жағдайын күннен-күнге қиындатты. Исраил әскерін ойсырата жеңген оларға Құдай халқын қанай берулеріне ешкім кедергі жасай алмайтындай көрінді. Самуил болса исраилдіктер Құдайға қайта бет бұрған жағдайда ғана құтқарылатындарын айтқан еді. Халық пайғамбардың бұл сөзіне құлақ асты ма? Иә, олар “мүсіндерін лақтырып тастап, Ехобаға ғана қызмет ететін болды”. Самуилдің бұған қуанғанында сөз жоқ. Осыдан кейін ол халықты Иерусалимнің солтүстік таулы аймағында орналасқан Миспа қаласына жинады. Сол жерде олар ораза тұтып, жалған тәңірлерге табынып кеткендеріне өкінді (Самуилдің 1-жазбасы 7:4—6 оқыңыз).

Құдай халқының бір жерге жиналғанын естіген філістірлер оларды құртудың оңтайлы сәті туды деп ойлады

9. Філістірлер үшін қандай мүмкіндік туғандай көрінді және Құдай халқы не істеді?

9 Філістірлер Исраил халқының бір жерге жиналғанын естігенде, Ехобаның қызметшілерін құртудың оңтайлы сәті туды деп ойлап, жасақтарымен Миспаға аттанды. Исраилдіктер өздеріне қауіп төнгенін білгенде, зәрелері қалмады. Олар Самуилден өздері үшін дұға етуін өтінді. Сонда ол Ехобаға арнап құрбандық шалды да, дұға етті. Бұл кезде жау жасағы Миспаға жақындап қалған еді. Сонда Ехоба Самуилдің дұғасына жауап беріп, жауға қаһарын төкті. Дәлірек айтқанда, “қатты күн күркіретіп, філістірлерді әбден састырды” (Сам. 1-ж. 7:7—10).

10, 11. а) Ехобаның філістірлерге жіберген күн күркірі несімен ерекше болды? ә) Миспада болған шайқас қалай аяқталды?

10 Күн күркірегенде, әдетте балалар қатты қорқып, анасының артына тығылып қалады. Ал соғыста жүріп әбден шыныққан філістір сарбаздарының кішкентай балалардай әбден сасқаны қалай? Мұндай зор күн күркірін олар бұрын-соңды естімеген болса керек! Күн күркірі шайдай ашық аспанда күтпеген жерден болды ма, әлде ол маңайдағы қырлардан жаңғырып шықты ма, қалай болғаны белгісіз. Бар білетініміз — бұдан філістірлердің төбе шаштары тік тұрған! Исраил халқына тап береміз деп келген олар әбден абдырап, қашуға мәжбүр болды. Исраилдіктер оларды Миспадан бірнеше шақырымға дейін өкшелей қуып, Иерусалимнің оңтүстік-батысына жеткенше қырды (Сам. 1-ж. 7:11).

11 Бұл шайқас Құдай халқының өміріне біршама өзгеріс әкелді. Самуил би болып отырған тұста філістірлер жеңіле берді. Олар тартып алған қалалар болса біртіндеп Құдай халқының қол астына өтіп отырды (Сам. 1-ж. 7:13, 14).

12. Неліктен Самуил “әділ әрекет етті” дей аламыз және қандай қасиеттердің арқасында ол адал болып қалды?

12 Ғасырлар өте елші Пауыл әділ әрекет еткен адал билермен және пайғамбарлармен қоса Самуилді де атап өтті (Евр. 11:32, 33). Самуил Құдайдың алдында тура әрі дұрыс әрекет етіп, халқын да осылай жүріп-тұруға үйретті. Ол Ехобаны сабырмен күтті, әрі көңілін қалдыратын жағдайларға қарамастан, өз тапсырмасын адал атқара берді. Сондай-ақ ол ризашылық білдіруді де ұмытпады. Миспада жеңіске жеткен соң, Самуил ескерткіш тас орнатты. Мұны ол халық Ехобаның өздеріне қалай көмектескенін ұмытып кетпесін деп істеді (Сам. 1-ж. 7:12).

13. а) Самуилге еліктегіміз келсе, қандай қасиеттер дамытуымыз керек? ә) Самуилдікіндей қасиеттерді қашан дамытқан дұрыс?

13 Біздің де Самуил сияқты әділ әрекет еткіміз келетіні анық. Олай болса, Самуилге еліктеп, шыдамды да кішіпейіл болуға, Құдайға үнемі ризашылық білдіруге ұмтылайық (Петірдің 1-хаты 5:6 оқыңыз). Бұл қасиеттер бәрімізге де керек, солай емес пе?! Самуил жас кезінен бойында осы қасиеттерді дамытқанының көп пайдасын көрді. Өйткені оны қартайған шағында өте ауыр қиындықтар күтіп тұрды.

“Ұлдарың сенің жолыңмен жүрмейді”

14, 15. а) Қартайған шағында қандай жайт Самуилдің жүрегін ауыртты? ә) Самуил де Ели сияқты, әкелік міндетін дұрыс атқармады ма? Түсіндіріңіз.

14 Әрі қарай Киелі кітаптан Самуилдің қартайған шағы жөнінде оқимыз. Оның Жоел және Әбиях деген екі ересек ұлы болды. Самуил оларды өзіне көмектесу үшін би етіп тағайындаған болатын. Өкінішке қарай, ұлдары адал да әділ әкелері Самуилдің жолымен жүрмеді. Олар дәрежелерін өз мүдделері үшін пайдаланатын, халықтан пара алып, шындықты бұрмалайтын (Сам. 1-ж. 8:1—3).

15 Бірде Исраилдің ақсақалдары қарт пайғамбар Самуилге келіп: “Ұлдарың сенің жолыңмен жүрмейді”,— деп шағымданды (Сам. 1-ж. 8:4, 5). Самуил ұлдарының не істеп жүргенін білді ме? Жазбада бұл туралы ештеңе айтылмайды. Алайда Самуил Ели сияқты, әкелік міндетін дұрыс атқармады дей алмаймыз. Ехоба Елиді зұлым ұлдарын жөнге салмағаны үшін және оларды өзінен артық көргені үшін айыптап, жазалаған болатын (Сам. 1-ж. 2:27—29). Ал Самуил мұндай кінәдан таза болды.

Ұлдары жолдан тайып, көңілі қалған Самуил жағымсыз сезімдермен қалай күресті?

16. а) Балалары өздеріне қарсы шыққанда, ата-аналар не сезінеді? ә) Неге ата-аналардың Самуилдің үлгісі жайлы ой жүгірткендері жақсы?

16 Жазбаларда ұлдарының зұлым істері туралы естіп, Самуилдің ұяттан өртенгені, қатты уайымдап, түңілгені жайлы айтылмайды. Алайда көп ата-аналар Самуилдің әке ретінде не сезінгенін жақсы түсінеді. Бүгіндегі қиын уақытта балалардың ата-аналарына қарсы шығып, олардың тәрбиесіне бағынбауы кең етек алған (Тімөтеге 2-хат 3:1—5 оқыңыз). Самуилдің күйін кешіп жүрген ата-аналар оның үлгісі жайлы ойлана отырып, өздеріне жұбаныш пен басшылық таба алады. Ұлдарының адалдық танытпағаны Самуилдің тура жолмен жүре беруіне кедергі болған жоқ. Ата-аналар, балаларыңыз айтқан сөздеріңіз бен жөнге салу шараларыңызды елемесе, өз үлгілеріңіздің әсері қашанда күшті болып қала беретінін ұмытпаңыздар. Самуил сияқты, сіздер де көктегі Әкелеріңіз Ехоба Құдайды әрқашан қуанта аласыздар.

“Патша тағайындап бер”

17. Исраил ақсақалдары Самуилден нені талап етті және ол қандай сезімде болды?

17 Самуилдің ұлдары ашкөздік пен өзімшілдіктің зардабы қаншалықты ауыр болатынын ойламаса керек. Исраил ақсақалдары Самуилге: “Басқа халықтардікіндей патша тағайындап бер, билікті бізге сол айтсын”,— деді. Бұны естіген Самуил жұрт өзінен бас тартып тұрғандай сезінді ме? Қанша дегенмен, ол ондаған жыл бойы халыққа Құдай атынан билік айтып келді емес пе!? Ал енді олар өздеріне Самуил сияқты пайғамбардың емес, патшаның билік айтқанын қалап отыр. Айналадағы халықтардың патшалары болғаны сияқты, исраилдіктер де өз патшалары болғанын көкседі. Бұл Самуилге қалай әсер етті? Олардың “бізге билікті патша айтсын” дегендері Самуилге ұнамады (Сам. 1-ж. 8:5, 6).

18. Ехоба Самуилді не деп жұбатты және бұл сөздерден Исраилдің ауыр күнә жасағаны қалай көрінеді?

18 Көңілі жабырқаулы Самуил осы жайлы дұға етті. Сонда Ехоба оған: “Жұрттың айтқандарын түгел орында. Өйткені олар сенен емес, өздеріне патша болғанымды қаламай, менен бас тартып отыр”,— деді. Бұл сөздердің Самуил үшін жұбаныш болғанында сөз жоқ. Алайда халық патша сұрауларымен Құдіреті шексіз Құдайды қаншалықты қорлады десеңізші! Ехоба Самуилге пенденің патша болғаны неге апарып соқтыратынын исраилдіктерге ескертуді айтты. Самуилдің ескерткеніне қарамастан, халық: “Жоқ, бізге патша керек!”— деп тұрып алды. Самуил бұл жолы да Ехобаға мойынсұнып, ол таңдаған адамды патша етіп майлады (Сам. 1-ж. 8:7—19).

19, 20. а) Самуил Саулды патша етіп майлауға қатысты Ехобаның нұсқауына қалай мойынсұнды? ә) Самуилдің Құдай халқына көмектесуін доғармағаны неден көрінді?

19 Самуил Құдайдың тапсырмасын наразылықпен не амалсыздан орындады ма? Жүрегіне ыза мен реніш сияқты жағымсыз сезімдердің ұялауына жол берді ме? Көп адам осылай етуі мүмкін, бірақ Самуил өйтпеді. Ол Саулдың басына май құйды, әрі оның Ехоба таңдаған адам екенін мойындады. Сосын бетінен сүйіп, құрметтейтінін әрі бағынатынын көрсетті. Бұдан кейін Самуил халыққа: “Ехоба таңдаған адамды көрдіңдер ме?! Оған тең келер ешкім жоқ!”— деді (Сам. 1-ж. 10:1, 24).

20 Самуил Ехоба таңдаған адамның кемшіліктеріне емес, жақсы жақтарына назар аударды. Ал өзі тұрақсыз халыққа жағуды емес, ең алдымен Құдай алдында мінсіз болуды маңызды санады (Сам. 1-ж. 12:1—4). Ол Құдай халқын рухани қауіптен сақтандырып, кеңес берді және Ехобаға адалдық сақтауға талпындырды. Осылай ол өз қызметіне де адал екенін көрсетті. Халық оның ақыл-кеңесін қабылдап, одан өздері үшін дұға етуін өтінді. Сонда Самуил: “Мен сендер үшін дұға етуді қойып, Ехобаға қарсы күнә жасаудан аулақпын. Қайта, сендерге ізгі әрі тура жолды көрсетуден талмаймын”,— деп, тамаша жауап айтты (Сам. 1-ж. 12:21—24).

Жүрегімізге қызғаныш пен ыза ұялатпауға қатысты Самуил жақсы үлгі қалдырды

21. Қандай да бір жауапкершілікке басқа біреу ие болғанда көңіліміз түссе, Самуилге қай жағынан еліктегеніміз дұрыс?

21 Қандай да бір жауапкершілікке не қызмет түріне сіз емес, басқа біреу ие болғанда, көңіліңіз түскен бе? Мұндай жағдайда жүрегімізге қызғаныш пен ыза ұялатпауға қатысты Самуил бізге жақсы үлгі қалдырды (Нақыл сөздер 14:30 оқыңыз). Құдай өзінің адал қызметшілерінің ешқайсысын да қызықты әрі қанағатқа бөлейтін тапсырмасыз қалдырмайды.

“Саул үшін қашанғы қайғыра бересің?”

22. Самуил Саулдың қандай жақсы жақтарын көрді?

22 Самуилдің Саул патшаның жақсы жағын көре білгені орынды-ақ еді. Өйткені Саул, шынында да, өзгелерден ерекшеленетін. Ол ұзын бойлы, келбетті, сөйте тұра қарапайым да кішіпейіл, батыл да тапқыр жігіт болған (Сам. 1-ж. 10:22, 23, 27). Сыйға берілген осындай ізгі қасиеттерімен қатар оның тағы бір сыйы — таңдау еркіндігі болды. Саул өмір жолын өзі таңдап, өзі шешім қабылдай алатын (Мұс. 5-ж. 30:19). Ол Құдайдың берген осы сыйларын қалай қолданды екен?

23. Саул қандай құнды қасиетінен айырылды және оның тәкаппарлығы қалай аян болды?

23 Бір өкініштісі, қолына билік тиген адамдардың көбісі адамгершіліктен ада болып жатады. Көп ұзамай Саул патша да қарапайымдылығынан айырылып, тәкаппарлана бастады. Ол Ехобаның Самуил арқылы айтқан бұйрықтарына мойынсұнбады. Бірде Саул шыдамы жетпей, құрбандыққа мал шалып, пайғамбардың ғана құқығы бар нәрсені істеді. Самуил оны қатаң айыптап, патшалықтың оның әулетінен алынып қойылатынын айтты. Бұдан сабақ алудың орнына, Саул одан бетер тілазарлық танытты (Сам. 1-ж. 13:8, 9, 13, 14).

24. а) Амалектіктерге қарсы соғысқанда, Саул Ехобаның қандай бұйрығына мойынсұнбады? ә) Самуил түзеткенде, Саул не істеді және Ехобаның шешімі қандай болды?

24 Бірде Ехоба Самуил арқылы Саулға амалектіктерге қарсы соғысуды бұйырды. Ехобаның нұсқауы бойынша, ол зұлым патша Агагты өлтіру керек еді. Алайда Саул Агаг патшаны да, қолға түскен олжасының ең жақсыларын да аяп, жойғысы келмеді. Самуил Саулды түзетуге келгенде, оның қаншалықты өзгеріп кеткенін көрді. Түзетуді кішіпейілділікпен қабыл алудың орнына, ол болған жайтты түсіндіруге тырысып-бағып, өзін ақтап шыға келді және мәселеден қашқақтап, кінәні халыққа жабуға тырысты. Ол ең қоңды малды Ехобаға құрбандық шалу үшін алып қалғанын айтып, жазасын жеңілдетпек болды. Сонда Самуил оған: “Ехоба үшін мойынсұну құрбандықтан артық”,— деген бәрімізге әйгілі сөздерді айтты. Ол Саулға батылдықпен сөгіс айтып, Ехобаның шешімін мәлім етті: патшалық Саулдан тартып алынып, одан әлдеқайда жақсы адамға берілмек еді * (Сам. 1-ж. 15:1—33).

25, 26. а) Неге Самуил Саулды ойлап қатты қайғырды және Ехоба оны қалай түзетті? ә) Есейдің үйіне келгенде, Самуилге Ехоба қандай ескерту айтты?

25 Самуил Саул патшаның істеген ісіне қатты налыды. Ол түні бойы көз жасын төгіп Ехобаға жалбарынды. Самуил тіпті Саулдың өзі үшін де біраз қайғырып жүрді. Себебі ол Саулға үлкен үміт артқан еді, бірақ Саул оның үмітін ақтамады. Ол білетін Саул енді жоқ еді: Саул бар жақсы қасиетінен айырылып, Ехоба Құдайға қарсы бас көтерді. Сондықтан Самуил оны бұдан былай көргісі келмеді. Уақыт өте келе Ехоба пайғамбарын жұмсақтықпен былай деп түзетті: “Саул үшін қашанғы қайғыра бересің? Ол Исраилде патшалық етпеу үшін мен одан бас тарттым емес пе?! Бір мүйізге май құйып ал да, бетлехемдік Есейдің үйіне бар. Мен оның ұлдарының ішінен өзіме патша таңдадым” (Сам. 1-ж. 15:34, 35; 16:1).

26 Ехобаның ниетінің орындалуы кемелсіз адамдарға тәуелді емес. Егер әлдекім адалдығынан тайып кетсе, Ехоба өз еркін орындау үшін өзге біреуді табады. Осыны түсінген Самуил Саулды ойлап қайғыруын қойды. Ол Ехобаның айтуымен Бетлехемдегі Есейдің үйіне барып, оның ұлдарымен танысты. Ұлдарының бәрі де сымбатты екен. Алайда Самуил Есейдің тұңғыш ұлын көргенде-ақ, Ехоба оған адамның сырт келбетіне қарамауды ескертті (Самуилдің 1-жазбасы 16:7 оқыңыз). Ақыр соңында Самуил Есейдің кенже ұлы Дәуітті көрді. Ехобаның таңдаған патшасы осы еді!

Самуил Ехобаның көңіл қалдыратын кез келген қиындықты шешіп, батаға айналдыра алатынын көрді

27. а) Самуилдің сенімінің нығая беруіне не көмектесті? ә) Самуилдің үлгісі жайлы сіз не ойлайсыз?

27 Самуил өмірінің соңғы жылдарында Ехобаның Дәуітті таңдағаны қаншалықты дұрыс болғанын түсінді. Саул қызғанышқа бой алдырып, Дәуітті өлтірмекші болды, сондай-ақ ол тура жолдан да тайып кетті. Ал Дәуіт болса батылдық, мінсіздік, сенім мен адалдық сияқты керемет қасиеттер танытты. Самуилдің сенімі жыл өткен сайын нығая берді. Ол Ехоба шеше алмайтын түйін жоқ екенін түсінді және оның көңіл қалдыратын кез келген қиындықты шешіп, батаға айналдыра алатынына көзі жетті. Самуил шамамен жүз жылға созылған ғұмырында мағыналы өмір кешіп, дүниеден озды. Бүкіл Исраил халқының Самуилді неліктен қатты жоқтап жылағаны түсінікті-ақ. “Сенімін серік еткен Самуилді мен үлгі тұтамын ба?” Бүгінде Ехобаның қызметшілері ретінде бәріміз осы сұрақ жайлы ойланғанымыз жөн.

^ 24-абзац Агагқа қарсы шығарылған үкімді Самуилдің өзі жүзеге асырды. Агагтың өзі де, отбасы да Ехобаның рақымына лайық емес еді. Естер кітабындағы Құдайдың халқын жоймақшы болған Хаман да Агагтың ұрпағынан болса керек (Ест. 8:3). (Осы кітаптың 15, 16-тарауларын қараңыз.)