Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

ОН ЖЕТІНШІ ТАРАУ

“Мен Ехоба Құдайдың құлымын!”

“Мен Ехоба Құдайдың құлымын!”

1, 2. а) Мәриямның үйіне келген кісі онымен қалай амандасты? ә) Неліктен Мәриям өзін өмірдің өткелінде тұрғандай сезінді?

МӘРИЯМ үйге кіріп келген кісіге таңырқай қарады. Бұл кісі оның әкесіне не анасына емес, Мәриямның өзіне келген еді. Мәриям оның Назареттен емес екенін бірден түсінді. Назарет сияқты кішкентай қалада жұрт бір-бірін жақсы таниды, сондықтан бөтен адамдар бірден көзге түседі. Ал бұл кісінің түр-келбеті мүлдем өзгеше еді. Ол: “Амансың ба, Құдай жарылқаған қыз! Ехоба саған жар!”— деп, Мәрияммен ерекше амандасты (Лұқа 1:26—28 оқыңыз).

2 Ғалилеядағы Назарет қаласында тұратын Елидің қызы Мәриям туралы оқиға Киелі кітапта осылай басталады. Ол Жүсіп деген қарапайым ағаш ұстасына айттырылған болатын. Жүсіп дәулетті отбасынан шықпағанмен, Құдайдан қорқатын жігіт еді. Мәриямды бұл жігітпен қандай болашақ күтіп тұрғаны тайға таңба басқандай анық болатын. Ол отау құрып, жарына демеу болып, бала сүйіп, отбасының ұйытқысы мен берекесі болмақ еді. Ал енді оның үйіне бір кісі келіп, Құдайдың оған беретін ерекше тапсырмасы бар екенін айтып тұр! Осы кезде Мәриям өзін өмірдің өткелінде тұрғандай сезінді.

3, 4. Мәриямның қандай болғанын білу үшін неге назар аудару керек?

3 Киелі кітапта Мәриям жайлы аз мәлімет айтылғаны көпшілікті таңғалдырады. Рас, онда Мәриямның өскен ортасы мен болмысы туралы мәлімет көп емес, ал сырт келбеті жайлы бірде-бір сөз қозғалмайды. Дегенмен Киелі кітапта бар мәлімет оның қандай адам болғанын білуге аздық етпейді.

4 Алайда әлемнің түрлі діндері Мәриямды түрліше сипаттап жатады. Мысалы, адамдар оның мүсінін жасап, суретін салып, түрліше бейнелейді. Сондай-ақ күрделі ілімдері мен қағидаларын арқау еткен христиан дінін ұстанушылар бұл қарапайым әйелді “Құдай ана”, “Көк патшайымы” деп атап, төбеге көтеріп асқақтатады. Мәриямның шын мәнінде қандай адам болғанын білу үшін, осы жайттардың бәрін шетке ысырып, Киелі кітаптың өзіне назар аударайық. Ол жерден Мәриямның сенімінің қандай болғанын және оған қалай еліктей алатынымызды білеміз.

Періштенің келуі

5. а) Жәбірейілдің сәлемдесуін қалай қабылдағанынан Мәриям жайлы не білеміз? ә) Мәриям бізге қандай үлгі қалдырды?

5 Мәриямның үйіне келген кісі жай адам емес, Жәбірейіл есімді періште болатын. Ол: “Амансың ба, Құдай жарылқаған қыз!”— дегенде, Мәриям “қатты абыржып, бұл қандай сәлемдесу болды екен деп, ойланып қалды” (Лұқа 1:29). Мәриям ешқашан адамдардан өзіне ерекше құрмет көрсетіп амандасады деп күтпеген. Ал қазір оның алдына періштенің өзі келіп, оны Ехобаның жарылқағанын айтып тұр! Құдайдың жарылқауы Мәриям үшін өте маңызды болған. Алайда ол Құдайдың ықыласына ие болдым деп, кеуде көтеріп кеткен жоқ. Біз де Құдайдың жарылқауына ие болуға ұмтыламыз. Алайда ешқашан өзімізді Құдайдың ықыласына ие болдық деп есептеп, тәкаппарланып кеткіміз келмейді. Өйткені Ехоба тәкаппарларға қарсы тұрады, ал қарапайым әрі кішіпейіл жандарды әрдайым қолдайды (Жақ. 4:6).

Мәриям Құдайдың жарылқауына ие болдым деп, көкіректеніп кеткен жоқ

6. Мәриям қандай мәртебелі тапсырма алды?

6 Мәриямның осындай кішіпейіл де қарапайым болғаны маңызды еді. Себебі періште Мәриямға бұған дейін ешкімнің еншісіне түспеген мәртебелі тапсырма алатынын айтпақ еді. Жәбірейіл оған адамзат тарихындағы ең ұлы адамды дүниеге әкелетінін хабарлап былай деді: “Ол аса ұлы болады, әрі Құдай Тағаланың Ұлы деп аталады. Ехоба оған арғы атасы Дәуіттің тағын сыйлайды. Ол Жақыптың әулетіне мәңгілік бойы Патша ретінде билік етеді. Оның Патшалығының шегі болмайды” (Лұқа 1:32, 33). Мәриям Құдайдың осыдан мың жылдай уақыт бұрын Дәуітке қандай уәде бергенін жақсы білетін: Дәуіттің ұрпақтарының бірі патша тағына отырып, мәңгілік билік етпек еді (Сам. 2-ж. 7:12, 13). Демек, оның дүниеге әкелетін ұлы Құдай халқы ғасырлар бойы күтіп жүрген Мәсіх болмақ!

Періште Мәриямға бұған дейін ешкімнің еншісіне түспеген мәртебелі тапсырма берілетінін айтты

7. а) Мәриямның қойған сұрағынан ол жайында не білеміз? ә) Жастар Мәриямнан қандай үлгі алады?

7 Періште айтқандай, Мәриямның ұлы “Құдай Тағаланың Ұлы” деп аталмақ еді. Бірақ қарапайым пенде Құдайдың Ұлын қалай дүниеге әкелмек? Оның үстіне, Мәриям Жүсіпке әлі тұрмысқа шықпаған болатын. Сондықтан ол: “Мен еркекпен жақындасқан емеспін ғой, бұл қалай болады?”— деп ашық сұрады (Лұқа 1:34). Назар аударсақ, Мәриям өзінің пәктігі жайлы еш қысылмай айтқан. Ол осындай таза күйін мақтан еткен. Бүгінде көптеген елдерде жастар пәктігінен тез-ақ айырылып, ал пәктігін сақтағандарды күлкі етіп жатады. Рас, адамдардың көзқарасы да, заман да өзгерді, бірақ Ехоба өзгерген жоқ (Малх. 3:6). Мәриямның кезіндегідей, ол бүгінгі күні де тазалық сақтайтын өнегелі жандарды жоғары бағалайды (Еврейлерге 13:4 оқыңыз).

8. Қалайша кемелсіз Мәриям дүниеге кемелді ұл әкелмек?

8 Мәриямның Құдайға қызмет етіп жүрген адал қыз екендігі рас. Бірақ ол бәрібір кемелсіз пенде ғой. Ол Құдайдың Ұлын, еш міні жоқ кемелді адамды, дүниеге қалай әкелмек? Жәбірейіл Мәриямға былай деді: “Сенің үстіңе киелі рух қонып, Құдай Тағала саған құдіретінің көлеңкесін түсіреді. Сондықтан сен табатын бала киелі әрі Құдайдың Ұлы деп аталатын болады” (Лұқа 1:35). “Киелі” сөзі “таза”, “кінәратсыз”, “қасиетті” деген сөздермен мағыналас. Барлық балалар кемелсіз ата-аналарынан кемелсіздік пен күнәні мұра етеді. Бірақ Мәриямның жағдайында Ехоба бір керемет жасамақшы. Ол көкте өмір сүретін Ұлының өмірін Мәриямның құрсағына салып, өзінің күші — киелі рухымен Мәриямға “көлеңкесін” түсіріп, баланы күнәнің кез келген әсерінен қорғамақшы. Мәриям періштенің бұл сөздеріне сенді ме? Ол не деп жауап берді?

Мәриямның Жәбірейілге берген жауабы

9. а) Сыншылардың Мәриямға қатысты айтқан сөздері неге орынсыз? ә) Жәбірейіл Мәриямның сенімін қалай нығайтты?

9 Кейбір сыншылар мен христиан дінінің мамандары пәк қыздың дүниеге бала әкелгеніне күмән келтіреді. Білімі мен біліктері мол болса да, олар бір қарапайым нәрсені түсінбейді. Жәбірейіл періште айтқандай, “Құдай үшін мүмкін емес нәрсе жоқ” (Лұқа 1:37). Мәриямның Құдайға деген сенімі мықты болғандықтан, ол періштенің сөздеріне сенді. Алайда оның сенімі соқыр сенім болған жоқ. Жәбірейіл нақты дәлел келтіргендіктен, бұл Мәриямның сеніміне берік негіз болды. Періште оған өмір бойы бедеу болған Елізабет деген егде жастағы туысының аяғы ауыр екенін хабарлады. Құдайдың жасаған кереметінің арқасында бұл әйелдің бойына бала біткен еді!

10. Мәриямға алған тапсырмасын орындау неге оңай болмады?

10 Құдайдан ерекше тапсырма алған әрі оның Жәбірейіл періште арқылы жеткізген сөзін жүзеге асыратынына көзі жеткен Мәриям қандай шешім қабылдар екен? Құдайдан мұндай тапсырма алу мәртебе болғанымен, оны атқару оңай іс емес-тін. Мысалы, Мәриям Жүсіпке айттырылып қойған еді. Оның жүкті екенін білгенде, Жүсіп оған үйленемін деген ойынан айнып кетпес пе екен? Оның үстіне, тапсырманың өзі де Мәриямға тым көп жауапкершілікті талап ететіндей ауыр көрінген болуы мүмкін. Себебі ол Құдайдың жаратқандарының ішіндегі ең асылын — оның сүйікті Ұлын — дүниеге әкелмек еді! Мәриям оны жаңа туылған дәрменсіз нәресте кезінде қамқорлап, түнек басқан зұлым заманда оған қорғаныш болуы керек. Расында да, бұл оңай емес еді!

11, 12. а) Сенімі мықты адал ер кісілердің кейбірі Құдайдан тапсырма алғанда, қалай әрекет еткен? ә) Мәриямның періштеге берген жауабы нені аян етеді?

11 Сенімі мықты адал ер кісілердің өзі Құдай тапсырған істі ауырсынып, оны атқарудан қашқақтаған. Мысалы, Мұса пайғамбар сөзге шорқақпын деп, Құдайдың атынан сөйлеуге бірден келіспеген (Мұс. 2-ж. 4:10). Ал Еремия: “Мен жұрт алдында сөйлей алмаймын, әлі жаспын ғой”,— деген (Ерм. 1:6). Жүніс болса Ехобаның тапсырмасын орындамау үшін алысқа қашып кеткен! (Жүніс 1:3). Ал Мәриям не істемек?

12 Ол періштеге былай деп жауап берді: “Мен Ехоба Құдайдың құлымын! Барлығы сіз айтқандай болсын!” (Лұқа 1:38). Мәриямның кішіпейілділігі мен тілалғыштығын паш ететін осы сөздері әлі күнге дейін Құдайдың қызметшілерінің жүрегін тербейді. Ол өзін Қожайыны Ехобаның құлы деп қарастырған. Әдетте, құлдар ең төменгі сатының адамдары болып есептеледі және олардың өмірі толықтай қожайындарына тәуелді болады. Мәриям Құдайдың қанатының астында қауіпсіз болатынын әрі оның адал адамға адалдық танытатынын білген. Сондай-ақ тапсырманы орындауға бар күшін салса, Құдайдың жарылқауына ие болатынына сенімді болған (Зәб. 18:25).

Мәриям Құдайдың қанатының астында қауіпсіз болатынын әрі оның адал адамға адалдық танытатынын білген

13. Құдайдың тапсырмасы ауыр болып көрінсе, Мәриямға қалай еліктей аламыз?

13 Құдай кейде бізге ауыр, тіпті қолымыздан келмейтіндей көрінетін іс тапсыруы мүмкін. Алайда оған сенім артып, арқа сүйеуімізге Киелі кітапта көп себеп келтіріледі. Құдай Сөзі бізді Мәриям сияқты, өмірімізді Ехобаның қолына тапсыруға шақырады (Нақ. с. 3:5, 6). Осы шақыруға біз құлақ асамыз ба? Солай етсек, Құдай батасын төгіп, сенімімізді болаттай берік етеді.

Елізабетпен жүздесу

14, 15. а) Елізабеттің үйіне келгенде, Ехоба Мәриямға ықыласын қалай түсірді? ә) Лұқа 1:46—55 тармақтарда жазылған Мәриямның сөздері нені аян етеді?

14 Жәбірейілдің Елізабет туралы айтқандары Мәриям үшін аса маңызды болды. Мәриямның ендігі жағдайын Елізабеттен артық ешкім түсіне алмас еді. Мәриям оның үйіне жеткенше асықты. Ол үш-төрт күндік жол жүріп, Яһуда жерінің таулы өңіріне жетті. Мәриям Елізабеттің үйіне кіргенде, Ехоба жас қыздың сенімін тағы бір рет нығайтып, ықыласына бөледі. Мәриям амандасқан кезде Елізабет құрсағындағы баласының қуаныштан тыпырлап кеткенін сезді. Сонда ол киелі рухқа кенеліп, Мәриямды “Иемнің анасы” деп атады. Ехоба Құдай Елізабетке Мәриям дүниеге әкелетін ұлдың оның Иесі не Мәсіх болатынын ашты. Сосын Елізабет: “Айтылғанға сенген сен бақыттысың!”— деп, Мәриямды сенімі мен мойынсұнушылығы үшін мақтады (Лұқа 1:39—45). Ехоба Мәриямға айтқандарының бәрін шынымен де жүзеге асырмақ еді!

Мәриям мен Елізабеттің достық қарым-қатынасы нағыз сый әрі бата болды

15 Мәриямның Елізабетке айтқан жауабы Лұқа кітабының 1-тарауында толық жазылған (Лұқа 1:46—55 оқыңыз). Бұл — Мәриямның сөздері келтірілген әрі оның болмысын сан қырынан аша түсетін Киелі кітаптағы ең көлемді үзінді. Онда Мәриям Мәсіхтің анасы болу мәртебесі үшін Ехобаға ризашылық білдіреді. Ол Ехобаның тәкаппарлар мен қолында билігі барларды төмендете алатынын, ал өзіне қызмет еткісі келетін қарапайым не жарлы адамдарға қол ұшын беретінін айтып, сенімінің қаншалықты берік екенін көрсетеді. Бұл үзінді Мәриямның білім деңгейін де аян етеді. Бір ғалымның айтуынша, ол Еврей жазбаларынан 20-дан астам үзінді келтірген! *

16, 17. а) Мәриям мен оның ұлының қандай қасиетін үлгі етуіміз керек? ә) Мәриям мен Елізабеттің арақатынасы қандай сыйды еске салады?

16 Мәриям Құдай Сөзі жайында терең ой жүгірткен. Әйтсе де ол өз ойларына емес, Жазбаларға назар аударып, кішіпейіл болмысынан еш айнымаған. Оның құрсағында жетіліп жатқан бала да бір күні: “Ілімім — менікі емес, мені жібергендікі”,— деп, тура анасы сияқты кішіпейілділік танытады (Жох. 7:16). Біз де мына сұрақтар бойынша өзімізді тексергеніміз жақсы: мен Құдай сөзін жоғары бағалаймын ба? Әлде өз ойымды, өз көзқарасымды айтқанды ұнатамын ба? Бұл сұрақтарға Мәриямның қалай жауап берері айтпаса да түсінікті.

17 Мәриям Елізабеттің үйінде үш айдай жүрді. Екеуі осы уақыт аралығында бір-біріне демеу болып, өзара жігерленсе керек (Лұқа 1:56). Өмірлерінің ең маңызды кезеңінде Мәриям мен Елізабет бір-бірінің жанынан табылып, сүйеу болғандары достық қарым-қатынастың нағыз сый әрі бата екенін растайды. Біз де достарды Ехоба Құдайды шындап жақсы көретін адамдардың арасынан таңдасақ, рухани алға басып, Құдайға жақын бола түсеміз (Нақ. с. 13:20). Енді Мәриямның үйіне оралатын кезі келіп жетті. Жүсіп болашақ жарының қандай күйде екенін білгенде, не болар екен?

Мәриям мен Жүсіп

18. Мәриям Жүсіпке не жайлы айтып берді және Жүсіп не істеді?

18 Мәриям аяғы ауыр екендігі сырт көзге байқалатын кезді күтпей, Жүсіпке жолығып, бәрін айтып берді. Мәриям оның әдепті әрі Құдайдан қорқатын жігіт екенін білсе де, оның не дейтінін ойлап, уайымдаған шығар. Әйтсе де Мәриям Жүсіптің алдына келіп, басынан өткергенін түгел баяндап берді. Сол кезде Жүсіптің жан дүниесі қандай күй кешкенін елестетіп көріңізші. Ол сүйген қызына сенгісі-ақ келді, бірақ Мәриямның айтқандары оған еш қисынсыз болып көрінді. Киелі кітапта Жүсіптің сол уақытта не ойлағаны жайлы ештеңе айтылмаған, бірақ оның Мәрияммен ажырасып кеткісі келгені жазылған. Сол уақытта жұрт атастырылған жұптарды некелескен адамдар деп қарастырған. Алайда Жүсіп шу шығып, Мәриямның жұртқа масқара болғанын қаламады, сондықтан онымен жасырын түрде ажыраспақ болды (Мат. 1:18, 19). Жүсіптің уайымға салынып, қиналып жүргенін көру Мәриямның жүрегін ауыртқан да шығар. Бірақ айтқандарына сенбегені үшін Мәриям оны жазғырмады.

19. Ехоба Жүсіпке дұрыс әрекет етуге қалай көмектесті?

19 Ехоба мейіріммен Жүсіпке дұрыс әрекет етуге көмектесті. Жүсіпке түсінде Құдайдың періштесі көрініп, Мәриямның киелі рухтың құдіретімен жүкті болғанын айтты. Осы кезде Жүсіптің иығынан жүк түскендей болған шығар! Енді ол да Мәриям сияқты Ехобаның еркіне сай әрекет етуге дайын болды. Ол Мәриямға үйленіп, Ехобаның ұлын тәрбиелеп өсіруді өз мойнына алды (Мат. 1:20—24).

20, 21. Ерлі-зайыптыларға немесе неке құрайын деп жүргендерге Жүсіп пен Мәриям қай жағынан үлгі болып табылады?

20 Ерлі-зайыптылар немесе неке құрайын деп жүргендер 2000 жыл бұрын өмір сүрген осы жас жұбайлардың мысалынан көп нәрсеге үйрене алады. Сүйікті жарының үй шаруасымен айналысып, балаларын бағып-қағып жүргенін көргенде, Жүсіп Ехобаның бір кездері дұрыс шешім қабылдауға көмектескенін есіне алып, жүрегі ризашылыққа толған болар. Шешім қабылдағанда Ехобаға арқа сүйеудің қаншалықты маңызды екеніне Жүсіптің көзі жетті (Зәб. 37:5; Нақ. с. 18:13). Оның қамқор әрі мейірімді отағасы болғанында күмән жоқ.

21 Жүсіп алғашында күмәнмен қараған болса да, Мәриям оған тұрмысқа шығудан бас тартпады. Ол араға уақыт салып, Жүсіптің болашақ отағасы ретінде шешім қабылдағанын күтті. Ол шыдамдылықтың жақсы жеміс әкелетінін білген. Расында да, Мәриям — бүгіндегі мәсіхші әйелдер үшін таптырмас үлгі. Осы жағдайлардың арқасында Жүсіп пен Мәриям бір-бірінен сезімдерін жасырмай, ашық сөйлесудің маңызды екенін түсінді (Нақыл сөздер 15:22 оқыңыз).

22. Жүсіп пен Мәриям некелерін қандай негізге қалады және оларды алда не күтіп тұрды?

22 Бұл екі жас некелерін берік негізге қалады. Олардың екеуі де Ехобаны өте қатты жақсы көрді және қамқор әрі жауапкершілігі мол ата-ана болуға көп күш салды. Әрине, бұл жұп алда өмірдің ыстық-суығын көріп, ащы-тұщысын бірге татпақ еді. Сондай-ақ олар адамзат тарихындағы ең ұлы адам болатын Исаны бірге өсіріп, тәрбиелемек еді.

^ 15-абзац Мәриям келтірген үзінділердің арасында Құдайдың адал қызметшісі болған Ханнаның сөздері де бар. Ханна да кезінде бала көтеріп, Ехобаның батасына кенелген. (6-тараудағы “Ден қоярлық екі дұға” деген қоршауды қараңыз.)