Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

ЕКІНШІ ТАРАУ

Ол “Құдай жолымен жүрді”

Ол “Құдай жолымен жүрді”

1, 2. Нұх пен оның отбасы қандай құрылысқа қатысты және олар қандай қиындыққа кезікті?

БЕЛ ЖАЗЫП, демалып тұрған Нұхты көз алдыңызға елестетіңізші. Ол бөрененің үстіне отыра кетіп, соғылып жатқан үлкен кеменің қаңқасына көз тастады. Есіп тұрған желмен мұрынға қарамайдың иісі келеді. Құрал-саймандардың тарс-тұрс еткен дыбысы шығып тұр. Бір кезде ол кеме қаңқасының әр тұсында жұмыс істеп жатқан ұлдарына қарады. Нұхтың кеме соға бастағанына ондаған жыл болған еді. Бұл істе оның ұлдары, келіндері мен аяулы жары да қатар тер төгіп, өз үлестерін қосып жүр. Біраз жұмыс атқарылғанмен, алда әлі көп іс күтіп тұрды.

2 Сол аймақта тұратын адамдар Нұх пен оның отбасын есінен адасқандар деп есептейді. Кеме неғұрлым бой көтерген сайын, олардың келеке-мазағы да соғұрлым үдей түсті. Нұхтың жер бетін топан су басады деген ескертуін олар ақымақтық деп санайды. Оның кемені соғуға әйелі мен бала-шағасын араластырып, өз өмірін де сарп етіп жатқаны олардың ақылына сыяр емес. Алайда Нұхқа осы тапсырманы берген Құдайдың көзқарасы мүлдем өзгеше еді.

3. Нұхтың Құдай жолымен жүргені неден көрінеді?

3 Киелі кітапта Нұхтың “Құдай жолымен жүргені” айтылған (Мұсаның 1-жазбасы 6:9 оқыңыз). Ол Құдайды қатты жақсы көріп, айтқандарын бұлжытпай орындаған. Ехоба оған досындай болған. Ғасырлар өте келе Нұх туралы Киелі кітапта былай деп жазылды: “[Ол] сенімі арқылы дүниені айыптады” (Евр. 11:7). Бұл сөздер нені білдіреді және бүгінде Нұхтың сенімі қай жағынан үлгі болып табылады?

Зұлым дүниедегі кінәратсыз кісі

4, 5. Нұхтың заманында зұлымдық қалай өршіді?

4 Нұх зұлымдық өршіп тұрған кезеңде өмір сүрді. Құдайдың жолымен жүрген оның арғы атасы Енохтың заманында да адамдар зұлым болған. Енох оларға жер бетіндегі құдайсыз адамдардың сотталатын күні келетіні жайлы пайғамбарлық еткен. Алайда Нұхтың заманында жағдай одан бетер ушыға түсті. Киелі кітапта сол заман жайлы: “Құдайдың көз алдында дүние бұзылған әрі зұлымдыққа толы еді”,— делінген (Мұс. 1-ж. 5:22; 6:11; Яһд. 14, 15). Жер бетінің мұншалықты бүлінуіне не себеп болды?

5 Бәрі де көкте орын алған сұмдық жайттан басталды. Періштелердің бірі бүлік шығарып, Шайтан Ібіліске айналған болатын. Ол Құдайға жала жапты және Адам мен Хауаны күнәға азғырды. Ал Нұхтың заманында басқа періштелер де оның бүлігіне қосылып, Ехобаның әділ билігіне қарсы шықты. Олар Құдай белгілеген көктегі орындарын тастап, адами денемен жерге келді. Сөйтіп, сұлу қыздарды әйелдікке алды. Өркөкірек әрі өзімшіл бұл періштелер адамзатқа көп зияндық әкелді (Мұс. 1-ж. 6:1, 2; Яһд. 6, 7).

6. Алыптардың пайда болғаны дүниенің ахуалына қалай әсер етті және Ехоба қандай шешім қабылдады?

6 Адам кейпіндегі періштелер мен әйелдердің табиғатқа жат қарым-қатынастарынан күші көп дәу балалар туыла бастады. Өсе келе олар адамдарды “сұлатып салатын” бұзақы алыптарға айналды. Осы арсыз алыптар сол кездегі онсыз да қатыгез әрі құдайсыз дүниені зұлымдыққа белшесінен батырды. Сонда “Ехоба адам баласының жер бетінде жасаған зұлымдығы орасан зор екенін және олардың есіл-дерті жамандық істеу екенін көрді”. Сол себепті ол зұлым қоғамды жоюды шешті. Құдай бұл үкімін 120 жылдан кейін іске асырмақ еді (Мұсаның 1-жазбасы 6:3—5 оқыңыз).

7. Нұх пен оның әйеліне балаларын қоғамның жаман әсерінен қорғау оңай болды ма?

7 Осындай дүниеде жақсы отбасын құру оңай болмаған. Алайда Нұх жақсы әйелге үйленді. Ол 500 жасқа * келіп қалғанында Шам, Хам және Япші деген үш баланың әкесі болды. Нұх пен оның әйеліне балаларын сол кездегі зұлымдыққа толы қоғамның жаман әсерінен қорғау керек болды. Әдетте балалар күшті әрі атақты адамдарға еліктегіш келеді. Ал Нұхтың заманындағы алыптар мықты әрі аты шыққан адамдар еді. Нұх пен әйелі ұлдарын сол бұзақы алыптардың істері жайлы тараған әңгімелердің барлығынан қалқалай алмаған шығар. Бірақ олар балаларына зұлымдық атаулыны жек көретін Ехоба туралы шындықты айтып отырған. Сондай-ақ дүниені жайлап кеткен зұлымдық пен бүлікті көргенде, Ехобаның жүрегі қаншалықты ауыратынын да айтып түсіндірген болар (Мұс. 1-ж. 6:6).

Нұх пен оның әйеліне балаларын жаман ортадан қорғау керек болды

8. Ата-аналар Нұх пен оның әйеліне қалай еліктей алады?

8 Ата-аналар Нұх пен оның әйелінің сезімдерін жақсы түсінеді. Өйткені дүние қазір де сол кездегідей қатыгездік пен бүлікке толып тұр. Қалаларда қаруланып жүретін жастар тобы көптеп кездеседі. Тіпті балаларға арналған көңіл көтеру түрлері де қатыгездікті үйретуге бағытталған. Сондықтан ақылды ата-аналар балаларын дүниенің зиянды ықпалынан қорғау үшін қолдан келгеннің бәрін істейді. Олар балаларына зұлымдықты түптамырымен құртатын тыныштықтың Құдайы Ехоба жайлы тәлім береді (Зәб. 11:5; 37:10, 11). Әрине, зұлым дүниеде балаға дұрыс әрекет етуді үйрету оңай емес, бірақ бұл мүмкін нәрсе. Мұның растығын Нұх пен оның әйелінің мысалынан көруге болады. Олардың балалары жақсы адам болып өсті, әрі өздері сияқты шынайы Құдай Ехобаға қызмет ететін қыздарға үйленді.

“Кеме соқ”

9, 10. а) Нұх Ехобадан өмірін күрт өзгерткен қандай бұйрық алды? ә) Ехоба кемеге қатысты Нұхқа не айтты?

9 Күндердің күнінде Нұхтың өмірі күрт өзгерді. Ехоба өзінің сүйікті қызметшісі Нұхқа дүниені құртатынын айтып, оған: “Сен шайырлы ағаштан кеме соқ”,— деп бұйырды (Мұс. 1-ж. 6:14).

10 Бұл кеме қазіргі замандағы кемелерге мүлдем ұқсамаған. Оның пішіні үлкен сандық тәрізді болған. Ехоба Нұхқа кеменің көлемі мен құрылысына қатысты нақты нұсқаулар беріп, іші-сыртына қарамай жағу керектігін айтты. Сосын ол былай деді: “Мен жер бетіне топан су қаптатып, аспан астындағы кеудесінде демі бардың бәрін құртамын. Жер бетіндегінің бәрі жойылады”. Ехоба Нұхпен келісім жасасып: “Өзің, ұлдарың, әйелің мен келіндерің кемеге кіресіңдер”,— деді. Нұхқа кемеге отбасын ғана емес, жан-жануардың барлық түрін де кіргізу керек болды. Себебі төніп келе жатқан топан судан кемеге кіргендер ғана аман қалмақ еді (Мұс. 1-ж. 6:17—20).

Нұх пен оның отбасы Құдайдың тапсырмасын жұмылған жұдырықтай бірлесе орындады

11, 12. Нұхты қандай үлкен іс күтіп тұрды және бұл істі ол қалай атқарды?

11 Нұхты үлкен іс күтіп тұрды. Өйткені кеменің көлемі өте ауқымды еді: ұзындығы шамамен 133, ені 22, ал биіктігі 13 метр болатын. Қазіргі замандағы теңізде жүзетін ең үлкен деген ағаш кеменің өзі мұнымен салыстыруға келмейді. Нұх оңайға соқпайтын осы тапсырмадан жалтаруға тырысты ма? Я болмаса тапсырманың ауыр екеніне шағымданып, наразы болды ма? Әлде ауырдың үстімен, жеңілдің астымен жүріп, кемеге қатысты кейбір нұсқауларды шет қалдырды ма? Жоқ. Өйткені Киелі кітапта: “Нұх бәрін Құдайдың бұйырғаны бойынша жасады. Құдай қалай айтса, дәл солай істеді”,— делінген (Мұс. 1-ж. 6:22).

12 Кеменің құрылысы 40 не 50 жылға созылған болуы мүмкін. Нұхқа ағаштарды шауып, оларды тасып, бөренелерді кесіп дайындап, бір-бірімен біріктіру қажет болды. Кеменің үш қабаты, бірнеше бөлімі мен бүйірінде бір есігі болған. Оның жоғарғы жағында терезелері болғанға ұқсайды. Ал шайырмен сыланған шатыры жаңбыр суы тез ағып кететіндей сүйірлеу етіп жасалған болса керек (Мұс. 1-ж. 6:14—16).

13. Нұх кеме соғумен қатар не істеген және адамдар бұған қалай қараған?

13 Жыл өткен сайын, кеме бой көтере бастады. Нұх осы істе отбасының қолдау көрсеткеніне риза болған шығар! Бірақ оның кеме соғудан да қиын тапсырмасы болды. Киелі кітапта Нұх “әділдікті уағыздаушы” деп аталған (Петірдің 2-хаты 2:5 оқыңыз). Әділдікті уағыздау үлкен батылдықты талап етеді. Нұх осы істе жетекшілікті қолға алып, адамдарға зұлым әрі құдайсыз қоғамның жойылғалы тұрғанын батыл ескерткен. Адамдар бұл ескертуге қалай қарады? Ғасырлар өте Иса Мәсіх сол заманға нұсқап, олардың “еш ойланбағанын” айтты. Ішіп-жеу, әйел алу, қыз ұзату сияқты күйбің тірлікке бастарымен кіріп кеткені сонша — ешкім Нұхтың айтқанына құлақ түрмеді (Мат. 24:37—39). Көпшілігі оның өзін де, отбасын да келеке-мазақ еткен. Кейбіреулері оларға қоқан-лоқы жасап, қатты қарсылық көрсеткен де шығар. Тіпті олардың құрылыс жұмыстарын тоқтатуға тырысқан болулары да мүмкін.

Құдайдың Нұхты жарылқап жатқанын көрсе де, адамдар оны келеке-мазақ етіп, хабарына құлақ аспаған

14. Мәсіхшілер Нұх пен оның отбасынан не нәрсеге үйрене алады?

14 Әйтсе де Нұх отбасымен бірге бастаған ісін тоқтатқан жоқ. Қара басының қамын ойлап қалған адамдарға кеме соғу ісі ақымақтық, түк пайдасы жоқ бос іс болып көрінгеніне қарамастан, олар кеме құрылысын жалғастыра берді. Бүгінде мәсіхші отбасылар Нұх пен оның үй ішінің танытқан сенімдерінен көп нәрсеге үйрене алады. Өйткені біз де Киелі кітапта айтылған “соңғы күндерде” өмір сүріп жатырмыз (Тім. 2-х. 3:1). Иса біздің заманымыздың Нұхтың заманына ұқсас болатынын алдын ала айтқан. Мәсіхшілер Құдай Патшалығы жайлы уағыздағанда, адамдар немқұрайдылықпен қарап, мазақ етсе, тіпті қудаласа, Нұхтың мысалын ойда тұтқандары жөн. Өйткені ол да дәл осындай қиындықтарға кезіккен.

“Кемеге кір”

15. Нұх 600 жасқа таяп қалған кезде қандай қайғылы жағдайды бастан кешірді?

15 Арада біраз жыл өтіп, кеме құрылысы өз мәресіне жетті. Нұх 600 жасқа таяп қалған кезде оның кейбір туыстары дүниеден озды. Алдымен әкесі Ләмех қайтыс болды *, бес жылдан соң атасы Мәтусала 969 жасында көз жұмды. Мәтусала — Киелі кітапта жазылған адамдардың ішінде ең ұзақ ғұмыр кешкен кісі (Мұс. 1-ж. 5:27). Ләмех те, Мәтусала да Адам атамен замандас болған.

16, 17. а) Нұх 600 жасқа келгенде, Ехоба оған не деді? ә) Нұх пен оның отбасы қандай естен кетпес көріністің куәсі болды?

16 Нұх 600 жасқа келгенде, Ехоба оған: “Үй ішіңмен бірге кемеге кір”,— деді. Сондай-ақ Құдай оған құрбандыққа шалынатын адал жануарларды жеті-жетіден, ал қалғандарын екі-екіден кемеге кіргізуді тапсырды (Мұс. 1-ж. 7:1—3).

17 Бұл бір керемет көрініс еді! Көкжиектен мыңдаған тіршілік иелері ағылып келіп жатты. Сан алуан бұл жануарлардың бірі жүріп, бірі ұшып, басқалары жорғалап келеді. Нұх оларды кеменің ішіне айқайлап айдап, ал жыртқыштарын алдап шақырып кіргізген жоқ. Себебі Киелі кітапта барлық жануарлардың кемеге өздері кіргені жазылған (Мұс. 1-ж. 7:9).

18, 19. а) Нұх басынан өткерген оқиғаға күмән келтіретін сыншылардың сұрақтарына қалай жауап беруге болады? ә) Жануарларды қалай аман сақтағанынан Құдай жайлы не білеміз?

18 Кейбір сыншылар: “Бұл қалай болуы мүмкін? Жан-жануарлардың бәрі жабық кеменің ішінде өзара тату тұруы мүмкін бе?”— деп жатады. Бірақ ойланып көріңізші: Жаратушы Құдайдың өзі жаратқан жануарларды қадағалап, қажет болса, оларды жуасытып, тілалғыш етуге құдіреті жетеді емес пе? Бәлкім, Ехобаның Қызыл теңізді қақ жарғаны және күнді тоқтатып қойғаны есіңізде болар. Оның Нұхтың жағдайында да барлық істі өз бақылауына алғанында күмән жоқ.

19 Әрине, Құдай жан-жануарларды басқаша жолмен де құтқара алар еді. Бірақ оларды дәл осылай аман сақтағанынан Құдайдың даналығы көрінеді және ниеті бойынша жануарларға қамқорлық көрсетуді адамдарға міндеттегенін есімізге салады (Мұс. 1-ж. 1:28). Бүгінде көптеген ата-ана Нұхтың оқиғасын келтіре отырып, балаларына келесі жайтты түсіндіреді: Ехоба үшін өзі жаратқан адамдар мен жануарлардың өмірі өте бағалы.

20. Топан суға бір апта қалғанда, Нұх пен оның отбасы немен айналысқан болуы мүмкін?

20 Ехоба Нұхқа жеті күннен кейін жерді топан су басатынын айтты. Нұхтың отбасы үшін нағыз қарбалас мезгіл енді туса керек. Елестетіп көріңізші, Нұх отбасымен бірге барлық жануарды кемедегі орындарына жайғастырып, олардың азықтарын және өздеріне қажетті заттардың бәрін тасып жатты. Нұхтың әйелі мен үш келіні болса әсіресе кеменің ішін жайлы етудің қамымен жүрді.

21, 22. а) Неге Нұхтың күндеріндегі адамдардың немқұрайдылық танытқандары бізді таңғалдырмайды? ә) Адамдар Нұх пен оның отбасын қашанға дейін келеке-мазақ етті?

21 Осы қарбалас уақытта басқа адамдар не істеп жүрді? Олар Ехобаның Нұхты жарылқап, еңбегіне батасын төккеніне куә болса да, еш ойланбады. Олардың кемеге ағылып кіріп жатқан жануарларды байқамауы мүмкін емес еді. Бірақ мұндай немкеттіліктері бізді таңғалдырмайды. Өйткені қазіргі кездегі адамдар да осы дүниенің соңғы күндерінде өмір сүріп жатқанымыздың көптеген айқын дәлелдеріне назар аудармайды. Бұған қоса, елші Петір алдын ала айтқандай, мазақтаушылар пайда болып, Құдайдың ескертуіне құлақ түретін адамдарды келеке етіп жүр (Петірдің 2-хаты 3:3—6 оқыңыз). Нұх пен оның отбасының да осындай мазаққа ұшырағанында дау жоқ.

22 Адамдар оларды қашанға дейін келеке-мазақ етті? Киелі кітапта Нұх отбасымен және барлық жануармен бірге кемеге кіргеннен кейін, “Ехобаның сыртынан есікті жауып қойғаны” айтылған. Нұхты мазақ еткендердің кейбірі мұны көрген болса, олардың ауыздарына құм құйылғанында сөз жоқ. Олай болмаған күнде де, аспаннан құйған жаңбыр бәрін жым қылды. Ехоба айтқандай, бүкіл жер беті топан судың астында қалғанша жаңбыр шелектеп жауа берді (Мұс. 1-ж. 7:16—21).

23. а) Зұлым адамдардың өлім құшқанына Ехоба қуанды ма? ә) Бүгінде Нұхтың сенімін үлгі ету неге маңызды?

23 Сол зұлым адамдардың өлім құшқанына Ехоба қуанды ма? Жоқ (Езек. 33:11). Қайта, Құдай оларға жеткілікті уақыт беріп, өмірлерін өзгертуге және тура жолды таңдауға мүмкіндік берген болатын. Алайда өзгеріс жасап, Құдайға ұнамды өмір сүру олардың қолынан келер ме еді? Нұхтың қалай өмір сүргені бұл сұраққа жауап болып табылады. Нұх Ехобамен бірге жүріп, барлық жағдайда оған мойынсұнатын адамдардың құтқарыла алатындарын дәлелдеді. Осылайша ол Киелі кітапта айтылғандай, сенімі арқылы сол кездегі дүниені айыптады, яғни замандастарының зұлымдықтарын әшкерелеп, Құдайға ұнамды өмір салтын ұстануға болатынын дәлелдеді. Сенімнің арқасында Нұхтың өзі де, отбасы да аман қалды. Оның сенімін үлгі етер болсаңыз, өзіңіз де, жақын адамдарыңыз да құтқарылады. Сіз де Нұх сияқты, Ехоба Құдаймен дос бола аласыз. Ал мұндай достық мәңгіге ұласады!

^ 7-абзац Сол замандағы адамдар қазіргіге қарағанда әлдеқайда ұзақ өмір сүрген. Күш-қайраттарының көп болғандығы олардың Адам мен Хауа жоғалтып алған кемелділікке бір табан жақын болғандығымен байланысты болуы мүмкін.

^ 15-абзац Ләмех өз ұлына Нұх деген есім берген. Бұл есім “тыным”, “жұбаныш” дегенді білдірсе керек. Ол Нұхтың атына заты сай болып, қарғысқа ұшыраған жерде бейнет шегіп жүрген адамзатқа жұбаныш әкелетінін пайғамбарлық еткен (Мұс. 1-ж. 5:28, 29). Алайда Ләмех бұл пайғамбарлығының орындалғанын көре алмай, дүние салды. Нұхтың анасы мен бауырлары болса топан су кезінде қаза тапқан болуы мүмкін.