Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

ОН БІРІНШІ ТАРАУ

Ол сергек болып, Ехобаны күтті

Ол сергек болып, Ехобаны күтті

1, 2. Ілияс қандай тапсырма алды және оның Ахабтан айырмашылығы қандай?

ІЛИЯС оңаша қалып, көктегі Әкесіне дұға еткенше асықты. Алайда Ілиястың ықыласына ие болғысы келген жұрт оны жан-жағынан қаумалап тұрды. Себебі олар жаңа ғана осы шынайы пайғамбардың көктен от түсіргенін өз көздерімен көрген еді. Ілияс Кармил тауының шыңына қарай көтеріліп, Ехоба Құдайға оңашада дұға етпес бұрын, бір жағымсыз істі атқаруы керек болды. Ол зұлым патша Ахабқа жолығып, сөйлесуі керек еді.

2 Ахаб пен Ілияс екі түрлі адам болатын. Үлде мен бүлдеге оранып, патшалардың салтанатты киімін киіп жүретін Ахаб ашкөз, жамандыққа тез еліккіш, тура жолдан тайған адам еді. Ілияс болса пайғамбарлар киетін қарапайым киіммен жүретін. Мұндай киімдер теріден жасалған немесе түйе не ешкі жүнінен тоқылған болуы мүмкін. Ілияс батыл, өз ұстанымдарына адал, сенімі берік адам болатын. Бұл екі кісінің болмыстары сол күні кеш батпай тағы бір жаңа қырынан ашылды.

3, 4. а) Неліктен Бағалдың табынушылары мен Ахаб патша масқараға қалды? ә) Біз қандай сұрақтарды қарастырамыз?

3 Расында да осы күні Бағалдың табынушылары мен Ахаб патша масқараға қалды. Он рулық патшалыққа Ахаб пен Езабел ендірген бұл діннің күлі көкке ұшты. Бағалдың бетпердесі ашылып, оның жалған құдай екені бәріне мәлім болды. Қызметшілері айғайлап атын шақырып, би билеп, денелерін қан жоса етіп қанжармен тілгілесе де, Бағал от түгіл от ұшқынын да шығармады. Ол өзінің өлімге кесілген 450 пайғамбарын да құтқарып қала алмады. Бағалдың жалған құдай екенін көрсеткен тек бұл жағдайлар ғана емес. Оның пайғамбарлары үш жылдан аса уақыт бойы жалбарынып, жердің сорын шығарған қуаңшылыққа шек қоюын сұраса да, жағдай еш өзгермеді. Ал Ехоба болса алдағы уақытта жауын-шашын жіберіп, өзінің тірі Құдай екенін дәлелдемек еді (Пат. 1-ж. 16:30—17:1; 18:1—40).

4 Бұл қашан жүзеге аспақ? Ехоба жауын-шашын жіберген уақытқа дейін Ілияс не істеді? Сенімі берік бұл пайғамбардан біз қандай үлгі аламыз? Киелі кітаптың бұл жайында не дейтінін көрейік (Патшалар 1-жазба 18:41—46 оқыңыз).

Ол дұға етумен болды

5. Ілияс Ахабқа не деді және Ахаб болған жайттардан бір нәрсе түйді ме?

5 Содан Ілияс Ахаб патшаға жолығып: “Бар да, ішіп-же, себебі мен нөсердің даусын естіп тұрмын!”— деді. Бұл зұлым патша сол күні болған жайттардан бір нәрсе түйді ме? Жазбаларда оның өкінгені немесе Ілиясқа барып, одан өзі үшін Ехобадан кешірім сұрауын өтінгені жайлы ештеңе айтылмайды. Онда тек қана: “Ахаб ішіп-жеуге кетті”,— делінген (Пат. 1-ж. 18:41, 42).

6, 7. Ілияс не туралы дұға етті және неліктен?

6 Ахаб кеткеннен кейін Ілияс не істеді? Ол “Кармил тауына көтерілді де, тізерлеп, басын екі тізесінің арасына қойып отырды”. Ахаб қарнын тойдыруға кеткенде, Ілияс көктегі Әкесімен оңаша қалып, дұға еткісі келді. Ол кішіпейілділікпен басын тізесіне дейін иіп, Құдайдан не сұрамақ болды? Жақып 5:18-де Ілиястың қуаңшылық мерзімінің аяқталғанын өтініп дұға еткені айтылған. Демек, ол Кармил тауында Ехобаға осы жайында дұға етсе керек.

Ілияс Ехобаның өз ниетін жүзеге асырғанын қатты қалап, үздіксіз дұға етті

7 Ехоба бұған дейін Ілиясқа: “Мен жер бетіне жауын жаудырамын”,— деген болатын (Пат. 1-ж. 18:1). Ілияс дұғасында Ехобадан осы ниетінің жүзеге асуын сұрады. Осыдан шамамен мың жыл өткеннен кейін Иса да шәкірттеріне дәл осылай дұға етуді үйретті (Мат. 6:9, 10).

8. Ілияс бізге дұға етуге қатысты қандай үлгі қалдырды?

8 Ілияс дұға етуге қатысты бізге өте жақсы үлгі қалдырды. Ол бірінші кезекте Ехобаның еркінің орындалуын ойлаған. Дұға еткенде мынаны есте ұстағанымыз маңызды: “Еркіне сай не сұрасақ та, Құдай бізге құлақ асады” (Жох. 1-х. 5:14). Демек, айтқан тілегіміз қабыл болу үшін, Құдайдың еркі неде екенін біліп алуымыз қажет. Бұл орайда Киелі кітапты жүйелі түрде зерттеудің маңызы зор. Қуаңшылықтан жапа шеккен жерлестеріне жаны ашығандығы да Ілиястың дұға етуіне себеп болған. Сондай-ақ Ілияс Ехобаның сол күнгі жасаған кереметіне шексіз риза болған. Біз де өзгелер үшін дұға етуді және шын жүректен Құдайға ризашылық білдіруді қалаймыз (Қорынттықтарға 2-хат 1:11; Філіпіліктерге 4:6 оқыңыз).

Сенімді әрі сергек

9. Ілияс қызметшісіне не деді және Ілиястың бізге үлгі боларлық қандай қасиеттері бар?

9 Ілияс Ехобаның қуаңшылықты тоқтататынына күмәнданбады, бірақ оның мұны қашан іске асыратынын білмеді. Ехоба ниетін жүзеге асырғанша, ол не істеді? Киелі кітапта былай делінген: “[Ілияс] қызметшісінен: — Жоғары көтеріліп, теңіз жаққа қарашы,— деп өтінді. Ол көтеріліп қарады да, ештеңе жоқ екенін айтты. Ілияс тағы да: — Тағы барып қара,— деді. Осылай оны жеті рет жіберді” (Пат. 1-ж. 18:43). Мұнда Ілиястың бізге үлгі болатын, кем дегенде, екі қасиетін байқаймыз. Бұлар — сенімділік пен сергектік.

Ілияс пайғамбар Ехобаның әрекет ете бастағанын көрсететін белгіні назарынан қалт жібермеуге барынша тырысты

10, 11. а) Ехобаның уәдесін орындайтынына Ілиястың сенімді болғанын қайдан білеміз? ә) Неліктен біз де Ілияс сияқты сенімді бола аламыз?

10 Ілияс Ехобаның уәдесін орындайтынына сенімді болғандықтан, оның әрекет ете бастағанын көрсететін кез келген белгіні назарынан қалт жібергісі келмеді. Ол қызметшісін көкжиек жақсы көрінетін қырға шығып, жаңбырдың кішкентай да нышаны бар-жоғын біліп келуге жұмсады. Алайда қызметшісі қайта оралып, көңілсіз үнмен ештеңе көрінбейтінін айтты. Соған қарағанда аспан шайдай ашық болғанға ұқсайды. Есіңізде болса, Ілияс Ахабқа: “Нөсердің даусын естіп тұрмын”,— деген еді. Аспанда бір шөкім де бұлт жоқ екенін біле тұра оның бұлай дегені қалай?

11 Ілияс Ехобаға сенім артты. Ехобаның өкілі әрі пайғамбары болған ол Құдайдың өз сөзінде тұратынына сенімді болғаны сонша — нөсердің даусын естіп тұрғандай болған. Мұса пайғамбар да сенімділіктің жақсы үлгісін қалдырған. Киелі кітапта оның “көзге көрінбейтін Тұлғаны көріп тұрғандай берік болғаны” айтылған. Сіздің де Құдайға деген сеніміңіз осындай ма? Ехоба мен оның уәделеріне сенімді болуға бізде барлық негіз бар (Евр. 11:1, 27).

12. Ілияс қалай сергектік танытты және кішкентай бұлттың көтерілгенін естігенде не істеді?

12 Енді Ілиястың сергектігіне назар аударайық. Ол өзінің қызметшісін бір не екі рет емес, жеті рет жұмсады! Қызметшісі қайта-қайта қырға шыға беруден жалыққан шығар, бірақ Ілияс бір белгі көрмейінше тыншымады. Жетінші рет қырға шығып келген соң қызметшісі: “Теңіз жақтан алақандай бұлт көтеріліп келе жатыр!”— деді. Ұлы теңіз жақтан көтеріліп келе жатқан шөкімдей ғана бұлттың қандай екенін алақанымен көрсетіп жатқан қызметшіні елестетіп көріңізші. Бәлкім, қызметшіге бұл түк те емес болып көрінген шығар. Бірақ Ілияс үшін бұл кішкентай бұлт көп нәрсені білдірді. Ол дереу қызметшісіне былай деді: “Бар да, Ахабқа мынаны айт: — Арбаңды жегіп, жолға шық, әйтпесе нөсердің астында қаласың” (Пат. 1-ж. 18:44).

13, 14. а) Ілияс сергек болуға қатысты қандай үлгі қалдырды? ә) Неліктен қызметімізді шұғыл әрі құлшына атқаруымыз керек?

13 Ілияс бізге сергек болуға қатысты тамаша үлгі қалдырды. Біз де Құдай өз уәдесін орындайтын уақыт жақындап қалған кезде өмір сүріп жатырмыз. Ілияс қуаңшылық аяқталатын кезді күткен болса, Құдайдың бүгінгі қызметшілері әбден бүлінген осы дүниенің соңы келетін кезді күтуде (Жох. 1-х. 2:17). Ехоба Құдай әрекет еткенше, біз де Ілиясқа еліктеп, сергектік сақтауымыз қажет. Ехобаның Ұлы Иса өзінің ізбасарларына: “Сергек болыңдар! Себебі Иелерің қай күні келетінін білмейсіңдер”,— деп кеңес берген (Мат. 24:42). Бұл сөздер Исаның ізбасарлары дүниенің соңы қашан келетінінен бейхабар жүреді дегенді білдіре ме? Жоқ, себебі Иса оларға заманның соңы келмес бұрын қандай жайттар орын алатынын тізбектеп айтып кеткен. “Осы заманның аяқталып қалғанын білдіретін белгіні” құрайтын жайттардың орындалып жатқанына бәріміз де көз жеткізе аламыз (Матай 24:3—7 оқыңыз).

Алақандай ғана бұлтты көріп, Ілияс Ехобаның әрекет ете бастағанына сенімді болған. Осы заманның аяқталып қалғанын білдіретін белгі қызметімізді шұғыл әрі құлшына атқаруға талпындырады

14 Осы белгіні құрайтын жайттардың әрбірі заманның соңы таяп қалғанына салмақты да сенімді дәлел болып табылады. Бұл айғақтар бізді қызметімізді шұғыл әрі құлшына атқаруға талпындырады емес пе?! Көкжиектен көтерілген алақандай ғана бұлтты көріп, Ілияс Ехобаның әрекет ете бастағанына сенімді болған. Оның бұл сенімі ақталды ма?

Ехоба құтқарып, батасын берді

15, 16. Қас қағымда қандай жағдайлар орын алды және Ілияс Ахаб жайлы не ойласа керек?

15 Әрі қарай Киелі кітапта жағдай былай суреттеледі: “Осы екі арада аспанды қара бұлт торлап, жел тұрып, шелектеп жаңбыр құйып кетті. Бұл кезде Ахаб Езрехелге қарай кетіп бара жатты” (Пат. 1-ж. 18:45). Бұл жағдайдың бәрі қас қағымда орын алды. Ілиястың қызметшісі Ахабқа жеткенше, әлгі алақандай ғана бұлт еселеп көбейіп, аспанды торлай бастады. Бір кезде қатты жел тұрып, артынан жаңбыр құйып кетті. Үш жыл алты ай құрғап жатқан жер жаңбыр тамшыларын қомағайлана жұта бастады. Арты нөсерге айналған жаңбырдан Қишон өзені тасып, жазаға кесілген Бағал пайғамбарларының қанын шайып жатты. Енді тоңмойын исраилдіктер үшін де өз жерлерін Бағалға табынушылықтан тазартып, Ехобаға қайта бет бұруға мүмкіндік туды.

“Шелектеп жаңбыр құйып кетті”

16 Ілиястың да бар күткені осы еді! Ол осындай елеулі оқиғалардан кейін Ахаб патша қандай тоқтамға келер екен деп ойлаған шығар. Сол күні болған елеулі оқиғалар Ахабты өкінуге, Бағалға ғибадат етуден бас тартуға талпындырар ма екен? Ахабтың нақты не жайлы ойлағанын білмейміз, Киелі кітапта жай ғана “бұл кезде Ахаб Езрехелге қарай кетіп бара жатты” делінген. Кейінгі оқиғалар Ахабтың еш өкінбегенін және ешқандай өзгеріс жасамағанын көрсетеді. Бірақ бұл күн мұнымен біткен жоқ. Ахаб алда тағы бір керемет оқиғаның куәсі болмақ еді.

17, 18. а) Езрехелге барар жолда қандай жағдай орын алды? ә) Ілиястың Кармилден Езрехелге дейін жүгіріп барғаны неге таңғаларлық жағдай болды? (Сілтемені де қараңыз.)

17 Ілияс пайғамбар Ахабтың артынан жолға шықты. Жол ұзақ, дала қараңғы, ал жер болса батпақ еді. Сонда Ілияс бір таңғажайып нәрсені басынан өткерді.

18 “Ехоба Ілиясқа құдірет дарытып, ол көйлегінің етегін беліне қыстырып алды да, Ахабтың алдына түсіп, Езрехелге дейін жүгіріп отырды” (Пат. 1-ж. 18:46). Ехоба Ілиясқа құдірет дарытып, табиғаттан тыс күш берді. Езрехел 30 шақырымдай жерде орналасқан еді, оның үстіне, Ілияс та бірталай жасқа келіп қалған болатын *. Көйлегінің етегін беліне қыстырып алып, батпақ жолда аяғы жерге тимей жүгіріп бара жатқан Ілиясты елестетіп көріңізші. Оның қатты жүгіргені сонша — патшаның арбасын қуып жетіп, тіпті одан озып кетті!

19. а) Ілиясқа қайта күш біткені қандай пайғамбарлықты есімізге салады? ә) Ілияс Езрехелге жүгіріп бара жатқанда, не нәрсеге сенімді болды?

19 Бұл расында да Ілияс үшін нағыз бата болды! Жас кезіндегіден де зор күшке ие болған Ілиястың керемет сезімде болғанында сөз жоқ. Ілияспен болған бұл жағдай болашақта болатын жұмаққа қатысты пайғамбарлықты есімізге салады. Жұмақта өмір сүретін Құдайға адал жандардың денсаулықтары мықты, күш-қайраттары мол болады (Ишая 35:6 оқыңыз; Лұқа 23:43). Ілияс жүгіріп келе жатқанда, жалғыз шынайы Құдай Ехобаның ықыласына ие екеніне сенімді болған!

20. Ехобаның баталарына кенелу үшін не істей аламыз?

20 Ехоба бізге батасын төгетін уақытты асыға күтуде. Оның баталарына кенелу үшін қолдан келгеннің бәрін істейік, өйткені олар соған тұрарлық. Осы соңғы күндері біз де Ілияс сияқты Ехобаның әрекет ететініне сенімді болып, орындалып жатқан белгілерді сергектікпен байқауға тырысуымыз керек. Бізде де “шындықтың Құдайы” Ехобаға сенім артуға толық негіз бар (Зәб. 31:5 сілт.).

^ 18-абзац Осы оқиғадан көп ұзамай Ехоба Ілиясқа “қолына су құйып, қызмет көрсеткен” Елішені өзінің орнына дайындауды тапсырды (Пат. 2-ж. 3:11). Еліше егде тартқан Ілиясқа қызмет көрсетіп, көп қолғабыс еткен.