Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

ОН СЕГІЗІНШІ ТАРАУ

Ол “барлығын көңіліне түйіп алды”

Ол “барлығын көңіліне түйіп алды”

1, 2. Мәриямға жол жүру оңай болды ма және неге?

МӘРИЯМНЫҢ есектің үстінде отырып келе жатқанына біраз уақыт болды. Аяқтары ұйып, ол өзін жайсыз сезіне бастады. Ал Жүсіп болса есекті жетектеп, қасында жаяу жүріп келеді. Бұл жұп Бетлехем қаласына бет алған. Мәриямның ішіндегі баласы ара-тұра тыпырлап қояды.

2 Мәриямның “айы-күні жақындап қалған” болатын (Лұқа 2:5). Олар бірінен соң бірі ұласып жатқан егіндіктердің маңынан өтіп барады. Мәриямды көрген диқаншылар: “Босанғалы отырған әйелдің жолға шыққаны қалай?”— деп, аң-таң болған да шығар. Шынында да, оның ұзақ сапарға шығуына не себеп болды екен?

3. Мәриям қандай тапсырма алды және біз нені қарастырамыз?

3 Бірнеше ай бұрын әлі тұрмысқа шықпай тұрғанда, осы яһуди қызы бұрын-соңды ешкімге берілмеген бір тапсырма алған еді. Ол жұрт көптен күткен Мәсіхтің, Құдай Ұлының, анасы болу мәртебесіне ие болды! (Лұқа 1:35). Мәриямның жүкті болып, босанатын уақыты жақындағанда, Жүсіп екеуіне жол жүру керек болды. Сапар кезінде ол сенімі сыналған қиындықтарға тап болды. Мәриямға сенімін берік сақтап қалуға не көмектесті? Қазір соны білейік.

Бетлехемге сапар шегу

4, 5. а) Жүсіп пен Мәриям неге Бетлехемге жол тартты? ә) Императордың жарлығы қандай пайғамбарлықтың орындалуына септігін тигізді?

4 Император Август бүкіл ел тұрғынын санақтан өткізу жайлы жарлық шығарды. Сондықтан әр адам тіркеуден өту үшін туған қаласына бару керек еді. Бұл бұйрыққа Жүсіп те құлақ асып, “Ғалилеядағы Назарет қаласынан шығып, Яһудеядағы Дәуіттің қаласы Бетлехемге жол тартты, өйткені ол Дәуіттің әулетінен еді” (Лұқа 2:1—4).

5 Императордың дәл осы уақытта жарлық шығаруы жайдан-жай емес еді. Жеті ғасырдай уақыт бұрын жазылған бір пайғамбарлыққа сай, уәде етілген Мәсіх Бетлехем қаласында туылу керек болатын. Бір қызығы, Назареттен небәрі 11 шақырым жерде де Бетлехем деген қала бар еді. Алайда пайғамбарлықта Мәсіхтің “Бетлехем-Ефрата” қаласында дүниеге келетіні нақты айтылған (Миха 5:2 оқыңыз). Назареттен осы шағын қалаға жету үшін Самарияның таулы өңірлерімен 130 шақырымдай жол жүру керек. Жүсіп дәл осы Бетлехемге жол тартты, өйткені Мәриям екеуінің арғы аталары Дәуіт осы қалада туылған болатын.

6, 7. а) Бетлехемге бару Мәриямға несімен қиын болуы мүмкін еді? ә) Жүсіптің әйелі болғаны Мәриямның шешімдеріне қалай әсер етті? (Сілтемені де қараңыз.)

6 Мәриям Жүсіптің шешімін қолдап, онымен бірге сапарға аттанар ма екен? Оған жол жүру оңай болмасы анық. Бұл уақыт жаз бітіп, күз басталып, ара-тұра жаңбыр жауатын кез болатын. Оның үстіне, Бетлехем теңіз деңгейінен 760 метрдей биіктікте орналасқан. Назареттен бірнеше күн жол жүріп, күштері сарқылған жолаушыларға қалаға қарай жоғары көтерілу оңай болмайтын. Ал Мәриямның жағдайында жолда арагідік тоқтап, демалып тұру қажет болатындықтан, бұл сапар әдеттегісінен ұзаққа созылуы мүмкін еді. Кез келген жүкті әйел жылы үйінде, толғағы басталғанда бірден көмекке келетін жақындарының қасында болуды қалайды. Сондықтан сапарға аттану үшін Мәриямға зор батылдық қажет болды.

Бетлехемге сапар шегу оңай болған жоқ

7 Лұқа кітабында жазылғандай, Жүсіп “айы-күні жақындап қалған әйелі Мәрияммен бірге тіркеуден өтпек болып”, Бетлехемге жол тартты (Лұқа 2:4, 5). Бұрын шешімді өзі қабылдап жүрген Мәриям енді Жүсіптің әйелі болғандықтан, күйеуінің шешімдерін барынша қолдады. Ол Жүсіпті отбасының басы деп қарастырып, Құдайдың өзіне берген көмекші ретіндегі міндетін орындады *. Осылайша сенімі тексерілген бұл жағдайда Мәриям отағасына мойынсұнып, сенімінің берік екенін көрсетті.

8. а) Мәриямның Жүсіппен бірге жол жүруіне тағы не себеп болған болуы мүмкін? ә) Мәриям Құдайдың адал қызметшілері үшін қандай үлгі қалдырды?

8 Мәриямды күйеуіне мойынсұнуға тағы не талпындырған болуы мүмкін? Ол Мәсіхтің Бетлехемде туылуы керектігі жайлы пайғамбарлықты білген бе? Киелі кітапта бұл жайлы еш нәрсе айтылмаған. Бірақ бұл пайғамбарлық көпшілікке, діни жетекшілер мен қарапайым халыққа, мәлім болған. Сондықтан оны Мәриям да білген деуге болады (Мат. 2:1—7; Жох. 7:40—42). Ол Жазбалармен жақсы таныс болған (Лұқа 1:46—55). Оның Бетлехемге сапар шегуіне күйеуіне мойынсұнуы, патшаның жарлығына бағынуы не пайғамбарлық сөздерге ден қоюы себеп болған шығар. Қалай болған күнде де, Мәриямның танытқан қасиеті мақтауға тұрарлық. Ехоба ол сияқты кішіпейіл де мойынсұнғыш адамдарды жоғары бағалайды. Мойынсұнушылық қасиеті құнын жоғалтқан мына заманда Мәриям дүниежүзіндегі күллі адал жандарға тамаша үлгі болып табылады.

Мәсіхтің туылуы

9, 10. а) Бетлехемге жақындағанда, Мәриям мен Жүсіптің ойына не түсті? ә) Мәриям мен Жүсіп қайда түнеді және неліктен?

9 Алыстан Бетлехемді көзі шалғанда, Мәриям бір жұбанып, көкірек кере терең дем алды. Қырдағы зәйтүн бақтарының маңынан өтіп бара жатқан Жүсіп пен Мәриямның ойына осы бір кішкентай қаланың тарихы еріксіз оралды. (Зәйтүн науқан мезгілдерінің ең соңында жиналатын өнім болған.) Бетлехем — Миха пайғамбар айтқандай, Яһуда қалаларының ішіндегі ең кішісі. Десе де дәл осы қаладан мың жылдан аса уақыт бұрын Бағоз, Нағима, Дәуіт сияқты Құдайдың адал қызметшілері шыққан еді.

10 Мәриям мен Жүсіп Бетлехемге кіргенде, қаланың іші ығы-жығы болып жатты. Халық санағына қатысуға жан-жақтан көп адам келгендіктен, бұл жұпқа қонақ үйден бөлме табылмады *. Содан олар мал қорада түнеп шығуға мәжбүр болды. Бір кезде Мәриям ешқашан басынан өткермеген ауырсынуды сезініп, қинала бастады. Дәл осы жайсыз жерде оның толғағы басталып кетсе бола ма?! Сүйікті жарының бұл күйін көргенде, Жүсіп өзін қоярға жер таппаса керек.

11. а) Неліктен Мәриямның жағдайын барлық әйел түсінеді? ә) Қандай мағынада Иса “тұңғыш” болған?

11 Мәриямға дүниеге бала әкелудің қаншалықты қиын болғанын кез келген әйел жақсы түсінеді. Шамамен 4000 жыл бұрын Ехоба Құдай күнәнің кесірінен әйел затының қиналып босанатынын айтқан болатын (Мұс. 1-ж. 3:16). Сондықтан бұл азаптан Мәриям да шет қалмаған деуге болады. Алайда Лұқа оның қалай босанғанын сипаттамай, жай ғана: [Мәриям] тұңғыш ұлын тапты”,— деп жазған (Лұқа 2:7). Осылайша Мәриямның кем дегенде жеті баласының тұңғышы шыр етіп жарық дүниеге келді (Мар. 6:3). Бұл бала барлық балалардан ерекше еді. Ол тек Мәриямның ғана тұңғышы емес, Ехоба Құдайдың жалғыз Ұлы, “жаратылыс атаулының тұңғышы” болатын! (Қол. 1:15).

12. Мәриям баланы қайда жатқызды және бұл бүгінде көрсетілетін сахналық қойылымдардан несімен ерекшеленеді?

12 Мәриям тұңғыш ұлын тапқан соң, “оны құндақтап, ақырға жатқызды” (Лұқа 2:7). Исаның туылған жерін Рождество мейрамын тойлайтын елдер басқаша суреттеп жатады. Олар бұл жайтты түрлі суреттер мен сахналық қойылымдар арқылы тым әсірелеп, көркем етіп көрсетеді. Ал қазір бұл жердің шын мәнінде қандай болғанына назар аударайық. Мал қора — жері де, ауасы да таза емес жайсыз орын. Ал нәресте жатқызылған ақыр малдың су ішіп, жем жейтін оттығы болатын. Ешқандай ата-ана баласының осындай жерде туылғанын қаламайды, керісінше сәбиі үшін бар жағдайды жасауға тырысады. Әрине, Құдайдың Ұлы үшін Жүсіп пен Мәриям әлдеқайда көп нәрсені істегілері келді. Алайда басқа амалдары болмады.

13. а) Мәриям мен Жүсіп қалайша қолдарынан келгеннің бәрін істеді? ә) Дана ата-аналар Жүсіп пен Мәриямға қай жағынан еліктейді?

13 Жүсіп пен Мәриям осындай жағдайға тап болғандарына налып, уайымға салынбады. Қайта, қолдарынан келгеннің бәрін істеуге тырысты. Мысалы, Мәриям сәбиін құндақтап, жел тимес үшін, оны ақырға жатқызды. Ол жайсыздыққа көп мән беріп, абдырап қалмай, ішінен шыққан шаранасы үшін бар жағдайды жасады. Мәриям мен Жүсіп балаға Ехоба Құдайды жақсы көруді үйрету бәрінен де маңызды екенін білген (Мұсаның 5-жазбасы 6:6—8 оқыңыз). Құдаймен қарым-қатынасты бағаламайтын бұл дүниеде дана ата-аналар Жүсіп пен Мәриямға еліктеп, балаларына рухани тәлім берудің маңызды екенін ұмытпайды.

Қойшылардың келуі

14, 15. а) Неге қойшылар нәрестені көргілері келді? ә) Ақырда жатқан Исаны көрген соң, қойшылар не істеді?

14 Қораның іші тым-тырыс. Бір уақытта есіктен топырлап қойшылар кіріп келді. Жүздері бал-бұл жайнаған олар нәресте мен оның әке-шешесін көруге асық. Қойшылар қаланың маңындағы қырларда жатқан қойларын тастай сала келген еді *. Олар көздері алақандай болған Жүсіп пен Мәриямға өздері куә болған бір керемет жайтты айтып берді. Түн ортасында далада оларға бір періште көрініпті. Сонда оларға Ехобаның салтанаты нұрын төгіп, айналаның бәрін жарқыратып жіберген екен. Әлгі періште оларға Бетлехемде Мәсіхтің дүниеге келгенін хабарлап, қазір оның ақырда құндақтаулы жатқанын айтыпты. Содан кейін бір таңғажайып жайт орын алған екен: көз алдарында періштелердің қалың қолы пайда болып, барлығы бірауыздан Құдайды мадақтай бастапты! (Лұқа 2:8—14).

15 Бұл қарапайым да кішіпейіл жандардың Мәсіхті көру үшін Бетлехемге асыққандарында сөз жоқ. Олар періште айтқандай, жаңа туылған сәбидің ақырда жатқанын көргенде, төбелері көкке жетті! Содан олар қуаныштарын іштеріне сыйғыза алмай, өзгелерге “періштенің балаға қатысты айтқан хабарын жеткізді. Мұны естігендердің бәрі қайран қалды” (Лұқа 2:17, 18). Сол кездегі діни жетекшілер қойшыларды менсінбей, оларды адам құрлы көрмейтін. Алайда Ехоба үшін осы кішіпейіл де адал жандар өте қымбат еді. Қойшылардың келгені Мәриямға қалай әсер етті екен?

Қарапайым да кішіпейіл қойшыларды Ехоба жоғары бағалаған

16. Мәриям терең ойланатын адам екенін қалай көрсетті және ненің арқасында сенімін берік сақтады?

16 Жаңа ғана босанған Мәриям қажып-қалжырап тұрса да, қойшылардың айтқан сөздерін мұқият тыңдады. Ол тіпті “осы сөздердің барлығын есіне сақтап, көңіліне түйіп алды” (Лұқа 2:19). Мәриям расында да терең ойланатын әйел болған. Ол періште айтқан хабардың өте маңызды екенін түсінген. Өйткені бұл хабар Исаның кім екені және қандай маңызды іс атқаратыны туралы еді. Сондықтан Мәриям періштенің айтқандарын есіне сақтап алды. Сосын айлар, жылдар бойы бұл сөздерді қайта-қайта есіне алып, ой жүгіртіп отырды. Осының арқасында Мәриям өмір бойы сенімін берік етіп сақтады (Еврейлерге 11:1 оқыңыз).

Мәриям қойшылардың айтқандарын мұқият тыңдап, көңіліне түйіп алды

17. Құдай Сөзіндегі шындықты бағалауда Мәриямға қалай еліктей аламыз?

17 Біз Мәриямнан не нәрсеге үйренеміз? Ехоба бізге маңызды шындықтар жазылған Сөзін берді. Алайда оны оқымасақ, бізге келіп-кетер пайда болмайды. Киелі кітапты әдеби шығарма ретінде емес, Құдай рухымен жазылған кітап ретінде қарастырып, күн сайын оқыған дұрыс (Тім. 2-х. 3:16). Сосын Мәриям сияқты, оқығандарымызды есте сақтап, көңілімізге тоқып алуымыз керек. Егер Құдай Сөзінде жазылғандар жайлы ой жүгіртіп, Ехобаның кеңестерін барынша қолданудың жолдарын қарастырар болсақ, берік сенімге қол жеткіземіз, яғни сеніміміз нығаюға қажетті нәр алып отырады.

Көңілге түйген басқа да сөздер

18. а) Жүсіп пен Мәриям Мұса Заңының қай талаптарын орындады? ә) Ұсынған құрбандықтарынан олардың жағдайы туралы не білеміз?

18 Жүсіп пен Мәриям Мұса Заңы бойынша, сегізінші күні баланы сүндеттеді. Олар балаға Иса деген ат қойды. Мәриям құрсақ көтермес бұрын, періште оған осы есімді қоюды тапсырған еді (Лұқа 1:31). Ал қырқыншы күні Мәриямның тазару күндері аяқталған соң, баланы Бетлехемнен он шақырымдай жерде орналасқан Иерусалимдегі ғибадатханаға алып барды. Олар Заңда кедей адамдарға қарастырылған шараға сай, екі кептер не екі көгершін ұсынбақшы болды. Жүсіп пен Мәриям ғибадатханаға келген басқа ата-аналар сияқты құрбандыққа тоқты әкеле алмағанына ұялып, ыңғайсызданған болар. Десе де олар мұндай сезімдерге бой алдырмай, қолдарындағы бар жақсыны берді. Ғибадатханада болғандарында, ең бастысы, олар зор жігер алды (Мұс. 3-ж. 12:6—8; Лұқа 2:21—24).

19. а) Мәриям Шимонның қандай сөздерін жүрегіне түйіп алды? ә) Анна Исаны көргенде не істеді?

19 Ғибадатханада Жүсіп пен Мәриямға Шимон деген егде тартқан кісі жолықты. Оның айтқан сөздерін Мәриям көңіліне түйіп алды. Шимонға Мәсіхті көрмейінше өлмейтіні және нәрестенің уәде етілген Құтқарушы екені киелі рух арқылы ашылған болатын. Шимон Мәриямға күндердің күнінде басынан ауыр жағдай өткеретінін, “жаны үлкен семсер сұғып алғандай қатты ауыратынын” айтты (Лұқа 2:25—35). Сол сәтте бұл сөздер Мәриямға ауыр тисе де, 33 жылдан кейін басына түсетін қиындыққа дайындап, төзуге көмектесті. Бұдан кейін Исаны көруге Анна есімді пайғамбар келді. Ол Иерусалимнің құтқарылуын күтіп жүргендердің барлығына Иса туралы айта бастады (Лұқа 2:36—38 оқыңыз).

Иерусалимдегі ғибадатханада Жүсіп пен Мәриям зор жігер алды

20. Неліктен ата-анасының Исаны ғибадатханаға апарғаны дұрыс болды?

20 Жүсіп пен Мәриямның балаларын Иерусалимдегі ғибадатханаға алып келгендері қандай жақсы болды! Осылай олар ұлдарын кішкентай кезінен бастап Ехобаның үйіне барып тұруға үйретті. Олар Ехобаға қолдарында бар ең жақсысын берді және пайдалы нұсқаулар естіп, зор жігер алды. Сол күні Мәриям сенімі нығайып, көптеген асыл сөздерді көңіліне тоқып қайтты. Бұл маңызды шындықтар жайлы ол алдағы уақытта ой жүгіртіп, өзгелермен де бөліспек еді.

21. Сеніміміз Мәриямдікіндей нығаюы үшін не істей аламыз?

21 Бүгінде де ата-аналардың Жүсіп пен Мәриямды үлгі етіп жүргендерін көруге өте қуаныштымыз! Олар балаларын мәсіхшілердің қауым кездесулеріне үзбей алып барады. Сондай-ақ Патшалық сарайында бір сенімдегі бауырластарын жігерлендіріп, қолда бар жақсысын береді. Ал қауымның соңында сенімдері нығайып, өзгелермен бөлісетін рухани ас-су алып, қанат бітіп қайтады. Осындай адамдармен апта сайын кездесіп отыру неткен ғанибет! Бұл әрқайсысымыздың Құдайға деген сенімімізді күшейтіп, Мәриямға еліктеуімізге зор көмегін тигізеді.

^ 7-абзац Мәриям бұған дейін Елізабетке барғанда, ол туралы: “Мәриям жолға жиналып... асығыс жүріп кетті”,— деп жазылған еді (Лұқа 1:39). Сол кезде әлі тұрмысқа шықпағандықтан, Мәриям Жүсіппен ақылдаспай-ақ өз бетінше шешім қабылдай берген. Ал отау құрған соң, ол күйеуіне мойынсұнатын болды. Сондықтан Киелі кітапта Бетлехемге Мәриям емес, Жүсіп жол тартты деп жазылған.

^ 10-абзац Сол заманда қалаға қыдырып келгендер мен керуенмен келгендерге түнейтін бөлме берілетін.

^ 14-абзац Қойшылардың осы кезде отарларымен бірге далада түнегені Мәсіхтің, көпшілік ойлайтындай, желтоқсан айында туылмағанын дәлелдейді. Себебі қойшылар желтоқсан айында малды үйдің жанындағы қорада ұстайтын болған. Соған қарағанда бұл кез қазан айының басы болса керек.