Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

ЖИЫРМАСЫНШЫ ТАРАУ

“Сенемін”

“Сенемін”

1. Марта қандай күй кешті және неге?

МАРТАНЫҢ көз алдынан бауырының денесі қабірге қойылып жатқан сәт кетпей қойды. Оның жүрегін қарс айырған қайғы қабірдің аузындағы үлкен тастай ауыр еді. Ол бауыры Елазардың бұл дүниеден ғайып болғанына сене алар емес. Соңғы төрт күн бойы үйден көңіл айтуға келген адамдар үзілмеді, жоқтау үні де тыйылмады.

2, 3. а) Марта Исаны көргенде, не сезінген болуы мүмкін? ә) Мартаның айтқан маңызды сөздері ол туралы нені мәлім етеді?

2 Осындай абыр-сабырда Мартаның қасына Елазар үшін аса бағалы болған бір жан келді. Бұл Иса еді. Ол Елазарды аман алып қала алатын бірден-бір адам болатын. Сондықтан оны көргенде, Мартаның көңілі босап, өксіп жылап жіберді. Әйтсе де ол Исаның Бетанияға келіп, қасынан табылғанынан зор жұбаныш алды. Сондай-ақ Исаның жанарынан мейірім мен риясыз жанашырлықты байқап, жаңа бір күш алғандай болды. Иса оған сұрақтар қою арқылы сенімін нығайтуға әрі қайта тірілуге деген үмітке көз тігуге көмектесті. Әңгіме барысында Марта Киелі кітап бетінде жазылып қалдырылған мынадай маңызды сөздерді айтты: “Иә, Ием. Сіздің дүниеге келуі керек Мәсіх, Құдай Ұлы, екеніңізге сенемін” (Жох. 11:27).

3 Марта сенімі берік әйел болған. Ол туралы Киелі кітапта аз жазылса да, оның үлгісі сенімімізді берік етуге көп көмегін тигізе алады. Олай болса, қазір Мартамен жақынырақ танысып көрейік.

“Сен көп нәрсені ойлап, уайымдайсың”

4. Мартаның отбасы жайлы не білеміз және бұл отбасының Исамен қарым-қатынасы қандай болған?

4 Осы қайғылы жағдайдан бірнеше ай бұрын Елазардың үйі ең сыйлы қонақ — Иса Мәсіхті қарсы алуға дайындалып жатқан болатын. Елазар әпкелері Марта, Мәриям үшеуі Бетанияда тұратын. Кейбір зерттеушілердің айтуынша, Марта үйдің үлкені болған. Себебі Киелі кітапта үшеуінің есімдері айтылғанда, кейде оның есімі бірінші аталады, әрі оның әрекеттерінен үй иесі екені байқалады (Жох. 11:5). Бұл бауырлардың неке құрған не құрмағаны белгісіз. Бір білетініміз, олар Исамен жан дос болған. Иса Яһудея аймағында қызмет етіп жүріп, қарсылық пен дөрекілікке тап болғанда, солардың үйін пана ететін. Ол осындай қамқор достарының үйінде сергіп, тыныға алатынын аса бағалаған.

5, 6. а) Неге Марта Исаның келуіне барынша дайындалды? ә) Иса келгенде, Мәриям не істеді?

5 Үйдің жайлы болуы үшін Марта көп тер төгетін. Бұл еңбекқор әйелдің тірліктен қолы босамайтын. Міне, Иса келерде де, Марта тыным таппай жүр. Ол осы ерекше қонағы мен онымен келе жатқан кісілер үшін астың түр-түрін дайындап, зыр жүгіруде. Сол заманда адамдар қонақ күтуге көп мән беретін. Үйдегілер келген қонақтың бетінен сүйіп қарсы алатын, сандалын шешіп, аяғын жуатын және шашына хош иісті май жағатын (Лұқа 7:44—47 оқыңыз). Қонақтар ең жақсы орынға жайғастырылып, алдарына дәмді ас тарту етілетін.

6 Марта мен Мәриям қонақасына барынша дайындалды. Кейбіреулер Мәриямды Мартаға қарағанда ойшыл әрі білімге құштар адам болған деп есептейді. Десе де ол қонақтар келгенге дейін әпкесіне қолынан келгенше көмектесті. Ал Иса келгенде, Мәриям тірлігін шетке ысырып, оның аяқ жағына барып отырды. Себебі Иса адамдар жиналған осы уақытты пайдаланып, тәлім бере бастаған еді. Иса сол кездегі дінбасыларға мүлдем ұқсамайтын. Ол әйелдерге құрметпен қарап, оларға уағызының басты тақырыбы — Құдай Патшалығы жайлы айтуға әрдайым ықыласты болатын. Мәриям тәлім алу мүмкіндігін қалт жібермей, айтылып жатқандарды бар ынтасымен тыңдады.

7, 8. Неліктен Мартаның еңсесі түсті және ақырында ол не деді?

7 Марта жалғыз өзі ас-ауқат дайындап, қонақтарға қызмет көрсетіп, әуре-сарсаңы көбейіп кеткендіктен, еңсесі түсіп кетті. Елестетіп көрейікші, Марта үйдің ішінде әрі-бері жүр. Ал Мәриям көмектесудің орнына бір жерде тапжылмай отыр. Марта мұны көргенде, қабақ шытып, ызаланып кетсе керек. Бұл түсінікті де, өйткені осыншама тірлікті жалғыз атқару кім-кімге де оңай емес.

8 Марта наразылығын одан әрі ішіне сыйдыра алмай, Исаның әңгімесін бөліп: “Ием, сіңлімнің барлық жұмысты маған қалдырғанын көрмейсіз бе? Айтыңызшы, маған келіп көмектессін”,— деді (Лұқа 10:40). Марта осылай тікесінен айтып салды. Басқа аудармаларға сай, ол тіпті: “Ием, сізге бәрібір ме?!”— деген. Сосын ол Исадан Мәриямды түзетіп, оған тірлік істетуін сұраған.

9, 10. а) Иса Мартаға не деп жауап берді? ә) Иса Мартаны қонақ күтудің әуре-сарсаңына түсті деп айыптады ма?

9 Бірақ Марта күтпеген жауап естіді. Бұл жауапқа Киелі кітап оқырмандары да таңғалып жатады. Иса оған жұмсақ үнмен: “Марта, Марта, сен көп нәрсені ойлап, уайымдайсың. Көп нәрсенің қажеті жоқ, керегі біреу-ақ қой. Мәриям дұрыс нәрсені таңдады, одан оны ешкім де айыра алмайды”,— деді (Лұқа 10:41, 42). Бұл сөздерімен Иса не дегісі келді? Марта рухани асты бағаламайды немесе оның барын салып атқарған еңбегі бекер дегісі келді ме?

“Көп нәрсені ойлап, уайымдаған” Марта Исаның кеңесін кішіпейілділікпен қабылдады

10 Жоқ, өйткені Иса Мартаның барлық істі сүйіспеншілікпен әрі шын ниетпен жасағанын білген. Сондай-ақ ол кең дастарқан жайып, қонақжайлылық танытуды дұрыс емес деп санамаған. Себебі осыдан біраз уақыт бұрын Иса Матайдың үйіне, өзіне арналған үлкен қонақасына, барған еді (Лұқа 5:29). Демек, мәселе қонақжайлылықта емес, Мартаның басты орынға нені қойып жатқанында болған.

Иса Мартаның қонақжайлылығын бағалаған және бұны сүйіспеншілікпен әрі шын жүректен істегенін білген

11, 12. Иса Мартаны қалай түзетті?

11 Ехоба Құдайдың жалғыз Ұлы Мартаның үйіне келіп, шындық жайлы тәлім беріп жатты. Мұндай мәртебеге бәрі бірдей ие бола бермейтін! Еш нәрсенің — тамақтың да, қандай да бір дайындықтың да — осы тәлімнен маңызды болуы мүмкін емес еді. Мартаның күйбің тірлікпен айналысамын деп, сенімін нығайтатын тәлімнен құр қалып жатқаны Исаның көңілін түсірсе керек. Әйтсе де ол Мартаға таңдау жасауға ерік берді *. Алайда Марта сіңлісін де осы мүмкіндіктен айырғысы келгенде, Иса үнсіз қала алмады.

12 Иса Мартаның есімін жұмсақ дауыспен екі рет айтуымен оның ашуын басып, көңілін орнықтырғысы келді. Сосын “көп нәрсені ойлап, уайымдаудың” қажеті жоқ екенін айтты. Рухани тәлім алудың керемет мүмкіндігі туып тұрғандықтан, дастарқанда бір-екі ас болса жеткілікті еді. Мәриям “дұрыс нәрсені” — тәлім алуды таңдағандықтан, Иса оны бұл мүмкіндігінен айырғысы келмеді.

13. Исаның Мартаға айтқан сөзінен қандай сабақ аламыз?

13 Осы кішкене отбасымен болған жағдайдан мәсіхшілер көп сабақ ала алады. Біз “Құдайды танып-білуімізге” еш нәрсенің кедергі болуына жол бермеуіміз керек (Мат. 5:3). Мартаның жомарттығы мен еңбексүйгіштігі мақтауға тұрарлық. Алайда қонақ күткенде, дайындыққа көп көңіл бөліп, уайымға салынып кеткіміз келмейді. Себебі ондайда әлдеқайда маңызды нәрселер шет қалып жатады. Сондықтан бір сенімдегі бауырластарды қонаққа шақырғанда, ең бастысы, оларға тағамның түр-түрін ұсыну емес, өзара жігерленіп, рухани сыймен бөлісу екенін есте ұстайық (Римдіктерге 1:11, 12 оқыңыз). Дастарқандағы дәм-тұздың аз болғаны басқосудың сенімді нығайтатындай өтуіне еш кедергі жасай алмайды.

Қайғының арты қуанышқа ұласты

14. Неліктен Марта кеңеске құлақ асты деуге болады?

14 Марта Исаның түзетуіне құлақ асып, сабақ алды ма? Иә. Елші Жохан Елазармен болған жағдайды сипаттай келе: “Иса Мартаны, оның сіңлісі мен Елазарды жақсы көретін”,— деп жазған (Жох. 11:5). Бұл жағдай Иса олармен Бетанияда бас қосқаннан бірнеше ай өткенде орын алған еді. Осыдан Мартаның Исаға өкпелеп, жүрегіне реніш ұялатып жүрмегені, қайта, оның кеңесін қабыл алғаны көрінеді. Жаңылмайтын жақ, сүрінбейтін тұяқ жоқ демекші, Марта түзетуге құлақ асуымен бәрімізге де жақсы үлгі қалдырды.

15, 16. а) Науқастанып жатқан Елазарға Марта қалай күтім жасады? ә) Марта мен Мәриямның үміті ақталды ма?

15 Елазар ауырып жатқанда, Марта оған күтім жасаумен болды. Ол бауырының ауырсынғанын басып, сауығып кетуі үшін шамасы келгеннің бәрін істеді. Бірақ өкінішке қарай, Елазардың халі күннен күнге нашарлай берді. Сол қиын шақтары әпкелері оған күн-түн демей қарады. Марта Елазардың жүзіне қарап, онымен бірге өткізген қуанышты да қиын шақтарын еске алса керек.

16 Елазардың оңалмайтыны анық болғанда, әпкелері шамамен екі күндік жерде қызмет етіп жүрген Исаға хабар жібертті. Олар: “Ием, жақсы көретін досыңыз ауырып жатыр”,— деді (Жох. 11:1, 3). Олар Исаның Елазарды жақсы көретінін білетін және інілеріне көмектесу үшін қолынан келгеннің бәрін істейтініне күмәнданбады. Марта мен Мәриям Ұстаздары бәрі тым кеш болмайынша келеді деп үміттенген шығар. Бірақ олардың бұл үміттері ақталмады, себебі Елазар Иса келмей жатып көз жұмды.

17. Марта нені түсінбеді және Исаның келе жатқанын естігенде, не істеді?

17 Марта мен Мәриям бауырларынан айырылып қалғандарына қатты қайғырды. Олар марқұмды жерлеу рәсіміне қажетті дайындықтарды жасады. Бетанияның түкпір-түкпірі мен көрші аймақтардан көптеген яһудилер көңіл айтып келіп жатты. Ал Исадан еш хабар жоқ еді. Марта оның неге кешігіп жатқанын түсінбей, дал болса керек. Ақырында, Елазардың өлгеніне төрт күн болғанда, Исаның қалаға жақындап қалғаны мәлім болды. Марта қатты күйзеліп отырса да, Исаның алдынан шықпақ болып жүгіріп кетті, бірақ сіңлісіне ештеңе айтпады (Жохан 11:18—20 оқыңыз).

18, 19. Мартада қандай үміт болды және оның сенімі несімен көңіл қоюға тұрарлық?

18 Марта Исаны көргенде, сіңлісі екеуін бірнеше күн бойы мазалаған ойды айтып: “Ием, осында болғаныңызда, бауырым өлмес еді”,— деді. Алайда Марта әлі де Ұстазынан үміт үзбей: “Бірақ Құдайдан не сұрасаңыз да, беретініне әлі де сенемін”, — деді. Сонда Иса оған: “Бауырың қайта тіріледі”,— деп, оның сенімін нығайтты (Жох. 11:21—23).

19 Иса болашақ заманда болатын қайта тірілу жайлы айтып тұр деп ойлап, Марта: “Оның ақырғы күні болатын қайта тірілу кезінде тірілетінін білемін”,— деді (Жох. 11:24). Мартаның қайта тірілуге берік сенгені көңіл қоюға тұрарлық. Себебі Жазбаларда қайта тірілу жайлы анық жазылып тұрса да, саддукейлер сияқты кейбір діни жетекшілер бұл ілімді мойындамай, жоққа шығаратын (Дан. 12:13; Мар. 12:18). Алайда Исаның қайта тірілу жайлы үйреткендері Мартаның жадында еді және қайтыс болғандарына Елазардікіндей көп күн болмаған бірнеше адамды тірілткенін де білетін. Десе де ол Исаның сол күні не істегелі жатқанынан мүлдем бейхабар еді.

20. Жохан 11:25—27 тармақтарда жазылған Исаның ұмытылмас сөздері мен Мартаның жауабының мағынасы қандай?

20 Сосын Иса: “Қайта тірілу және өмір — менмін”,— деп, естен кетпес сөздерді айтты. Ехоба Құдай өзінің Ұлына сансыз көп адамды болашақта тірілтіп, оларға жаңа өмір сыйлауға билік берген. Иса Мартадан: “Бұған сенесің бе?”— деп сұрады. Сонда ол осы тараудың тақырыбындағы сөзді айтты. Марта Исаның пайғамбарлар айтып кеткен Мәсіх екеніне және Ехоба Құдайдың Ұлы екеніне нық сенетінін білдірді (Жох. 5:28, 29; Жохан 11:25—27 оқыңыз).

21, 22. а) Елазарды жоқтап тұрған адамдардың қайғысы Исаға қалай әсер етті? ә) Елазардың қалай тірілгенін суреттеп беріңіз.

21 Мартанікіндей зор сенімі бар адамдар Ехоба Құдай мен оның Ұлы Иса Мәсіх үшін өте бағалы. Мұның растығы кейінгі болған оқиғадан көрінеді. Марта Исамен сөйлескен соң, сіңлісіне қарай асықты. Иса жұрт жиналған жерге келіп, Мәрияммен және қасындағы кісілермен сөйлесе бастады. Ол өлімнің адамдарға үлкен зардап әкелгеніне қатты қайғырып, көзіне жас алды. Мұның бәрі де Мартаның назарынан тыс қалмады. Бұдан кейін Иса Елазардың денесі тұрған үңгірдің аузындағы тасты алуды бұйырды (Жох. 11:28—39).

22 Сонда Марта: “Ием, иістеніп кеткен шығар, жатқанына төрт күн болды ғой”,— деді. Иса оған: “Егер сенсең, Құдайдың ұлылығын көресің демеп пе едім?”— деді. Марта сенімінің арқасында Ехоба Құдайдың ұлылығын өз көзімен көрді: Иса Әкесі дарытқан құдіретпен Елазарды қайта тірілтті! Марта бұл оқиғаны ешқашан есінен шығармаса керек. Иса: “Елазар, шық!”— деп бұйырған соң, үңгірдің ішінен біреудің орнынан тұрып, ақырын жүріп келе жатқаны естілді. Сосын үңгірдің аузына аяқ-қолы кебінге оралған Елазар келіп тұрды. Сонда Иса: “Кебінін шешіңдер, жүре берсін!”— деді. Марта мен Мәриям болса жүгіріп барып, бауырларының мойнына асыла кетті! (Жохан 11:40—44 оқыңыз). Мартаның қуанышында шек болмады!

Бауыры қайта тіріліп, Марта сенімі үшін жарылқанды

23. Ехоба мен Иса нені қалайды және біз не істеуіміз керек?

23 Киелі кітапта жазылған осы жағдай өмірден өткен адамдардың қайта тірілуі жай қиял емес, жұбаныш беретін шындық әрі тарихта шынымен болған оқиға екенін көрсетеді (Әйүп 14:14, 15). Ехоба мен оның Ұлы Марта, Мәриям және Елазар сияқты сенім білдірген әркімді молынан жарылқауды қалайды. Егер берік сенім дамытсақ, біз де Ехобаның мол батасына ие боламыз.

“Марта қызмет көрсетіп жүрді”

24. Киелі кітапта Марта туралы соңғы рет не айтылады?

24 Осы оқиғадан кейін Киелі кітапта Мартаның есімі тағы бір рет аталады. Бұл Исаның жердегі өмірінің соңғы аптасы еді. Алда өзін қандай азап күтіп тұрғанын білетін Иса тағы бір рет Бетаниядағы достарының үйіне барып-қайтуды шешті. Бетания Иерусалимнен үш шақырымдай жерде болатын. Иса мен Елазар осы қаладағы алапеспен ауыратын Шимон деген кісінің үйіне қонаққа барды. Сол жерде де оларға “Марта қызмет көрсетіп жүрді” (Жох. 12:2).

25. Неге Марта сияқты бауырластар қауым үшін зор бата болып табылады?

25 Марта неткен еңбекқор жан еді! Киелі кітапта Мартаның есімі бірінші рет және соңғы рет аталғанда да оның еңбек етіп жүргені айтылады. Бүгінде де арамызда Марта сияқты жомарт, табанды, өзгелерге көмектесуге дайын бауырластар бар. Сенімдерін осылай істерімен көрсетіп жүрген олар қауым үшін зор бата. Марта өмірінің соңына дейін осы қасиеттерінен айнымағанға ұқсайды. Сенімін іс-әрекетімен көрсетіп жүргенінің арқасында ол алдағы қиындықтарда табанды болып қалды.

26. Марта сенімінің арқасында не істей алды?

26 Бірнеше күннен кейін Мартаның басынан ауыр жағдай өтті. Оның сүйікті Ұстазы Иса азапталып өлтірілді! Бұған қоса, біраз уақыттан кейін Исаны өлтірген екіжүзді адамдар оның бауыры Елазардың да көзін құртпақ болды. Себебі оның тірілгенін көптеген адам естіп, Ехобаға сене бастаған еді (Жохан 12:9—11 оқыңыз). Өлім ақырында Мартаны бауырларынан бәрібір айырды. Мартаның қалай, қашан дүниеден өткені белгісіз, алайда берік сенімінің арқасында оның ақырына дейін табанды болғанына сенімдіміз. Біздің де Мартанікіндей сенім дамытқанымыз өте маңызды.

^ 11-абзац І ғасырда яһудилер қоғамында әйелдер дін мұғалімдерінен дәріс алуға ұмтылмайтын. Олар көбінесе үй шаруасымен айналысатын. Сондықтан әйел адамның тәлімгердің алдында отырып, сабақ алғанын Марта ерсі санаса керек.