Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

ОН ҮШІНШІ ТАРАУ

Ол өз қателігінен сабақ алды

Ол өз қателігінен сабақ алды

1, 2. а) Жүніс өзін де, теңізшілерді де қандай пәлеге душар етті? ә) Жүністің оқиғасынан неге үйренеміз?

ҚОРҚЫНЫШТАН Жүністің жүрегі дүрс-дүрс соғуда. Оның үрейін ұшырып жатқан тек кеме діңгегін соққылаған долы жел не кеме ағаштарын сықырлатып, бүйірін ұрғылаған алып толқындар ғана емес еді. Жүністің жанына батқан нәрсе — толқындармен арпалысқан капитан мен өзге теңізшілердің айқайлаған ащы дауыстары. Олар өлім мен өмірдің арасында жанталасып жатты! Осының бәріне Жүніс кінәлі еді.

2 Жүністің осындай жағдайға қалай душар болғанын көрейік. Ол Ехоба Құдайының тілін алмай, үлкен қателік жасады. Сонда ол не істеді? Ол қателігін түзете алды ма? Осы сұрақтардың жауабын білгеніміздің арқасында көп нәрсеге үйренеміз. Мысалы, сенімі мықты адамдардың өздері де кейде қателік жасайтынын және сол қателіктерін түзей алатынын білеміз.

Ғалилеядан шыққан пайғамбар

3—5. а) Жүністі көп адам қалай елестетеді? ә) Біз Жүністің шыққан тегі жайлы не білеміз? (Сілтемені де қараңыз.) б) Неліктен Жүніске пайғамбарлық ету оңайға соқпады?

3 Адамдардың көбісі Жүніс дегенде, оның тілазарлық пен қыңырлық танытқан кездерін еске алады. Алайда Жүністің жақсы қасиеттері де болған. Ехоба оны пайғамбар етіп таңдағанын ұмытпайық. Ол адал да әділ болмағанда, Ехоба оған осындай үлкен жауапкершілік жүктемес еді.

Жүністің бойында жақсы қасиеттер де болған

4 Киелі кітапта Жүністің шыққан тегі жайлы аз мәлімет айтылады (Патшалар 2-жазба 14:25 оқыңыз). Жүніс өзінен сегіз ғасырдан кейін өмір сүрген Иса Мәсіхтің өсіп ер жеткен қаласы Назареттен төрт шақырым қашықтықтағы Ғат-Кефер қаласында туып-өскен *. Оның әкесінің аты Әмитай болған. Жүніс он рулы Исраил патшалығына билік жүргізген ІІ Еробоғам патшаның тұсында пайғамбарлық еткен. Бұл кезде Ілиястың аты халық арасында ұмыт болған еді. Оның қызметшісі Еліше де Еробоғамның әкесі билік еткен уақытта дүниеден өткен. Ехоба бұл екеуін Исраилде Бағалға табынушылықты жою үшін қолданған болатын. Бірақ Исраил халқы қыңырлық танытып, қайтадан жолдан тайып кетті. Олар “Ехобаның алдында ұнамсыз істер жасайтын” патшаларының соңынан ерді (Пат. 2-ж. 14:24). Жүніске осындай күйге жеткен халыққа Құдайдың хабарын жеткізу оңайға соқпады. Сөйтсе де ол қызметін адал атқарып жүрді.

5 Күндердің күнінде Жүністің өмірі күрт өзгерді. Ол Ехоба Құдайдан аса алмайтын асудай, бағындыра алмайтын белестей болып көрінген тапсырма алды. Бұл қандай тапсырма еді?

“Ұлы қала Ниневияға бар”

6. Ехоба Жүніске қандай тапсырма берді және ол неге қиын болып көрінді?

6 Ехоба Жүніске: “Ұлы қала Ниневияға бар да, жасап жатқан зұлымдықтарына менің назарым түскенін жарияла”,— деді (Жүніс 1:2). Бұл тапсырманың Жүніске неге сонша қиын көрінгені түсінікті-ақ. Ниневия қаласы шығыста, 800 шақырым қашықтықта орналасқан еді. Ол жерге жаяу жету үшін шамамен бір ай жүру керек болатын. Алайда Жүністі әсіресе қатты мазалағаны алыс жол емес, Ехобадан алған тапсырмасы еді. Ол Ниневияның аяушылықтан жұрдай қатыгез халқы ассириялықтарға барып, Ехобаның үкімін жеткізуі керек-тін. Жүніс пайғамбарға Құдай халқының өзі құлақ аспай жүргенде, жалған тәңірлерге табынатын басқа халықтан не үміт, не қайыр? “Қан төккіш қала” аталған үлкен Ниневияда Құдайдың жалғыз қызметшісінің қолынан не келеді? (Нағ. 3:1, 7).

7, 8. а) Жүніс Ехобаның тапсырмасын орындамау үшін қандай тәуекелге барды? ә) Неге Жүністі қорқақ болған деуге асықпау керек?

7 Жүністі әлгіндей ойлар мазалады ма, жоқ па — мұны нақты білмейміз. Бар білетініміз — ол қашып кетті. Ехоба Жүністі шығысқа жіберген еді, бірақ ол батыс жаққа, мүмкіндігінше алысқа қашып кетпек болды. Ол жағалаудағы Иоппе қаласына барып, Тарсиске жол тартқалы жатқан кемеге отырды. Кейбір зерттеушілердің айтуынша, Тарсис Испанияда орналасқан. Бұл рас болса, Жүніс Ниневиядан 3500 шақырымға ұзап кеткісі келген. Ұлы теңіздің (Жерорта теңізі) қарсы бетінде орналасқан Тарсиске кемемен жету үшін шамамен бір жыл уақыт кететін. Жүніс осындай тәуекелге барып, Ехобаның тапсырмасынан қашып кетпек болды (Жүніс 1:3 оқыңыз).

8 Сонда Жүністің қорқақ адам болғаны ма? Олай деуге асықпағанымыз дұрыс. Кейін көретініміздей, ол айрықша батылдық таныта білді. Алайда барлығымыз сияқты ол да көптеген кемшіліктері бар кемелсіз адам болған (Зәб. 51:5). Бойымызды үрей билейтін кездер бәрімізде де болады емес пе?!

9. Кейде біз Құдайдың берген тапсырмасы жайлы не ойлауымыз мүмкін және қандай шындықты естен шығармағанымыз жөн?

9 Кейде бізге Құдайдың берген тапсырмасы қиын, тіпті оны орындау мүмкін еместей көрінуі мүмкін. Мысалы, біз мәсіхшілерге тапсырылған істі атқарудан, яғни Құдай Патшалығы туралы ізгі хабарды уағыздаудан, қорқатын шығармыз (Мат. 24:14). Осындай кездері Иса айтқан маңызды шындықты оп-оңай ұмытып кетуіміз мүмкін. Ол: “Құдайдың қолынан бәрі келеді”,— деген (Мар. 10:27). Кейде біз Исаның осы сөздерін ескермей, Құдайдың талаптарын еш орындай алмаймыз деп ойлап жатамыз. Жүніс те дәл осылай ойлаған болса керек. Сонымен Жүністің Тарсиске тартқан сапары немен аяқталды?

Ехоба тілазар пайғамбарын жөнге салды

10, 11. а) Жүк кемесі жағалаудан алыстай бергенде, Жүніс не ойласа керек? ә) Кеме мен теңізшілерге қандай қауіп төнді?

10 Кемеге жайғасып жатқан Жүністі елестетіп көріңізші. Бұл Финикияның жүк кемесі болса керек. Капитан мен өзге теңізшілер кемені жолға дайындап әлек. Ақыры кеме көк теңізге шығып, жағалаудан алыстай берді. Сонда Жүніс өзінің қорқынышты тапсырмасынан құтылғандай сезінді. Бірақ кенеттен күн райы өзгеріп кетті.

11 Долы жел дүлей соғып, толқындарды көтере бастады. Қаһарлана буырқанған мұндай теңізге тіпті заманауи кемелер де қарсы тұра алмас еді. Жүніс кейінірек өз кітабында: “Ехоба қатты жел тұрғызды да, теңізде сұрапыл дауыл көтерілді”,— деп жазған. Алайда ол сол мезетте осының бәрі Құдайдан екенін білмесе керек. Толқыған теңізде құртақандай болып көрінген ағаш кеме екпіндеп соғып жатқан алып толқындардың уысында қанша уақыт тұрар екен? Теңізшілер өз құдайларына жалбарынып, айғайлап көмек сұрай бастады. Жалған құдайларға жалбарыну бос әурешілік екенін Жүніс жақсы білетін (Мұс. 3-ж. 19:4). Киелі кітаптан оның: “Кеме қирауға айналды”,— деген сөздерін оқимыз (Жүніс 1:4). Ал Жүніс ше? Ол өз Құдайынан қашып бара жатып, оған жалбарына алар ма екен?

12. а) Сұрапыл дауылда ұйықтап қалған Жүністі айыптауға неліктен асықпаған жөн? (Сілтемені де қараңыз.) ә) Дауылдың кімнің кесірінен болып жатқанын Ехоба қалай көрсетті?

12 Теңізшілерге еш көмектесе алмайтынын түсінген Жүніс кеменің төменгі қабатына түсті де, жатуға ыңғайлы жер тауып, қатты ұйықтап кетті *. Бірақ капитан оны тауып алып, оятты да, басқа теңізшілер сияқты өзінің құдайына жалбарынуды айтты. Дауылдың жайдан-жай тұрып жатпағанына сенімді болған теңізшілер кімнің кінәлі екенін анықтау үшін жеребе тастады. Теңізшілер бірінен соң бірі айыпсыз болып табылған сайын, Жүніс мазасыздана бастады. Төнген қауіптің түп айыпкері көп ұзамай анықталды. Ехоба жеребені Жүніске түсіріп, сұрапыл дауылдың сол адамның кесірінен болып жатқанын мәлім етті (Жүніс 1:5—7 оқыңыз).

13. а) Жүніс теңізшілерге қандай шындықты айтып берді? ә) Жүніс теңізшілерге не істе деді және неге?

13 Жүніс теңізшілерге бар шындықты ашты. Ол өзінің Құдіреті шексіз Құдай Ехобаның қызметшісі екенін және оның тапсырмасын орындаудан қашып, қаһарына ұшырағанын, сөйтіп, жазықсыз жандардың басын қауіпке тіккенін айтып берді. Мұны естіген теңізшілердің зәре-құты қалмады. Олар Жүністен кеме мен өз жандарын аман алып қалу үшін не істеу керектігін сұрады. Сонда ол: “Мені суға лақтырып жіберіңдер, сонда теңіз тынышталады. Себебі бұл сұрапыл дауылға менің кесірімнен ұшырағандарыңды білемін”,— деп жауап берді (Жүніс 1:12). Тастай суық теңізге батып бара жатқанын елестеткенде, Жүністің денесі тітіркеніп кетсе керек. Әйтсе де теңізшілерді құтқарудың жолын біле тұра Жүніс оларды өлімге қия алмады.

14, 15. а) Жүністің берік сенімін қалай үлгі ете аламыз? ә) Теңізшілер Жүністің айтқанын істеді ме?

14 Бұл нағыз жүрек жұтқан адамның сөздері емес пе?! Осы бір қысылтаяң уақытта Жүністің батылдық пен жанқиярлық танытқаны Ехобаның жүрегін елжіретіп жіберген болса керек. Жүністің әрекеті оның сенімінің берік болғанын көрсетеді. Біз де өзгелердің мүддесін өзіміздікінен жоғары қою арқылы оған еліктей аламыз (Жох. 13:34, 35). Әлдекімнің таршылық көріп, эмоциялық не рухани жағынан қиналып жүргенін байқасақ, оларға көмектесу үшін жанқиярлық танытамыз ба? Осылай еткеніміз Ехобаны қатты қуантары сөзсіз!

15 Жүністің айтып бергендері теңізшілерді толқытып жіберген болу керек, олар оны суға бірден тастамады. Алдымен олар қолдарынан келгеннің бәрін істеп, долы дауылда кемені игеруге тырысып бақты. Алайда бұларынан түк шықпады. Дауыл одан бетер күшейе түсті. Басқа амалдары қалмағанын түсінгенде, олар Жүністің Құдайы Ехобадан рақым етуін өтінді де, пайғамбарды көтеріп алып, теңізге лақтырып жіберді (Жүніс 1:13—15).

Жүністің айтуымен теңізшілер оны теңізге лақтырып жіберді

Жүніс Ехобаның рақымына ие болып, құтқарылды

16, 17. Жүніс теңізге батқанда, қандай күй кешті? (Суретті де қараңыз.)

16 Жүніс ашулы теңізге күмп етті. Ол алай-түлей болған теңізде арпалысып жатқанда, кеме одан ұзап кете барды. Бір кезде алып толқын төніп келіп, Жүністі суға батырып жіберді. Ол теңіз түбіне шөгіп бара жатқанда, өмірден бар күдерін үзсе керек.

17 Кейіннен сипаттап жазған сөздерінен Жүністің осы кезде не күй кешкенін көруге болады. Бір-ақ сәтте оның бүкіл ғұмыры көз алдынан зу етіп өтті. Ол Иерусалимдегі Ехобаның әсем ғибадатханасын енді қайтып көре алмайтынына қатты қынжылды. Теңіз тұңғиығына, таулардың негізіне дейін жеткендей болған Жүніс балдырларға шырмалып қалды. Осы кезде ол біткен жерім осы деп ойласа керек (Жүніс 2:2—6 оқыңыз).

18, 19. Теңіз түбінде Жүніспен не болды, әрі оны қандай тіршілік иесі жұтып қойды және бұл оқиғаның артында тұрған кім еді? (Сілтемені де қараңыз.)

18 Бір кезде үлкен тіршілік иесінің қарайған сұлбасы пайда болды. Ол Жүністің жанына жақындап келді де, арандай аузын ашып, оны тұтастай жұтып қойды!

“Ехоба бір үлкен балықты жіберді де, ол Жүністі жұтып қойды”

19 Енді бәрі шынымен-ақ біткендей көрінді. Бірақ дүрсілдеп соққан жүрегінен Жүніс әлі тірі екенін түсінді. Ол алып балықтың асқазанында қорытылып кеткен жоқ, бірде-бір сүйегі сынбады, тіпті тынысы да тарылмады. Бірте-бірте Жүністің бойын қастерлі сезім билей бастады. Алып балыққа Жүністі жұтып қоюға бұйырған Ехоба Құдайдың өзі болғанында дау жоқ * (Жүніс 1:17).

20. Жүністің үлкен балықтың ішінде айтқан дұғасынан ол жайында не білеміз?

20 Минуттар сағаттарға ұласты. Мұншалықты қара түнекте ешқашан болып көрмеген Жүніс ойға шомып, Ехоба Құдайға дұға ете бастады. Жүніс кітабының екінші тарауын қамтитын оның дұғасынан біраз жайтты білуге болады. Зәбүр жырларының үзінділерін жиі келтіргеніне қарағанда, Жүніс Жазбаларды жақсы білген. Сондай-ақ оның ризашылық білдіре білетін адам болғаны байқалады. Өйткені Жүніс дұғасын былай деп аяқтаған: “Мен саған ризашылық білдіріп, құрбандық шаламын. Сөзімнен таймай, антымда тұрамын. Уа, Ехоба, құтқарушым өзіңсің” (Жүніс 2:9).

21. Жүніс нені түсінді және бұдан біз қандай құнды сабақ аламыз?

21 Жүніс Ехобаның адамды қай жерде болмасын, қай уақытта болмасын, барлық кезде де құтқара алатынын түсінді. Ехоба жаны қиналған қызметшісін тіпті балықтың ішінде жатқан жерінен тауып алып, өмірін сақтады (Жүніс 1:17). Үш күн, үш түн бойы балық ішінде жатқан адамды аман сақтау тек құдіретті Құдайдың ғана қолынан келеді. Біз де өміріміз Ехобаның қолында екенін есте ұстағанымыз абзал (Дан. 5:23). Тыныс алып, өмір сүріп жатқанымыз үшін біз оған ғана борыштармыз. Осы үшін ризашылық білдіреміз бе? Мұны оған мойынсұнуымыз арқылы көрсетеміз бе?

22, 23. а) Жүністің Құдайға деген ризашылығы қалай сыналды? ә) Қателік жібергенде, Жүністі қалай үлгі ете аламыз?

22 Ал Жүніс ше? Ол Ехобаға ризашылығын мойынсұну арқылы көрсетуді үйренді ме? Иә. Үш күн, үш түннен кейін “балық Жүністі жағалауға құсып тастады” (Жүніс 2:10). Оған жағалауға жету үшін тіпті жүзудің де қажеті болмады! Бірақ ол қай жерде тұрғанын, қалай жүру керектігін өзі анықтауы керек еді. Жүністің Құдайға қаншалықты риза екендігі көп ұзамай-ақ сыналды. Жүніс 3:1, 2-де былай делінген: “Бұдан кейін Ехоба Жүніске екінші рет сөзін арнап былай деді: — Орныңнан тұр да, ұлы қала Ниневияға барып, мен айтқан хабарды жарияла!” Бұл жолы Жүніс не істер екен?

23 Ол кідірместен тапсырманы орындауға кірісті. Киелі кітапта: “Жүніс Ехобаның сөзіне құлақ асып, жолға шықты”,— делінген (Жүніс 3:3). Иә, ол өз қателігінен сабақ алып, Ехобаның айтқанына мойынсұнды. Осы жағынан Жүніс бізге жақсы үлгі болып табылады. Рас, жаңылмайтын жақ, сүрінбейтін тұяқ жоқ. Пенде болған соң, бәріміз де қателік жібереміз (Рим. 3:23). Сондай кездері біз не істейміз? Күйзеліске түсіп кетеміз бе? Әлде қателігімізден сабақ алып, әрі қарай да Құдайға мойынсұнушылықпен қызмет етеміз бе?

24, 25. а) Жүніс көзі тірісінде қандай батаға кенелді? ә) Болашақта Жүніс қандай баталарға кенеледі?

24 Ехоба Жүністі мойынсұнғаны үшін жарылқады ма? Әлбетте. Жүніс кейіннен теңізшілердің аман қалғанын естіген болу керек. Оның жанқияр әрекетінен кейін дауыл бірден басыла қалды. Сонда теңізшілер “Ехобадан қатты қорқып”, өздерінің жалған құдайларына емес, Ехобаға құрбандық шалды (Жүніс 1:15, 16).

25 Жылдар өте Ехоба Жүніске бұдан да зор батасын берді. Иса Жүністің алып балықтың ішінде үш күн, үш түн жатуының пайғамбарлық мәні бар екенін көрсетіп, өзінің де қабірде сонша уақыт болатынын айтты (Матай 12:38—40 оқыңыз). Жүніс жұмақ орнаған жерде өмір сүру үшін қайта тірілгенде, осы бір керемет жайтты біліп, қалайша қуанады десеңізші! (Жох. 5:28, 29). Ехоба сізге де батасын төккісі келеді. Сіз де қателіктеріңізден сабақ алып, Жүніс сияқты мойынсұнғыш әрі жанқияр болғыңыз келе ме?

^ 4-абзац Жүністің Ғалилея аумағындағы қаладан шыққаны көңіл қоярлық жайт. Өйткені өздеріне тым сенімді болған парызшылдар Исаға: “Жазбаларды зертте, сонда Ғалилеядан ешқандай пайғамбар шықпайтынын көресің”,— деген болатын (Жох. 7:52). Көптеген аудармашылар мен зерттеушілердің пікірінше, парызшылдар мұнда аса танымал емес Ғалилея өлкесінен ешқандай пайғамбар шықпағанын және шықпайтынын айтып, жалаң сөйлеген. Бұдан парызшылдардың тарихты да, пайғамбарлықты да елемегені көрінеді (Ишая 9:1, 2).

^ 12-абзац Грек Септуагинтінде Жүністің қорылдап, қатты ұйықтап кеткеніне ерекше назар аударылған. Сонда Жүністің төніп тұрған апатқа бейжай қарағаны ма? Бір ескеретін жайт, қатты күйзеліп, еңсесі түсіп жүрген адамды кейде ұйқыға тартып тұрады. Мысалы, Иса Гетсимани бағында бірнеше сағат бойы дұға етіп, қиналғанда, Петір, Жақып пен Жохан да “қайғыдан титықтап ұйықтап кеткен” болатын (Лұқа 22:45).

^ 19-абзац Еврей тіліндегі “балық” сөзі Грек Септуагинтінде “теңіз құбыжығы”, “үлкен балық” деп аударылған. Оның нақты қандай балық екенін анықтау мүмкін болмағанмен, Жерорта теңізінде адамды тұтасымен жұта алатын үлкен акулалардың бар екені анықталды. Ал басқа жерлерде бұдан әлдеқайда үлкен акулалар кездеседі. Мысалы, кит акуласының ұзындығы 15 метрге дейін жетеді, тіпті одан да асатындары бар!