Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

ОЛАРДЫҢ СЕНІМДЕРІН ҮЛГІ ЕТЕЙІК | МӘРИЯМ

Ол жанын семсер сұғып алғандай ауыртқан қайғыға шыдай алды

Ол жанын семсер сұғып алғандай ауыртқан қайғыға шыдай алды

МӘРИЯМ тізерлеп отыр. Оның қайғысын сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес. Сағаттар бойы азап шегіп, соңғы демін шығарған ұлының даусы оның құлағында әлі жаңғырып тұр. Тал түсте аспан қара түнекке оранды, ал жер қатты сілкінді (Матай 27:45, 51). Мәриям үшін бұл жайттар Ехоба Исаның өлімінің өзіне қаншалықты ауыр тигенін бүкіл әлемге көрсетіп жатқандай болған шығар.

Голгота не Бассүйек деп аталатын жерді басқан қараңғылық күндізгі жарықтан сейіле бастағанда, Мәриям ұлын жоқтап, қайғырып отырған еді (Жохан 19:17, 25). Оның көз алдынан бұрын болған жайттар тізіліп өткен шығар. Солардың бірі осыдан 33 жыл бұрын Жүсіп екеуі жаңа туылған сәбилерімен Иерусалимдегі ғибадатханаға келгенде Шимон есімді қарт кісінің айтқан пайғамбарлығы болар. Ол кісі Исаның ғаламат істер жасайтынын, алайда күндердің күнінде Мариямның жаны үлкен семсер сұғып алғандай ауыратынын айтқан (Лұқа 2:25—35). Алайда Мәриям сол сөздердің мәнін осы бір қайғылы сағатта ғана ұққандай болды.

Мәриямның жаны семсер сұғып алғандай ауырған

Туған баласының өлімін көру ата-ана үшін өмірдегі ең қайғылы жағдай екені рас. Өлім — адамзаттың қас жауы және оның зардабы ешқайсысымызды айналып өтпейді (Римдіктерге 5:12; Қорынттықтарға 1-хат 15:26). Алайда мұндай қайғыға шыдап бағу мүмкін бе? Қазір Мәриямның өмірінде Исаның қызметін бастаған кезінен өліміне дейінгі уақыт аралығында қандай оқиғалар орын алғаны жайлы қарастырып көрейік. Бұл бізді Мәриямның жанын семсер сұғып алғандай ауыртқан қайғыға шыдап бағуға көмектескен берік сенімін үлгі етуге талпындырады.

“ОЛ НЕ АЙТСА, СОНЫ ІСТЕҢДЕР”

Қазір үш жарым жыл бұрынғы уақытқа оралайық. Мәриям бір өзгерістің болайын деп жатқанын сезіп тұрды. Тіпті Назарет деген кішкентай қалашықта адамдар шомылдыру рәсімін жасаушы Жақия мен оның өкіну туралы хабарын әңгіме етіп жүрген еді. Мәриям үлкен ұлының бұл жаңалықты белгі ретінде қабылдағанын байқаған болса керек. Өйткені Исаның жердегі қызметін бастайтын уақыты келген болатын (Матай 3:1, 13). Әрине, Исаның енді үйде болмайтыны қандай да бір шамада Мәриям мен оның үй ішіне ауыр тимек еді. Неге?

Бұған Мәриямның күйеуі Жүсіптің қайтыс болып кеткені себеп болуы мүмкін. Егер бұл солай болса, Мәриямның жақын адамнан айырылудың не екенін білгенінде күмән жоқ *. Адамдар сол кездері Исаны “ағаш ұстасының ұлы” деп қана емес, “ағаш ұстасы” деп те атаған. Соған қарағанда, Иса әкесінің ісін жалғастырып, анасы мен алты бауырының асыраушысы болған (Матай 13:55, 56; Марқа 6:3). Тіпті Иса Жақып есімді бауырына (Исадан кейінгі ұл болуы мүмкін) ұста болуды үйреткен күнде де, үлкен ұлының отбасынан кетуі үй ішіндегілерге оңай тимегені анық. Иығында онсыз да ауыр жүгі бар Мәриям бұл өзгерісті ойлап уайымдады ма? Біз бұл жайлы тек болжамдай аламыз. Алайда бұдан да маңызды туындауы мүмкін сұрақ: назареттік Исаның ғасырлар бойы уәде етіліп келген Мәсіх екенін білгенде, Мәриям бұны қалай қабылдады? Бұл сұрақтың жауабын Киелі кітапта жазылған бір оқиғадан табуға болады (Жохан 2:1—12).

Жақия Исаны шомылдыру рәсімінен өткізгенде, Иса Құдайдың майланғаны не Мәсіх болды (Лұқа 3:21, 22). Содан кейін ол өз шәкірттерін таңдауды бастады. Атқарып жүрген қызметі шұғыл болса да, Иса уақыт тауып, отбасымен және достарымен қуанышты жиындарда бас қосқан. Бірде ол анасымен, шәкірттерімен және туған бауырларымен бірге Қана қаласында өткен үйлену тойына барады. Таудың төбесінде орналасқан бұл қала Назареттен 13 шақырым жерде болатын. Той өтіп жатқанда, Мәриям бір қиындықтың туындағанын байқап қалады. Бәлкім, ол жас жұбайлардың туыстары бір нәрсені уайымдап, өзара сыбырласып жатқанын көрген шығар. Оларды уайымдатып жатқан нәрсе — қонақтарға ұсынатын шараптың таусылып қалғаны еді! Дәстүр бойынша мұндай жағдай той иелері үшін ұят нәрсе болып есептелетін және тойдың шырқын бұзатын. Оларға жаны ашып кеткен Мәриям Исаның жанына барады.

Ол ұлына келіп: “Олардың шарабы жоқ”,— деді. Сонда Мәриям Иса бір нәрсе істейді деп күтті ме? Бұлай болуы да мүмкін. Өйткені ол Исаның ғажайып істер істей алатын ұлы адам екенін білген. Бәлкім, Мәриям Иса керемет істер жасауды осы жерде бастайды деп үміттенген болар. Басқаша айтқанда, ол Исаға: “Ұлым, бір нәрсе істесеңші!”— дегендей болды. Исаның берген жауабы Мәриямды таңғалдырған шығар. Өйткені ол: “Бұның екеумізге қандай қатысы бар?”— деп жауап берген еді. Кейбіреулер Исаның анасына берген жауабы дөрекі болды деп ойлауы мүмкін. Алайда түпнұсқа тілінде бұл сөздер Исаның анасының ұсынысынан бас тартып, оны жұмсақтықпен түзеткенін білдіреді. Осылайша Иса қызметіне байланысты басшылықты тек көктегі Әкесі Ехоба ғана бере алатынын анасының есіне салды.

Мәриям түсінігі мол әрі кішіпейіл әйел болғандықтан, ол ұлының айтқан түзетуін қабыл алды. Мәриям тойдағы қызметшілерге келді де, жай ғана: “Ол не айтса, соны істеңдер”,— деді. Осылайша Мәриям ұлына басшылық бергені орынды емес екенін, қайта, өзі де, басқалар да оның басшылығымен жүру керек екенін түсінетінін көрсетті. Ал Иса өз кезегінде анасы сияқты өзінің де жас жұбайларға жаны ашитынын көрсетті. Ол суды жақсы шарапқа айналдыру арқылы өзінің ең алғашқы кереметін жасады. Бұл өзгелерге қалай әсер етті? “Шәкірттері оған сенді” және Мәриямның да Исаға деген сенімі артты. Енді ол Исаны жай ұлы деп қана емес, Иесі және Құтқарушысы деп санады.

Бүгінде ата-аналар Мәриямның танытқан сеніміне еліктей алады. Әрине, ешкімнің де тура Иса сияқты баланы тәрбиелемегені рас. Алайда кез келген баланың есеюі кезінде орын алатын өзгерістер көп қиындық тудырады. Мысалы, ата-аналар есейген ұлдарына не қыздарына, орынды болмаса да, кішкентай балаға қарағандай қарауды жалғастыра беруі мүмкін (Қорынттықтарға 1-хат 13:11). Олар өздерінің есейген балаларына қалай көмектесе алады? Мұның бір жолы — ата-аналар Құдайға адал балаларының есейген кездерінде де Киелі кітап ілімдерін әрі қарай ұстанатындарына және нәтижесінде Ехобаның батасына кенелетініне шын жүректен сенетіндерін көрсету. Ата-аналардың кішіпейілділікпен осылай еткендері өсіп келе жатқан балаларына жақсы жағынан әсер етуі мүмкін. Мысалы, Мәриям маңызды оқиғаларға толы жылдарда Исаға қолдау көрсеткен және Исаның бұл үшін анасына риза болғанында күмән жоқ.

“ІНІЛЕРІ ИСАҒА СЕНБЕЙТІН”

Исаның үш жарым жылдық қызметі кезінде Мәриямның не істегені жайлы Інжілде мәлімет айтарлықтай көп емес. Оның жесір болғанын ескерер болсақ, жалғыз басты ана кішкентай балаларымен үйде отырған болса керек. Сондықтан да туған жерінде уағыздап жүрген Исаның соңынан Мәриямның неліктен ере алмағаны түсінікті-ақ (Тімөтеге 1-хат 5:8). Алайда ол Мәсіх жайлы білген рухани нәрселері жайлы ой жүгіртуді және жергілікті мәжілісханада өтетін кездесуге баруды жалғастыра берген (Лұқа 2:19, 51; 4:16).

Демек, Иса Назареттегі мәжілісханада тәлім берген кездері, тыңдармандардың арасында Мәриямның да болуы мүмкін ғой. Сол жерде Иса ғасырлар бұрын Мәсіх жайлы айтылған пайғамбарлықтың өзінде орындалып жатқанын айтқанда Мәриямның толқып кеткенінде күмән жоқ! Алайда назареттіктердің Исаны қабыл алмағанын, тіпті оны өлтіруге тырысқанын көргенде, оның көңілі қатты түскен шығар (Лұқа 4:17—30).

Сондай-ақ басқа ұлдарының да Исаға сенбегендері үшін Мәриям қамыққан болуы мүмкін. Жохан 7:5-тен білетініміздей, Исаның төрт інісінде Мәриямдікіндей сенім болмаған. Ол жерде: “Інілері Исаға сенбейтін”,— деп жазылған. Ал Исаның қарындастары жайлы — олар екеу болуы мүмкін — Киелі кітапта ештеңе айтылмаған *. Қандай болған күнде де, әртүрлі діни көзқарасты ұстанатын отбасында тұрудың адамға қаншалықты ауыр тиетінін Мәриям жақсы білген. Ол шындыққа адал болып қалуда және отбасы мүшелеріне өктемдік көрсетпей, олардың жүректерін жібітуге тырысуда байсалдылық танытқан.

Бірде Исаның туыстары оны “ұстап алуға” шыққан еді. Олардың арасында Исаның інілерінің де болғаны сөзсіз. Олар Иса жайлы: “Ол ақылынан адасыпты”,— деген болатын (Марқа 3:21, 31). Әрине, Мәриям олар сияқты пікірде болған жоқ. Бірақ ұлдары бір нәрсеге үйреніп, сенімдері пайда болар деген үмітпен Мәриям оларға еріп келген болуы мүмкін. Мәриямның үміті ақталды ма? Исаның ғаламат істер жасап, керемет шындықтарды үйреткеніне қарамастан, Мәриямның ұлдарында сенім пайда болмады. Алайда Мәриям шындық олардың жүректеріне жету үшін бұдан артық тағы не керек деп ашуланды ма?

Сіздің отбасы мүшелеріңіз әртүрлі дінді ұстана ма? Онда Мәриямның сенімін үлгі етсеңіз болады. Ол сенуші емес туыстарынан еш үміт үзбеген. Қайта, ол туыстарына сенімі оған қуаныш пен тыныштық әкелетінін көрсетуді қалаған. Сондай-ақ Мәриям адал ұлына қолдау көрсетуді де ұмытпаған. Ол Исаны сағынды ма? Мәриям ұлының үйге келіп, өзімен және отбасымен бірге болғанын қалады ма? Егер бұл солай болса, ол өз сезімдерін жүгендей білген. Ол Исаға қолдау көрсетіп, оны жігерлендіруді мәртебе санаған. Сіз де балаларыңызға Құдайға қызмет етуді бірінші орынға қоюға көмектесе аласыз ба?

“ЖАНЫҢ... ҮЛКЕН СЕМСЕР СҰҒЫП АЛҒАНДАЙ ҚАТТЫ АУЫРАТЫН БОЛАДЫ”

Исаға сенім білдіргені үшін Ехоба Мәриямға батасын берді ме? Ехоба сенім танытқан адал қызметшілерін ешқашан батасыз қалдырмайды (Еврейлерге 11:6). Мәриямның жағдайында да бұл солай болды. Баласының айтқан тәлімдерін естігенде не оның уағызын тыңдаған адамдардың сол жайлы әңгімелесіп жатқанын көргенде, Мәриямның не сезінгенін елестетіп көріңізші.

Исаның көп мысалдарынан Жүсіп пен Мәриямның берген тәрбиесі көрініп тұрды

Ұлының тәлім беру үшін келтірген мысалдары Мәриямның есіне Исаның балалық шағында болған қандай да бір жайттарды түсірді ме екен? Исаның жоғалған тиынды іздеу үшін үйін сыпырған әйел мен нан пісіру үшін диірмен тартып отырған әйел туралы және шам жаққанда оны шамдалға қою керектігі жайлы мысалдарды естігенде, Мәриям өткен күндерге оралып, күнделікті үй тірлігімен айналысқанда кішкентай Исаның қасында жүргенін есіне алған болар (Лұқа 11:33; 15:8, 9; 17:35). Ал Иса мойынтұрығым ыңғайлы және жүгім жеңіл деп айтқанда, Мәриямның есіне Жүсіптің малға жүк тасуға ыңғайлы болу үшін мойынтұрықты қалай жасау керектігін Исаға үйретіп жатқаны түскен болар (Матай 11:30). Әрине, Мәриям Мәсіх атанатын баланы өсіріп-тәрбиелеу Ехобаның оған берген мәртебелі тапсырмасы екені жайлы ой жүгіртіп, содан зор қанағат алған. Ең ұлы ұстаз Исаның үйреткен тәлімдерін естігенде Мәриям қатты қуанған шығар. Өйткені Иса қарапайым мысалдардың көмегімен маңызды шындықтарды үйреткен!

Десе де Мәриям кішіпейіл болған. Иса ешқашан да оны ерекше құрметке бөлеп, пір тұтпаған. Жердегі қызметі кезінде бір әйел Исаға: “Сені құрсағында көтерген әрі емізген әйел бақытты!”— дегенде, ол: “Жоқ, Құдай сөзін естіп, оны орындайтындар бақытты!”— деп жауап берген (Лұқа 11:27, 28). Қалың жұрттың арасында отырған бір кісі Исаға анасы мен бауырларының келіп тұрғанын айтқанда, ол өзі үшін кімнің нағыз ана мен бауыр екенін білдіріп: “Кім Құдай еркін орындаса, сол менің бауырым, әпке-қарындасым және анам”,— деді. Бұл сөздерімен Иса рухани істердің туыстық қатынастан әлдеқайда маңызды екенін айтқысы келді. Мәриям Исаның сөздеріне еш өкпелемеді, өйткені ол Исаның не айтқысы келгенін жақсы түсінген еді (Марқа 3:32—35).

Азап бағанасында ілулі тұрған ұлының қатты қиналып жатқанын көрген Мәриямның қайғысын сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес. Исаның өлімге кесілгенін көрген Жохан кейінірек осы оқиғаны толықтай суреттеп жазған. Исаның басына түскен ауыр сынақ кезінде Мәриям “азап бағанасының қасында” тұрды. Адал және сүюші анаға ұлының жанында соңына дейін тұруға ешнәрсе кедергі жасай алмады. Алған әрбір тынысы мен айтқан әрбір сөзі азапқа айналса да, Иса анасына қарап тіл қатты. Ол сүйікті елшісі Жоханға анасына қамқорлық көрсетуді тапсырды. Інілері сол уақытта әлі сенуші болмағандықтан, Иса Мәриямды оларға емес, адал ізбасарына тапсырған болатын. Осылайша Иса Құдайдың қызметшісі үшін үй ішіндегілердің қамын ойлау, әсіресе олардың рухани қажеттіліктерін ойлау, қаншалықты маңызды екенін көрсетті (Жохан 19:25—27).

Ақырында Иса жан тәсілім еткенде, жылдар бұрын пайғамбарлық етілгендей, Мәриямның жаны үлкен семсер сұғып алғандай қатты ауырды. Бізге Мәриямның қабырғасын қайыстырған қайғының қаншалықты ауыр болғанын елестету қиын болса, онда оның үш күннен кейін сезінген қуанышын, әсте, елестете алмаспыз! Мәриям ғажайыптардың ішіндегі ең кереметін, Исаның қайта тірілгенін көрді! Иса інісі Жақыпқа жеке көрінген кезде, Мәриямның қуанышына қуаныш қосылғаны анық (Қорынттықтарға 1-хат 15:7). Өйткені бұл кездесу Жақыпқа да, Исаның басқа інілеріне де әсер еткен еді. Біз олардың кейінірек Исаның Мәсіх екеніне сенгендерін білеміз. Көп ұзамай олар аналарымен бірге мәсіхшілердің кездесуіне барып, “бірауыздан дұға етіп жүрді” (Елшілердің істері 1:14). Кейінірек олардың екеуінің, Жақып пен Яһуданың, жазған кітаптары Киелі жазбаларға кірді.

Мәриям басқа ұлдарының да адал мәсіхші болғанына қуанған

Балаларымен бірге кездесуде дұға айтып жатқаны жайлы жазылған Киелі кітаптағы оқиғада Мәриямның есімі соңғы рет аталады. Мәриямның оқиғасының осылай аяқталғаны қандай керемет. Ол өзінің артынан өшпес үлгі қалдырды! Сенімінің арқасында ол жанын семсер сұғып алғандай ауыртқан қайғыға шыдай алды және ақырында керемет сыйға ие болды! Егер оның сеніміне еліктейтін болсақ, осы зұлым дүние жанымызға қандай жара салмасын, бәріне шыдай алатын боламыз және өзіміз ойлағаннан да керемет сыйға ие боламыз.

^ 8-абзац Иса 12 жаста болғанда орын алған оқиғадан кейін Жүсіп жайлы Інжілде ештеңе айтылмайды. Онда тек Исаның анасы мен оның балалары жөнінде ғана сөз қозғалады. Бұған қоса, бірде адамдар Исаны Жүсіптің ұлы демей, “Мәриямның ұлы” деп атаған (Марқа 6:3).

^ 16-абзац Жүсіп Исаның биологиялық әкесі болмағандықтан, Исаның бауырлары оған өгей болатын (Матай 1:20).