Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

Дұрыс па, бұрыс па? Киелі кітап — сенімді ақыл-кеңестің көзі

Дұрыс па, бұрыс па? Киелі кітап — сенімді ақыл-кеңестің көзі

Өзіңіз не өзгелер дұрыс деп есептейтін нәрсені істеу әрқашан дұрыс бола бермейді. Оның себебі Киелі кітапта айтылады. Бұған қоса Киелі кітапта бақытты да мағыналы өмір сүруге көмектесетін сенімді моральдық нормалар жазылған.

БІЗ БАҒЫТ-БАҒДАРҒА МҰҚТАЖБЫЗ

Киелі кітапта Ехоба a Құдайдың адамды өз жолына бағыт-бағдар бере алатындай етіп жаратпағаны, қайта, адам Құдайдың бағыт-бағдар беруіне мұқтаж екені айтылған (Еремия 10:23). Сондықтан да ол Киелі жазбаларға өзінің моральдық нормаларын жаздырған. Ол бізді жақсы көреді және өмірімізді қиындататын, бізге зияны тиетін жаман шешімдер қабылдағанымызды қаламайды (Мұсаның 5-жазбасы 5:29; Жоханның 1-хаты 4:8). Бұған қоса, Жаратушымыз болғандықтан, бізге ең жақсы ақыл-кеңес беруге оның даналығы мен білімі жетерлік (Зәбүр 100:3; 104:24). Бірақ, соған қарамастан, ол адамдарды өзінің нормалары бойынша өмір сүруге мәжбүрлемейді.

Ехоба ең алғашқы жұпқа, Адам ата мен Хауа анаға, бақытты өмір сүру үшін бәрін берді (Мұсаның 1-жазбасы 1:28, 29; 2:8, 15). Сондай-ақ оларға қарапайым нұсқаулар беріп, соларға мойынсұнады деп күтті. Бірақ таңдау еркімен жаратылғандықтан, олар Құдайға мойынсұна ма, жоқ па, оны өздері шешер еді (Мұсаның 1-жазбасы 2:9, 16, 17). Өкінішке қарай, Адам ата мен Хауа ана Құдайдың емес, өз дегендерімен жүруді таңдады (Мұсаның 1-жазбасы 3:6). Оның соңы не болды? Ненің жақсы, ненің жаман екенін Құдайға қарағанда адам жақсырақ біле ме екен? Жоқ. Тарихтан көретініміздей, Құдайдың нормаларын елемеу ешқашан адамзатты шынайы тыныштық пен бақытқа жеткізген емес (Уағыздаушы 8:9).

Шыққан ортамыз қандай болмасын, Киелі кітап бізге дұрыс бағыт-бағдар беріп, дана шешімдер қабылдауға көмектеседі (Тімөтеге 2-хат 3:16, 17; “ Барша адамға арналған кітап” деген қоршауды қараңыз.). Қалай?

Киелі кітапты “Құдай сөзі” деуге толық негіз бар екені жайлы көбірек біліңіз (Салоникалықтарға 1-хат 2:13). jw.org сайтындағы “Киелі кітаптың авторы кім?” деген видеоны көріңіз.

КИЕЛІ КІТАП ҚАЛАЙ ҚҰДАЙДЫҢ ДАНАЛЫҒЫН ПАШ ЕТЕДІ?

Киелі жазбаларда Ехобаның адамзатпен арақатынасы қандай болғаны ашық айтылған. Киелі кітапты оқи отырып, Құдайдың көзінде не дұрыс, не бұрыс екенін, ненің пайдалы, ненің зиян екенін біле аламыз (Зәбүр 19:7, 11). Ондағы ешқашан ескірмейтін принциптер бізге күнделікті өмірде дұрыс таңдау жасауға көмектеседі.

Мысалы, Нақыл сөздер 13:20-да “Данамен жүрген дана болар, Ақылсызбен араласқан жапа шегер” деген насихат жазылған. Бұл кеңес бұрын қалай тиімді болса, бүгінгі таңда да тура солай тиімді. Киелі кітап бұдан да басқа тиімді де құнды ақыл-кеңестерге бай (“ Киелі кітаптың уақытқа бағынбайтын даналығы” деген қоршауды қараңыз.).

Бірақ сіз “Киелі кітаптағы моральдық нормалар шынымен де пайдалы ма?” деп ойланатын шығарсыз. Олай болса, өмірден алынған кейбір мысалдарды қарастырып көрейік.

a Ехоба деген — Құдай Тағаланың төл есімі (Зәбүр 83:18).