Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

Өзіміз дұрыс деп есептейтінді істеу әрдайым дұрыс па?

Дұрыс па, бұрыс па? Көп адам неге жүгінеді?

Дұрыс па, бұрыс па? Көп адам неге жүгінеді?

Кейбір әрекеттердің дұрыс не бұрыс екені айдан анық көрініп тұрады. Мысалы, көп адам кісі өлтіру, адам зорлау не бала азғыру сияқты нәрселердің дұрыс емес екенімен келіседі. Ал әділ болу, мейірімді болу, өзгелерге жан ашу деген қасиеттердің дұрыс екенін бәрі мойындайды. Алайда көптің ойынша, өмірдің кей салаларында, мысалы, жыныстық қатынас, шыншыл болу, бала тәрбиелеуге келгенде, былай істеген дұрыс не бұрыс деп кесіп айту қиын. Олардың айтуынша, қандай шешім қабылдаса да, адам өзі біледі. Бірақ адамдар шешім қабылдағанда, жиі өзі дұрыс деп тапқан нәрсені не өзгелер дұрыс деп есептейтін нәрсені істейді. Бұлай ету ақылдылыққа жата ма?

ӨЗІМІЗ ДҰРЫС ДЕП ЕСЕПТЕЙТІНДІ ІСТЕУ

Әдетте біз шешім қабылдағанда ар-ұжданымызға, яғни ненің дұрыс, ненің бұрыс екенін айтатын ішкі даусымызға жүгінеміз (Римдіктерге 2:14, 15). Кішкентай баланың өзі ненің жақсы, ненің жаман екенін айыра алады. Тіпті бір нәрсені дұрыс істемесе, өзін кінәлі сезінеді. Ал есейе келе, дұрыс пен бұрысқа қатысты көзқарасымызды отбасымыз, құрдастарымыз, мұғалімдеріміз, қоғам, дін және мәдениет қалыптастырады. Содан шешім қабылдаған кезде ар-ұжданымыз біздің шешімімізді құптайды не айыптайды.

Ар-ұжданымыз бізге ризашыл, әділ болуға, басқаларға жанашырлық пен эмпатия танытуға талпындырады. Сондай-ақ ар-ұждан жақындарымызды ренжітетін немесе өзімізді ұятқа қалдыратын не күнәға батыратын істерден аулақ жүруге көмектеседі.

Өзіміз дұрыс деп есептейтінді істеу әрдайым дұрыс па? Гарик деген бір жас жігіт былай деді: “Мен не істегім келсе, соны істеп өмір сүрдім”. Бірақ оның дұрыс деп істеген істері жақсылық әкелмеді. Кейін өзі айтқандай, ол өмірлік жолында тығырыққа тірілгендей болды. Себебі өмірі “азғындыққа, нашақорлыққа, ішімдік пен қатыгездікке толы еді”.

ӨЗГЕЛЕР ДҰРЫС ДЕП ЕСЕПТЕЙТІНДІ ІСТЕУ

Шешім қабылдағанда, өзіміз дұрыс деп ойлаған нәрсені істеуден бөлек, өзгелердің ойы да бізге әсер етеді. Өзгелердің ойымен санассақ, олардың өмірлік тәжірибелерінен үлгі-өнеге аламыз. Егер отбасымыздың, достарымыздың немесе айналамыздағы адамдардың ойын ескерсек, олар бізді құрметтейтін болады.

Өзгелер дұрыс деп есептейтінді істеу әрдайым дұрыс па? Прискила деген жас қыз құрдастарының істегенін істеп, неше түрлі жігітпен жыныстық қатынасқа түсе береді. Бірақ басқалар дұрыс деп есептеген нәрсені істегені оны бақытты етпеді. “Көпшіліктің соңынан еремін деп, ақымақ болып, отпен ойнаппын”,— деді ол.

ШЕШІМ ҚАБЫЛДАУДЫҢ ЖАҚСЫРАҚ ЖОЛЫ БАР МА?

Әрине, шешім қабылдаған кезде өзіміздің немесе жанымыздағы адамдардың ойы өте маңызды рөл ойнайды. Бірақ тек өзіміздің не өзгелердің ойын ескерсек, біз әрдайым жақсы шешім қабылдай алмаймыз. Қабылдаған шешіміміздің нәтижесі қандай болатынын білмегендіктен, кейде өзімізге не өзгелерге кесіріміз тиіп кетіп жатады (Нақыл сөздер 14:12). Сондай-ақ өзіміздің не өзгелердің құндылықтары бізге үнемі пайдасын тигізетініне және олар ешқашан өзгермейтініне ешқандай кепілдік жоқ. Мысалы, бұрын адамдар бұрыс деп есептеген кейбір істер қазір дұрыс деп, ал бұрын дұрыс болған істер қазір бұрыс деп есептеледі.

Көпшіліктің соңынан еру әрдайым дұрыс па?

Олай болса, дұрыс пен бұрыс жолды қалай анықтай аламыз? Кейін де еш өкінбейтіндей шешім қабылдауға көмектесетін моральдық нормалар бар ма?

Әрине, дүниенің қай жерінде тұрмайық, бәрімізге де пайдасын тигізетін, сенімді де еш өзгермейтін моральдық нормалар бар. Келесі мақаладан дұрыс пен бұрысты ажыратуға көмектесетін сол моральдық нормаларды қайдан табатынымызды біле аласыз.