Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

Дұрыс па, бұрыс па? Кәдеге жарар кеңестер

Дұрыс па, бұрыс па? Кәдеге жарар кеңестер

Миллиондаған адам Киелі кітапта жазылған ақыл-кеңестерге құлақ асып, соның пайдасын көрген. Қазір өмірдің төрт саласына қатысты Киелі кітап принциптерін қарастырайық.

1. Неке

Адамдардың некеге қатысты, оны не бақытты ететініне қатысты көзқарастары әртүрлі.

КИЕЛІ КІТАПТЫҢ КЕҢЕСІ: “Әрқайсысың әйеліңді өзіңді сүйгендей сүй. Әйел болса күйеуіне зор құрмет көрсетсін” (Ефестіктерге 5:33).

МӘНІ: Некеге бастама берген Құдайдың өзі. Сондықтан ол ерлі-зайыптыларға бақытты болу үшін не керек екенін жақсы біледі (Марқа 10:6—9). Егер күйеуі де, әйелі де өз қара бастарын емес, бір-бірін ойлайтын болса, олардың некелері баянды болады. Күйеуі әйеліне жақсы қараса, аяласа, оны сүйетінін көрсетеді. Ал әйелі күйеуін құрметтейтінін сөзімен де, ісімен де көрсетеді.

ПАЙДАСЫ: Вьетнамда тұратын Кван мен Ти есімді ерлі-зайыпты ешқашан бақытты болмаймыз деп ойлаған. Кван дөрекі болатын. Ол былай дейді: “Маған әйелімнің сезімдеріне бәрібір болатын. Оған небір қорлық сөздер айтатынмын”. Сондықтан Ти ажырасқысы келеді. Ол былай дейді: “Мен күйеуімді құрметтей де алмадым, оған сене де алмадым”.

Кейін екеуі Киелі кітап жайлы біледі және Ефестіктерге 5:33-тегі кеңесті оқып, өмірлерінде ұстанады. “Осы тармақты оқып, мен әйелімді аялап, оған мейіріммен қарауым керектігін, оның материалдық, эмоциялық, тәндік қажеттіліктеріне бейжай қарамауым керек екенін түсіндім. Осылай етуіммен әйелімнің құрметі мен махаббатын жаулап алдым”,— дейді Кван. Ал Ти былай деп қосты: “Ефестіктерге 5:33-те айтылғандай істеп, күйеуімді құрметтегенде, ол мені одан бетер жақсы көріп кетті. Қазір жаным тыныш, себебі күйеуім мені қамқорлайды, қорғайды”.

Неке туралы көбірек білгіңіз келсе, jw.org сайтынан “Отбасы жарасымының 12 құпиясы” деп аталатын “Ояныңдар!” (№ 2, 2018) журналын оқып көріңіз.

2. Адамдармен қарым-қатынас

Адамдар жиі өзгелерді нәсіліне, ұлтына, сырт көрінісіне, дініне не жыныстық ориентациясына қарап жақтырмайды.

КИЕЛІ КІТАПТЫҢ КЕҢЕСІ: “Әркімге тиісті құрмет көрсетіңдер” (Петірдің 1-хаты 2:17).

МӘНІ: Киелі кітап расизмді, гомофобияны не ксенофобияны құптамайды. Керісінше, адамның ұлты, нәсілі, тұрмыстық жағдайы қандай болмасын, барлығын құрметтеуге үйретеді (Елшілердің істері 10:34). Тіпті олардың көзқарастарымен, өздерін қалай ұстайтындарымен келіспесек те, оларға мейіріммен, құрметпен қарай аламыз (Матай 7:12).

ПАЙДАСЫ: Дэниел азияттарды өз елі үшін қауіпті адамдар деп санаған. Ол барлық азияттарды жек көретін және елдің көзінше оларға қорлық сөздер айтатын. Дэниел былай дейді: “Мен өзімді нағыз патриотпын, елімді қорғап жатырмын деп ойлайтынмын. Істеп жатқаным дұрыс емес екені ойыма кіріп те шықпапты”.

Уақыт өте Дэниел Киелі кітаппен танысады. “Киелі кітап менің ойымды төңкеріп жіберді”,— дейді ол. “Мен адамдарға Құдай сияқты қарауым керектігін түсіндім. Себебі нәсіліміз, ұлтымыз қандай болмасын, бәріміз Құдайдың алдында бірдей екенбіз”. Ол қазір басқа ұлттың адамдарын көргенде, не сезінетінін айтып, былай деп қосты: “Мен қазір адамның ұлтына мән бермеймін. Қазір барлық адамдарды жақсы көремін және менің түрлі ұлттан шыққан достарым бар”.

Көбірек білу үшін jw.org сайтынан “Алалауды алып жығар ем бар ма?” деп аталатын “Ояныңдар!” (№ 3, 2020) журналын оқыңыз.

3. Ақша

Көп адам “бай болсам, бақытты боламын, болашағым жарқын болады” деп ойлайды.

КИЕЛІ КІТАПТЫҢ КЕҢЕСІ: “Ақша адамды қорғайтындай, даналық та оны қорғайды. Бірақ даналық пен білімнің артықшылығы — өз иесінің өмірін сақтайды” (Уағыздаушы 7:12).

МӘНІ: Иә, бізге ақша керек, бірақ ол біздің бақытты болатынымызға, ертеңгі күніміз еш алаңсыз болатынына кепілдік бермейді (Нақыл сөздер 18:11; 23:4, 5). Өйткені Киелі кітаптағы Құдайдың даналығына құлақ асқанда ғана біз шынайы бақыт пен алаңсыз болашаққа қол жеткізе аламыз (Тімөтеге 1-хат 6:17—19).

ПАЙДАСЫ: Индонезияда тұратын Кардо байлықтың соңынан қуған болатын. “Көп адам армандаған нәрселердің бәрі менде болды”,— дейді ол. “Мен шалқып өмір сүрдім. Неше түрлі машиналарым, зәулім-зәулім үйлерім болды. Қалаған кезімде дүниенің кез келген жеріне бара алатынмын”. Бірақ бір күні Кардо дымсыз қалды. Ол былай дейді: “Біреу мені алдап кетіп, жылдар бойы маңдай теріммен тапқан бар ақшамнан бір сәтте айырылып қалдым. Бүкіл өмірімді байлық жинауға арнап едім, бірақ ақыр соңында бәрі далаға кетті. Мен өзімді дәрменсіз сезініп, өмірден түңіліп кеттім”.

Кардо Киелі кітаптың ақшаға қатысты кеңесін ұстана бастайды. Ол бұдан былай байлықтың соңынан қумай, өмірін қарапайым етуді таңдайды. “Қазір мен нағыз бай адаммын, себебі Құдаймен дос болдым. Ұйқым тыныш әрі шын бақыттымын”,— дейді ол.

Киелі кітапта ақша туралы не делінгенін білу үшін jw.org сайтындағы “Білім мен байлық кемел келешектің кепілі ме?” (“Күзет мұнарасы” журналы, № 3, 2021) деген мақаланы оқып көріңіз.

4. Жыныстық қатынас

Жыныстық қатынасқа келгенде, не дұрыс, не бұрыс екеніне қатысты мына дүниеде мың сан пікір бар.

КИЕЛІ КІТАПТЫҢ КЕҢЕСІ: “Азғындықтан аулақ болыңдар; әрқайсысың өз тәніңді қасиетті сақтап, қадірлеп, жүгендей біліңдер, Құдайды білмейтін халықтар сияқты ашкөздікке, нәпсіқұмарлыққа салынбаңдар” (Салоникалықтарға 1-хат 4:3—5).

МӘНІ: Киелі кітап сексуалды қалауларымызды тізгіндеуіміз керектігін айтады. Азғын істерге зайыбының көзіне шөп салу, жезөкшелік, некеден тыс жыныстық қатынас, гомосексуализм және малмен жыныстық қатынаста болу жатады (Қорынттықтарға 1-хат 6:9, 10). Негізінде, жыныстық қатынас — Құдайдың берген сыйы. Ол оны некеге тұрған ерлі зайыптыларға ғана берді (Нақыл сөздер 5:18, 19).

ПАЙДАСЫ: Австралияда тұратын Кайли деген қыз былай дейді: “Бойдақ кезімде біреумен жыныстық қатынасқа түссем, сол адам мені жақсы көреді, мені қорғайды деп ойлайтынмын. Бірақ бәрі керісінше болып шықты. Мені тастап кетті, жүрегімді жаралады”.

Кейін Кайли Киелі кітапта жыныстық қатынас туралы не делінгенін біледі. Сосын, білгенін өмірінде ұстана бастайды. “Құдайдың жазып қалдырған нормалары бойынша өмір сүрсек, басымыз көп пәледен аман қалады екен”,— дейді ол. “Ехоба дұрыс дегенді істегендіктен, қазір күйеуімнің махаббаты мен қамқорлығына бөленіп жүрмін. Киелі кітаптың ақыл-кеңестері мені көп қатерден сақтап қалды”,— деп түйіндеді Кайли.

Көбірек білу үшін jw.org сайтынан “Некелеспей бірге тұру жайлы Киелі кітапта не айтылған?” деген мақаланы оқып көріңіз.

Жаратушымыз бізге дұрыс пен бұрыс жолды ажыратуға көмектеседі. Әрине, оның айтқан жолымен жүру әрдайым оңай емес. Бірақ ол қалай айтса, солай істейтін болсақ, түбінде бұл жол шынайы бақытқа жеткізеді.