Римдіктерге 14:1—23

  • Өзгеге үкім айтпаңдар (1—12)

  • Өзгенің алдына сүріндіретін тас қоймау (13—18)

  • Татулық пен бірлікке ұмтылу (19—23)

14  Сенімі әлсіз адамнан теріс айналмаңдар+ және түрлі көзқарастарға қатысты* үкім айтпаңдар.  Біреудің сенімі барлық тағамды жеуге жол береді, ал сенімі әлсіз адам тек көкөніс жейді.  Барлық тағамды жейтін адам олай етпейтін адамды менсінбей жүрмесін. Бәрін бірдей жемейтін адам болса барлық тағамды жейтін адамды айыптамасын+, өйткені Құдай оны да қабылдаған.  Өзгенің қызметшісін айыптайтындай сен кімсің+? Қызметшісі тұра ма, құлай ма — қожайыны шешеді+. Ехобаның өзі көмектесетіндіктен, қызметшісі оның алдында нық тұрады.  Біреу бір күнді екіншісінен маңызды санайды+, ал өзге біреу күндердің бәрі бірдей деп есептейді+. Әркім өз ойына сенімді болсын.  Бір күнді екіншісінен маңызды санайтын адам мұны Ехоба үшін істейді. Барлық тағамды жейтін адам Ехоба үшін жейді, өйткені соған ризашылық білдіреді+. Барлық тағамды жемейтін адам да одан Ехоба үшін бас тартады, әрі ол да бұл үшін Құдайға ризашылық білдіреді+.  Ешқайсысымыз өзіміз үшін ғана өмір сүрмейміз+, өзіміз үшін ғана өлмейміз.  Өйткені өмір сүрсек, Ехоба үшін өмір сүреміз+, ал өлсек, Ехоба үшін өлеміз. Сондықтан өмір сүрсек те, өлсек те Ехобаның меншігіміз+.  Мәсіх өлілердің де, тірілердің де Иесі болу үшін өліп, қайта тірілді+. 10  Олай болса, неге бауырласыңа үкім айтасың+? Неге бауырласыңа менсінбей қарайсың? Бәріміз де Құдайдың төрелік тағының алдында тұрамыз ғой+. 11  Өйткені Жазбаларда былай делінген: “Менің алдымда әрбір адам тізе бүгеді, әрбір тіл Құдай екенімді ашық мойындайды+. Бұл сөзім — менің тірі екенімдей хақ+,— дейді Ехоба”. 12  Демек, әрқайсысымыз өз іс-әрекетіміз үшін Құдай алдында есеп береміз+. 13  Ендеше бұдан былай бір-бірімізді айыптамайық+. Оның орнына, бауырластарыңның алдына сүріндіретін тас қоймауға не оны сенімнен тайдыратын ештеңе істемеуге бекініңдер+. 14  Иеміз Исамен байланыста жүрген мен ештеңенің өздігінен арам емес екенін білемін+, әрі бұған сенімдімін. Ал адам қандай да бір нәрсені арам деп есептесе, ол сол адам үшін арам. 15  Бірақ сенің жеген тамағың үшін бауырласың қорланса, сүйіспеншілікпен әрекет етуді қойғаның+. Жеген тамағыңа бола оның құрып кетуіне жол берме, өйткені Мәсіх ол үшін де өмірін қиды ғой+. 16  Игі деп жасаған істерің үшін жұрт сендерді даттап жүрмесін. 17  Өйткені Құдай Патшалығына кіру ішіп-жеуге емес+, киелі рух арқылы әділдікке, татулық пен қуанышқа ие болуға байланысты. 18  Мәсіхке осылай қызмет ететін адам Құдайға да, адамдарға да ұнамды. 19  Олай болса, өзара тату болуға+ және бір-бірімізді нығайтуға ықпал ететіннің бәрін істейік+. 20  Тамаққа бола Құдайдың ісін құртуды доғар+! Рас, бәрі де таза, бірақ біреудің жеген тамағы өзгенің сенімнен таюына себепші болғаны жаман+. 21  Ендеше ет жемегенің, не шарап ішпегенің, не бауырласыңды сүріндіретін басқа да нәрселерді істемегенің жақсы+. 22  Сенімің Құдай мен сенің араңда болсын. Дұрыс деп тапқан ісі үшін өзін айыптамайтын адам бақытты. 23  Ал күмәндана тұра жесе, онда айыпты, өйткені сеніммен жеген жоқ. Сеніммен істелмеген нәрсенің бәрі — күнә.

Сілтемелер

Мүмкін: “көңілінде күмәні бар адамға”.