Мазмұнға өту

Кешірімді болу деген не?

Кешірімді болу деген не?

Киелі кітаптың жауабы

 Киелі кітаптағы “кешіру” деп аударылған грек сөзі сөзбе-сөз “қарызды жібере салу”, яғни оны қайтаруды талап етпеу, дегенді білдіреді. Иса пайғамбар шәкірттеріне дұға етуді үйреткенде, осы салыстыруды қолданған. “Әке,.. біздің күнәларымызды кешіре көр, өйткені біз де өзімізге қарыздар әркімді кешіреміз”,— деп үйретті ол (Лұқа 11:4). Зұлым құл туралы астарлы әңгімесінде де Иса біреудің қателігін кешіруді қарызды кешуге теңеген (Матай 18:23—35).

 Бізді наразы қылған адамға реніш сақтамасақ әрі оны келтірген залалдың орнын толтыруға міндетті санамасақ — сол адамды кешіргеніміз. Киелі кітап риясыз сүйіспеншілік шын жүректен кешіруге қозғау салады деп үйретеді, өйткені “сүйіспеншілік... кек сақтамайды” (Қорынттықтарға 1-хат 13:4, 5).

Кешірімді болу деген мынаны білдірмейді:

  •   Бұрыс қылыққа көз жұму. Құдай жаман істерді еш зияны жоқ я кәдімгі нәрсе деп санайтындарды айыптайды (Ишая 5:20).

  •   Ештеңе болмағандай жүру. Құдай Дәуіт патшаның ауыр күнәларын кешіргенімен, бұрыс істерінің ащы зардабынан құтқармады. Тіпті оның күнәларын біздің күнімізге дейінгі ұрпақтар біліп жүрсін деп, оларды Киелі кітапқа жаздырды (Самуилдің 2-жазбасы 12:9—13).

  •   Басқалардың бізді пайдалануына жол беру. Сіз біреуге қарыз бердіңіз делік. Ол адам ақшаны ысырап етіп, қарызды қайтармай жүріп алады. Әйтсе де ол өз айыбын мойындап, сізден кешірім сұрайды. Сіз оны кешіріп, реніш сақтамауды, айыбын бетіне баса бермеуді, тіпті ақшаны қайтармауды шешуіңіз мүмкін. Бірақ оған бұдан былай қарыз бермеуді жөн көретін шығарсыз (Зәбүр 37:21; Нақыл сөздер 14:15; 22:3; Ғалаттықтарға 6:7).

  •   Еш негізсіз кешіре салу. Дұрыс емес екенін біле тұра, қасарысып күнә жасайтын, қателігін мойындамайтын әрі өзгергісі келмейтін және ренжіткен жандардан кешірім сұрамайтын адамдарды Құдай кешірмейді (Нақыл сөздер 28:13; Елшілердің істері 26:20; Еврейлерге 10:26). Күнәсіна өкінбейтін мұндай адамдар Құдайдың жауына айналады және Құдай бізден өзі кешірмеген адамдарды кешіреді деп күтпейді (Зәбүр 139:21, 22).

     Егер біреу сізге қорлық көрсетіп, сол үшін кешірім сұрамаса я тіпті ештеңе болмағандай жүре берсе ше? Киелі кітапта “Ашуланба, ызаға бой алдырма” деген кеңес жазылған (Зәбүр 37:8). Сіз сол адамды кешіре алмайтын шығарсыз, десе де бойыңызды билеген ашу-ызадан арыла аласыз. Құдай ол адамды жауапқа тартатынына сенімді болыңыз (Еврейлерге 10:30, 31). Құдайдың болашақта еңсемізді басқан терең мұң мен өкпе-реніш болмайтын заман орнататынын білгеніңіз де жаныңызға жай берері сөзсіз (Ишая 65:17; Аян 21:4).

  •   Қателік болып көрінген әрбір нәрсені “кешіру”. Кейде өзімізді ренжіткендей болып көрінген адамды “кешіруді” шешпес бұрын, алдымен оған ренжуге келелі себебіміз жоқ екенін мойындауымыз керек болатын шығар. Киелі кітапта: “Ренжуге асықпа, себебі реніш ақымақтықтың белгісі”,— делінген (Уағыздаушы 7:9 сілтеме).

Қалай кешірімді болуға болады?

  1.   Кешіру деген нені білдіретінін ұмытпаңыз. Кешіру деген біреудің бұрыс әрекетіне көз жұма салуды не еш нәрсе болмағандай жүре беруді білдірмейді. Кешірген адам ашу-ызадан арылып, реніш сақтамайды.

  2.   Кешірімді болудың пайдасы жайлы ойланыңыз. Ашу-ызадан арылсаңыз, жантыныштығына ие болып, денсаулығыңызды жақсартасыз және әлдеқайда бақытты боласыз (Нақыл сөздер 14:30; Матай 5:9). Бұдан да маңыздысы — сіз басқаларды кешірсеңіз, Құдайдың сіздің күнәларыңызды кешіруіне келелі себебі болады (Матай 6:14, 15).

  3.   Түсінікпен қараңыз. Барлығымыз да күнәкар пендеміз (Жақып 3:2). “Жаңылмайтын жақ, сүрінбейтін тұяқ жоқ” демекші, қателік жасағанда басқалардың бізді кешіргенін қалаймыз. Ендеше біз де өзгелердің қателігін кешіре білуіміз керек емес пе? (Матай 7:12).

  4.   Парасатты болыңыз. Ренжуге себеп болса да, Киелі кітаптағы “Өзара төзімді болыңдар” деген кеңеске құлақ асқанымыз абзал (Қолостықтарға 3:13).

  5.   Кешіруді кешіктірмеңіз. Ашудың өршуіне жол бермес үшін мүмкіндігінше тез арада кешіруге тырысыңыз (Ефестіктерге 4:26, 27).