Мазмұнға өту

Құдай мені кешіре ме?

Құдай мені кешіре ме?

Киелі кітаптың жауабы

 Иә, егер лайықты қадамдар жасасаңыз, Құдай сізді кешіреді. Киелі кітапта Құдай “кешірімшіл”, “кешіруге дайын” әрі “жомарттықпен кешіреді” делінген (Нехемия 9:17; Зәбүр 86:5; Ишая 55:7). Құдай кешірсе, толықтай кешіреді. Ол күнәларымызды “өшіреді” (Елшілердің істері 3:19, сілтеме). Сондай-ақ ол біржолата кешіреді, өйткені ол: “Олардың күнәсін есіме алмаймын”,— дейді (Еремия 31:34). Ол кешірсе, ескі жараның аузын ашып, бізді бұрынғы күнәларымыз үшін жазғырып, жазаламайды.

 Бірақ Құдай сезімталдық не әлсіздік танытқандықтан кешіре салмайды. Ол әділ талаптарынан ешқашан аттамайды. Сол себепті ол кейбір күнәларды кешірмейді (Ешуа 24:19, 20).

Құдайдың рақымына бөлену жолы

  1.   Жасаған күнәңіз Құдай заңын бұзушылық екенін мойындаңыз. Бәлкім, басқа адамдарға кесіріңіз тиген шығар, бірақ сіз бірінші кезекте Құдайға қарсы күнә жасағаныңызды түсінуіңіз керек (Зәбүр 51:1, 4; Елшілердің істері 24:16).

  2.   Күнәңізді Құдай алдында дұғада мойындаңыз (Зәбүр 32:5; Жоханның 1-хаты 1:9).

  3.   Күнә жасағаныңызға қатты күйінуіңіз керек. Мұндай “Құдайға ұнамды мұң” өкінуге талпындырады, яки адамның пиғылын өзгертеді (Қорынттықтарға 2-хат 7:10). Бұған күнәға апарған бұрыс қадамдар жасағаныңызға өкіну де кіреді (Матай 5:27, 28).

  4.   Жүріс-тұрысыңызды өзгертіңіз, яки “теріс жолдан қайтыңыз” (Елшілердің істері 3:19). Бұл бір қателікті не әдетті қайталамауды немесе мінез-құлқыңызды және іс-әрекетіңізді түгел өзгертуді білдіруі де мүмкін (Ефестіктерге 4:23, 24).

  5.   Қателігіңізді түзету үшін немесе келтірген залалдың орнын толтыру үшін қажетті қадамдар жасау қажет (Матай 5:23, 24; Қорынттықтарға 2-хат 7:11). Бұрыс әрекетіңізден не істеу керек нәрсені істемегеніңіздің кесірінен зардап шеккен адамнан кешірім сұраңыз, мүмкіндігінше жағдайды түзетуге тырысыңыз (Лұқа 19:7—10).

  6.   Исаның төлем құрбандығының негізінде Құдайдан кешірім сұрап дұға етіңіз (Ефестіктерге 1:7). Құдай дұғаңызды есту үшін өзіңізге қарсы күнә жасағандарды кешіруіңіз керек (Матай 6:14, 15).

  7.   Егер ауыр күнә жасаған болсаңыз, сізге қажетті рухани көмек көрсете алатын және сіз үшін Құдайға жалбарына алатын адамның көмегіне жүгініңіз (Жақып 5:14—16).

Құдайдың кешірімін алуға қатысты қате пікірлер

 “Мен тым көп күнә жасадым”.

Неке адалдығын бұзып, адам өлтірсе де Құдай Дәуітті кешірді

 Киелі кітапта айтылған қадамдарды жасасақ, күнәларымыз кешіріледі, өйткені Құдайдың мейірімі зор. Ол тіпті ауыр күнәларды және көп рет жасалған қателіктерді кешіреді (Ишая 1:18).

 Мысалы, Исраилдің патшасы Дәуіт неке адалдығын бұзса да және адам өлтірсе де кешірілді (Самуилдің 2-жазбасы 12:7—13). Өзін дүниедегі ең күнәкар адам деп есептеген елші Пауыл да кешірім алды (Тімөтеге 1-хат 1:15, 16). Мәсіх Исаның өліміне кінәлі болған бірінші ғасырдағы яһудилерге де теріс жолдан қайтуға мүмкіндік берілген болатын (Елшілердің істері 3:15, 19).

 “Егер дін қызметкерінің алдында мойындасам, күнәм кешіріледі”.

 Бүгінде ешбір адам баласына Құдайға қарсы жасалған күнәларды кешіру құзыры берілмеген. Басқа адамның алдында күнәңді мойындау түзелуге көмектесуі мүмкін, бірақ тек Құдай ғана күнәларды кешіре алады (Ефестіктерге 4:32; Жоханның 1-хаты 1:7, 9).

 Олай болса, Иса елшілеріне “Кімнің күнәларын кешірсеңдер, солар кешіріледі, ал кімдікін кешірмесеңдер, солар кешірілмейді” деп, не айтқысы келген? (Жохан 20:23). Бұл үстеріне киелі рух қонғанда, елшілердің ерекше билігі болатынына нұсқаған (Жохан 20:22).

 Исаның уәдесіне сай, б.з. 33 жылы елшілерге киелі рух төгілгенде, олар осы сыйға ие болды (Елшілердің істері 2:1—4). Елші Петір осы билігін қолданып, Анани мен Зәпира есімді шәкірттерге үкім шығарған. Петір ғажайып түрде олардың залым жоспарын біліп қойды да, олардың кешірілмейтінін білдіретін үкім шығарды (Елшілердің істері 5:1—11).

 Елшілердің өлімінен кейін киелі рухтың ауруларды сауықтыру және өзге тілдерде сөйлеу сыйлары сияқты, күнәларды кешіру сыйы да сарқылды (Қорынттықтарға 1-хат 13:8—10). Демек, бүгінде ешбір адам баласы басқа адамның күнәсін кешіре алмайды.