Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

DEA/G. Dagli Orti/De Agostini via Getty Images

Киелі кітап шындықтарын іздеген Ульрих Цвингли

Киелі кітап шындықтарын іздеген Ульрих Цвингли

 Бүгінде көп діншіл адамдар сенімдері Киелі кітап шындықтарына негізделген бе, жоқ па — соны тексере алады. Бірақ сонау XVI ғасырда адамдарда мұндай мүмкіндік болмаған, себебі Киелі кітап олардың өз ана тілінде жоқ еді. Шіркеуге баратын кейбір адамдар ғана шіркеудің үйрететіні мен Киелі кітапта жазылғандарды салыстыра алатын. Дін мұғалімдері болса жарытып халыққа көмектеспейтін. “Христиан шіркеуінің тарихы” деген кітапта: “Швейцариядағы шіркеу білгенін істейтін. Дін мұғалімдері азғын, өзімшіл, ырымшыл болатын”,— делінген.

 Осы бір кезеңде Ульрих Цвингли Киелі кітап шындығын іздей бастайды. Мұның нәтижесі қандай болды? Өзгелермен білгендері жайлы қалай бөлісті? Оның өмірі мен танытқан сенімі біз үшін қалай үлгі бола алады?

Цвингли шындықты іздей бастады

 Шамамен 20 жасында Цвингли католик шіркеуінің діни қызметкері болу жайлы ойлана бастайды. Діни қызметкер болғысы келетіндерге қойылатын талаптарға сай, Цвингли Киелі кітапты емес, “Шіркеу әкелерінің” жазбаларын, философияны және шіркеудің әдет-ғұрпын зерттеу керек еді.

 Цвингли Киелі кітап шындықтарымен қалай таныса бастады? Ол Швейцарияның Базель қаласындағы университетте оқып жүргенде, Томас Виттенбахтың уағызын тыңдайды. Ол уағызында шіркеудегі индульгенцияны a айыптайды. Бір өмірбаян жазушысы айтқандай, Цвингли “адамдардың күнәлары кешірілу үшін Мәсіх өмірін бір рет қиғаны жеткілікті екенін сол Виттенбахтан естіген” (Петірдің 1-хаты 3:18). Адамдардың күнәлары тек Исаның төлемінің негізінде кешірілетінін түсінгенде, Цвингли шіркеудегі дінбасылар күнәнің құнын ақшамен өтей алады деген ілімді жоққа шығарады (Елшілердің істері 8:20). Бірақ сонда да ол әрі қарай да білім алып, 22 жасында католик шіркеуінің пасторы болады.

 20 жас шамасында Цвингли “Жаңа өсиет” деп аталған түпнұсқа тілдегі Киелі кітапты түсіну үшін грек тілін үйренеді. Сондай-ақ ол Эразмнің еңбектерін зерттеп, Киелі кітапта да айтылғандай, Құдай мен адамдардың арасындағы жалғыз Келістіруші Иса Мәсіх екенін біледі (Тімөтеге 1-хат 2:5). Содан католик шіркеуінің “адамдар Құдайға әулиелер арқылы ғана жақындай алады” деген іліміне күмәндана бастайды.

 Цвингли шамамен 30 жасқа келгенде, шындықты табу үшін көбірек ізденіс жүргізеді. Сол аралықта Италияны басып алу үшін Еуропа бойынша болған соғыстарда капеллан болып, яғни әскерде діни қызметкер болып қызмет етеді. 1515 жылы Мариньяно шайқасында ол католиктердің бір-бірін қырып салғанын көреді. Бірнеше жылдан кейін Цвингли өз қолымен Грек жазбаларының көшірмесін жасап, тіпті оның көп жерлерін жаттап алады. Ал 1519 жылдары ол саяси ықпалы дүркіреп тұрған Швейцарияның Цюрих қаласында тұрып жатқанда католик шіркеуі Киелі кітапта жоқ ілімдерді үйретпеу керек деген тұжырымға келеді. Ол басқаларға да осындай тұжырымға келу үшін не істей алар еді?

“Бұндай уағызды бұрын-соңды естімегенбіз”

 Цвингли адамдар Киелі кітаптағы шындықты естісе, шіркеудің өтірігінен бас тартады деп ойлады. Содан Цюрихтегі беделді Гросмюнстер шіркеуінің діни қызметкері болып тағайындалғанда, өз уағызын жүргізудің амалын ойластырды. Ол ғасырлар бойы шіркеулерде оқылып келген Латын лекционарий b кітабын оқуға тыйым салды. Қайта, Ізгі хабарды тікелей Киелі кітаптан уағыздап, оны бастан аяқ тарау-тарау бойынша оқитын. Шіркеу әкелерінің идеяларына жүгінбей, Жазбаларды Жазбалардың көмегімен түсіндіріп беретін. Мысалы, ол түсінуге қиын тармақтарды жеңіл тармақтармен түсіндіретін (Тімөтеге 2-хат 3:16).

Sergio Azenha/Alamy Stock Photo

Цюрихтегі Гросмюнстер шіркеуі

 Цвингли адамдарға Киелі кітаптың күнделікті өмірде пайдалы екенін көрсеткісі келді. Ол Киелі кітаптың моральдық нормалары жайлы үйретіп, Исаның анасы Мәриямға ғибадат ету, әулиелерге дұға қылу, күнәні ақшамен өтеу дұрыс емес екенін және дінбасыларының азғындалып кеткенін түсіндірді. Бұл қандай нәтиже берді? Оның бірінші уағызынан кейін кейбір адамдар былай деген: “Бұндай уағызды бұрын-соңды естімегенбіз”. Ал бір тарихшы болса Цвинглидің католик шіркеуіндегі тыңдармандары жайлы былай деген: “Пасторлардың топастығы мен азғындыққа белшесінен батқанын көргенде, адамдар шіркеуден кетіп қалған еді, ал қазір олар қайта оралды”.

 Адамдар шіркеудің ілімдеріне қайшы келетін істерге бармас үшін, 1522 жылы дінбасылар Цюрихтегі саясаткерлердің көмегіне жүгінеді. Содан Цвингли шіркеуге қарсы шықты деп айыпталады. Ал өз ойынан оңайлықпен айнымайтын Цвингли католик шіркеуінің діни қызметкері болудан бас тартады.

Цвингли енді не істер екен?

 Цвингли енді діни қызметкер болмаса да, уағызын жалғастырып, басқаларға өзінің көзқарасын дәлелдеуді доғармады. Уағызы көпке тарағандықтан, оның аты шыға бастайды. Нәтижесінде, Цюрихтегі саясаткерлерге де ықпалы жүрді. Осы ықпалымен ол Цюрихте реформалар жасады. Мысалы, 1523 жылы Цюрихтегі сот Жазбалармен дәлелденбеген кез келген ілімді жоққа шығарды. Ал 1524 жылы пұтқа табынушылықты заңсыз деп тапты. Судьялар, жергілікті уағыздаушылар мен қарапайым халық бірігіп, құрбандық орындары, мүсіндер мен басқа да діни бұйымдарды қиратып тастады. Бұл туралы “Цвингли — Құдайдың қаруланған пайғамбары” деген кітапта: “Кезінде викингтердің шіркеулерді тонағаны болмаса, батыс шіркеулері бұрын-соңды бұндай талан-таражға түспеген”,— делінген. 1525 жылы Цвингли билік өкілдері арқылы шіркеу ғимараттарын ауруханаларға айналдырып, монахтар мен монах әйелдерге үйленуге рұқсат бергізді. Сондай-ақ ол месса рәсімін Киелі кітапқа сай қарапайым етіп тойлауды ұсынды (Қорынттықтарға 1-хат 11:23—25). Тарихшылардың айтуынша, Цвинглидің ерен еңбегі Цюрихтегі діни жетекшілер мен саясаткерлердің басын біріктірді және реформалардың жасалуына жол ашып, жаңа Протестант дінінің пайда болуына септігін тигізді.

1536 жылы басылған Цюрих Киелі кітабы. Ехоба куәгерлерінің дүниежүзілік бас басқармасы, Уорвик, Нью-Йорк

 Цвинглидің атқарған ең үлкен еңбегі Киелі кітап аудармасы болды. 1520 жылдары ол түпнұсқа тілдегі Еврей, Грек жазбалары және “Грек Септуагинті” мен “Латын Вульгатасының” үстінен жұмыс істеген бір топ ғалымға жетекшілік етті. Олар мәтінді аударғанда өте қарапайым тәсілді қолданатын. Мысалы, әр тармақты түпнұсқа және басқа да беделді аудармалардан оқитын. Кейін бәрі оны талқылап, тапқан мәліметтерін жазып қоятын. Осылай Құдай Сөзін түсіндіріп, оны аударуға күш салғандарының арқасында, 1531 жылы Цюрих Киелі кітабы жарық көрді.

 Цвингли қанша жерден жақсы адам болса да, қатал әрі идеясын қолдамайтындарды жаны жаратпайтын адам еді. Мысалы, 1525 жылы ол анабаптисттердің сот ісіне қатысады. Анабаптисттер нәрестені шомылдыру рәсімінен өткізу керек деген Цвинглидің көзқарасымен келіспейтін. Содан сот нәрестені шомылдыру рәсімінен өткізуге келіспейтіндерді өлім жазасына кесу керек деген шешім шығарғанда, Цвингли бұл сұмдық шешімді толықтай қолдады. Сонымен қатар ол өзгелерге жаңа ілімдерді қабылдатқызу үшін билік өкілдерін әскери күшті пайдалануға шақырды. Бірақ Швейцариядағы тамыры мықты басқа да католик діндері оның бұл реформаларына қарсы шықты. Нәтижесінде азаматтық соғыс бұрқ етті. Әскерге еріп соғысқа кеткен Цвингли 47 жасында қаза тапты.

Цвинглиден қалған асыл мұра

 Протестант реформаторлары Мартин Лютер, Джон Калвин сияқты Цвинглидің аты жер жармаса да, сөз жоқ, оның тарихта ойып алар орны бар. Негізі, Цвингли Рим католик шіркеуінің ілімдерін жоққа шығаруда Лютерден де көп еңбек еткен әрі Калвинге өз идеяларын таратуға жол ашқан. Оның “реформацияның үшінші атасы” деп аталғаны да бекер емес.

 Цвинглидің атқарған еңбектері бір жағынан жақсы нәтиже берсе, бір жағынан жаман салдары да болды. Өзінің идеяларын тарату үшін ол саясатқа басымен кіріп, соғыстарға да қатысты. Бұлай етуімен ол Иса Мәсіхтің айтқандарына кереғар әрекет етті. Ал Иса болса шәкірттерін саясатқа араласпауға, жауларын өлтіруге емес, жақсы көруге үйреткен (Матай 5:43, 44; Жохан 6:14, 15).

 Десе де Цвингли тарихта Киелі кітапты мұқият зерттеген және білгендерін өзгелермен бөлісуге құштар болған адам ретінде қалды. Ол көптеген Киелі кітап шындықтарын тапты әрі өзгелерге де солай етуге көмектесті.

a Индульгенция — дінбасыларының адамға күнәсінің кешірілгені туралы беретін куәлік қағазы. Көпшіліктің ойынша, оны алған адам өлгеннен кейін күнәні тазартатын орынға барғанда, жазасы жеңілдейді не мүлдем жазаланбайды.

b Лекционарий — жыл бойы оқылатын алдын ала таңдалған Киелі кітап тармақтарының жиынтығы.