Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

НЕГІЗГІ ТАҚЫРЫП | УАҚЫТ СЫНЫНАН ӨТКЕН КИЕЛІ КІТАП

Қарсыластарды жеңген кітап

Қарсыластарды жеңген кітап

ҚАУІП. Тарихта Киелі кітапқа шүйліккен саяси және діни жетекшілер аз болған жоқ. Олар Киелі кітапты иемденгісі, көбейткісі не оны аударғысы келген адамдарды қудалады. Бұған келесі екі мысал дәлел.

  • Шамамен б. з. б. 167 жыл. Яһуди халқына грек дінін күштеп ендіргісі келген селевкилер патшасы Антиох Эпифан Еврей жазбаларының барлық көшірмелерін жоюды бұйырды. Генрих Грец деген тарихшының айтуынша, патшаның қызметшілері табылған Заң шиыршықтарының бәрін жыртып, өртеумен болды. Ал Киелі жазбалардан жұбаныш пен күш-жігер табуға тырысқандарды өлтіріп тастады.

  • Орта ғасыр. Халықтың католик дінінің емес, Киелі кітаптың ілімдерін айтып жүргені кейбір шіркеу жетекшілерінің ызасын келтірді. Олар латын тіліндегі Киелі кітаптың Зәбүрден басқа кітаптарын ұстайтын адамдарды еретик (адасушы) деп атады. Бір шіркеудің жетекшілері өз қызметшілеріне қатаң бұйрық берді. Олар еретиктер тұруы мүмкін барлық үйлер мен жер астындағы бөлмелерді мұқият әрі жиі тінту керек-тін. Еретик табылған үйлер жойылуға тиіс еді.

Киелі кітаптың қарсыластары оны жоя алғанда, ондағы хабар да біздің күнімізге дейін жетпес еді.

Киелі кітаптың Уильям Тиндаль жасаған ағылшын аудармасы. Ол тыйым салынғанына, Киелі кітаптардың өртелгеніне және 1536 жылы Тиндальдің өзі жазаға тартылғанына қарамай сақталды

КИЕЛІ КІТАПТЫҢ САҚТАЛУЫ. Антиох патша Исраил жеріне қырғидай тиді, бірақ яһудилер басқа да көптеген аумақтарда өз қоғамдарын құрған болатын. Ғалымдардың пайымдауынша, б. з. І ғасырына таман яһудилердің 60 пайызынан көбі Исраил елінен тысқары жерлерде тұрып жатты. Яһудилер Киелі жазбалардың көшірмелерін өз мәжілісханаларында сақтады. Олардың ұрпақтары және мәсіхшілер де дәл сол жазбаларды қолданды (Елшілердің істері 15:21).

Орта ғасырда Киелі кітап жанашырлары қуғын-сүргінге ұшырады. Олар сонда да Жазбаларды аудару әрі көшірмесін жасау ісінен еш қол үзбеді. Тіпті XV ғасырдың орта шенінде алғашқы терме баспа станогы жасап шығарылғанға дейін, Киелі кітаптың жекелеген бөліктері 33 тілге аударылып қойған көрінеді. Ал баспа станогы жасалған соң, Киелі кітапты аудару мен басып шығару ісі анағұрлым қарқындады.

НӘТИЖЕСІ. Киелі кітап билігі дүркіреген патшалар мен надан діни жетекшілердің көрсеткен қоқан-лоқысына қарамай осы күнге дейін жетті. Бүгінде ол тарихтағы ең көп тараған әрі ең көп тілге аударылған кітап болып отыр. Ол кей елдердің заңдары мен тілдеріне және миллиондаған адамның өміріне айтарлықтай әсер етті.