Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

ОТБАСЫ БАҚЫТЫНЫҢ СЫРЫ

Жасөспірім балаңызбен сөйлесе біліңіз

Жасөспірім балаңызбен сөйлесе біліңіз

“Қызым 14-ке келгенде, маған сөз қайтаратынды шығарды. Оған: “Тамақтанатын уақыт болды”,— десем, ол: “Тамақты өзім қалаған уақытта ішемін”,— деп жауап қайырады. Ал: “Үй тірліктерін бітірдің бе?”— деп сұрасам, “Маған тиісе бермеші!”— дейді. Көп жағдайда екеуміз бір-бірімізге дауыс көтеріп, ұрысып қалатын болдық”. МАКИ, ЖАПОНИЯ. *

Жасөспірім баланың ата-анасы болсаңыз, араларыңызда туындайтын кикілжің бала тәрбиелеуде қиындықтар тудырып, шыдамдылығыңызды сынға алуы мүмкін. “Қызым тілімді алмағанда қаным қайнап кететін. Екеуміздің де ашуға булыққанымыз сонша — бір-бірімізге айқайлап жіберетінбіз”,— дейді Бразилияда тұратын 14 жасар жасөспірімнің анасы Мария. Италияда тұратын Кармела да осыған ұқсас қиындыққа кезігеді. Ол былай дейді: “Ұлыммен әңгімеміз үнемі дау-жанжалға ұласып кететін. Ақыр аяғында балам өз бөлмесіне кіріп, есікті жауып алатын”.

Неге кейбір жасөспірімдер дауласуға бейім келеді? Бұған олардың құрбы-құрдастары кінәлі ме? Олай да болуы мүмкін. Киелі кітапта адамның араласатын ортасы оған жақсы не жаман әсер ететіні жазылған (Нақыл сөздер 13:20; Қорынттықтарға 1-хат 15:33). Сондай-ақ бүгінде жастарды қызықтыратын көңіл көтеру түрлері де бүлікшіл болуды не құрмет танытпауды кәдімгі нәрсе етіп көрсетеді.

Алайда ескере кететін басқа да жайттар бар. Сол жайттардың жасөспірім балаңызға қалай әсер етуі мүмкін екенін біліп алсаңыз, оларды ескеріп, дұрыс әрекет ету сізге оңай болады. Кейбір мысалдарды қарастырайық.

БАЛАҢЫЗДЫҢ “АҚЫЛ-ОЙЫ” ДАМУДА

Елші Пауыл былай деп жазды: “Бала кезімде балаша сөйлеп, балаша ойлап, балаша пайымдадым. Ал ер жеткенде, балалықты тастадым” (Қорынттықтарға 1-хат 13:11). Пауылдың бұл сөздерінен көрінетіндей, балалар мен ересектер әртүрлі ойланады. Қалайша?

Кішкентай бүлдіршіндер әдетте айтылған нәрсені дұрыс я бұрыс деп қана қабылдайды. Ал ересектер болса тұжырым жасағанда не шешім қабылдағанда жиі айқын көрінбейтін жайттарды көре біліп, кеңірек ойлана алады. Мысалы, ересек адамдар қандай да бір мәселенің моральдық жағын қарастыруға және әрекеттерінің басқаларға қалай әсер ететінін ойлауға бейім келеді. Осылай ойлану олар үшін әдеттегі нәрсе болуы мүмкін. Ал жасөспірімдер болса бұған енді-енді үйреніп келеді.

Киелі кітап жастарды “саналылық” дамытуға шақырады (Нақыл сөздер 1:4). Сондай-ақ Жазбаларда барлық Құдайдың қызметшілерін “ақыл-ойларын іске қосуға” талпындырылады (Римдіктерге 12:1, 2; Еврейлерге 5:14). Алайда ойлау қабілеттері дамып жатқандықтан, кейде жасөспірімдер тіпті болмашы нәрселерге бола ата-аналарымен дауласуға бейім болуы мүмкін. Я болмаса көзқарастарынан оларға даналық жетіспейтіні байқалатын шығар (Нақыл сөздер 14:12). Мұндай жағдайда балаңызға бірден ұрысудың орнына, онымен қалай сөйлесуге болады?

БЫЛАЙ ЕТІП КӨРІҢІЗ: Балаңыз ойлау қабілетін қолдануды жаңадан үйреніп жатқан шығар. Бұған қоса, ол өз көзқарасын қатаң ұстанып қалмауы да мүмкін. Оның шын мәнінде не ойлап тұрғанын білу үшін, балаңызды ой-өрісі үшін мақтаңыз (Мысалы, “Айтқандарыңмен түгел келіспесем де, сенің көзқарасыңды түсінемін” десеңіз болады). Сосын оны өз ой-пікірін тексеріп көруге талпындырыңыз (“Қалай ойлайсың, бұл айтқандарыңды барлық жағдайда қолдануға бола ма?”). Сонда жасөспірім балаңыздың өз көзқарасын тексеріп, оны түзеткенін көріп таңғалуыңыз мүмкін.

Алайда ескере кететін бір жайт бар. Балаңызбен сөйлескенде өзіңіздің дұрыстығыңызды дәлелдеу қажет деп ойламаңыз. Ол айтқандарыңызды құлағына ілмей жатқандай көрінсе де, біраз нәрсені көкейіне түйіп алуы мүмкін. Бірнеше күн өткен соң балаңыздың сіздің ой-пікіріңізге қарай бет бұруы, тіпті бұл өзінің пікірі екенін айтуы да ғажап емес.

“Кейде балам екеуміз ысырапшыл болмау не қарындасын ызаландырмау сияқты болмашы нәрселерге бола ұрысып қалатынбыз. Бірақ көп жағдайда балам менің оның не ойлайтынын сұрағанымды және оған түсіністікпен қарап, “Солай болған екен ғой” немесе “Сен осылай ойлайды екенсің ғой” деген сияқты сөздерді айтқанымды қалайтындай көрінетін. Қазір ойлап отырсам, сол кезде онымен осындай мәнерде сөйлескенімде, көп келіспеушіліктің алдын алуға болатын еді”. Кенджи, Жапония.

БАЛАҢЫЗДЫҢ КӨЗҚАРАСЫ ҚАЛЫПТАСУДА

Дана ата-аналар балалары өз ойларын ашық айта алулары үшін жағдай жасайды

Жасөспірімді тәрбиелеудегі негізгі мақсат — ертең оны ұядан ұшуға дайындап, жауапкершілікті сезінетін адам болып есеюіне көмектесу (Жаратылыс 2:24). Бұл үшін оның болмысы, яғни қандай адам екенін көрсететін ұстанымдары, құндылықтары мен мінез-құлқы қалыптасуы қажет. Сонда бұрыс нәрсені істеуге азғырылғанда, қандай адам болғысы келетінін есінде ұстайтын жасөспірім әрекетінің салдары жайлы ойлап қана қоймайды. Ол өзін келесідей сұрақтармен тексеріп көреді: “Мен қандай адаммын? Қандай құндылықтарды ұстанамын? Осындай құндылықтарды ұстанатын адам мұндай жағдайда не істейді?” (Петірдің 2-хаты 3:11).

Киелі кітапта өзінің қандай адам екенін есінде ұстаған Жүсіп есімді жас жігіт жайлы айтылады. Бір жолы Потифар есімді қожайынының әйелі Жүсіпті өзімен жыныстық қатынасқа түсуге азғырғанда, ол: “Мен қалайша сондай ауыр қылмыс жасап, Құдайдың көз алдында күнәға батпақпын?!”— деді (Жаратылыс 39:9). Сол кезде өмір сүрген исраилдіктерге азғындыққа тыйым салатын заң әлі берілмеген болса да, Жүсіп Құдайдың бұған қалай қарайтынын түсіне білді. Сондай-ақ Жүсіптің “мен қалайша” деген сөздерінен оның Құдайдың көзқарасын өзінікі еткені және болмысының бір бөлігіне айналдырғаны көрінеді (Ефестіктерге 5:1).

Сіздің жасөспірім балаңыз да өз болмысын қалыптастыру үстінде. Бұл жақсы, себебі ұстанымдары оған құрбы-құрдастарының қысымына қарсы тұруына көмектеседі (Нақыл сөздер 1:10—15). Десе де болмысының қалыптасып жатқаны оның сізге де қарсы шығуына себеп болуы мүмкін. Мұндай жағдайда не істеуге болады?

БЫЛАЙ ЕТІП КӨРІҢІЗ: Балаңызбен ұрысудың орнына, оның ойын өзіне қайталап айтып көріңіз (Мысалы, “Сені дұрыс түсінсем, айтқың келгені мынау ғой...” десеңіз болады). Содан кейін оған сұрақтар қойыңыз (“Не себепті олай ойлайсың?” немесе “Мұндай ойға келуіңе не түрткі болды?”). Балаңызды әңгімеге тартыңыз. Өз көзқарасын айтып жеткізуіне мүмкіндік беріңіз. Егер қалауларыңыз әртүрлі болғандықтан ғана ойларыңыз бір жерден шықпаса, әрі балаңыздың ойы қате болмаса, онымен толықтай келіспесеңіз де, көзқарасын құрметтейтініңізді көрсетіңіз.

Балаңыздың болмысының, сонымен қатар көзқарастарының да қалыптасуы кәдімгі нәрсе әрі мұның пайдасы да бар. Киелі кітапта мәсіхшілердің “әрбір ілімнің желіне тербеліп, толқынға тәлкек болған” жас бала іспетті болмаулары керектігі жазылған (Ефестіктерге 4:14). Сондықтан жасөспірім балаңыздың болмысымен қатар, өз көзқарастарын да қалыптастыруына жол беріп, тіпті соған талпындырыңыз.

“Қыздарым оларды тыңдауға дайын екенімді көргенде, менің ойым олардікінен өзгеше болса да, оны ескеруге әлдеқайда бейім келеді. Мен қыздарыма өз ойымды қабылдатқызуға тырыспаймын, қайта, өз көзқарастарын қалыптастыруға мүмкіндік беремін”. Ивана, Чех Республикасы.

БЕРІК, СӨЙТЕ ТҰРА ИЛІККІШ БОЛЫҢЫЗ

Кішкентай балалар сияқты кейбір жасөспірімдер де ата-анасына өз дегенін істету үшін бір нәрсені қайталап айта беруі мүмкін. Егер сіздің де балаларыңыз жиі осылай ететін болса, сақ болыңыз. “Құлағым тыныш” болсын деп, балаңыздың айтқанына көне салатын болсаңыз, ол дауласу арқылы айтқанын істетуді үйреніп алуы мүмкін. Мұндай жағдайда не істеу керек? Иса пайғамбардың мына кеңесіне құлақ асыңыз: “Сендердің “иә” дегендерің “иә”, ал “жоқ” дегендерің “жоқ” болсын” (Матай 5:37). Өз сөзіңізде берік тұратыныңызды білсе, жасөспірім балаңыздың сізбен дауласуы екіталай.

Алайда иліккіш болуға да тырысыңыз. Жасөспірім балаңызға өз ойын түсіндіруге мүмкіндік бергеніңіз жөн. Мысалы, неліктен ол белгілі бір жағдайларда үйге кешірек келгісі келетінін түсіндіруіне мұрсат беріңіз. Бұлай еткеніңіз оның айтқанына көне салғаныңызды білдірмейді, қайта, Киелі кітаптағы “есті екендеріңді жұрттың бәрі көретін болсын” деген кеңеске құлақ асатыныңызды білдіреді (Філіпіліктерге 4:5).

БЫЛАЙ ЕТІП КӨРІҢІЗ: Балаларыңыздың үйге қашан келулері керектігін және үйдегі басқа да ережелерді талқылау үшін отбасы болып жиналып тұрыңыздар. Балаларыңыздың пікірін ескеруге дайын екеніңізді көрсетіңіз және шешім қабылдамас бұрын барлық жайттарды салмақтап-саралаңыз. “Өтініші Киелі кітаптағы принциптерге қайшы келмесе, ата-анасы оның қалауын орындауға дайын екенін жасөспірім бала байқауы керек”,— дейді Бразилияда тұратын Роберто есімді әке.

Әрине, кемелді ата-ана жоқ. Киелі кітапта айтылғандай, “бәріміз де жиі сүрініп жатамыз” (Жақып 3:2). Егер келіспеушіліктің туындағанына сіздің де кінәңіз бар екенін түсіңсеңіз, балаңыздан кешірім сұраудан тартынбаңыз. Өз қателіктеріңізді мойындау арқылы балаңызға кішіпейілділіктің үлгісін көрсетесіз, сондай-ақ оны да осылай әрекет етуге талпындырасыз.

“Бір жолы ұлыммен ұрысып қалған соң, мен ашуымды басып, одан өз-өзімді ұстай алмай қалғаным үшін кешірім сұрадым. Бұл баламның да ашуының тарқауына әрі сөздеріме құлақ түруіне септігін тигізді”. Кенджи, Жапония.

^ 3-абзац Бұл мақаладағы есімдер өзгертілген.

ӨЗІҢІЗДЕН БЫЛАЙ ДЕП СҰРАҢЫЗ:

  • Баламмен ұрысып қалуыма мен қалай себепші болуым мүмкін?

  • Баламды жақсырақ түсіну үшін осы мақаладағы ойларды қалай қолдана аламын?

  • Баламмен сөйлескенде дауласудан аулақ болу үшін не істей аламын?