Мазмұнға өту

Құдайды көру мүмкін бе?

Құдайды көру мүмкін бе?

Киелі кітапта не деп жазылған?

 Құдайды ешкім де көре алмайды (Мұсаның 2-жазбасы 33:20; Жохан 1:18; Жоханның 1-хаты 4:12). Киелі кітапта Құдайдың рух екені айтылған. Сондықтан біз оны көре алмаймыз (Жохан 4:24; Тімөтеге 1-хат 1:17).

 Ал періштелер рухани жаратылыс болғандықтан, Құдайды көре алады (Матай 18:10). Сондай-ақ кейбір адамдар өлгеннен кейін аспандағы өмірге тіріледі. Сол жерде рухани денеге ие болған олар Құдайды көре алады (Філіпіліктерге 3:20, 21; Жоханның 1-хаты 3:2).

Бүгінде Құдайды қалай “көре” аламыз?

 Киелі кітапта “көру” деген сөз көп жағдайда бейнелі мағынада айтылып, қандай да бір нәрсені жақсы білу не жақыннан тану мағынасында да қолданылады (Ишая 6:10; Еремия 5:21; Жохан 9:39—41). Сондықтан бүгінде адамдар Құдай мен оның қасиеттері туралы көбірек біліп, сенім таныту арқылы Құдайды “жүректерінің көзімен” көре алады (Ефестіктерге 1:18 сілт.). Киелі кітапта мұндай сенім дамытуға келесідей жайттардың көмек болатыны жазылған:

  •   Құдайдың сүйіспеншілік, жомарттық, даналық пен күш сияқты қасиеттерін жаратылыстары арқылы білу (Римдіктерге 1:20). Әйүп пайғамбар Құдайдың жаратылыстары туралы ой жүгірткеннен кейін Құдайды “өз көзімен көргендей” болған (Әйүп 42:5).

  •   Құдайды Киелі кітапты зерттеу арқылы білу. Киелі кітапта былай делінген: “Егер [Құдайды] іздейтін болсаң, ол өзін табуыңа мүмкіндік береді” (Шежірелер 1-жазба 28:9; Зәбүр 119:2; Жохан 17:3).

  •   Иса Мәсіхтің өмірін зерттеу арқылы. Иса өзінің көктегі әкесі Ехоба Құдайдың қасиеттерін кемелді түрде танытқан. Сондықтан ол: “Мені көрген адамның Әкені де көргені”,— деп сенімділікпен айта алған (Жохан 14:9).

  •   Құдайдың жүрегін қуантатындай өмір сүріңіз, сонда оның сіздің игілігіңіз үшін қалай әрекет ететінін көресіз. Иса пайғамбар: “Ақжүректілер бақытты, өйткені олар Құдайды көреді”,— деген. Жоғарыда айтылғандай, кейбір адамдар қайтыс болған соң көктегі өмірге қайта тіріліп, “Құдайды көре” алады (Матай 5:8; Зәбүр 11:7).

Мұса, Ыбырайым және басқа да пайғамбарлар Құдайды көрген бе?

 Киелі кітаптың кейбір үзінділерін оқығанда, бұл адамдар Құдайдың өзін тура мағынада көрген деп түсініп қалуға болады. Алайда мәнмәтіннен Құдайдың олармен періштелер арқылы немесе аян беру арқылы сөйлескенін білеміз.

 Періштелер арқылы.

Ежелгі уақытта Құдай адамдарға сөзін арнағанда, өзінің өкілі ретінде періштелерді жіберген және олар Құдайдың атынан сөйлеген (Зәбүр 103:20). Мысалы, бірде Құдай Мұсаға жанып жатқан бұта арқылы сөйлегенде, “Мұса Құдайға қарауға қорқып, бетін жауып алған” (Мұсаның 2-жазбасы 3:4, 6). Алайда Мұса Құдайды тура мағынада көрмеген, себебі мәнмәтіннен білетініміздей, негізінде ол “Ехобаның періштесін” көрген (Мұсаның 2-жазбасы 3:2).

 Ал Киелі кітаптағы: “Ехоба Мұсамен... бетпе-бет сөйлесетін”,— деген сөздер Мұса пайғамбардың Құдаймен тығыз қарым-қатынаста болғанын білдіреді (Мұсаның 2-жазбасы 4:10, 11; 33:11). Мұса Құдайдың жүзін көрмеген, өйткені Құдай оған хабарын “періштелер арқылы” беріп отырған (Ғалаттықтарға 3:19; Елшілердің істері 7:53). Алайда Мұсаның сенімінің берік болғаны сонша, Киелі кітапта ол туралы: “Көзге көрінбейтін Тұлғаны көріп тұрған”,— деп жазылған (Еврейлерге 11:27).

 Құдай Ыбырайым пайғамбармен де періштелер арқылы сөйлескен. Киелі кітапты бір оқығанда, Ыбырайым Құдайды тура мағынада көрген деп түсініп қалуға болады (Мұсаның 1-жазбасы 18:1, 33). Алайда мәнмәтіннен көрінетіндей, Ыбырайымға келген “үш кісі” негізінен Құдай жіберген періштелер еді. Ыбырайым оларды Құдайдың өкілдері ретінде қабылдағандықтан, олармен Ехобаның өзімен сөйлесіп тұрғандай сөйлескен (Мұсаның 1-жазбасы 18:2, 3, 22, 32; 19:1).

 Аян беру арқылы.

Құдай адамдарға аян беру арқылы, яғни адам санасына керемет жолмен берілген көрініс арқылы да көрінген. Мысалы, Киелі кітапта Мұса мен басқа исраилдіктер “Исраилдің Құдайын көрді” деген сөздер бар. Бірақ олар шын мәнінде Құдайды “аянда көрген” (Мұсаның 2-жазбасы 24:9—11). Сол сияқты Киелі кітаптың кей жерлерінде пайғамбарлардың “Ехобаны көргені” жайлы жазылған (Ишая 6:1; Даниял 7:9; Амос 9:1). Әр жазба орнының мәнмәтінінен көрінетіндей, Құдай оларға тікелей емес, аян арқылы көрінген (Ишая 1:1; Даниял 7:2; Амос 1:1).