Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

Көзге көрінбейтін Құдайды көру мүмкін бе?

Көзге көрінбейтін Құдайды көру мүмкін бе?

“ҚҰДАЙ — рух”. Сондықтан адамдар оны көре алмайды (Жохан 4:24). Алайда Киелі кітапта кейбір адамдардың қандай да бір мағынада Құдайды көргендері айтылған (Еврейлерге 11:27). Бұл қалай болуы мүмкін? Шын мәнінде “көзге көрінбейтін Құдайды” көру мүмкін бе? (Қолостықтарға 1:15).

Бұл сұрақтарға жауап беру үшін туылғанынан зағип адамды мысалға алайық. Ол көзі көрмегендіктен айналадағы еш нәрсені түсінбейді деп айта аламыз ба? Әрине, жоқ. Зағип адам түрлі жолдармен мәлімет алып, адамдарды, заттарды және айналасында болып жатқан әрекеттерді сезе алады. Көзі көрмейтін бір адам: “Мен көзіммен емес, ақыл-санаммен көремін”,— деген.

Тура сол сияқты біз Құдайды тәндік көзбен емес, “көкірек көзбен”, яғни жүрегіміздің көзімен көре аламыз (Ефестіктерге 1:18 сілтеме). Осы орайда бізге көмек болатын үш жайтты қарастырайық.

“ЖАРАТЫЛЫСТАРДАН КӨРІП, ТҮСІНУГЕ БОЛАДЫ”

Әдетте зағип адамның есту және сипап сезу қабілеті жақсы дамыған болып келеді және осының арқасында ол өзі көре алмайтын нәрселерді түсіне алады. Сол сияқты сіз де өзіңіздің түрлі қабілеттеріңіз арқылы қоршаған ортаны танып, бәрін жаратқан Құдайды біле аласыз. Расында да, “оның көзге көрінбейтін қасиеттері... дүние жаратылғаннан бері айқын: бұларды оның жаратылыстарынан көріп, түсінуге болады” (Римдіктерге 1:20).

Мысалы, керемет етіп жаратылған Жер планетамызды алайық. Жер адамдар жай ғана тіршілік етсін деп емес, өмірден рақат алсын деп жаратылған. Самал желді сезінгенде, күннің шуағына жылынғанда, шырынды жемістің дәмін татқанда не сайраған құстардың әнін естігенде, жанымыз рақатқа бөленеді. Бізге берілген бұл сыйлар Жаратушымыздың қамқор, мейірімді және жомарт Құдай екенін көрсетеді емес пе?

Күллі ғалам бізге Құдай жайлы нені аян етеді? Мысалы, аспан кеңістігінің өзі Құдайдың құдіретін паш етеді. Соңғы ғылыми зерттеулерге сай, ғаламның кеңейіп жатқаны ғана емес, оның кеңею жылдамдығының артқаны да анықталды! Түнгі аспанға қараған кезде былай ойланып көрсеңіз болады: “Ғаламды кеңейтіп, оның кеңею жылдамдығын арттырып жатқан қандай құдіретті күш?” Киелі кітапта “Жаратқанның құдіреті сонша зор” екені айтылған (Ишая 40:26). Жаратылыстары Құдайдың “Құдіреті шексіз”, яғни “өте күшті” екенін көрсетеді емес пе? (Әйүп 37:23).

“ОНЫ... ЖАЛҒЫЗ ҰЛЫ ТАНЫТТЫ”

Көздері нашар көретін екі баланың анасы былай дейді: “Балаларыма дүниетанымын қалыптастыруға көмектесетін бірден-бір жайт — сөйлеу қабілеті. Мен оларға көрген-естіген нәрсемнің бәрін айтып беремін және сыртқа шыққан кезде де барлық нәрсені түсіндіріп беруге дайын боламын. Өйткені мен — олардың көзімін”. Тура сол сияқты, “Құдайды ешкім ешқашан көрмесе де... оны бізге Әкесіне ең жақын әрі оған ұқсас жалғыз Ұлы танытты” (Жохан 1:18). Жаратылыстардың алғашқысы әрі Құдайдың рухани ұлы Иса Мәсіх көктегі нәрселерді көрсететін біздің “көзіміз” болып табылады. Иса пайғамбар — көзге көрінбейтін Құдай жайлы білімнің қайнары.

Мәңгілік бойы Әкесімен бірге көкте өмір сүрген Иса пайғамбардың Құдай жайлы нені аян еткеніне назар аударайық:

  • Құдай талмай еңбек етуде. “Әкем еңбек етуді доғарған жоқ” (Жохан 5:17).

  • Құдай мұқтаждықтарымыз жайлы біледі. “Әкелерің өздерің сұрамай тұрып-ақ, сендерге не керек екенін біледі” (Матай 6:8).

  •  Құдай біздің қамымызды ойлайды. “Көктегі Әкелеріңнің ұлдары боласыңдар, себебі ол жамандарға да, жақсыларға да күн сәулесін төккізіп, әділдерге де, әділетсіздерге де жаңбыр жаудырады” (Матай 5:45).

  • Құдай жеке әрқайсысымызды бағалайды. “Екі торғай бір тиынға сатылады емес пе? Десе де олардың бірде-біреуінің құлағаны көктегі Әкелеріңнің назарынан тыс қалмайды. Тіпті бастарыңдағы шаштарыңның саны да оған белгілі! Сондықтан қорықпаңдар, сендер көп торғайдан әлдеқайда қымбатсыңдар!” (Матай 10:29—31).

КӨЗГЕ КӨРІНБЕЙТІН ҚҰДАЙДЫ ТАНЫТҚАН АДАМ

Зағип адамдар мәліметті көзі көретін адамдардікінен өзгеше жолмен қабылдайды. Мысалы, мұндай адамдар көлеңкені сезе алады. Бірақ оны күн сәулесі түспейтін жер деп емес, күннің жылуы бармайтын салқын жер деп түсінеді. Көзі мүлдем көрмейтін адамның көлеңкені де, жарықты да көре алмайтыны сияқты, біз де Ехоба Құдай жайлы барлық жайтты өз бетімізше түсіне алмаймыз. Сол себепті Ехоба өзінің қасиеттері мен болмысын кемелді түрде таныта алатын адамды жіберді.

Бұл адам Иса пайғамбар болды (Філіпіліктерге 2:7). Ол көктегі Әкесінің қандай екенін айтып қана қойған жоқ, ол сондай-ақ Құдайдың қандай екенін көрсетті. Исаның шәкірті болған Філіп: “Ием, Әкені көрсетші”,— деп сұрағанда, Иса оған: “Мені көрген адамның Әкені де көргені”,— деп жауап берді (Жохан 14:8, 9). Исаның іс-әрекеттерінен Құдайдың қандай екенін қалай “көруге” болады?

Иса жұмсақ әрі кішіпейіл болған және адамдар онымен еркін сөйлескен (Матай 11:28—30). Ол жан сергітерлік болмысымен адамдарды өзіне жақын тартқан. Иса басқалардың қайғысына да, қуанышына да ортақтаса білген (Лұқа 10:17, 21; Жохан 11:32—35). Сондықтан Киелі кітаптағы Иса туралы оқиғаларды оқығанда не естігенде, оларды елестетуге тырысыңыз, бұл сізге сол оқиғаларға жан бітіруге көмектеседі. Исаның адамдарға қалай қарағаны жайлы ой жүгіртетін болсаңыз, Ехоба Құдайдың керемет болмысын анық көріп, оған жақындай аласыз.

БАРЛЫҚ БӨЛІКТЕРДІ БІРІКТІРУ

Зағип адамдардың дүниені қалай танитынына қатысты бір ғалым былай деген: “Зағип адам әртүрлі қабілеттері арқылы (сипап сезу, иіс сезу, есту және тағы басқа) қабылдаған бөлек-бөлек мәліметті біріктіріп, жағдайды толық елестетуге тырысады”. Сол сияқты Құдайдың керемет жаратылыстарын тану, Исаның көктегі Әкесі жайлы айтқандарын оқу және оның Құдайдың қасиеттерін қалай танытқаны жөнінде ой жүгірту Ехобаның қандай Құдай екенін елестетуге көмектеседі. Сонда Құдай сіз үшін тірі тұлға болады.

Ежелде өмір сүрген Әйүп есімді кісі мұны өз тәжірибесінде көрген. Ол алғашында “өзі түсінбейтін... нәрселерді сөз қылған” (Әйүп 42:3). Алайда Құдайдың керемет жаратылыстары жайлы мұқият ой жүгірткеннен кейін ол: “Сен туралы бұрын өзгелерден естігенмін, ал енді сені өз көкірек көзіммен көріп тұрмын”,— деген (Әйүп 42:5).

“Егер оны [Ехоба Құдайды] іздейтін болсаңыз, ол өзін табуға мүмкіндік береді”

Сіз де мұның растығына көз жеткізе аласыз. “Егер оны [Ехоба Құдайды] іздейтін болсаңыз, ол өзін табуға мүмкіндік береді” (Шежірелер 1-жазба 28:9). Ехоба куәгерлері сізге көзге көрінбейтін Құдайды танып-білуге қуана көмектеседі.