Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

1881 жылы генерал Гордон Едем бағы Праслинде (Сейшел аралдары) табылды деп пайымдады

Жер бетіндегі жұмақ қиял ма, әлде шындық па?

Жер бетіндегі жұмақ қиял ма, әлде шындық па?

Журнал беттерінен, көгілдір экраннан жұмақтай әсем жерлерді көргенде, бәріміз сонда барғымыз келеді. Сұлу табиғаттың аясында бар қиыншылығымызды ұмытып, бір рақаттанып қалсақ дейміз. Бірақ үйге оралғанымызда бәрі баяғы қалпына келе қалатынын білеміз. Бұл — өмірдің ащы шындығы.

Адамдар әр кез пейіш бағына құштар болған. Егер жұмақ ұғымы жай ғана қиял болса, неге жанымыз соны аңсайды да тұрады? Оның құр арманнан өмірдің шындығына айналатын уақыты келе ме?

КӨНЕДЕН ҚАЛҒАН МҰРА

Жұмақ мекен тақырыбы адамдардың бойында байырғы заманнан бері ынтызарлық тудырған. Мұндай сезімге көбінесе Киелі жазбаларда суреттелген “шығыстағы Едем бағы” түрткі болса керек. Едем бағы туралы Жазбалар былай дейді: “Ехоба Құдай жерден көзге тартымды, жемісі жеуге жақсы түрлі ағаштар өсіріп шығарды”. Бақ көзтартарлық әдемі, жайлы қоныс болған. Оның тағы бір ерекшелігі — “ортасында өмір сыйлайтын ағаш” өсіп тұрған (Мұсаның 1-жазбасы 2:8, 9).

Мұса пайғамбардың жазбасында Едем бағынан төрт өзен бастау алғаны айтылады. Олардың екеуі әлі күнге дейін бар: бірі — Тигр (Хиддекел), екіншісі — Евфрат (Мұсаның 1-жазбасы 2:10—14, сілтеме). Бұл екі өзен ежелде Персия империясына кірген Ирак жері арқылы өтіп, Парсы шығанағына келіп құяды.

Жұмақ тақырыбының парсы мәдениетінде елеулі орын алатыны да осы себептен болар. Филадельфия өнер мұражайында (Пенсильвания, АҚШ) XVI ғасырдан қалған бір парсы кілемі сақтаулы тұр. Кілемге мәуелі ағаштары көп, гүлге оранған қоршаулы бақтың бейнесі салынып тоқылған. “Қоршаулы бақ” деген мағынаны беретін парсы сөзінің “жұмақ” деген мағынасы бар. Кілемдегі сурет Киелі кітапта сипатталған ғажайып Едем бағымен дәлме-дәл үйлеседі.

Уақыт өте жұмақ, жәннат, құт мекен туралы әңгімелер түрлі тілде жержүзіне тарап, халықтардың мәдениетіне сіңіп жатты. Адамдар жердің түкпір-түкпіріне қоныстанып, өздерімен бірге алғашқы жұмақ жайлы оқиғаның түрлі нұсқаларын ала кетті. Олар әр халықтың қалыптасқан наным-сенімдерімен, аңыз-әңгімелерімен араласып, ұрпақтан-ұрпаққа беріліп отырды. Тіпті бүгінгі күні де адамдар табиғаты ерекше әсем жерлерді көргенде: “Мынауың нағыз жұмақ қой!”— деп жатады.

ШАРҚ ҰРЫП ІЗДЕГЕН ЖЕРҰЙЫҚ

Тарихта жоғалған жұмақты таптық деп пайымдаған жиһанкездер көп болған. Олардың бірі — 1881 жылы Сейшел аралдарына барған британ әскерінің генералы Чарльз Гордон. Валле-де-Мэй * деген жердің көзтоймас табиғатына таңғалғаны соншалық — Чарльз Гордон оны Едем бағы деп жариялады. XV ғасырда италиялық теңізші Христофор Колумб Эспаньола аралына келіп кеме тұмсығын тірегенде, Едем бағын қайта ашқандай сезімде болды. Қазір бұл аралда Доминика Республикасы мен Гаити орналасқан.

Жақында басып шығарылған “Mapping Paradise” тарихи кітабында 190-нан аса ежелгі карта жинақталған. Карталардың көбісінде жұмақта жүрген Адам мен Хауа бейнеленеді. Олардың ішінде Беат Лиебанский қолжазбасының XIII ғасырдағы көшірмесінен алынған бір карта ерекше көзге түседі. Картаның үстіңгі жағында кішкентай төртбұрыш бар. Оның қақ ортасында жұмақ бейнеленген. Жұмақтан төрт бұрышқа қарай Тигр, Евфрат, Пишон және Гихон деген төрт өзен ағып жатыр. Өзендер христиан діні дүниенің төрт бұрышына қалай тарағанын бейнелесе керек. Бұл карталарда пейіш бағының географиялық координаты көрсетілмесе де, адамдардың жұмаққа деген қызығушылықтары еш басылмаған.

XVII ғасырдағы ағылшын ақыны Джон Мильтон Киелі кітаптағы Адам атаның күнә жасап, Едем бағынан қуылғаны жайлы оқиғаға негізделген “Жоғалған жұмақ” деген жырымен танымал. Мильтон өз шығармасында адамдарға мәңгілік өмірдің қайта берілетініне назар аударып: “Сонда күллі жер беті жұмақ бағына оранар”,— деген екен. Кейін ол осы жырдың “Қайта оралған жұмақ” деген келесі бөлімін жазып шығарған.

ӨЗГЕ БАҒЫТ ҰСТАНУ

Бір кездері жер бетінде болған жұмақ тарихтың қай дәуірінде де қызықты тақырып болғанында сөз жоқ. Бірақ неге ол қазір адамдарды қызықтырмайды? “Mapping Paradise” кітабында айтылғандай, ең алдымен, бұған “дінтанушылардың жұмақтың қайда орналасқанына қатысты өзге ұстанымдары” себепші болды.

Көп шіркеуде жұмақ жерде емес, көкте болады деп үйретеді. Бірақ Зәбүр 37:29-да: “Әділдер жерді мұра етеді, онда мәңгі бақи өмір сүреді”,— делінген *. Қазіргі дүниені жұмақ дей алмайсың, әрине. Алайда бұл уәде орындалатынына қандай үміт бар?

КҮЛЛІ ЖЕР ЖҰМАҚҚА АЙНАЛАДЫ!

О бастағы жұмақты жаратқан Ехоба Құдай оны қайта қалпына келтіруді уәде етіп отыр. Иса пайғамбар бізді Ехобаға: “Сенің Патшалығың келсін! Сенің еркің көктегідей жер бетінде де орындалсын!”— деп дұға етуге шақырған (Матай 6:10). Бұл Патшалық — адами үкіметтердің орнын басатын дүниежүзілік үкімет. Оның патшасы — Иса Мәсіх (Даниял 2:44). Осы Патшалық Құдай о баста ниет еткен жұмақты жер бетіне орнатады.

Исаға дейін Ишая пайғамбар Құдай рухының көмегімен уәде етілген жұмақтың қандай болатынын суреттеп кеткен. Сол заманда бүгінде адамзатты азаптап отырған қақтығыстар мен соғыстар атымен болмайды (Ишая 11:6—9; 35:5—7; 65:21—23). Біз сізді бірер минут бөліп, сол сөздерді өз Киелі кітабыңыздан оқуға шақырамыз. Сонда Құдайдың расында да тілалғыш адамзатқа керемет өмір дайындап отырғанына көз жеткізесіз. Сол кезде адамзаттың Адам ата айырылған жұмаққа да, Құдайдың ықыласына да ие болатыны хақ (Аян 21:3).

Жер бетіндегі жұмақ қиял емес, шындық екеніне неге сенімді бола аламыз? Өйткені Киелі кітапта: “Көк Ехобаға тиесілі, ал жерді ол адам баласына берді”,— делінген. “Өтірік айта алмайтын Құдай” жер бетінде болатын жұмақты ұзақ уақыт бұрын уәде етті (Зәбүр 115:16; Титке 1:2). Көріп отырғанымыздай, жұмақ — жай ғана қиял емес, бізді күтіп тұрған керемет болашақ!

^ 10-абзац ЮНЕСКО-ның Әлемдік мұра тізіміне енген.

^ 15-абзац Құран Кәрімде де “жерге игі құлдарым мұрагер болады” деген көңіл қоюға тұрарлық сөздер бар (21-Әнбия сүресі, 105-ші аят).