Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

Элиас Гуттер және оның еврей тіліндегі Киелі жазбалары

Элиас Гуттер және оның еврей тіліндегі Киелі жазбалары

СІЗ еврей тілінде жазылған Киелі кітапты оқи аласыз ба? Бәлкім, ондай Киелі кітапты оқымақ түгіл, көрмеген де шығарсыз. Осы мақалада XVI ғасырда өмір сүрген Элиас Гуттер деген зерттеуші жайлы, ол басып шығарған еврей тіліндегі “Көне өсиет” пен “Жаңа өсиет” жайлы сөз етіледі. Бұл мақала Киелі жазбаларға деген ризашылығыңызды арттыратынына сенімдіміз.

Элиас Гуттер 1553 жылы Гёрлиц деген кішкентай қалада дүниеге келген. Қазір бұл қалашық Германияның Польша және Чехия елдерімен шекаралас жатқан жерінде орналасқан. Элиас Гуттер шығыс тілдерін Йена қаласындағы Лютеран университетінде зерттеген. Небәрі 24 жаста болғанда, Лейпцигте оған еврей тілінің профессоры деген дәреже берілді. Элиас Гуттер ағарту ісіне жаңа әдістер енгізуден қорықпаған. Мысалы, ол Нюрнберг қаласында ашқан мектепте оқушылар төрт жылдың ішінде еврей, грек, латын және неміс тілдерін оқып шығатын. Бұрын-соңды осындай білім беретін мектеп болмаған.

КІТАПТЫҢ КӨРКЕМДІЛІГІ

Гуттер басып шығарған Еврей жазбаларының мұқабасы, 1587 жыл

1587 жылы Элиас Гуттер “Көне өсиет” деп танылатын еврей тіліндегі кітапты басып шығарды. Ол “Дерек һа-Кодеш” деп, яғни Ишая 35:8-ге сай “Қасиетті жол” деп аталды. Кітаптың әсем қарпі оның көркемділігін айқындай түскенмен, оны құнды еткен басқа нәрсе еді. Ол оқушылар үшін еврей тілін үйренуде таптырмас құралға айналды.

Гуттер аудармасының қаншалықты тиімді екенін түсіну үшін, еврей тіліндегі Киелі кітапты оқып-үйреніп жатқан адам кезігетін екі қиындықты қарастырып көрейік. Біріншіден, оған еврей әріптері таныс емес, әрі сөздер оңнан солға қарай оқылады. Екіншіден, сөздер жұрнақтар мен префикстерден (сөзалды қосымшалар) тұрғандықтан, түбір сөзді анықтау қиын. Мысалы, еврейдің “жан” деген мағынаны беретін נפשׁ (нефеш) сөзін алайық. Ол Езекиел 18:4-те ה (һа) деген префикспен келіп, הנפשׁ (һан-нефеш) деген күрделі сөзді құрайды. Тілді жақсы білмейтін адам הנפשׁ (һан-нефеш) сөзі נפשׁ (нефеш) сөзімен түбірлес екенін түсінбей қалуы мүмкін.

Оқушыларына оңай болсын деп, Элиас Гуттер өз еңбегінде қою және контурлы (іші боялмаған) таңбаларды қатар қолдануды шешті. Ол әр сөздің түбірін қою қаріппен, ал префикс пен жұрнақтарды контурлы қаріппен жазды. Қарапайым да ұтымды бұл әдіс оқушыларға еврей сөзінің түбірін жазбай танып, тілді оңай меңгеруге көмектесті. Осы тәсіл ағылшын тіліндегі “Түсініктемелері бар Киелі жазбалардың” (Жаңа дүние аудармасы) басылымының сілтемелерінде де қолданылады. Онда сөздің түбірі қалың қаріппен, ал префикс пен жұрнақтары кәдімгі қаріппен жазылған. Жоғарыдағы суреттердің үстіңгісінде Гуттердің еңбегіндегі Езекиел 18:4-те қолданылған қаріптердің үлгісі көрсетілген. Ал төменгісінен “Түсініктемелері бар Киелі жазбалардың” да сол үлгіні қолданғанын көреміз.

ЕВРЕЙ ТІЛІНДЕГІ “ЖАҢА ӨСИЕТ”

Гуттер “Жаңа өсиет” деп танылған Грек жазбаларын бір дегенде 12 тілде басып шығарды. Бұл кітап 1599 жылы Нюрнберг қаласында басылғандықтан, “Нюрнберг полиглоттасы” деп те аталатын. Гуттер Грек жазбаларының мәтіні еврей тілінде де болғанын қалады. Осындай мәтінді табу үшін ол бар дүние-мүлкін жұмсаса да, бұл еңбегінен түк шықпас еді *. Ол “Жаңа өсиетті” грек тілінен еврей тіліне аударуға өзі кірісті. Басқа істерінің бәрін ысырып қойған Гуттер аударма жұмысын бір-ақ жылдың ішінде бітірді!

Гуттердің еврей тіліне аударған Грек жазбалары туралы не деуге болады? XIX ғасырдағы Франц Делич есімді гебраист былай деп жазды: “Гуттердің аудармасынан оның тілді христиандардан әлдеқайда жақсы білгенін және әр жағдайда дөп түсетін сөзді қолданғанын көреміз. Сол себептен де бұл еңбек әлі күнге дейін өз тиімділігін жоғалтпай келеді”.

ГУТТЕР ҚАЛДЫРҒАН ӨШПЕС МҰРА

Гуттер аударма ісінің арқасында байып кетпеді. Оның басылымдары көп сұранысқа ие болмаса керек. Десе де Гуттердің еврей тіліндегі “Жаңа өсиеті” тарихта өшпес мұра болып қалды. Мысалы, алғашында оны 1661 жылы Уильям Робертсон, ал кейін 1798 жылы Ричард Кэддик қайта өңдеп басып шығарды. Грек жазбаларының түпнұсқасындағы мәтін Еврей жазбаларынан келтіріліп, онда Kyʹri·os (Ие) және The·osʹ (Құдай) деген лауазымдар тұрса, Гуттер оларды “Ехоба” (יהוה, JHVH) деп аударды. Бұл лауазымдар Құдайға нұсқайды деп шешкен жерлерде де Гуттер “Ехоба” деп жазды. Грек жазбаларының көптеген аудармаларында Құдайдың есімі жазылмай кеткендіктен, Гуттердің аудармасы көбісін таңғалдырды. Өйткені онда Құдайдың аты көп кездеседі. Сондықтан бұл еңбек Грек жазбаларында Құдай есімін қолданудың келелі себебі болып отыр.

Келесіде Грек жазбаларынан Құдайдың Ехоба деген есімін кездестіргенде, Элиас Гуттердің Киелі жазбаларды еврей тіліне аударуда сіңірген ерен еңбегін еске алғайсыз.

^ 9-абзац Бұған дейін “Жаңа өсиет” еврей тіліне аударылған болса керек. Аударғандардың бірі — византиялық монах Саймон Атуманос (шамамен 1360 ж.). Ал басқа біреуі — неміс зерттеушісі Освальд Шрекенфукс (шамамен 1565 ж.). Бұл аудармалар ешқашан басып шығарылмаған және біздің күнімізге дейін жетпеген.