Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

КИЕЛІ КІТАП АДАМНЫҢ ӨМІРІН ӨЗГЕРТЕДІ

Киелі кітаптағы анық та қисынды жауаптар мені қайран қалдырды

Киелі кітаптағы анық та қисынды жауаптар мені қайран қалдырды
  • ТУЫЛҒАН ЖЫЛЫ: 1948

  • ЕЛІ: ВЕНГРИЯ

  • ҚЫСҚАША МАҒЛҰМАТ: ӨМІРЛІК СҰРАҚТАРДЫҢ ЖАУАБЫН ЖАН САЛА ІЗДЕГЕН

ӨМІРБАЯНЫМ:

Мен Венгрияның 1000 жылдық тарихы бар Секешфехервар қаласында өмірге келдім. Өкінішке орай, Екінші дүниежүзілік соғыстың салған терең жарасы әлі күнге дейін есімде.

Мен сәби кезімде нағашы апам мен атамның қолында болдым. Оларды, әсіресе Элизабет апамды, жиі сағынышпен есіме аламын. Апам менің жүрегіме Құдайға деген берік сенім ұялатты. Үш жасымнан бастап екеуміз “Иеміздің дұғасы” деген атаумен белгілі дұғаны күнде кешке айтатынбыз. Алайда сол дұғаның мағынасын 30 жасқа таяғанда бір-ақ түсіндім.

Ата-анам тәуір үй сатып алу үшін ала таңнан қас қарайғанша жұмыс істейтін, сондықтан кішкентай кезімде маған апам мен атам қарады. Бірақ біз бүкіл отбасымызбен екі аптада бір рет, сенбі күні, дастарқан басында жиналатынбыз. Бірге өткізген сол сәттер мен үшін аса бағалы еді.

1958 жылы ата-анамның көптен күткен арманы орындалды: олар үй сатып алды. Мен ата-анаммен тұратыныма қатты қуандым! Бірақ алты айдан кейін әкем қатерлі ісіктен қайтыс болып, қуанышым су сепкендей басылды.

Бұл қасірет жаныма қатты батты. “Құдайым, әкемді сақташы деп жалынған едім ғой. Маған онсыз қиын. Неге дұғаларыма жауап бермедің?”— дейтінім есімде. Мен әкемнің қайда екенін қатты білгім келетін. “Ол көкке кетті ме, әлде мәңгіге ғайып болды ма?” деп ойланатынмын. Сондай-ақ әкесі бар балаларға қызғанышпен қарайтынмын.

Көп жыл бойы әкемнің бейітіне күнде барып жүрдім. Қабірінің алдында тізерлеп отырып: “Құдайым, жалынамын, әкемнің қайда екенін айтшы”,— деп дұға ететінмін. Сондай-ақ өмірдің мәнін түсінуге көмектесуін сұрайтынмын.

13 жасымда неміс тілін үйренуді шештім. Мазмұны бай әрі ұшан-теңіз неміс әдебиетінен өзімді мазалаған сұрақтардың жауабын табармын деп ойладым. Содан 1967 жылы сол кезде Шығыс Германияның аумағында болған Йена қаласындағы оқу орнына түстім. Неміс пәлсапашыларының кітаптарын, әсіресе адам баласының не үшін өмір сүретіні жайлы еңбектерін, құлшына оқыдым. Алайда бұл тақырыпта біраз қызықты мәлімет тапқанмен, ешқайсысынан қанағаттандыратын жауап ала алмадым. Мен іздегенімді табуға көмектесуін сұрап, Құдайға әрі қарай дұға етумен болдым.

КИЕЛІ КІТАП ӨМІРІМДІ ӨЗГЕРТТІ:

1970 жылы Венгрияға оралып, сол жерде болашақ әйелім Роузбен таныстым. Ол кезде Венгрия коммунистік биліктің қол астында болған. Роуз екеуміз үйленген соң, Австрияға қашып кеттік. Біздің түпкі мақсатымыз Австралияның Сидней қаласына көшу болатын. Ол жерде анамның бауыры тұратын.

Көп ұзамай Австрияда жұмыс таптым. Бір күні әріптесім барлық сұрақтарымның жауабын Киелі кітаптан таба алатынымды айтты. Ол маған Киелі кітапты түсіндіретін екі кітап берді. Мен оларды тез оқып шығып, одан да көп білгім келді. Содан осы кітаптарды басып шығарған Ехоба куәгерлеріне хат жазып, көбірек әдебиет сұрадым.

Біздің шыт тойымыз өткен күні үйге жас австриялық Куәгер келді. Ол менің тапсырыс берген әдебиеттерімді алып келіпті. Маған Киелі кітап зерттеу сабағын ұсынғанда, келісе кеттім. Білімге деген тәбетім зор болғандықтан, біз аптасына екі рет төрт сағаттан зерттедік!

Куәгерлердің Киелі кітаптан үйреткендері мені бейжай қалдырмады. Олар менің венгр тіліндегі Киелі кітабымнан Құдайдың есімі Ехоба екенін көрсеткенде, өз көзіме өзім сенбедім. Шіркеуге 27 жыл бойы барып жүрсем де, ол жерде Құдайдың есімін бір рет те естімеппін. Киелі кітаптың анық та қисынды жауаптары мені қайран қалдырды. Мысалы, мен өлілердің терең ұйқыдағы адам сияқты ес-түссіз күйде болатынын түсіндім (Уағыздаушы 9:5, 10; Жохан 11:11—15). Сондай-ақ Киелі кітапта енді қайтып өлім болмайтын жаңа дүние уәде етілетінін білдім (Аян 21:3, 4). Сол жаңа дүниеде өлгендер қайта тіріледі, сол кезде мен әкеммен қайта қауышамын деп үміттенемін (Елшілердің істері 24:15).

Роуз да менімен бірге Киелі кітапты зерттеуге қуана келісті. Біз тез алға басып, зерттеуге арналған кітапты екі-ақ айдың ішінде бітірдік! Біз Ехоба куәгерлерінің Патшалық сарайында өтетін кездесулерінің бірін қалдырмай баратынбыз. Куәгерлердің арасындағы сүйіспеншілік, бірлік пен ізеттілік бізді таңғалдырмай қоймады (Жохан 13:34, 35).

1976 жылы Роуз екеуміз Австралияға кіруге рұқсат алдық. Сонда барған соң, жергілікті Ехоба куәгерлерін бірден тауып алдық. Олар бізді жылы қарсы алды. 1978 жылы біз өзіміз де Ехоба куәгері болдық.

ТИГІЗГЕН ПАЙДАСЫ:

Ұзақ уақыттан бері жанымды жегідей жеген сұрақтарыма ақырында жауап таптым. Сондай-ақ Ехоба Құдайға жақындағанның арқасында дүниедегі ең керемет Әкені таптым (Жақып 4:8). Мен туған әкемді алдағы жаңа дүниеде көруге үміттенемін. Мен үшін бұл үміттің мәні орасан зор (Жохан 5:28, 29).

1989 жылы нанымдарымызды туыстарымыз бен достарымызға және басқа да кездестірген адамдарға айту үшін Роуз екеуміз Венгрияға қайтуды шештік. Ол жерде Киелі кітаптағы ілімдерді жүздеген адамға үйретуге керемет мүмкіндігіміз болды. Олардың 70-тен астамы Ехобаға қызмет етуді шешті, олардың ішінде менің асыл анам да бар.

Мен 17 жыл бойы дұға етіп, ақырында сұрақтарымның жауабын таптым. Содан бері 39 жыл өтті. Мен әлі күнге дейін дұға етемін, бірақ енді: “Көктегі Әкем, менің бала кезімдегі сұрақтарыма жауап бергеніңе мың да бір рақмет!”— деп айтудан талмаймын.