Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

КИЕЛІ КІТАП АДАМНЫҢ ӨМІРІН ӨЗГЕРТЕДІ

Қара басымды ойлап өмір сүрдім

Қара басымды ойлап өмір сүрдім
  • ТУЫЛҒАН ЖЫЛЫ: 1951

  • ЕЛІ: ГЕРМАНИЯ

  • БҰРЫНДА: ӨРКӨКІРЕК, ТӘУЕЛСІЗ БОЛҒАН

ӨМІРБАЯНЫМ:

Бес жасыма дейін отбасымыз Шығыс Германияның Лейпциг қаласында тұрды. Бұл Чехия мен Польшаның шегарасына жақын маңда орналасқан қала еді. Алты жасымда әкемнің жұмысына байланысты Бразилияға, сосын Эквадорға көштік.

Он төрт жасымда ата-анам мені Германиядағы мектеп-интернатқа орналастырды. Ата-анам Оңтүстік Америкада болғандықтан, өз қамымды өзім ойлауым керек болды. Сондықтан қатты өзімшіл болып өстім. Іс-әрекетімнің басқаларға қалай әсер ететіні маған бәрібір еді.

Он жетіге келгенде, ата-анам Германияға оралды. Алғашында мен олармен бірге тұрдым. Бірақ тәуелсіз болып қалғандықтан, оларға бағынып өмір сүре алмадым. 18 жасымда үйден кетіп, бөлек тұрдым.

Уақыт өте келе өмірдің мағынасын іздеп, тынымсыз болып кеттім. Түрлі өмір салтын және әлеуметтік ұйымдарды көрдім. Адамзат жерді бүлдіріп тастамай тұрғанда, өмірімді соның сұлулығын тамашалауға арнау ең дұрыс шешім деп ұйғардым.

Содан мотоциклмен Германиядан Африкаға жол тарттым. Алайда көп ұзамай көлігімді жөндеу үшін Еуропаға оралуға тура келді. Португалия жағалауына жеткенде, мотоциклді тастап, қайықпен саяхаттамақ болдым.

Қайықпен саяхаттап, Атлант мұхитын кесіп өтуге дайындалып жатқан жастардың тобына қосылдым. Солардың арасынан болашақ жарым Лориді кезіктірдім. Екеуіміз қайықпен Кариб аралдарына саяхат жасадық. Сосын Пуэрто-Рикода шамалы аялдап, Еуропаға қайтып оралдық. Біз желкенді қайық сатып алып, одан моторлы қайық жасап алғымыз келді. Соны іздеп жүргенімізге үш ай болғанда, мен әскерге шақырылып, жоспарымыз күрт өзгерді.

Германияның әскери флотында 15 ай қызмет еттім. Сол уақытта Лори екеуіміз үйленіп, саяхаттап өмір сүруге дайындық жасадық. Әскерге кетпей тұрғанда, қайықтың негізгі қаңқасын сатып алған едік. Әскерде қызмет етіп жүріп, оны жайлап кішігірім кемеге айналдырдық. Сондағы жоспарымыз қайықта өмір сүріп, жер шарының түрлі кереметтерін көріп шығу еді. Сол екі арада — әскери қызметім аяқталған, бірақ қайығымыз жасалып бітпей тұрған кезде — біз Ехоба куәгерлерімен танысып, Киелі кітапты зерттеу сабағын бастадық.

КИЕЛІ КІТАП ӨМІРІМДІ ӨЗГЕРТТІ:

Алғашында өмір салтымды өзгертудің қажеті жоқ деп ойладым. Өйткені бірге тұрып жатқан әйелмен некем қиылған еді. Темекі шегуді де тастаған болатынмын (Ефестіктерге 5:5). Ал жер шарын аралауға келсек, Құдайдың керемет жаратылыстарын тамашалау өмірді арнауға тұрарлық іс деп ойладым.

Шындығына келгенде, маған өзгеру керек еді, әсіресе мінезімді өзгерту қажет болды. Тым өркөкірек әрі өзімшіл болғандықтан, тек қабілетім мен жетістіктерімді ғана ойлайтынмын. Қара басымның қамымен ғана өмір сүріп жаттым.

Бір күні Исаның көпке танымал Таудағы уағызын оқыдым (бұл Матайдың 5—7 тарауларында жазылған). Алғашында Исаның бақыт жайлы айтқандарын түсінбей, дал болдым. Мысалы, ол аш әрі сусаған адамның бақытты болатынын айтқан (Матай 5:6). Мұқтаж адамның қалай бақытты бола алатынын білгім келді. Киелі кітапты зерттеу барысында бәріміздің де рухани мұқтаждығымыз бар екенін, бірақ мұны кішіпейілділікпен мойындағанда ғана қанағаттандыра алатынымызды түсіндім. Өйткені Иса: “Рухани мұқтаждықтарын мойындайтындар бақытты”,— деген (Матай 5:3, сілтеме).

Германияда Киелі кітапты зерттеп бастағаннан кейін Францияға, содан соң Италияға көштік. Қай елге барсақ та, Ехоба куәгерлерін тауып алатынбыз. Олардың бір-біріне деген шынайы сүйіспеншілігі мен араларындағы ынтымағы маған қатты әсер етті. Куәгерлердің дүниежүзілік бауырластықты құрайтынына көзім жетті (Жохан 13:34, 35). Сөйтіп, уақыт өте Лори екеуіміз шомылдыру рәсімінен өтіп, Ехоба куәгері болдық.

Шомылдыру рәсімінен өткеннен кейін де мінезімді өзгертуге күш сала бердім. Лори екеуіміз Африка жағалауынан Құрама Штаттарына дейін Атлант мұхиты арқылы жүзіп өтуді шештік. Ұлан-ғайыр мұхиттың қақ ортасында кішкентай қайықта келе жатқан екеуіміз ғана. Сонда мен Ұлы Жаратушының алдында қаншалықты құртақандай екенімді түсіндім. Мұхиттың ортасында істейтін жұмыс жоқ, уақыт жетіп-артылады. Сондықтан Киелі кітапты оқумен болдым. Маған әсіресе Исаның жердегі өмірі жайлы оқығандарым қатты ұнады. Ол кемелді болған, қабілеттері жағынан бәрінен де асып түскен. Десе де ол мұнысын алға тартып, өз-өзіне атақ іздемеген. Қайта, өмірін көктегі Әкесін даңқтауға арнаған.

Құдай Патшалығын бірінші орынға қоюым керектігін түсіндім

Исаның үлгісі жайлы ой жүгіртудің арқасында өмірімді өзіме ұнайтын істерге арнамай, Құдай Патшалығын бірінші орынға қоюым керектігін түсіндім (Матай 6:33). Сөйтіп, Құрама Штаттарына жеткенде, біз сол жерде қалып, ғибадатымызға көп уақыт бөлуді шештік.

ТИГІЗГЕН ПАЙДАСЫ:

Өз қалауыммен өмір сүрген кезімде, шешімдеріме сенімсіз болатынмын. Ал қазір өміріме басшылық беретін ең сенімді даналықтың көзін таптым (Ишая 48:17, 18). Сондай-ақ өмірім мағыналы бола түсті, өйткені Құдайға ғибадат етіп, адамдарға оны жақыннан тануға көмектесіп жүрмін.

Киелі кітап принциптерін қолданудың арқасында Лори екеуіміздің некеміз нығая түсті. Сондай-ақ дүниеге келген сұлу қызымыз Ехобаны біліп өсті. Ол Ехобаны жақсы көреді.

Өміріміз әрқашан бірқалыпты, қиындықсыз өтіп жатыр деп айта алмаймыз. Бірақ Ехобаның көмегіне сенім артып, ешқашан берілмеуге бекінгенбіз (Нақыл сөздер 3:5, 6).