Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

 КИЕЛІ КІТАП АДАМНЫҢ ӨМІРІН ӨЗГЕРТЕДІ

Мен үнемі өзіммен тапанша алып жүретінмін

Мен үнемі өзіммен тапанша алып жүретінмін
  • ТУҒАН ЖЫЛЫ: 1958

  • ЕЛІ: ИТАЛИЯ

  • БҰРЫНДА: БҰЗАҚЫЛАР ТОБЫНЫҢ МҮШЕСІ БОЛҒАН

ӨМІРБАЯНЫМ:

Мен Римнің шеткері ауданында туып-өстім. Ол жерде жағдайлары төмен кедей адамдар тұратын. Күн көру айтарлықтай қиын болатын. Мен туған анамды ешқашан көрмегенмін, ал әкеммен қарым-қатынасым онша емес еді. Сондықтан мен көше тәрбиесін көріп өстім.

Он жаста болған кезімде мен ұрлық жасай бастадым. Ал 12 жасымда бірінші рет үйден қашып кеттім. Әкем мені бірнеше рет полиция учаскесінен үйге алып келген кездер де болған. Мен үнемі барлық адамдармен ұрысып, өзімнің қатыгез әрі ашушаң мінезімді көрсетіп жүретінмін. 14 жасымда мен үйден біржолата кетіп қалдым. Сол кезден бастап мен есірткі қабылдадым және көшелерде түнейтін болдым. Бас тірейтін жерім болмағандықтан, көліктердің есігін бұзып кіріп, сонда таңға дейін ұйықтайтынмын. Кейін жуынып алу үшін су бар жерлерді іздейтінмін.

Ақырында мен шебер ұрлықшыға айналдым. Сөмке ұрлаудан бастап, түнделетіп пәтерлер мен жекежайларды тонауға дейін бардым. Жаманатқа ие болғаным сонша — көп ұзамай бұзақы топтар мені өз қатарларына қосылуға шақырды. Олар маған “дәрежемнің жоғарылайтынын”, яғни енді банктерді тонауға мүмкіндігім болатынын айтты. Ашушаң мінезімнің арқасында мен көп ұзамай сол бұзақы топтың сыйлы мүшесіне айналдым. Мен үнемі өзіммен тапанша алып жүретінмін, тіпті оны жастығымның астына қойып ұйықтайтынмын. Көп ұзамай қатыгездік көрсету, есірткі қабылдау, ұрлық жасау, балағат сөздер айту және азғындықпен айналысу өмір салтыма айналды. Полиция қызметкерлері үнемі мені аңдумен болатын. Мен бірнеше рет тұтқындалып, біресе түрмеде, біресе бостандықта жүрдім.

КИЕЛІ КІТАП ӨМІРІМДІ ӨЗГЕРТТІ:

Бірде түрмеден босап шыққаннан кейін, тәтемнің үйіне бардым. Сөйтсем, тәтем мен екі бөлем Ехоба куәгері екен. Олар мені өздерінің қауым кездесуіне шақырды. Маған ол жақта не болатыны қызық болғандықтан, баруды шештім. Патшалық сарайына  келген соң кіріп-шыққандарды бақылай алу үшін есіктің қасындағы орынға барып отырып алдым. Әрине, тапаншам әдеттегідей өзіммен бірге болатын.

Бұл кездесу менің өмірімді өзгертті. Сол кезде өзімді басқа планетаға түсіп кеткендей сезіндім. Достық пейілмен күлімсірей қараған Ехоба куәгерлері мені жылы жүзбен қарсы алды. Сол кездегі олардың танытқан шын пейілдері әлі күнге дейін есімде. Бұл “планета” мен өмір сүрген әлемнен мүлдем өзгеше еді!

Сөйтіп, мен Ехоба куәгерлерімен Киелі кітапты зерттеу сабағын бастадым. Көбірек білім алған сайын, өмірімді түбегейлі өзгертуім керек екенін анық түсіндім. Мен Нақыл сөздер 13:20-дағы: “Данамен жолдас болған дана болар, наданмен жолдас болған пәлеге қалар”,— деген сөздерді көкейіме түйіп алдым. Содан мен бұзақы топтан аулақ жүруім керек екенін түсіндім. Маған бұлай ету оңай болмады, бірақ Ехобаның көмегімен бұл менің қолымнан келді.

Өмірімде бірінші рет іс-әрекеттерімді қадағалай бастадым

Сондай-ақ мен өзімді арамдайтын нәрселерден арыла бастадым. Темекі шегу мен есірткі қабылдауды доғару үшін маған көп күш салу қажет болды. Көп ұзамай ұзын шашымды қиып, құлағымдағы сырғаларды алып тастадым және балағат сөздер айтпайтын болдым. Осылайша өмірімде бірінші рет іс-әрекеттерімді қадағалай бастадым.

Мен оқуды және зерттеуді ұнатпайтынмын, сондықтан маған Киелі кітапты зерттеу сабағы кезінде мұқият болу қиынға соғатын. Алайда күш салғанымның арқасында менің Ехобаға деген сүйіспеншілігім артты. Уақыт өте келе мені ар-ұжданым мазалай бастады. Кейде бұрыс ойларға бой алдырып, Ехобаның жаман істерімді кешіре алатынына күмәнданатынмын. Сондай кездері ауыр күнәлар жасаған Дәуіт патшаны Ехобаның қалай кешіргені жайлы оқып, көп жұбаныш алатынмын (Патшалықтар 3-жазба 11:1—12:13).

Маған қиындық тудырған келесі жайт үйме-үй жүріп, өзгелерге сенімім жайлы айту болды (Матай 28:19, 20). Мен бұрынғы өмір салтымның кесірінен қиянат көрсеткен адамдарды қызметте кездестіріп қаламын ба деп қорқатынмын. Алайда мен ақырындап осы қорқыныш сезімінен арыла бастадым. Кейін күнәларды жомарттықпен кешіретін көктегі Әкеміз жайлы өзгелерге айтудан зор қанағат алатын болдым.

ТИГІЗГЕН ПАЙДАСЫ:

Ехобаны танып білгенімнің арқасында мен аман қалдым! Бұрынғы бұзақы тобымдағылардың көбісі қайтыс болып кеткен, ал кейбіреулері түрмеде отыр. Ал мен болсам өмірден толық қанағат алып, болашаққа зор үмітпен қараймын. Мен кішіпейіл, мойынсұнғыш болуды және мінезімді қадағалауды үйрендім. Қазір айналамдағы адамдармен жақсы қарым-қатынастамын. Сондай-ақ менің Кармэн деген әдемі әйелім бар. Бүгінде екеуміз Киелі кітап жайлы шындықты басқалармен бөлісуден зор қуаныш алып жүрміз.

Айтпақшы, қазір мен адал еңбек етіп жүрмін. Жұмысым кейде банктермен байланысты болады. Бірақ мен оларды бұрынғыдай тонамаймын, мен оларды тазалаймын!