Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

Масореттер Киелі жазбаларды мұқият көшірген

НЕГІЗГІ ТАҚЫРЫП | УАҚЫТ СЫНЫНАН ӨТКЕН КИЕЛІ КІТАП

Хабары өзгермей жеткен кітап

Хабары өзгермей жеткен кітап

ҚАУІП. Киелі кітап шіріп жойылу мен қарсылық сияқты сырттан төнген қауіпке қарамай сақталды. Бірақ оның ішкі мазмұнын өзгерткісі келгендер де жоқ емес-тін. Кейбір көшірмешілер мен аудармашылар өз ілімдерін Киелі кітапқа негіздеудің орнына Киелі кітапты өз ілімдеріне сай бейімдеуге тырысты. Бірер мысал қарастырайық.

  • Ғибадат орны. Б. з. б. IV—II ғасырлар аралығында “Самариялықтардың бес кітабын” жазған адамдар Мұсаның 2-жазбасы 20:17-дегі сөздерден кейін “Гаризим тауында құрбандық ошағын тұрғыз” деген сөздерді қосқан. Осылай самариялықтар Гаризим тауындағы ғибадатхана құрылысын Жазбалардың қолдағанын қалаған.

  • Үштік ілімі. Киелі кітап жазылып біткеннен кейін шамамен 300 жыл өткен соң, Үштік іліміне сенетін бір жазушы Жоханның 1-хаты 5:7-ге “Көкте Әке, Сөз және Киелі рух, бұл үшеуі — бір” деген сөздерді қосқан. Бірақ мұндай сөздер түпнұсқада кездеспейді. Брюс Мецгер деген ғалымның айтуынша, бұл сөздер “VI ғасырдан бастап Көне латын және (Латын) Вульгатасы қолжазбаларында барған сайын жиі кездесетін болған”.

  • Құдайдың есімі. Көптеген Киелі кітап аудармашылары Құдайдың “Ехоба” деген есіміне қатысты яһуди ырымын желеу етіп, Жазбалардан оны алып тастауды шешкен. Оның орнына “Құдай” не “Ие” деген лауазымдарды жазған. Алайда Жазбаларда бұл лауазымдар тек Жаратушыға ғана емес, адамдарға, жалған тәңірлерге және Шайтан Ібіліске де қатысты қолданылады (Жохан 10:34, 35; Қорынттықтарға 1-хат 8:5, 6; Қорынттықтарға 2-хат 4:4) *.

КИЕЛІ КІТАПТЫҢ САҚТАЛУЫ. Бірінші айта кетерлік жайт, көшірмешілердің арасында жұмыстарына салғырт қарап, тіпті қулық жасағандары да болғанымен, көптеген басқа көшірмешілер істерін аса шеберлікпен әрі жауапкершілікпен атқарған. Б. з. VI—X ғасырлар аралығында масореттер деген атпен танымал болған көшірмешілер Еврей жазбаларын көшіріп, “Масорет қолжазбасын” жасады. Олар бірде-бір қате жібермес үшін, сөздер мен әріптерді санаған көрінеді. Ал қолданған жазбаларының өзінен қате байқаса, мұны жолдың жиегіне жазып отырған. Масореттер Киелі кітаптың мәтінін өзгертуден аулақ болды. “Мәтінді бұрмалауды олар ең ауыр қылмыс деп есептеген”,— дейді Моше Гошен-Готштейн деген профессор.

Екіншіден, біздің күнімізге дейін сақталған қолжазбалар Киелі кітапқа еніп кеткен қателерді анықтауға көмектеседі. Мысалы, шіркеу жетекшілері Киелі кітаптың латын тіліндегі нұсқасында еш қате жоқ екеніне жұртты ғасырлар бойы сендіріп келді. Алайда мақаланың басында айтып кеткендей, олар Жоханның 1-хаты 5:7-ге жалған сөздерді енгізген. Бұл қате көп аудармаларға негіз болған ағылшын тіліндегі “Король Яков аудармасынан” да табылды. Бірақ кейіннен табылған басқа қолжазбалар бір нәрсені аян етті. Брюс Мецгер былай дейді: “Жоханның 1-хаты 5:7-дегі аталмыш сөздер көне қолжазбалардың (сирия, копт, армян, эфиоп, араб және славян) ешқайсысында кездеспейді, тек латын тіліндегі қолжазбада ғана кездеседі”. Сондықтан да аталмыш тіркес “Король Яков аудармасының” өңделген нұсқасынан және басқа да Киелі кітап нұсқаларынан алынып тасталды.

Честер Битти Р46, б. з. 200 жылдарынан қалған папирусқа жазылған Киелі кітап қолжазбасы

Ертеректе табылған қолжазбалар Киелі кітап мазмұнының өзгермегенін дәлелдей ме? 1947 жылы б. з. б. ІІ ғасырмен белгіленген “Өлі теңіз шиыршықтары” табылды. Сонда зерттеуші ғалымдар Еврей жазбаларының масорет мәтінін одан мың жылдан аса уақыт бұрын жазылған осы шиыршықтармен салыстыра алды. “Өлі теңіз шиыршықтарымен” айналысқан топтың бір мүшесі мынадай қорытынды жасады: шиыршықтардың бірі “яһуди көшірмешілерінің Киелі кітап мәтінін мың жылдан аса уақыт бойы асқан тиянақтылықпен әрі адалдықпен көшіріп отырғандығын дәлелдейді”.

Дублиндегі (Ирландия) Честер Битти кітапханасында Грек жазбаларының барлық дерлік кітабының мәтіні бар папирустар жинағы сақталған. Олардың арасында б. з. II ғасырынан бастап жазылған қолжазбалар да бар. Демек, олар Киелі кітап жазылып біткен уақыттан небәрі 100 жыл өткен соң жазылған. Бір Киелі кітап сөздігінде айтылғандай, бұл папирус қолжазбалары бірталай кішігірім жайттарды толықтыра түсумен қатар, Киелі кітап мәтінінің айтарлықтай бірізділікпен жеткізілгенін айқын етті (“The Anchor Bible Dictionary”).

“Көне кітаптардың арасында мазмұны осыншалықты тура сақталған еңбек жоқ десек, артық кетпеспіз”

НӘТИЖЕСІ. Өзіміз көргендей, Киелі кітап ғасырлар бойы қолдан көшіріліп келгенмен, оның мәтіні бұрмаланбады, қайта, өңделіп жақсара түсті. Фредерик Кеньон есімді бір ғалым Грек жазбалары жайында былай дейді: “Көне кітаптардың ішінде басқа ешқандай кітаптың ерте заманнан қалған осыншама көп айғақтары жоқ. Көзі ашық көкірегі ояу кез келген ғалым біздің күнімізге дейін жеткен осы мәтіннің айтарлықтай тура екеніне күмән келтірмес”. Ал Еврей жазбалары жайында Уильям Хенри Грин деген зерттеуші ғалым былай деп айтты: “Көне кітаптардың арасында мазмұны осыншалықты тура сақталған еңбек жоқ десек, артық кетпеспіз”.

^ 6-абзац www.pr418.com/kk сайтынан “Киелі жазбалар. Жаңа дүние аудармасындағы” А4 пен А5 қосымшаларынан көбірек мәлімет оқи аласыз.