Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

НЕГІЗГІ ТАҚЫРЫП | УАҚЫТ СЫНЫНАН ӨТКЕН КИЕЛІ КІТАП

Шіріп жойылмаған кітап

Шіріп жойылмаған кітап

ҚАУІП. Киелі кітап жазушылары мен көшірмешілері жазба материалдары ретінде негізінен папирус пен жарғақты қолданған * (Тімөтеге 2-хат 4:13). Бұл материалдар уақыт сынағынан өте алды ма?

Папирус — оңай жыртылатын, тез оңып, тозатын материал. Ричард Паркинсон мен Стивен Керк есімді көне Мысыр елін зерттеушілер былай дейді: “Бұл материал түбінде мүжіліп, бір уыс күлге айналады. Қоймада жатқан шиыршық ылғалдан көгеріп я шіріп кетуі мүмкін. Ал жер қойнында сақтап қойса, кеміргіштер мен құрт-құмырсқа, әсіресе ақ құмырсқа, кеміріп тастауы ықтимал”. Табылған папирустардың кейбірі ылғалды я жарық қатты түсетін жерге қойылғандықтан, одан да тез бүліне бастаған.

Жарғақ папирусқа қарағанда ұзағырақ сақталады. Бірақ оны күтіп ұстамаса я болмаса температурасы не ылғалдылығы жоғары, жарық көп түсетін жерде сақтаса, ол да бүлінеді *. Құрт-құмырсқалар да жарғақтың жауы болып есептеледі. Бір ғылыми еңбекте біздің күнімізге дейін сақталған қолжазбалар жоқтың қасы екені айтылады (“Everyday Writing in the Graeco-Roman East”). Киелі кітап та сол жазбалардың қатарында болып құрып кетсе, онымен бірге ішіндегі хабары да жоғалар еді.

КИЕЛІ КІТАПТЫҢ САҚТАЛУЫ. Яһудилердің заңы бойынша таққа отырған әр патша Заң кітабының, яғни Киелі кітаптың алғашқы бес кітабының, көшірмесін жасауға тиіс болған (Мұсаның 5-жазбасы 17:18). Шебер көшірмешілер де көптеп көшірмелер жасаған. Нәтижесінде І ғасырда бүкіл Исраил мен сонау Македонияның мәжілісханаларында қолжазбалар баршылық болған (Лұқа 4:16, 17; Елшілердің істері 17:11). Кейбір көне қолжазбалар біздің күнімізге дейін қалай сақталды?

Құрғақ үңгірлерден табылған “Өлі теңіз шиыршықтары” қыш құмыралардың ішінде ғасырлар бойы сақталған

“Яһудилер Киелі жазбалар жазылған шиыршықтарды жақсы күйде сақтау үшін оларды құмыраларда ұстаған”,— дейді Филип Комфорт есімді “Жаңа өсиетті” зерттеуші ғалым. Кейіннен мәсіхшілер де осы үрдісті жалғастырған болу керек. Сондықтан да зерттеушілер Киелі кітаптың кейбір көне қолжазбаларын қыш құмыралардың ішінен, қараңғы қоймалардан, үңгірлер мен айрықша құрғақ жерлерден тапқан.

НӘТИЖЕСІ. Біздің күнімізге дейін Киелі кітап қолжазбаларының мыңдаған бөліктері жетті. Олардың кейбіреуіне тіпті 2000 жылдан аса уақыт болған. Осыншама көп әрі көне басқа қолжазбалар жоқтың қасы.

^ 3-абзац Папирус деген — суда өсетін папирус өсімдігінен жасалатын жазба материалы. Ал жарғақ жануардың терісінен жасалады.

^ 5-абзац Мысалы, АҚШ-тың қол қойылған Тәуелсіздік декларациясы жарғаққа жазылған болатын. Шамамен 250 жыл бойы сақталып келген бұл құжаттың бүгінгі күні әріптерін танып оқу қиын.