Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

Қоқыстан табылған қазына

Қоқыстан табылған қазына

ҚОҚЫС деген сөзді естігенде, не сезінесіз? Бірден көз алдыңызға иісі жағымсыз қалдықтар елестейтін шығар. Оның арасынан бір құнды зат табамын деп ойлауыңыз да екіталай. Ал қазына жайлы тіпті айтпаса да болады.

Алайда осыдан бір ғасыр бұрын дәл қоқыстың ішінен бір құнды зат табылған. Ол тура мағынадағы қазына болмаса да, құны өте бағалы зат еді. Сонда ол не нәрсе? Оның бізге қандай қатысы бар?

КҮТПЕГЕН ОЛЖА

XX ғасырға аяқ басар тұста Бернард Пайн Гренфелл мен Артур Сарриджа Хант деген Оксфорд университетінің ғалымдары Мысырға сапар шекті. Олар Ніл аңғарының маңайында жатқан қоқыс үйіндісінен бірнеше папирус қолжазбаларының фрагменттерін тауып алды. Кейіннен, 1920 жылдары Гренфелл мен Хант тапқан олжаларының каталогын жасаумен болды. Дәл сол уақытта Гренфелл Мысыр жерінен қазып алынған басқа да парақшаларды қолды етті. Мұны ол Манчестер қаласындағы (Англия) Джон Райлендз кітапханасы үшін сатып алған болатын. Алайда осы екі ғалым да каталогты сол күйі аяқтай алмай, дүниеден озды.

Бұл істің соңғы нүктесін Оксфорд университетінің Колин Робертс есімді ғалымы қойды. Ол қолжазбаларды сұрыптап жатып, көлемі 9x6 см папирус фрагментін тауып алды. Сол жердегі грек тілінде жазылған сөздер оған таныс еді. Фрагменттің бір жағында Жохан жазған ізгі хабардың 18:31—33 тармақтардағы сөздер жазылса, екінші жағында 37, 38-тармақтар жазылған екен. Робертс бір құнды затты олжалағанын түсінді.

ЖАЗЫЛҒАН УАҚЫТЫН АНЫҚТАУ

Робертстің пайымдауы бойынша, бұл папирус қолжазбасы өте көне еді. Бірақ қаншалықты көне? Мұны анықтау үшін ол сондағы жазуды басқа көне қолжазбалармен салыстырды. Бұл ғылым палеография деп аталады *. Осы әдіске сүйене отырып, Робертс жазбаның шамамен қай уақытта жазылғанын анықтай алды. Бірақ ол бұған тағы бір көз жеткізгісі келді. Сол үшін үзіндіні суретке түсіріп, папирус қолжазбаларды зерттейтін үш маманға жіберді де, жазылған уақытын анықтауды өтінді. Мамандар қандай қорытындыға келді?

Жазбалардың стилі мен әріптердің жазылуын зерттей келе, әлгі үш маман қолжазбаның II ғасырдың бірінші жартысында, яғни елші Жоханның өлімінен кейін небәрі 30 жылдай уақыт өткен соң, жазылды деген қорытындыға келді. Алайда жазбалардың уақытын анықтауда палеографияға толық сенім артуға болмайды. Өзге бір ғалым аталмыш жазба II ғасырдың кез келген уақытында жазылуы мүмкін дегенге саяды. Қалай болған күнде де, сол бір кішкентай папирус фрагменті осы күнге дейін табылған Інжіл қолжазбаларының ішіндегі ең көнесі болып табылады.

РАЙЛЕНДЗ ФРАГМЕНТІ НЕНІ АЯН ЕТЕДІ?

Жохан жазған ізгі хабардың бұл фрагменті бүгінде Киелі кітапты сүйіп оқитындар үшін несімен бағалы? Мұның кем дегенде екі себебі бар. Біріншіден, аталмыш қолжазбаның форматы Иса пайғамбардың ертедегі ізбасарларының Киелі жазбаларды қаншалықты бағалағанын аян етеді.

Осы Жохан жазбасының фрагменті Киелі кітапты сүйіп оқитындар үшін неге бағалы?

Б. з. II ғасырында жазба мәтін екі түрлі форматта болған: бірі шиыршық, ал екіншісі кодекс еді. Шиыршық деп орап қоюға болатын біртұтас ұзын бетті айтады. Оны жасау үшін бірнеше папирус не пергаментті бір-біріне желімдейтін не тігетін. Көп жағдайда шиыршықтың бір жақ бетіне ғана жазатын.

Робертс тапқан кішкентай фрагменттің екі жағында да мәтін жазылған еді. Соған қарағанда ол шиыршықтың емес, кодекстің бір бөлігі болған көрінеді. Кодексті жасау үшін пергамент не папирустан жасалған беттерді бір-біріне беттестіріп тіккен. Сонда ол кітап сияқты болып шыққан.

Кодекс шиыршыққа қарағанда әлдеқайда жақсы еді. Неге бұлай дейміз? Иса пайғамбардың алғашқы ізбасарлары уағыз ісімен айналысқан (Матай 24:14; 28:19, 20). Олар адам бар жердің бәріне барып, Киелі кітаптағы ізгі хабарды жариялаған. Мысалы, олар үйме-үй жүрген және базар алаңдары мен көшелерде де уағыздаған (Елшілердің істері 5:42; 17:17; 20:20). Сондықтан Жазбаларды кішкентай форматта өздерімен бірге алып жүру оларға өте ыңғайлы болған.

Сондай-ақ кодекстегі Киелі жазбаларды қауым мүшелері де, басқа адамдар да өздеріне оңайлықпен көшіріп ала алатын. Нәтижесінде Інжілдің көп көшірмесі жасалып, осының арқасында Иса пайғамбардың жолын қуған шәкірттердің де қатары тез қарқынмен өсті.

Райлендз Фрагменті, алдыңғы және артқы беті

Райлендз фрагменті біз үшін тағы несімен бағалы? Соған қарап Киелі кітаптың біздің күнімізге дейін өзгермей жеткенін көруге болады. Аталмыш фрагментте Жохан жазбасының бірнеше ғана тармағы болғанмен, оның мазмұны бүгінде қолда бар Киелі кітаптағы сөздермен толығымен дерлік үйлеседі. Осыдан көретініміздей, ғасырлар бойы талай рет көшірілгеніне қарамастан, Киелі кітап мазмұны қаз қалпында сақталған.

Әрине, Киелі кітаптың біздің күнімізге дейін өзгермей жеткенін дәлелдейтін басқа да мыңдаған фрагменттер мен қолжазбалар бар. Вернер Келлер есімді зерттеуші өзінің “Киелі кітап және тарих” деп аталатын еңбегінде мынадай қорытынды жасаған: “Сол ескі [қолжазбалар] бүгінде қолда бар Киелі кітаптың туралығы мен шынайылығына қатысты барлық күмәнді сейілтетін ең мықты дәлел болып табылады”.

Құдай қызметшілері өз сенімдерін археологиялық мұраларға негіздемейтіні рас. Олар “Киелі жазбалардың бәрі Құдай рухының жетелеуімен жазылғанына” кәміл сенеді (Тімөтеге 2-хат 3:16). Дей тұрғанмен Райлендз фрагменті сияқты көнеден қалған асыл қазыналар Киелі кітаптағы “Ехобаның сөзі мәңгі қалады” деген сөздердің растығын дәлелдей түседі емес пе?! (Петірдің 1-хаты 1:25)

^ 8-абзац Ғ. Қалиевтің “Тіл білімі терминдерінің түсіндірме сөздігінде” мынадай анықтама берілген: “Палеография — жазылған уақытын, орнын анықтау мақсатында көне қолжазбаларды және олардың әріп-таңбаларын зерттейтін ғылым”. Уақыт өткен сайын жазу стилі де өзгеріске ұшырайды. Осындай өзгерістерге қарап қолжазбаның қашан жазылғанын анықтауға болады. Бұл үшін оны датасы белгіленген басқа қолжазбалармен салыстыру қажет.