Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

3. Төзімді болуға көмектеседі

3. Төзімді болуға көмектеседі

Өмірде айналып өтуге де, шешуге де келмейтін проблемалар бар. Бәлкім, сіз сүйікті адамыңыздан айырылып немесе айықпас дертке шалдығып, азапқа төзуден басқа амал таппай жүрген боларсыз. Осындай қасірет кезінде Киелі кітап не істей алады?

СОЗЫЛМАЛЫ ДЕРТ

Рози есімді жас қыз былай дейді: “Менің гендік ауытқуым болғандықтан, күні-түні қатты қиналып ауырамын. Өмірім өмір болудан қалды”. Розидің ең үлкен уайымдарының бірі Киелі кітапты зерттегенде және рухани тәлім алғанда мұқият ден қоя алмағаны еді. Бірақ ол Киелі кітаптағы: “Құдайдың қолынан бәрі келеді”,— деген сөздерден жұбаныш алды (Матай 19:26). Рози Киелі кітапты зерттеудің басқа да жолдарын тапты. Оқуға шамасы келмегенде, ол Киелі кітап пен оған негізделген басылымдардың аудиожазбаларын тыңдайды *. “Мұндай мүмкіндіктер болмағанда, рухани күйіммен не болар еді?!”— дейді Рози.

Рози бұрынғыдай бәрін істей алмайтыны үшін көңілі түскенде, Киелі кітаптың мына сөздері оған күш береді: “Құдайға әсіресе шын ықыласпен берілген сый-тарту ұнамды. Ол адамның қолда жоғына емес, барына қарай қабылдайды” (Қорынттықтарға 2-хат 8:12). Рози осы сөздерді оқыған сайын, Құдай оның істеп жатқан істеріне риза екенін есіне алады. Себебі ол өзінің шектеулі жағдайына қарамастан қолынан келгенінің бәрін істеп жүр.

ЖАҚЫН АДАМНАН АЙЫРЫЛУ

София былай деп бөлісті: “Он сегіз жасар қызым қайтыс болғанда, жүрегім қан жылап, әрі қарай өмір сүре алмаймын деп ойладым. Қайтсем де өмірім енді баяғыдай болмайды деп налыдым”. Зәбүр 94:19-да жазылған: “Сарыуайымға салынғанымда, сен мені жұбатып, жаныма жай бердің”,— деген сөздер оның жанына шипа болды. “Мен Ехобаға дұға етіп, сыздаған жанымның ауруын басу үшін айналысатын пайдалы бір іс табуға көмектесуін сұрадым”,— дейді София.

Ол адамдарға көп пайдасын тигізетін ерікті қызметпен айналысып, бар күші мен уақытын соған арнады. София өзін сурет салатын түрлі-түсті борға теңейді. Бор сынып қалған күнде де, оны қолдана беруге болады. София өзін “сынып” қалғандай сезінсе де, өзгелерге қол ұшын бере алатынын айтады. Ол былай дейді: “Мен мынаны түсіндім: Киелі кітапты оқып-білуге көмектесіп жүрген адамдарды жұбату үшін, оларға Киелі кітаптың сөздерін келтіріп, сол бойынша ой түзуге көмектескенімде, Ехобаның мені осындай жолмен жұбатып жатқанын көремін”. София бастарына үлкен қасірет түскен Киелі кітаптағы кейіпкерлердің тізімін жасап алған. Ол былай дейді: “Кімді алсаң да, бәрі дұға ететін адамдар болған”. Сосын: “Киелі кітабың жабық тұрса, дұғаңа жауап ала алмайсың”,— деп қосты.

Киелі кітапты зерттегенінің арқасында София тағы бір жайтты түсінді: ол өткенге емес, болашаққа көз тігуді үйренді. Киелі кітаптағы: “Құдайдың әділдерді де, әділетсіздерді де қайта тірілтетініне үміттенемін”,— деген сөздерден оның жаны жай тапты (Елшілердің істері 24:15). Ехоба қызын тірілтетініне София қаншалықты сенімді? Бұған ол былай деп жауап берді: “Мен болашақта қызыммен қайта қауышамын. Бұл күн көктегі Әкемнің күнтізбесінде нақ белгіленіп тұр. Қызым екеуміздің бақта жүргенімізді елестетемін. Ол туылған кезде мен оны қалай жақсы көрген болсам, оған дәл солай сүйсініп қарап тұрғанымды анық көремін”.

^ 4-абзац Бұл аудиожазбаларды jw.org сайтынан табуға болады.

Басыңызға қасірет төнгенде, Киелі кітап жаныңызға жұбаныш бере алады