Мазмұнға өту

СЕНІМІН СЕРІК ЕТКЕНДЕР | МАҒДАЛАЛЫҚ МӘРИЯМ

“Мен Иемізді көрдім!”

“Мен Иемізді көрдім!”

Мағдалалық Мәриям көз жасын сүртіп тұрып, аспанға қарады. Жанындай жақсы көретін Иесі бағанада ілінулі тұр. Бұл көктемнің күні, шамамен күндізгі 12:00 шамасы болатын, сонда да “бүкіл жерді қараңғылық басып” қалды! (Лұқа 23:44, 45). Мәриям жамылғысымен иығын қымтай түсіп, қасында тұрған әйелдерге тығылыңқырады. Үш сағатқа созылған бұл қараңғылық күннің тұтылуынан емес еді. Өйткені күннің тұтылуы небәрі бірнеше минутқа созылады. Осы кезде Мәриям мен Исаның қасында тұрған басқа да адамдардың құлағына әдетте түнде ғана естілетін жануарлардың даусы келе бастаса керек. Сол жерде тұрғандардың кейбірінің тіпті үрейі ұшып: “Мына кісі, расында да, Құдай Ұлы болған екен!”— десті (Матай 27:54). Бәлкім, Исаның ізбасарларына да, басқаларға да Ехоба өз Ұлына жасалған қорлыққа ашуы мен жан қасіретін білдіріп жатыр деген ой келген де шығар.

Мағдалалық Мәриямның мына көріністі көруге дәті шыдар емес, алайда кетіп те қала алмайды (Жохан 19:25, 26). Өйткені Иса адам айтқысыз азап шегіп жатса керек. Оның анасы да жұбаныш пен сүйенішке мұқтаж.

Исаның жасаған бар жақсылығынан соң, Мәриям да ол үшін қолдан келгенін жасағысы келді. Кезінде ол мүшкіл күйдегі байғұс әйел болатын, бірақ Иса мұның бәрін өзгертті. Ол оның өмірінің мәні мен сәнін келтірді. Содан ол сенімі болаттай берік әйелге айналды. Қалайша? Оның сенімін бүгінде қалай серік ете аламыз?

“Қолда барларымен... қызмет көрсетіп жүрді”

Киелі кітапта мағдалалық Мәриямның оқиғасы сый-тартумен байланысты басталады. Иса оны жантүршігерлік жағдайдан азат еткен еді. Ол уақытта жын-перілердің ықпалы кең жайлаған-ды. Олар адамдарға шабуыл жасап, тіпті кейбірінің бойына еніп, билеп-төстеп алатын. Мағдалалық Мәриямның бойына сондай зұлым, құтырған жеті жын кіріп алған еді. Бірақ олардың байғұс әйелге нақты қалай ықпал еткенін біз білмейміз. Бір білеріміз — Иса Мәсіхтің арқасында Мәриям осы жындарынан арылды! (Лұқа 8:2).

Жындардан ақыры құтылып, шексіз жеңілдік сезінген Мәриям жаңа өмірге аяқ басты. Ол өзінің ризашылығын қалай көрсете алды? Мәриям Исаның адал ізбасары болды. Сондай-ақ ол мұқтаждықты көре білді. Иса мен елшілеріне ас-су, киім-кешек пен түнейтін орын керек-тін. Олар бақуатты адамдар емес еді, жұмыс та істеп жүрген жоқ болатын. Бар көңілдерін уағыздау мен тәлім беру ісіне бұра алу үшін оларға материалдық жағынан көмек қажет болды.

Бұл көмекті Мәриям мен тағы бірнеше әйел ұсынды. Олар “қолда барларымен Иса мен оның елшілеріне қызмет көрсетіп жүрді” (Лұқа 8:1, 3). Арасындағы кейбірі ауқатты әйелдер болса керек. Киелі кітапта олардың тамақ пісіріп, кір жуып, ауыл-ауылдарда түнейтін жер қамдағаны жайлы ештеңе айтылмаған. Дегенмен де олар сапарда жүрген осы топқа (сірә, 20 шақты адамнан құралса керек) қуана-қуана қолдау көрсеткен. Осы әйелдердің көмегінің арқасында Иса мен елшілері уағыз ісіне толығымен ден қоя алды. Әлбетте, Мәриям Исаның өзіне жасаған жақсылығын ешқашан қайтара алмайтынын білді, сөйтсе де ол үшін шамасы келгенін істеп жатқанына мәз-мейрам болды!

Қазіргі таңда көпшілігі өзгенің игілігі үшін қарапайым істер жасап жүргендерге менсінбей жоғарыдан қарауы мүмкін. Бірақ Құдай ешқашан бұлай етпейді. Мәриямның Иса мен оның елшілеріне көмектесу үшін барын салып жүргенін көргенде, Құдайдың жүрегі қалай елжірегенін елестетіп көріңізші. Бүгінде көптеген адал мәсіхшілер өзгелердің қамы үшін қарапайым істерді қуана істейді. Кейде бір игі істің, тіпті бірауыз жылы сөздің құдіреті зор боп жатады. Мұндай жақсылық Ехобаның жанарынан тыс қалмайды (Нақыл сөздер 19:17; Еврейлерге 13:16).

“Иса ілінген азап бағанасының қасында”

Мағдалалық Мәриям Исамен бірге б. з. 33 жылы Иерусалимге Құтқарылу мейрамына барған көптеген әйелдердің арасында болды (Матай 27:55, 56). Исаның тұтқынға алынып, түнімен сотталғанын естігенде, Мәриямның төбе шашы тік тұрғаны анық. Алайда бұдан да суық хабар жетті. Әмірші Понти Пилат яһуди дінбасылары мен олар айдақтаған жұрттың ырқына беріліп, Исаны бағанада азаптап өлтіру жазасына кесті. Мәриям қан жоса болып, әбден титықтаған, көшемен ұзын бөренені әрең сүйрелеп бара жатқан Иесін өз көзімен көрген болар (Жохан 19:6, 12, 15—17).

Өлім жазасы жүзеге асып жатқанда, шамамен түскі мезгілде қараңғылық басқаннан кейін, мағдалалық Мәриям мен өзге де әйелдер “Иса ілінген азап бағанасының қасында” тұрды (Жохан 19:25). Оқиғаның соңына дейін сол жерде болған Мәриям Исаның өз анасын сүйікті елшісі Жоханның қамқорлығына тапсырып жатқанын көріп, естіді. Ол Исаның Әкесіне жалбарынған жанайқайын да, оның дәл өлер алдында “Түгел орындалды!” деп айтқан соңғы жеңімпаз сөзін де естіді. Мәриямның жүрегі қан жылап тұрды. Соған қарамастан ол Исаның өлімінен соң да сол жерде қала бергенге ұқсайды. Кейінірек ариматеялық Жүсіп есімді бай кісі Исаның денесін жаңа қабірге қойғанда, Мәриям қабір басында қалып қойды (Жохан 19:30; Матай 27:45, 46, 57—61).

Мәриямның үлгісінен бауырластарымыз жапа шеккенде қалай әрекет етуге болатынын үйрене аламыз. Бәлкім, олардың басына түскен қайғылы жағдайға тосқауыл бола алмаспыз, яки олардың жан жарасын жаза алмаспыз. Дегенмен де біз жанашырлық пен батылдық таныта аламыз. Демеу болар достың қасынан табылғанының өзі қайғырған жүрекке үлкен медет береді. Мұқтаж кезінде досыңның жанында болу — орасан зор сенімнің айғағы, өлшеусіз жұбаныштың көзі (Нақыл сөздер 17:17).

Мағдалалық Мәриямның қасында болғаны Исаның анасына жұбаныш бергені даусыз

“Мен алып кетейін”

Исаның денесі қабірге қойылған соң, оған кейіндеу май жағу рәсімін жасау үшін жұпар иісті заттар сатып алған әйелдердің арасында Мәриям да болды (Марқа 16:1, 2; Лұқа 23:54—56). Ол Демалыс күні біткен соң таңертең ерте тұрды. Оның басқа әйелдермен бірге қараңғы көшенің бойымен Исаның қабіріне қарай беттеп келе жатқанын елестетіп көріңізші. Жол-жөнекей олар қабірдің аузындағы ауыр тасты қалай ашамыз деп сұрасты (Матай 28:1; Марқа 16:1—3). Бірақ бұны кедергі көріп, кері қайтып кетпеді. Олардың сенімі қолдарынан келгенді істеп, ал қалғанын Ехобаға тапсыруға талпындырды.

Мәриям қабірдің басына бірінші болып жетсе керек. Ол келген бойда өз көзіне өзі сенбей тұрып қалды: тас алынып тасталған, ал қабірдің іші бос! Ширақ әйел мұны айту үшін Петір мен Жоханға жүгіре жөнелді. Оның алқынған демін баса алмай: “Иемізді қабірден алып кетіпті. Оны қайда қойғанын білмейміз”,— деп жатқанын елестетіп көріңізші. Петір мен Жохан асығыс қабірге бет алды. Оның бос екеніне көздері жеткен соң, үйлеріне қайтып кетті * (Жохан 20:1—10).

Мәриям болса қабірге қайтып келіп, сол жерде жалғыз өзі тұрды. Қабірдің бос тұрғаны және таңертеңгі мүлгіген тыныштық жанына қатты батқан ол жылап жіберді. Иесінің ғайып болып кеткеніне әлі де сенбей, қабірдің ішіне еңкейіп қарап еді, аң-таң болды да қалды. Онда ақ киім киген екі періште отыр екен! “Неге жылап тұрсың?”— деп сұрады олар. Абдырап қалған ол елшілерге айтқанын қайталап: “Иемді алып кетіпті, оны қай жерге қойғанын білмеймін”,— деп жауап берді (Жохан 20:11—13).

Осыны айтып, Мәриям артына бұрылып еді, бір кісі тұр екен. Бірақ оны танымады. Оны сол жерге қарап жүрген бағбан екен деп ойлады. Сонда әлгі кісі мейіріммен: “Неге жылап тұрсың? Кімді іздеп жүрсің?”— деп сұрады. Мәриям: “Мырза, оны алып кеткен сіз болсаңыз, қай жерге қойғаныңызды айтыңызшы, мен алып кетейін”,— деді (Жохан 20:14, 15). Бір сәтке тоқтап, оның осы сөздерін ой елегінен өткізіп көріңізші. Кезінде мығым, күш-жігері мол болған Иса Мәсіхтің денесін бұл әйел жалғыз өзі қалай көтеріп әкетпек? Мәриям бұған басын қатырып жатпады. Оның бар ойы “қолымнан келгенді істеуге тиіспін” болды.

“Мен алып кетейін”

Басымызға өзіміз шыдас бере алмайтындай қайғы-қасірет түссе я алдымызда қандай да бір кедергілер тұрса, мағдалалық Мәриямға қалай еліктесек болады? Егер тек әлсіздіктеріміз бен шектеулеріміз туралы ойлайтын болсақ, бізді қорқыныш пен белгісіздік тұсаулап, тырп ете алмай қалуымыз мүмкін. Алайда қолымыздан келгенді істеп, қалғанын Ехобаға тапсыруға бекінсек, өзіміз ойламаған нәрсеге қол жеткізуіміз ғажап емес (Қорынттықтарға 2-хат 12:10; Філіпіліктерге 4:13). Ең маңыздысы, біз Ехобаны қуантамыз. Мәриямның да оны қуантқаны талассыз, сол үшін Ехоба оны өте ерекше жолмен жарылқады.

“Мен Иемізді көрдім!”

Мәриямның алдында тұрған кісі бағбан емес-тін. Бұрын ол ағаш ұстасы, сосын ұстаз, ал кейін Мәриямның сүйікті Иесі болған адам. Бірақ Мәриям оны танымады, сондықтан кері бұрылды. Мәриям келесі шындықты күтпеген еді: Иса құдіретті рух ретінде өмірге қайта оралды. Иса оған адами денеде көрінді, бірақ құрбандыққа берген бұрынғы денесінде емес. Қайта тірілгеннен кейін өзгелерге көрінген кездері көбісі Исаны танымай қалып жатты, тіпті оны жақсы білетіндер де (Лұқа 24:13—16; Жохан 21:4).

Иса өзінің кім екенін Мәриямға қалай білдірді? “Мәриям!” деген бірауыз сөзді қалай айтқанымен. Мұны естігенде, Мәриям артына бұрылып: “Раввуни!”— деп айғайлап жіберді. Осы таныс еврей сөзін ол Исаға талай рет айтқаны даусыз. Иә, бұл оның жанындай жақсы көретін ұстазы еді. Мәриямның кеудесін қуаныш кернеп сала берді. Ол одан ұстай алып, еш жібергісі келмеді (Жохан 20:16).

Иса оның ойын білді. “Маған жармасуды қой”,— деді ол. Исаның бұл сөзді мейіріммен, бәлкім, күлімсіреген жылы жүзбен айтқанын елестетіп көрсек болады. Ол Мәриямның қатты қысқан қолын босатып жатып: “Мен әлі Әкеме көтерілген жоқпын”,— деді оны сендіріп. Бұл оның әлі көкке кететін уақыты емес еді. Жер бетінде атқаратын істері әлі де болды. Ол Мәриямға көмектескісі келді. Мәриям, әрине, оны бар зейінімен тыңдады. Иса оған: “Бауырластарыма барып, мынаны айт: —Мен өзімнің және сендердің Әкелеріңе, өзімнің және сендердің Құдайларыңа көтерілемін”,— деді (Жохан 20:17).

Иесінен алған неткен тапсырма! Мәриям Исаның қайта тірілгенін көрген алғашқы шәкірттердің бірі есебінде құрметке бөленсе, енді міне, осы ізгі хабарды жеткізу мәртебесіне де ие болып тұр. Оның қандай қуанышпен, қандай құлшыныспен шәкірттерді іздеуге кіріскенін елестетіп көріңізші. Оның деміге: “Мен Иемізді көрдім!”— деп шәкірттерге айтып жатқанын да көз алдыңызға келтіріңізші (бұл сөздер оның ой-санасында, кейіннен шәкірттердің де санасында ұзақ жаңғырып тұрса керек). Қуанышында шек жоқ Мәриям Исаның айтқандарының бәрін оларға асыға-аптыға жеткізді (Жохан 20:18). Оның сөздері шәкірттердің Исаның бос қабіріне барған басқа әйелдерден естіген сөздерін растай түсті (Лұқа 24:1—3, 10).

“Мен Иемізді көрдім!”

“Олар бұған сенбеді”

Ер адамдар естігендерін қалай қабылдады? Алғашында онша жақсы қабылдамады. Киелі кітапта: “Әйелдердің айтқандары бос сөз болып көрініп, олар бұған сенбеді”,— делінген (Лұқа 24:11). Ниеті түзу бұл ер кісілер әйелдерге сене қоймайтын қоғамда туып-өсті. Раввиндердің дәстүріне сай, әйел заты сотта куәлік бере алмайтын. Сірә, елшілер өздерін әлі де мәдениеттің көбірек ықпалындамыз деп ойламаған шығар. Алайда Иса мен оның Әкесінде алалаушылық деген атымен жоқ. Олар осы бір адал әйелге нендей құрмет көрсетті десеңші!

Мәриям, әлбетте, ер адамдардың әрекетіне ренжіген жоқ. Ол ең бастысы Иесі өзіне сенім артатынын білді, осының өзі ол үшін жеткілікті еді. Бүгінгі таңда да Исаның ізбасарларына жариялайтын хабар сеніп тапсырылды. Киелі кітапта бұл хабар “Құдай Патшалығы туралы ізгі хабар” деп аталған (Лұқа 8:1). Иса жұрттың бәрі бірдей олардың сөзіне сеніп, атқарып жатқан істерін бағалайды деп уәде еткен жоқ. Қайта, керісінше болатынын айтқан (Жохан 15:20, 21). Сондықтан мәсіхшілер мағдалалық Мәриямды есте ұстағандары жөн. Ол тіпті рухани бауырластары сөзіне күмәнмен қараса да, қайта тірілген Иса туралы ізгі хабарды жариялауға деген ыстық ықыласын бәсеңдеткен жоқ!

Кейіндеу Иса елшілеріне, сосын басқа да ізбасарларына көрінді. Тағы бірде ол 500-ден астам адамға бір мезгілде көрінді (Қорынттықтарға 1-хат 15:3—8). Иса көрінген сайын Мәриямның сенімі беки түскені анық, мейлі мұны өз көзімен көрсе де, басқалардан естісе де. Иерусалимде Елуінші күн мейрамында Исаның жиналған шәкірттеріне киелі рух қонғанда, араларындағы әйелдердің ішінде мағдалалық Мәриям да болған шығар (Елшілердің істері 1:14, 15; 2:1—4).

Қалай болған күнде де, бізде келесі жайтқа сенімді болуға келелі себеп бар: мағдалалық Мәриям өмірінің соңына дейін сенімін сақтады. Бәріміз де осылай етуге бекем бел байлайық! Егерде Исаның біз үшін жасаған бар жақсылығына ризашылық білдірсек, сондай-ақ Құдайдың көмегіне жүгіне отырып өзгелерге кішіпейілділікпен қызмет етсек, мағдалалық Мәриямның сенімін серік етеміз.

^ 17-абзац Басқа әйелдер Мәсіхтің қайта тірілгенін хабарлаған періштені көргенде, Мәриям ол жерден кетіп қалған болса керек. Әйтпегенде Мәриям Петір мен Жоханға мәйіттің неге жоқ екенін түсіндірген періштені көрдім деп міндетті түрде айтар еді (Матай 28:2—4; Марқа 16:1—8).