Мазмұнға өту

Шомылдыру рәсімі деген не?

Шомылдыру рәсімі деген не?

Киелі кітаптың жауабы

 Шомылдыру рәсімі деген — адамның суға толықтай батырылып шығарылуы a. Киелі кітапта көп адамның шомылдыру рәсімінен өткені жазылған (Елшілердің істері 2:41). Солардың бірі — Иса пайғамбар. Ол Иордан өзеніне батырылып шыққан (Матай 3:13, 16). Содан бірнеше жыл өте бір эфиопиялық кісі жол бойындағы суда шомылдыру рәсімінен өткен (Елшілердің істері 8:36—40).

 Иса пайғамбар шәкірттері шомылдыру рәсімінен өтулері тиіс екенін айтқан (Матай 28:19, 20). Елші Петір де осы талаптың маңыздылығын айтып кеткен (Петірдің 1-хаты 3:21).

Бұл мақалада:

 Шомылдыру рәсімі нені білдіреді?

 Шомылдыру рәсімі көпшілік алдында жасалады. Осылай адам күнәларына өкінгенін және Құдайдың ниетін ештеңеге қарамастан орындауды уәде еткенін паш етеді. Құдайдың ниетін орындауға өмірдің әрбір саласында оған және Исаға мойынсұну жатады. Шомылдыру рәсімінен өткен адам мәңгілік өмірге апаратын жолға аяқ басады.

 Киелі кітапта шомылдыру рәсімі жерленуге теңеледі (Римдіктерге 6:4; Қолостықтарға 2:12). Өйткені суға батырылғанда, адам бұрынғы өмір салтын жерлегенін көрсетеді. Ал судан шыққанда, Құдайға бағышталған мәсіхші ретінде жаңа өмір бастайды.

 Нәресте кезде шомылдыру рәсімінен өтуге қатысты Киелі кітапта не делінген?

 Киелі кітап нәресте кезде шомылдыру рәсімінен өту керек деп үйретпейді b.

 Киелі жазбалар бойынша, шомылдыру рәсімінен өткісі келетін адам белгілі бір талаптарға сай болуы тиіс. Ол, кем дегенде, Жазбалардағы негізгі ілімдерді жақсы түсініп, соған сай өмір сүруі керек. Сондай-ақ күнәларына өкініп, дұғада Құдайға өзін бағыштауы тиіс (Елшілердің істері 2:38, 41; 8:12). Ал сәбилер бұлардың ешқайсысын да істей алмайды.

 Әкенің, Ұлдың және киелі рухтың атынан шомылдыру рәсімінен өту деген нені білдіреді?

 Иса пайғамбар ізбасарларына: “Шәкірттер дайындап, оларды Әкенің, Ұлдың және киелі рухтың атынан шомылдыру рәсімінен өткізіңдер, әрі мен сендерге бұйырғандардың бәрін ұстануды үйретіңдер”,— деп тапсырған (Матай 28:19, 20). Бұл жерде “атынан” деген Әке мен Ұлдың билігін және киелі рухтың рөлін мойындауды білдіреді. Мысалы, елші Петір туылғанынан ақсақ болған адамға: “Иса Мәсіхтің атынан айтамын, түрегел де, жүріп кет!”— деген (Елшілердің істері 3:6). Мұнда ол Мәсіхтің билігін мойындайтынын және адамның керемет түрде сауығуы Мәсіхтің арқасында болатынын көрсетіп тұр.

  •   “Әке” деген Ехоба c Құдайды білдіреді. Ехоба Жаратушы, Өмір беруші және Құдіреті шексіз Құдай болғандықтан, оның билігі шексіз (Мұсаның 1-жазбасы 17:1; Аян 4:11).

  •   “Ұл” — біз үшін өмірін қиған Иса Мәсіх (Римдіктерге 6:23). Ол Құдайдың адамзатқа қатысты ниетінің орындалуында басты рөл атқарады. Соны мойындамайынша және бағаламайынша, біз құтқарыла алмаймыз (Жохан 14:6; 20:31; Елшілердің істері 4:8—12).

  •   “Киелі рух” Құдайдың күшін білдіреді d. Құдай жарату үшін, өмір беру, пайғамбарлар мен басқа адамдарға өз хабарын жеткізу үшін киелі рухын қолданған және киелі рухы арқылы сол адамдарға өзінің ниетін орындауға күш берген (Мұсаның 1-жазбасы 1:2; Әйүп 33:4; Римдіктерге 15:18, 19). Сондай-ақ пайғамбарлар Киелі кітапқа Құдайдың ойын түсіру үшін, Құдай оларға киелі рухымен әсер еткен (Петірдің 2-хаты 1:21).

 Екінші рет шомылдыру рәсімінен өту күнә ма?

 Басқа дінді ұстанатын кейбір адамдар Ехоба куәгері болуды шешіп жатады. Бірақ олар бұрын шіркеуде шомылдыру рәсімінен өтіп қойған болса, Ехоба куәгері болу үшін тағы бір рет шомылдыру рәсімінен өткендері күнә бола ма? Кейбіреулер: “Иә, күнә болады, себебі Ефестіктерге 4:5-те “Ие де біреу, сенім де біреу, шомылдыру рәсімі де біреу” деп жазылған ғой”,— деуі мүмкін. Алайда бұл тармақ шомылдыру рәсімінен өтуге тыйым салмайды. Неге екенін көрейік.

 Тармақтың мәнмәтіні. Ефестіктерге 4:5-тің мәнмәтінінде елші Пауыл шынайы мәсіхшілердің сенім-нанымдары бір болу керектігіне назар аударған (Ефестіктерге 4:1—3, 16). Осылай бірлікте болу үшін оларға бір Иенің, яғни Иса Мәсіхтің ізімен жүру және бір сенімді ұстану, яғни Киелі кітаптағы ілімдерді бірдей түсіну, сондай-ақ шомылдыру рәсімінен өтушілерге арналған бірдей талаптарға сай келу маңызды еді.

 Елші Пауыл шомылдыру рәсімінен өткен кейбір адамдарды тағы бір рет шомылдыру рәсімінен өтуге шақырған. Өйткені олар кейбір ілімдерді толық түсінбеген (Елшілердің істері 19:1—5).

 Шомылдыру рәсімі тура білімге негізделу керек. Сонда ғана шомылдыру рәсімі Құдайға ұнамды болады (Тімөтеге 1-хат 2:3, 4). Ал егер адам Киелі кітапқа қайшы келетін ілімдердің негізінде шомылдыру рәсімінен өткен болса, Құдай бұндай шомылдыру рәсімін мойындамайды (Жохан 4:23, 24). Адам шын ниетпен өткен болса да, оның әрекеті “тура білімге негізделмеген” (Римдіктерге 10:2). Құдайдың ықыласына ие болу үшін, ол Киелі кітаптағы шындықты оқып-біліп, білгендерін өмірде қолданып, кейін өмірін Құдайға бағыштап, қайтадан шомылдыру рәсімінен өту керек. Бұндай жағдайда оның екінші рет шомылдыру рәсімінен өткені күнә болып есептелмейді. Қайта, бұнысы орынды болады.

 Мәні басқа шомылдыру рәсімдері

 Киелі кітапта басқа да шомылдыру рәсімдері туралы айтылады. Соған бірнеше мысал келтірейік.

 Жақия өткізген шомылдыру рәсімі e. Яһудилер мен яһуди дінін қабылдағандар Құдайдың Мұса пайғамбар арқылы берген заңдарын бұзған болатын, соған өкінгендерінің белгісі ретінде олар шомылдыру рәсімінен өткен. Бұл рәсімнен оларды Жақия өткізген. Осы шомылдыру рәсімінің арқасында халық назареттік Исаның Мәсіх екенін танып, оны қабылдауға дайын болды (Лұқа 1:13—17; 3:2, 3; Елшілердің істері 19:4).

 Иса өткен шомылдыру рәсімі. Жақия өткізген шомылдыру рәсімдерінің ішінде Исаның шомылдыру рәсімі ерекше болды. Иса кемелді еді, әрі ол бірде-бір күнә жасамаған (Петірдің 1-хаты 2:21, 22). Сондықтан ол шомылдыру рәсімінен күнәларына өкінгенінің белгісі ретінде немесе “Құдайдан таза ар-ұждан сұрау” үшін өтпеген (Петірдің 1-хаты 3:21). Иса шомылдыру рәсімінен өтуімен уәде етілген Мәсіх ретінде Құдайдың еркін орындауға өзін толықтай арнайтынын, сондай-ақ өмірін біз үшін қиюға дайын екенін көрсетті (Еврейлерге 10:7—10).

 Киелі рухпен шомылдырылу. Шомылдыру рәсімін жасаушы Жақия да, Иса Мәсіх те киелі рухпен шомылдырылу жайлы айтқан (Матай 3:11; Лұқа 3:16; Елшілердің істері 1:1—5). Киелі рухпен шомылдырылу және киелі рухтың атынан шомылдыру рәсімінен өту бір нәрсе емес (Матай 28:19). Неге олай дейміз?

 Исаның ізбасарларының арасынан тек шектеулі адамдар ғана киелі рухпен шомылдырылған. Олар киелі рухпен майланған, өйткені Мәсіхпен бірге көкте патша әрі діни қызметкер ретінде қызмет етуге таңдалған f (Петірдің 1-хаты 1:3, 4; Аян 5:9, 10). Олар жер бетінде орнайтын жұмақта мәңгі өмір сүруге үміттенетін Исаның миллиондаған ізбасарларының үстінен билік ететін болады (Матай 5:5; Лұқа 23:43).

 Исамен бірлікте болу үшін шомылдыру рәсімінен өту. Киелі рухпен шомылдырылатындар осы шомылдыру рәсімінен де өтеді (Римдіктерге 6:3). Демек, бұл шомылдыру рәсімінен Исамен бірге көкте билік ететін майланған ізбасарлары өтеді. Осылай олар майланғандардан тұратын қауымның мүшесіне айналады. Бұл қауым “денені” білдіреді, ал Иса — оның “Басы” (Қорынттықтарға 1-хат 12:12, 13, 27; Қолостықтарға 1:18).

 Исаның өліміне ортақтасу үшін шомылдыру рәсімінен өту. Майланған мәсіхшілер осындай шомылдыру рәсімінен де өтеді (Римдіктерге 6:3, 4). Бұл олар да Иса сияқты өмір бойы жанқиярлықпен Құдайға мойынсұнатынын және жерде мәңгі өмір сүру үмітінен бас тартатынын білдіреді. Олар өліп, рухани жаратылыс ретінде көктегі өмірге тірілгенде, бұл бейнелі мағынадағы шомылдыру рәсімі өз күшін жояды (Римдіктерге 6:5; Қорынттықтарға 1-хат 15:42—44).

 Отқа шомылдыру. Шомылдыру рәсімін жасаушы Жақия былай деген: “[Иса] сендерді киелі рухқа және отқа шомылдырады. Ол қолына күрек алып дән желпиді, қырманын тазалап, бидайды қамбаға құяды, ал қауызын өшпес отқа өртейді” (Матай 3:11, 12). Байқасақ, Жақия киелі рухқа және отқа шомылдыру деп екеуін бөліп айтқан. Неге?

 Мұндағы “бидай” Исаны тыңдап, оған мойынсұнғандарды білдіреді. Олар киелі рухқа шомылдырылуға үміттене алады. Ал “қауыз” Исаға мойынсұнбағандарды білдіреді. Олар түбінде отқа шомылдырылады, яғни мәңгілікке жойылады (Матай 3:7—12; Лұқа 3:16, 17).

a “Шомылдыру рәсімі” деп аударылған грек сөзі “суға толық батып шығу” дегенді білдіреді (“Vine’s Complete Expository Dictionary of Old and New Testament Words”).

b Кейбір шіркеулерде нәрестеге ат қойылады, кейін оны “шомылдыру рәсімінен” өткізу үшін үстіне су бүркіледі не басына су құйылады.

c Ехоба — Құдайдың есімі (Зәбүр 83:18). “Ехоба деген кім?” деген мақаланы қараңыз.

d “Киелі рух деген не?” деген мақаланы қараңыз.

f “Кімдер көкке барады?” деген мақаланы қараңыз.

g Киелі кітапта “шомылдыру рәсімі” деген сөз кейде ыдыстарды сумен шаю сияқты тазарту не жуу рәсімдеріне қатысты қолданылған (Марқа 7:4; Еврейлерге 9:10 сілтеме). Бұл рәсімдердің Иса мен оның ізбасарлары өткен шомылдыру рәсіміне еш қатысы жоқ.