Мазмұнға өту

ОТБАСЫҢЫЗ БЕРЕКЕЛІ БОЛСЫН | АТА-АНАЛАР

Ажырасудың балаға әсері

Ажырасудың балаға әсері

 Кейбір ерлі-зайыптылар мінездері жараспағандықтан ажырасуды жөн көреді. Олар “күнде ұрысып-керіскенімізше, балаларымыз үшін екеуіміз екі жаққа кеткеніміз дұрыс болады” деп ойлайды. Алайда айғақтарға келсек, нені байқаймыз?

 Ажырасудың балаларға әсері қандай?

 Зерттеулер көрсететіндей, ажырасудың кесірінен бала тағдыры тәлкекке түсуде. Ата-аналары екі бөлек кеткен балаларда мына жайттар жиі байқалады:

  •   ашу-ыза, уайым, депрессия

  •   мінез-құлқындағы ауытқулар

  •   оқуға ынтасыз болу немесе мектепке бармай қою

  •   аурушаңдық

 Бұған қоса кей балалар ата-анасының ажырасқанына өздерін кінәлі санайды. Олар “ата-анам менің кесірімнен ажырасты” немесе “оларды тоқтатуым керек еді” деп ойлайды.

 Ажырасудың ащы салдары балалардың кейінгі ересек өміріне де көлеңкесін түсірмей қоймайды. Олар өзгелерге сенуден қалған, жасық, өздерін түкке тұрғысыз санайтын адам болып өсуі мүмкін. Мұндай балалар кейін некелерінде қиындық туындағанда, ажыраса салуға бейім келеді.

 Ойтүйін. Ажырасуды ойлап жүрген ерлі-зайыптылар: “Балаларымыз үшін осылай еткеніміз дұрыс”,— деп айтуы мүмкін. Бірақ зерттеулер мұны құптамайды. Отбасылық қарым-қатынас жөніндегі маман И. Ф. Дементьеваның айтуынша, “ата-анасы ажырасқан балаларда уайым мен қорқыныш деңгейі аса жоғары болады” a.

 Киелі кітап принципі: “Тек өз мүдделеріңді емес, басқалардың да мүддесін ойлаңдар” (Філіпіліктерге 2:4).

 Ажырассам, балам бақытты бола ма?

 Кейбіреулер “иә” деп жауап берер. Дегенмен ата-ананың мұқтаждығы мен баланың мұқтаждығы екі түрлі болатынын ескеріңіз. Бөлек кеткісі келетін ата-ана жаңа өмір бастауды қалайды. Ал бала, әдетте, әкесі мен анасының бірге тұрып, бәрі бұрынғыдай болғанын қалайды.

 Ажырасудың күтпеген нәтижелері туралы кітаптың авторлары мыңдаған ажырасуды зерттей келе былай деп жазады: “Бір жайт анық: бақытты екендерін айтқан бала болмады. Қайта олар: —Ата-анам ажырасқан күні мен де балалық шағымнан ажырадым,— дейді”. Кітапта айтылғандай, “балаға ең жақын адамдардың арасындағы қарым-қатынас тұрақсыз болып шыққандықтан, ол бұл дүниеге бұрынғыдан да үлкен күмәнмен, қауіппен қарайды” (“The Unexpected Legacy of Divorce”).

 Ойтүйін. Ата-аналары ажырасқаннан кейін, балалардың бақытты болуы екіталай.

 Киелі кітап принципі: “Күйреген рух сүйекті қуратар” (Нақыл сөздер 17:22).

 Ажырасқаннан кейін ата-аналық жауапкершілікті бөлісу туралы нені білгенім жөн?

 Ажырасқан кейбір адамдар баланың алдындағы ата-аналық міндеттерін теңдей бөлісіп, бұрынғысынша атқара береміз деп ойлайды. Бірақ бұлай ету оңай емес. Зерттеулер көрсететіндей, ажырасқан ерлі-зайыптылар жиі:

  •   балаларына жеткілікті көңіл бөлмейді

  •   бір-біріне қайшы келетін екі түрлі тәрбие береді

  •   өздерін кінәлі сезінгендіктен не қатты шаршағандықтан, балаларын бетімен жібереді

 Ата-анасы ажырасқан бала әдетте олардың тілін алмай кетеді. Өйткені олардың өздері уәделерінде тұрмай, некелік анттарынан айнып кетті. Содан бала: “Мен оларды не үшін тыңдауым керек?!”— деуі мүмкін.

 Ойтүйін. Ажырасқаннан кейін баланы екі жақтан бірдей тәрбиелеу ата-ана үшін өте қиын. Ал бала үшін бұл тіптен қиын.

 Киелі кітап принципі: “Балаларыңның көңілі түспеуі үшін, оларды ызаландырмаңдар” (Қолостықтарға 3:21).

 Бұл ең жақсы шешім бе?

 Ажырасқаннан кейін жаңа өмір бастау үшін өте көп күш жұмсау керек болады. Одан да ерлі-зайыптылар сол күшті некелерін сақтау үшін жұмылдырғандары жақсырақ болады. Неке тақырыбындағы бір кітапта былай делінеді: “Некенің сәтсіз болғаны оның әрі қарай да сәтсіз бола беретінін білдірмейді. Ең бақытсыз деген ерлі-зайыптылардың өзі жұптарын жазбай, бірге қала берсе, уақыт өте бақытты бола түседі” (“The Case for Marriage”). Осы айтылғандардан шығатын түйін: ата-анасы ажыраспай, бірге тұратын отбасында балалар да өркендей түседі.

 Бірақ бұл “ажырасуға еш жол жоқ” деген сөз емес. Ерлі-зайыптылардың бірі жыныстық азғындық жасаған жағдайда Киелі кітап оларға ажырасуға рұқсат береді (Матай 19:9). Алайда Киелі кітапта “парасатты әр қадамын ойлап басады” деген де сөздер бар (Нақыл сөздер 14:15). Некелеріне сызат түсіп, ажырасуды ойлап жүрген ерлі-зайыптылар барлық жайтты, соның ішінде ажырасқандары балаларына қалай әсер ететінін де ескерулері керек.

 Әрине, ерлі-зайыптының бір шаңырақтың астында жай ғана бірге тұрғаны аздық етеді. Оларға некелерін бақытты да берік етуге қажетті қасиеттер дамыту керек. Бұл орайда Киелі кітаптың көмегі зор. Өйткені неке құрылымына бастама берген — осы Киелі кітаптың авторы Ехобаның өзі (Матай 19:4—6).

 Киелі кітап принципі: “Мен Құдайларың Ехобамын. Мен сендерге пайдалыны үйретемін” (Ишая 48:17).

a “Негативные факторы воспитания детей в неполной семье” деген басылымнан.